Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 13354 0 пікір 8 Қазан, 2012 сағат 13:20

ОРАЛХАН БӨКЕЙ немесе КЕРБҰҒЫНЫҢ ЖҰМБАҚ ӨЛІМІ

Жалпы ақындармен салыстырғанда прозаиктердің танымалдылығы төмендеу болып жатады. Бірақ танымалдылығы ақындардан бір кем емес бір жазушы бар. Ол - Оралхан Бөкей. Соңғы кезде Оралхан Бөкейдің таңдамалы шығармалары жыл аралатып болса да, жарық көріп жатыр. Осы тарапта Оралхан Бөкей десе, ішкен асын жерге қоятын қаламгерлер Асқар Алтай мен Серікқали Хасанды «Мәдениет» телеарнасының «Кітапханасына» сол танымалдылықтың сырын ашуға шақырдық.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Асеке, ел ішінде жас күндерінде Оралхан Бөкейге еліктеп-солықтамаған жазушы, журналист кемде-кем. Бұл құбылыстың сыры неде?

Жалпы ақындармен салыстырғанда прозаиктердің танымалдылығы төмендеу болып жатады. Бірақ танымалдылығы ақындардан бір кем емес бір жазушы бар. Ол - Оралхан Бөкей. Соңғы кезде Оралхан Бөкейдің таңдамалы шығармалары жыл аралатып болса да, жарық көріп жатыр. Осы тарапта Оралхан Бөкей десе, ішкен асын жерге қоятын қаламгерлер Асқар Алтай мен Серікқали Хасанды «Мәдениет» телеарнасының «Кітапханасына» сол танымалдылықтың сырын ашуға шақырдық.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Асеке, ел ішінде жас күндерінде Оралхан Бөкейге еліктеп-солықтамаған жазушы, журналист кемде-кем. Бұл құбылыстың сыры неде?
Асқар АЛТАЙ: Оралхан сөздің магиясын игерген. Сондықтан оның шығармаларын оқыған кезде кез келген оқырман соған ұқсап бірдеңе жазғысы келіп, арбалып отырады. Осының әсерінен Оралханға еліктеп жазған жастар болды. Кейін, әрине, бәрі еліктеу-солықтаудан шығып кетеді, Оралхан бола алмайды. Оралхан Оралхан болып қалады. Досым Талаптан Ахметжан Оралханды басына жастап қойып оқып, шығармаларына соншама махаббатпен ғашық болып жүрді. Мысалы, «Мұң» деген шығармасының осы Оралханның қолтаңбасына ұқсайтын жері бар. Талаптан екеуіміздің әңгімемізге осындай жағдайлар арқау болған. Оралханның табиғат, өмір, дүние туралы жазған көркем, ғажап очерктері де бар. Жанрлық тұрғысынан келетін болсақ, журналистік тұрғыда жазған еңбектері расыменен көркем очеркке жатады. Бірақ бұл көркем әдебиет секілді оқылады. Осыған еліктеп, өзінің қатары да, өзінен кейінгілер де сондай көркем очерктер жазуға талпыныс жасады. Бірақ Оралханның тілінің айырмашылығы олардың арасында жер мен көктей. Мен ойлаймын, Оралхан сөздің сиқырын тапқан жазушы. Мысалы, біз институтта оқып жүргенде Әуезовты оқымаған қыздар болды. Ал Оралханды оқымаған қыздар болған жоқ. Оралханның «Қасқыр ұлыған түнін» оқымаған қыздар кемде кем шығар, мәселен.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жалпы Оралханның шығармаларының бірнеше ерекшелігі бар. Оған талқылау барысында тоқталармыз. Бірінші ерекшелігі - романтикалық сарыны. Секе, сіздің ойыңызша қалай? Орағаңның ерекшелігі неде?
Серікқали ХАСАН: Қазақ әдебиетінде Оралханның келуінің өзі тосын құбылыс болды. Алматыға келмей тұрып танылды ғой. Сонда очерктерінің өзі әңгіме секілді оқылатын шынымен. Ол кезде очеркке деген қоғамның көзқарасы бөлек болатын. Міндетті түрде өндіріс адамын көрсету керек, міндетті түрде нақты көрсеткіштерді көрсету керек. Орекеңде олай емес, деректі айта отырып, өзінің көркемдік кестелерімен, өрнектерімен ары қарай оқырманды тартып отыратын.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Оралханның екінші ерекшелігі көркем шығармаларының өмірге жақындығында екенін тап басып айтып отырсыз осы арада. Шындық кенеттен шырқырап шыққанда, қоғамның есінен танып қала жаздайтыны бар ғой. Аяқ астынан кісәпірлігінен айрылып, жазушымен бірге солықтай жөнеледі.
