Діни ағымдардың Қазақстанға ықпалы қандай?
Бүгінде қоғамда өздерін «нағыз мұсылмандар» ретінде танып, өзгелерді «кәпір» деп санайтындар көбейді. Еліміздің ішінде күмәнді, елді біріктіретін емес, керісінше, берекесін алып, тоздыратын топтар, елге іштей іріткі салушы, деструктивті діни ағымдардың іс-әрекеті қауіп төндіруде. Дінді өз пайдасына қарай бұрмалап, ислами наным-танымдарды шатастырушылар көптеп кездеседі. Ол топтар мен ағымдарды ғалымдар зерттей келе оларды деструктивті, радикалды, фундаменталды немесе экстремистік деп атап жүр. Бұл ағымдарды псевдоисламдық деп атап отырғанымыз да осыған байланысты. Себебі «псевдо» тіркесі - жалған деген мағынаны береді, яғни дәстүрлі Исламның кейбір қағидаларын басқаша түсініп, бұрмалап, оны өздерінің радикалды идеологияларына айналдырып, дін ішінде дін туындатып жүрген діни ағымдарға тиісті айтылатын ұғым.
Қазірде АҚШ, Орталық Азия мен ТМД елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да өз бейнесін көрсетіп үлгерген ұйымдар қатарында мыналар бар: Әл-Каида, Талибан, Өзбекстан Ислам қозғалысы (ИДУ), Хизб-ут-Тахрир, салафиттер, Орталық Азия Моджахедтерінің жамағаты және т.б.
Қазақстан халқының соңғы кезде көп қозғайтын мәселесі - салафилік пен уаһһабилік ағымдарының іс-әрекеттері.
Бүгінде қоғамда өздерін «нағыз мұсылмандар» ретінде танып, өзгелерді «кәпір» деп санайтындар көбейді. Еліміздің ішінде күмәнді, елді біріктіретін емес, керісінше, берекесін алып, тоздыратын топтар, елге іштей іріткі салушы, деструктивті діни ағымдардың іс-әрекеті қауіп төндіруде. Дінді өз пайдасына қарай бұрмалап, ислами наным-танымдарды шатастырушылар көптеп кездеседі. Ол топтар мен ағымдарды ғалымдар зерттей келе оларды деструктивті, радикалды, фундаменталды немесе экстремистік деп атап жүр. Бұл ағымдарды псевдоисламдық деп атап отырғанымыз да осыған байланысты. Себебі «псевдо» тіркесі - жалған деген мағынаны береді, яғни дәстүрлі Исламның кейбір қағидаларын басқаша түсініп, бұрмалап, оны өздерінің радикалды идеологияларына айналдырып, дін ішінде дін туындатып жүрген діни ағымдарға тиісті айтылатын ұғым.
Қазірде АҚШ, Орталық Азия мен ТМД елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да өз бейнесін көрсетіп үлгерген ұйымдар қатарында мыналар бар: Әл-Каида, Талибан, Өзбекстан Ислам қозғалысы (ИДУ), Хизб-ут-Тахрир, салафиттер, Орталық Азия Моджахедтерінің жамағаты және т.б.
Қазақстан халқының соңғы кезде көп қозғайтын мәселесі - салафилік пен уаһһабилік ағымдарының іс-әрекеттері.
Салафилік тарихында елеулі із қалдырған Харран қаласында дүниеге келген фиқһ ғалымы Әбу әл-Аббас Тахиуддин Ахмед ибн Әбд әл-Халим ибн Таймия (1263-1328) болды. Ибн-Таймияның жолын ұстанушылар қатарында ибн әл-Кайим әл-Жаузия, хафиз аз-Захаби секілді шәкірттері болған. XVIII ғ. өмір сүрген Мұхамед ибн Абдул-Уаһһаб ибн Таймияның жолын жалғастырушысы болып табылады. Салафилік ілімнің негіздеріне келетін болсақ, салафиттер өмір мен діннің барлық жақтарын Құран аяттары және Мұхаммед Пайғамбардың хадистерімен сәйкестендіру қажеттілігін, осыған орай аят немесе хадистің шынайы тура мағынасы бұрмаланбауы тиіс екендігін бетке ұстап, барлық ұстанымдарда Пайғамбар сахабаларының әдістерін басшылыққа алу керектігін; шариғат қағидаттарын қатаң сақтау қажеттігін, исламға негізделмеген басқаруға жол бермеу, исламға жаңашылдықтарды енгізуге тыйым салуды айтады. Алайда өздері Құранда жазылған аяттардың мағынасын бұрмалап, өздеріне ыңғайлы тұрғыда түсіндіріп, ұстанушыларға таратады.