Серікқали ХАСАН: Көпшілік оқырман оның сондағы очерктерін көркем шығарма деп қабылдады. Бірақ кестелеп отырған өрнегінің ішінде талай деректерді айтып кетеді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Оралхан Бөкейдің көркем шығармалары жыл аралатып болса да жарық көріп жатқанын жаңа айтып кеттік қой. Бірақ сол кітаптарының ішінде көркем очерктері жоқ. Соны жинақтап, шығарып жіберуге болатындай мүмкіншілікті қарастырса жөн болар еді. Журналистік жұмыста ең соңғы жазған аңшы туралы «Таға» деген очеркі бар, мәселен. Ол бір керемет көркем дүние, алайда сол газетке басылған күйінде қалды. Өзі Орағаңның шығармашылығының кейінгі тұсы қайта құру деп аталған кезеңге тап келді ғой. Сол кезде жұрттың бәрі шындықты айтамыз деп, «ана мұржаның түтіні қисық шығып жатыр», «мына ауылға жол салынбаған» деген сөздерді айта бастады ғой. Ал шын мәнісінде оны Орағаң көркем әдебиетте қайта құрусыз-ақ жазып кетті. «Қасқыр ұлыған түнде» деген әңгімесі естеріңізде ғой, онда «Өрнек» деген ауылға байланысты жазады емес пе? Шығыс Қазақстанға іссапармен баратын журналист ауылы шалғайда жатқан қыз баланың тағдырын суреттейді. Журналист бара жатқан нысан - жаңадан салынып жатқан ауыл. Өркендеп жатқан, кеңестік жетіліп жатқан елдімекен. Ол кезде ауыл мен қаланың арасын жақындатайық деген ұрандар айтылатын, соны көрсету үшін журналисті редактор іссапарға жібереді. Жолда кетіп бара жатқанда танысқан әлгі қыз сол жаңа салынып жатқан ауылға қызғанышпен қарайтын, соның жанындағы ескі ауылдан болып шығады. Жолы жоқ, көлік те қатынамайды, ауыз су да жоқ. Автобустан жолда түсіп қалып, қыстың қақаған суығында ауылына кетіп бара жатқан кезде, қасқыр жеп кетеді. Журналист қайыра іздеп келгенде қасқыр жеп қойғанын естиді, қазаның үстінен түседі. Міне, өмірдің нақ өзінен алып жазған шындық. Кейіннен «қайта құрудың» кезінде айтылып жүрген шындықтарды батыл түрде, көркем әңгімеде осылай түсірді қағазға. Екінші ерекшелігі - осы.
Асқар АЛТАЙ: «Қасқыр ұлыған түндегі» жағдай мен 2000 жылдардағы жағдайларда өте ұқсастық бар. Мысалы, Семей өңірінде де, Арқада да, Ақтөбе жағында да болды ондай оқиғалар. Ұзын жолдың үстінде аялдамада қолында екі баласы бар әйел жол тосып тұрады. Сол аялдамада тұрған кезінде қасқырлар әйелге шабуыл жасайды. Әйел жанталасып екі баланы аялдаманың төбесіне шығарып үлгереді, өзі шыға алмай, қасқыр жеп кетеді. Бүкіл республика жұртшылығы естіген, болған оқиға. Төбе шашымыз тік тұрды сонда. Орағаң осындай детальдарды ала отырып, содан қоғамдық, әлеуметтік мәселе туатындай ғып, нақты бере алушы еді. Жаңа өзіңіз: «Оралхан романтик», - еді деп айтып қалдыңыз, Оралханда романтизммен бірге реализм өте басым еді. Бұл Оралханның өзіне тән стилі десе болады. Арбаға шеккен пар ат секілді екеуін қатар алып жүріп, шығарманы аяғына дейін қос өріммен шебер жеткізеді. Бұл кез келген жазушының қолынан келе бермейді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Орағаңның стилінің бөлектігі жөнінде айтатын әңгіме көп. Себебі, ол жазып отырған дүниесін қалыптан бөлек алып кетеді, қалыпқа сыйдырмайды. Басқаша жол тауып жазады. Мысалы, шығарманың барлығы дерлік оқиғадан бірден басталып кетеді. Кәдімгі әдеби қалыптасқан формалар бар, шығарма былай басталып, былай өрбуі керек деген шаблондар бар. Соған бағынбаймын десеңіз де, соның ыңғайына бәрібір бағынып тұрасыз. Ал Орағаң осы шарттылықты бұзып отырады. Мысалы, осы «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесін алып қарайық. Бұл өзі хикаятқа бергісіз әңгіме. Шымыр, ширақ жазылған шығармада оқиғаға бірден кіріп кетпейді. Бір жарым беттей көлемде оқырманын алдағы болар оқиғаға дайындап алады. Қыстың келгені, Алматыдағы суық пен Алтайдағы суықты салыстыруы, сонан соң жолдағы жағдайлар, суықта адамдардың бүрсеңдеп, ауылдың ерте жатып қалатыны, қалалық жерде де аса көп қызықтың бола қоймайтындығы, біртоға, сұрықсыздау өмірді айта келіп, адамды ана оқиғаға дайындайды. Содан кейін өзінің көңілсіздеу, мұңлылау басталған әңгімесін қызбен әңгіменің арасында жеңілдетеді. Әзіл-қалжыңмен қағысады. Тіл табысады. Осы жерде жазушының шеберлігі көрінеді. Сюжетті ширықтырып әкетеді, адамды жалықтырмайды. Оқырманды шығарманың ауанында ұстап отырады. Сонда сыншылардың айтып жүргенін де естідік: «Оралханның шығармалары түсініксіз», - деп айтқандары бар. «Оралханның шығармалары күрделі», - дегендер де болды. «Алыстан орағытып келіп, айтады», - деген де сөз болды. Бұл жазушының кең тыныстылығы ғой енді. Бұған не айтар едіңіз?
Серікқали ХАСАН: Оралханның шығармаларын оқып отырсаңыз, мұнда шығыстық психология бар. «Тортай мінген ақбоз ат» деген әңгімесі бар ғой. Бар-жоғы 2-3-ақ бет. Тортай жетім бала. Бірақ өзі білімге құштар болады. Ертеден кешке дейін кітап оқиды, үлкен адам болғысы келеді. Қоғамға бірдеңе айтқысы келеді. Бірақ күндердің күнінде Тортай бүкіл кітабын Оралханға береді. «Ораш, осы кітапты сен оқышы, үлкен адам болшы, жазушы болшы», - деп. «Мен ауылдың қойын бақсам да күнімді көремін ғой. Саған үлкен үміт артамын», - дейді. Сонда бала кезден өмірдің философиясын түсініп отыр. Арада бәленбай жыл өтеді. Орекең үлкен жазушы болады. Еліне келіп отыр. Сөйтсе «Ораш келді», - деп қырда мал бағатын досы іздеп келіп отыр екен. «Ораш ұйықтап жатыр, оятайын», - десе, «Оятпай-ақ қойыңыз, мен осыған да риазымын», - деп, шешесімен әңгімелесіп отыра береді. Күбірлеген дауыстан Ораш оянып кетеді. «Баяғыда кітаптарын маған беріп еді, мен сол кітаптан бас алмай, осындай дәрежеге жеттім. Бұның бала кезіндегі арманы ақбоз атқа міну еді ғой. Бұл мінбеген ақбоз атқа мен мініп жүрмін. Кезінде «мінесің» деп айтып едім. Енді мен мініп жүрген сияқтымын. Тортайдың бетін қалай көремін», - деп ұялады. Сонымен әңгіме бітеді. Өмір құбылысының осы шағын сипаты адамға көп ой салып тұр емес пе?