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, «Хазірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Қайрат Жолдыбайұлының пікірінше, Салафилік буквализммен ерекшеленеді. Яғни аят-хадистердің астарын, мақсатына үңілмей, бетін қана қалқып алып, өздігінше түсіндіруге бет бұрады. «Сәләф» сөзі «бұрынғылар» дегенді білдіреді. Діни терминологияда «салиқалы салафтар» делінген кезде сахабалар, олардың көзін көрген табиғиндер мен бұлардың да көзін көрген табаға табиғиндер меңзеледі. Бірақ діни терминологияда белгілі бір ағымға «салафтар» деп айтылмайды. Салафиттер өкілдері болса оны пайдаланып, өздерін «бұрынғы Пайғамбар заманындағы мұсылман жолын ұстанамыз» деп жекелеген адамдардың идеясын насихаттап жүр.
Уаһһабилік пен салафилікті бір ағым деушілер де бар. Жалпы, уаһһабилік уақыт тұрғысынан келетін болсақ, салафизмнен әлдеқайда кеш пайда болды. Алайда уаһһабшылар өздерін салафитпіз деп атап жүргені бәрімізге мәлім. Сондай-ақ жоғарыда келтірілген Қайрат Жолдыбайұлының пікіріне сүйенсек, салафтар деп қазіргі кезде нақты ағымға қатысты айтылмайтындығын ескеру жөн болады.
Тар және нақты мағынадағы уаһһабилік негізін 1703-1797 жылдары Недж қаласында араб діндары Мұхаммед ибн әл-Абдул-Уаһһаб салған, бастапқы ислам, яғни «бұрынғы сахабалар исламының» тазалығын қайта жаңғыртуға бағытталған діни-саяси ілім. Бірақ қазіргі таңда кең мағынада, «уаһһабилік» ұғымын исламмен жамылған діни-саяси экстремизмді сипаттау үшін қолдануда. Уаһһабилік ағымның ерекшелігі - сенім мәселесінде фанатизмге бой алдырса, өзінен басқа пікірдегілермен күресі экстремизмге толы болады.
Әр нәрсенің теріс жағы да болады деп қарайтын болсақ, дәстүрлі идеологияның дұрыс талқыланбай, радикалды сипатқа өту қаупіне айналатынын біз ұмытпауымыз қажет. Сол секілді уаһһабшылар Абдул-Уаһһабтың және оның жақтастары қалыптастырған ілімін негізге алып, оны жаңа идеяларымен толықтырып радикалды тұстарын дамытып жіберді.
Уаһһабилік (салафилік) ілімнің қағидаттарына - Таухид - бір Құдайға сену, дінге қосылған түрлі жаңашылдықтан бас тарту (бидға), діни сенімсіздікте айыптау (такфир) және кәпірлермен соғысу (джихад) жатады.
Олар зайырлылық пен демократиялық мемлекеттік принциптеріне, конфессияаралық диалог пен келісімге, саяси институттардың қазіргі құрылымына, заңдарына қайшы келеді. Тіпті оларды мүлде мақұлдамайды.
Ислам дініндегі бір парыз амалды орындамаған мұсылманды кәпір деп санайтын Уаһһабтың ұстанымы барлық төрт суниттік мазхабтардың (Ханафиттік, Шафиттік, Мәліктік, Ханбалиттік) діни түсініктеріне қайшы келеді.
Кәпірлер қатарына олар көп Құдайға табынушыларды, бидағатшыларды, діннен безгендерді (арабша - муртад), Мұнафықтарды (екіжүзділер), барлық басқа конфессия өкілдерін (христиандар, иудеилер, буддистер, кришнаиттер т.б.), сондай-ақ исламдағы уаһһабилік емес ағымды ұстанушыларды (суфизм, шиизм т.б.) және барлық идеологиялық ұстанымдарды (коммунистік, зайырлы, демократиялық, капиталистік т.б.) мойындайтындарды жатқызады.
Уаһһабшылар (салафиттер) әулиелер-дің зиратына баруға қарсы шығады. Пайғамбарлардың және әулиелердің рухынан шапағат сұраған мұсылман әулиелердің кесенесіне және қасиетті жерлерге барып, оларды себеп етіп, дұға жасаған адам кәпір болады деп санайтын уаһһабшылар (салафиттер) кесене салу, кесенелерде намаз оқу, аруақтардың рухына садақа атау мүшріктік деп есептейді. Мұндай көзқарас Қазақстан мұсылмандарының дәстүрлі ұстанымдарын негізсіз айыптау болып табылады. Мұндай идеялар еліміздегі мұсылман халықтары арасында діни негіздегі пікір қайшылықтарының туындауына, соның нәтижесінде діни араздықтардың өршуіне себеп болады.
Салафиттер мен уаһһабшылар өз тұрғыларын көрсетуде радикалды сипатқа көбірек жақын келеді. Көбінесе солардың арасында экстремистік әрі қаруланған топтардың үлкен үлесі бар. Ең қауіптісі, идеологиясында жиһад мәселесі ауқымды орын алатын салафийлер және олар секілді басқа да ағымдар мен қозғалыстар (салафиттер қауымдастығының басқа да көптеген тармақтары, солардың ішінде такфирлер, мадхалиттер және жиһадистер) бейбіт іс-әрекеттерінен қарулы шабуылдар мен лаңкестікке дейін оңай ауыса алады. Зерттеушілер олардың діни дайындығынан өткен адамның өте радикалданып, заңды билікке, басқа дін өкілдеріне, зайырлы азаматтарға өшпенді қарсыласқа айналатынын, өзінің саяси мақсатына жету үшін кез келген тәсілді қолданатынын, соның ішінде қарулы қақтығысқа да баратынын айтады.