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: «Көк тайынша» деген шағын ғана әңгімесі бар. «Көк тайыншада» кішкентай ғана ситуациялық жағдайды 3 қайырып береді. Жаратылысы бөлектеу сүйкімді көк тайыншаны біреулер ұрлап алып кетеді, оның кім екенін білмейді, соны тексеруге милиция шақырады. Ол заманда милиция деп айтатын еді ғой. Ол келеді де, сорпа-суын ішеді де, бір-екі сөзді жазып алып кетеді. Арада жаз өтіп, күз келеді, сол кезде милиция тағы келеді. Тағы да сол сұрағын қайталайды да, тағы да сорпа-суын ішіп алып, кетеді де қалады. Содан соң күз өтіп, қыс келеді. Жаңағы милиция тағы да келіп сұрақ қояды да, сорпа-суын ішіп, тағы да түк бітірмей кетіп қалады. Сол кезде мұғалім оқушыларды аралап жүріп: «Мына қамшыны кім таниды? Көк тайыншаны сойып алып кеткен жерде қалып қойыпты», - деп сұраған кезде, бір бала: «бұл менің әкемнің қамшысы», - деп айтып қояды. Ұры алыстан келмепті, өзінің құдасы болып шығады. Жоғалған көк тайыншаның иесі үндемей қояды да, аяғында құдасы кешірім сұрап келеді. Сондағы адамшылық қарым-қатынас әрі ойнақы, әрі уытты астармен жазылған. Бұл шағын әңгімелеріне, «Ауыл хикаяларына» қатысты келтіріп отырған мысалымыз. Сол шағын әңгімелері оқылымдылығы жөнінен басқа шығармаларынан бір кем емес. Алайда Оралханның кең танылған дүниелері - «Қайдасың, қасқа құлынымнан» бастап, «Сайтан көпір», «Қар қызы» секілді хикаяттары, бұлар - көп қатпарлы күрделілеу шығармалары.
Асқар АЛТАЙ: Әлбетте! Жаңа Серікқали дұрыс айтты, ол шын мәнінде новеллист. Бірде Орағаңның үйінде, шәй үстінде бір әңгіме болып қалды. «Ораға, сіздің повестеріңізде кішкене олпы-солпы жерлер бар», - деп айттым. Сонда Орағаң: «Маған қандай кінә қоясың? Университетте сырттай оқыдым. Білімді өмірден алдым. Сондықтан повестерімнің арасында олпы-солпы жерлер болуы мүмкін. Дегенмен мен - новеллистпін ғой», - деді. Сол сөзіне аса мән бермеп едім, қазір қарап отырсаң, повестерінің өзі новелла. Повестерінің арасында кейбір сюжеттері бөлек болып тұрады, оның өзі жеке новелла секілді. Шығарманың ішіне шағын әфсананы кіргізіп, кіріктіріп жіберудің жолдарын қарастырады. Сондай ізденістер жасаған. Классикалық әдебиет үшін ол мүмкін емес еді. Ал Орағаң осындай эксперименттерге барған. Новелланы меңгере отырып, біртіндеп-біртіндеп үлкен шығарма жазуға келді. Осы тұрғыдан келгенде, Орағаң бірден романға келген жоқ. Ол өзіндегі бар болмысты сақтай отырып келді. Бұл тұрғыдан келгенде Әуезовке де ұқсайды. Әуезовтің «Қорғансыздың күнінде» Ғазизаға дейінгі аралықта Күшікбайды айтады. Күшікбайдың қандай қатысы бар деп ойлайсың. Былай қарасаң, Күшікбайдың Ғазизаның тағдырына мүлдем қатысы жоқ сияқты көрінеді. Әуезов оны тегін жазып отырған жоқ. Бір кезде елін қорғаған ер азаматтар бар еді. Қазір елін қорғамақ түгілі, кішкентай жетім қызды қорлаған адамдар пайда болғанын, қоғамның бүлінгенін, адамның жан дүниесінің қатыгезденіп кеткенін айтады. Осы жағына келген кезде Оралхан да оқырманды дайындайды. Жаңағы «Қасқыр ұлыған түнде» керемет, жаңа ауылды салып жатыр, бірақ соның жанындағы жетім ауылға жол салып беруге мән бермеген. Соның кесірінен жұдырықтай ғана қыздың дүниеден қыршын кеткені. Қыздың образы арқылы қоғамды көрсетіп отыр.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сіздің айтқан әңгімеңізден Оралхан Бөкейдің үшінші ерекшелігін шығарып, айтуға болады. Бұл жазушы  бейтарап, жайбарақат оқиғаларды алмайды. Ширыққан, шиыршық атқан сюжеттерді алады. Кейіпкерлерді де от пен суға салып алады. «Қар қызында» адасқан тракторшыларды, «Сайтан көпірде» қатерлі жолға шыққан адамды сынақтан өткізіп алады. Сосын кейіпкерлерінің барлығы да дүниеге бейтарап қарамайтын адамдар. Сірә, жазушының да көзқарасы кейіпкерлеріне берілген болуы керек. Жалпы Орағаңды танытатын - «Кербұғы». «Кербұғы» туралы айтпасақ, әңгіме түгел болмайды, меніңше.
Асқар АЛТАЙ: «Сөз деген дертпен тең», - дейді Абай. Оралхан сөз өнеріне келген кезде, сөзді өнер деп қабылдаған. Осы қасиет «Кербұғыда» ерекше көрінеді. Себебі, «Кербұғының» болмысының өзі - өнер. Бұл жерде Оралхан өзінің шеберлігін барынша аша алған, өзінің болмысы да Кербұғы секілді паң екенін көрсете алған, сол сияқты бұл дүниеге ғашық екенін жеткізе алған, табиғи болмысы өнер үшін жаратылғанын анықтап беріп тұр. «Кербұғының» аяғында «Кербұғы өлді» дейді, бірақ өзі оған сенбейді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы әңгімені бірнеше рет қайталап оқыдым. Жастау кезімде, одан кейін де, соңғы кезде де... іштей түсінген сияқтымын, бірақ оқырманның көкейінде бір сұрақ қалып қояды? Жұмбақтау аяқталады. «Кербұғының маңдайына, екі мүйізінің ортасына екі оқ келіп қадалды», - дейді. «Атқан аңшы да көрінбейді, тарс еткен мылтықтың даусы да естілмейді», - дейді. Мен есімдегіні ауызша айтып отырмын ғой. Нақтылай түссек, былай жазады: «Жаңадан ғана жетіліп, үлпілдеп тұрған қос мүйіздің түбінен қос оқ сақ етіп тиді де,  Кербұғы омақаса құлады. Қайтып тұяқ серіпкен жоқ. Адал да арам өлімге бой ұсынып, бостандықты енді ғана сезінген қайран дене суыды, мәңгіге суыды да, шын еркіндікке сапар шекті. Оқ екі жақтан келді. Бірақ екі жақтан да ешкім жоламаған. Оқ иелерінің кімдер екені де белгісіз. Кербұғы сол көк ала діңгектің түбінде, дүбәра алаңда қалды...», - дейді. Бұл нені меңзеп отыр? Неліктен бұлай аяқталып отыр? Шығарманы оқып отырған адам ойлайды: Кербұғы барады да, жартастан секіріп кетеді деп. Өйткені, сюжеттің желісі соған жетектейді. Болмаса қамап ұстаған кезде, қоршаудан секіріп барып, содан мерт болар ма екен дейді.
Асқар АЛТАЙ: Оралхан жазушының бұл жердегі арманы, Құланның ажалы секілді ғой. Өнерді өлтіруге болмайды дегенді айтқысы келген сияқты. Құлагерді құлатқан зұлмат секілді, бұған да сондай бірдеңе атылады. Өнерді өлтіруге болмайды. Оны адамдар түсінбейді. Сондықтан оған ерте ме, кеш пе, оқ атылатын кездер болады. Осыны түсіндіргісі келген секілді. Сондықтан оның аңшысы да көрінбейді, кім оқ атқаны да көрінбейді. Оқ атылады, Кербұғы мерт болады. Әдейі астар тастап кетеді. Мысалы, Шолоховтың «Тынық Донын» қарасаңыздар, Григорий Мелохов үшінші жол іздеп кетіп бара жатады ғой. Қарасаң, 4 романнан тұратын эпопея аяқталмай қалған секілді. Шолохов оны аяқтай алмай отырған жоқ. Оқырманға қалдырып отыр. Оралхан да осы тұрғыдан берген секілді. Кезінде Ғабең сынаған ғой. «Авгийдің атқорасынан бастасақ» деген мақаласында. Сонда: «қоңыр ат деген болмайды», - дейді. Сонда жазушыларға: «Ғабеңде қоңыр ат болмайтын шығар, бірақ менде қоңыр ат болған», - деп айтыпты ол кісі. Демек, бір кезде біздің ата-бабаларымыз қоңыр деп те қолданған. Оралхан сөздің түпкі тамырын жақсы сезінген және қолданған.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Шығармаларын айтып келіп, тірелетін жеріміз - «Атау кере» романы. Роман туралы оқырманға кеңірек айтып кетсек дұрыс болар еді. Себебі, кезінде жарық көрді де, қайталап басып жатқан кезде оқырманның қолына бірі тиеді, бірі тимейді. Сонда бұл қандай роман деген сұрақ туады ғой.