Уаһһабилік идеология бүгінде Әл-Қаида, Талибан, Өзбекстан Ислам қозғалысы (ИДУ), Хизб-ут-Тахрир, салафиттер, Орталық Азия Моджахедтерінің жамағаты, Аль-Акса азап шегушілерінің бригадасы, Хамас т.б. секілді экстремистік ұйымдардың басты ұстанымына айналған.
Мәселен, «кәпірлермен күресу идеясы» аталған ағымдардың барлығында дерлік орын алады. Тәкфиршілер арабшадан аударғанда «кәпірлікпен айыптау» дегенді білдіреді. «Такфир» жамағатының мүшелері өздерінің пікірлері мен мінез-құлықтары бойынша радикалдық (батыл шараларға баратын) көзқарастарымен ерекше көзге түседі. Тәкфиршілер жиһад - Ислам мемлекетін құрудың ең басты құралы деп санайды. Осы жерде «жиһад» мәселесіне тоқталып кететін болсақ, аталған ағымдардың «жиһад» ұғымын тікелей соғыс ретінде қабылдап жатқаны да өкінішті жайт. Оның аясы өте ауқымды болғандықтан, адамдар оны түрліше түсініп, мәнін сан-саққа жүгіртуі көптеп кездеседі. Негізінде, «жиһад» сөзінің араб тілінде «белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін қайрат жұмсау, ынта-жігер таныту, тырысу, күресу» деген мағыналары бар. Жиһад - ең әуелі адамның өзін түзетуі. Ішкі дүниесі мен жүрегін тазартуы, өз болмысын қызғаншақтық, қанағатсыздық, сабырсыздық, жалқаулық, тәкаппарлық секілді күллі жаман қасиеттерден арылтып, олардың орнын көркем қасиеттермен толтыруды білдіреді.
Қазіргі кезде уаһһабилік идеологиясы белгілі бір деңгейде еліміздің мұсылман жастары арасында кеңірек таралуда. Түрлі ағымдар мен топтарға бөлінген қазақстандық мұсылмандар бір-біріне өшпенділікпен қарап, біртұтас мұсылмандар қауымы арасында алауыздық пайда бола бастады. Осындай ағымдар мен топтарға бөлінген мұсылмандар бір мешіттің ішінде қатар тұрып намаз оқымайды. Бір-бірінен бөлектеніп жүреді, тіпті кейде бірін-бірі «кәпір» деуге дейін барып жүр. Осындай жолға түскен жастар өздерінің ата-аналарымен қатар отырып тамақтанбайды, оларды намаз оқымағандары үшін «кәпір» санайды. Кейбір топтардың мүшелері мешіттерге барудан да бас тартып, имамдарға дінсіз үкімет тағайындаған деп айып тағады.
Сан ғасырлар тату тұрған қазақ елі үшін мұндай келеңсіз жағдайларға жол беру үлкен қателік. Сондықтан ата-бабамыз ұстанған мейірімді ислам дінін дұрыс түсініп, жүрегімізде жылулық сақтап, адамгершілік бейнемізді қолдан келгенше жоғалтпауға тырысуымыз керек.
Қазақстандық дәстүрлі ислам мәселесіне тоқталсақ, бұл ұғым белгілі бір жаңа қазақ ислам моделін шығаруды емес, ата-бабаларымыздан ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ислам құндылықтарын сақтап қалуды білдіреді. Себебі ислам діні тарихымыздың, мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Бар қазақ бір дінді, бір мәзһабты, бір ақиданы ұстанып келді. Намаз оқыса да, Құран оқып, бет сипаса да, тәспі тартып, дұға етсе де ешкім бір-біріне: «мынауың не, сен қателесіп отырсың, адасып жүрсің» деп білгішсінгендер атымен болған жоқ. Үлкендер жасы кішілерді мәңгілік тозбайтын мұсылмандық құндылықтарға тәрбиелеп отырды. Әке ұлын, шеше қызын имандылыққа, көркем мінезділікке, адамның қадірін білуге баулыды.
Ал жоғарыда сипаттамасын тапқан осындай деструктивті, кей жағдайда тіпті радикалды исламдық ағымдардың белсенді әрекеті елдің ұлттық өзіндік ерекшелігінен айырылып қалу қаупіне апарып соғуы мүмкін. Ол ең алдымен діндар жұртшылықтың біздің төл қазақ дәстүрлерінен бас тартып, оны жоққа шығарып, фундаменталды және радикалды идеялардың күшеюінен көрінісін табады. Сондықтан да мемлекеттің алдында тұрған басты мақсаттардың бірі - қоғамымызда діни процестердің саясаттануына жол бермеу.
Мадина БЕКТЕН,
Дін істері агенттігі
мәдениеттер мен діндердің
халықаралық орталығы
талдау жұмысы бөлімінің
аға ғылыми қызметкері