Асқар АЛТАЙ: Мен «Жұлдыз» журналында істеп жүргенде, 1989 жылы Мұхтар Мағауиннің алдында отырған кезінде, Мұхаң мұртын бір ширатып қойып: «Оралхан біздің классик жазушымыз ғой. Прозаны осылай жазу керек», - деп айтып еді. Сол айтып отырғаны «Атау кере» екен. Артынша «Атау керені» бердік. Ол кезде «Жұлдыз» 130 мың данаға жуық тиражбен тарайды. Журналдың арқасында «Атау кере» оқырманға біршама танылды. Оған Орағаң екі ат қойған. «Атау кере» және «Қауіпті будан» деп. Үлкен классик жазушыларда шығарма атауының өзінде үлкен астар болады. Осы тұрғыдан келгенде, «Атау кере» ашпайды деп ойлаған болуы керек, сондықтан «Қауіпті будан» деп қояды. «Қауіпті будан»  дейтін себебі, адам өмірін аралармен салыстырады, өйткені, аралардың қауіпті будандасуынан қауіпті аралар туады екен. Еріктің қатыгездігі, жылпостығы бар. Оның қасына сыныптасы Тағанды қояды. Былай қарасаң, Ерік әйелін де жақсы көреді, өмірге де бейім, іскер азамат. Бірақ әйелі кетіп қалады. Тағанның адамгершілігі әлдеқайда жоғары еді. Мұнда адамгершілік, мораль деген нәрсе бірінші орынға қойылады. Батыс әдебиетін Оралхан жақсы оқыған. Әсіресе Кафканы, Камюды, Сартрды оқыған. Оқиғаны астарлап беру тәсілін жақсы меңгерген. Сосын жапон әдебиетін жақсы оқыған деп ойлаймын. Бірақ өзі айта бермейтін. «Атау керенің» өзінде соңында Ерікті ара шағып алады да, араға айналып кетті дегенге келтіреді. Ал Франц Кафкада осындай сюжеттік желілер бар. Өзіне айтып едім, «төрт аяғын тең басқан шығарма осы «Атау кере» шығар», - деп. Өте сәтті жазылған роман.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қазір қарасаңыз, «Өз отыңды өшірме» романында бір эпизод бар. Пойыз ары-бері сыңғып өтіп жатады. Шығарманы соның ырғағына салып отырады. Сонда Оралхан Бөкейдің айтқан бір сөзі есімде қалып қойыпты. «Тап осындай эпизод Шыңғыс Айтматовта да бар, бірақ мен Шыңғыс Айтматовтан әлдеқайда бұрын жазғанмын», - деген.
Асқар АЛТАЙ: Оралханның ол сөзін мен де естіп едім. «Өз отыңды өшірмеде» пойыздар ары-бері өтіп жатады ғой, тура осының жазылу формасын Айтматов өте жақсы пайдаланады.  «Өз отыңды өшірме» орысшаға аударылған. Айтматов қазақ жазушыларын жақсы меңгерген. Әбіш Кекілбаевты жақсы оқыған, Мағауинді оқыған. Өзінен кейін әдебиетке келген қазақ жастарының тегеурінін байқаған. Оралханды да оқыған деп ойлаймын. Өзінің «Ғасырдан да ұзақ күн» романында тура сол форманы пайдаланатын тұсы бар. Оны Орағаңның аузынан да естіп қалып едік. Кейіннен қарасам, шынымен ұқсастық бар екен. Әрине, екеуінің алып отырған объектісі басқаша болып келеді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сұхбат соңында «Біз Оралханға ораламыз ба?» деген сұрақ еріксіз алдымыздан шығады енді. Себебі, қазір әдебиеттің оқылуы азайып бара жатқан кез ғой. Осы тұрғыдан келгенде Оралханды іздеп оқитын адамдар көпшіліктің арасында әлі де бар. «Біз Оралханға ораламыз ба?» деген сұрақты ақпарат құралдары да бірнеше рет  көлденең тартты. «Біз Оралханға ораламыз», - деп жауап беріп жатқан оқырмандар да бар. Лайым солай болсын деп тілейміз. Оралхан Бөкей туралы әңгімені тауысып, біте алмаймыз. Көп әңгіме көкейімізде айтылмай қалғанын да сезіп отырмын. Бірақ уақытқа бағынбаса болмайды. Сұхбатымызға қатысқандарыңызға мың да бір рахмет.
Газеттік нұсқасын жасаған - Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

"Халық сөзі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407