Байбек қалай Боранбаевтың мүддесін қорғады?..
Жер құқығы жөніндегі белгілі заңгер, сарапшы Бақытжан Базарбек Алматының бұрынғы әкімі, бұрынғы Nur Otan, қазіргі Amanat партиясы төрағасының экс-бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті және олигарх Қайрат Боранбаевты Алматыдағы жер дауына қатысы бар деп есептейді.
«Мен 2021 жылдың шілдесінде Орталық стадионға іргелес жатқан жерлердің кімнің «меншігіне кеткені» туралы бірнеше жазба жарияладым. Сол кезде Алматы қаласының әкімі болған Бауыржан Байбек 2017 жылғы 20 желтоқсанда жер учаскесін алып қою туралы №4/392-2894 күмәнді қаулыны қабылдады. Аталған қаулы бір бенефициардың мүддесін көздеді, мен оның атын атамаған едім», - деп жазды Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сарапшы жер учаскесі Алматының дәл ортасындағы Сәтпаев көшесінде, «Айя» ойын-сауық кешені мен «Қайрат» орталық стадионының қасында орналасқанын атап өтті.
«Осыдан бір жыл бұрын, жер комиссиясының материалдарын, жоспарлау жобасының бекітілген көшірмесін және қаулысын егжей-тегжейлі зерттей келе мынадай сұраққа тап болдым:
Егер Жер кодексінің 84-бабында учаскені алып қою үшін мұндай құқықтық негіздер көзделмесе, Алматының әкімі ретінде Бауыржан Байбек мемлекеттік қажеттілік ретінде көрсетіп, бірақ, Қайрат Боранбаевқа тиесілі компанияның мүддесін көздеп, жеке тұлғаға тиесілі жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулы шығаруға құқығы бар ма?
Сарапшының түсіндіруінше, қаулыда жер учаскелерін алып қоюдың себебі: «Орталық стадионның инфрақұрылымын қайта құру және жаңарту үшін» деп көрсетілген.
Біріншіден, мұндай негіз (оның ішінде ерекше жағдайлар) Жер кодексінің 84-бабы 2-тармағының редакциясында жоқ. Осыдан бір жыл бұрын әкім Байбек қол қойған бұл қаулыдан лоббилік белгілер байқадым, жерді алып қою мемлекет мұқтажы үшін жүргізілмеген деген тұжырымға келдім. Жерді алып қою мемлекет мұқтаждығы үшін емес, қандай да бір жеке не заңды тұлғаның (Қайрат Боранбаев) мүддесі үшін, яғни «шенеуніктерден осы жерді алып бер» деген өтінішін орындай салғандай», - деді ол.
Ол Мемлекеттік мүлік туралы Заңның 62-бабының 3-тармағында «коммерциялық мақсаттарды және мемлекеттік емес мүдделерді қанағаттандыру мақсаттарын көздейтін кез келген иеліктен шығаруды мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару деп тануға болмайтындығы» нақты түсіндірілгенін айтады.
«Екіншіден, «Орталық стадион» МКК 2014 жылы жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес жекешелендіруге және жеке меншікке беруге жатады. Демек, мемлекеттік мүлікті алып қою жеке субъектінің, яғни жеке инвестор Қайрат Боранбаевтың мүддесі үшін жүзеге асырылды деп болжауға болады», - деп нақтылады заңгер.
Нәтижесінде, адал кәсібін дөңгелетіп отырғандар мемлекет мүддесі үшін деген желеумен тартып алынған жер учаскесінен айырылып, өтеу ретінде берілген тиын-тебенді қанағат етіп қала берген.
«Біз жер учаскелерін иеліктен шығарудың барлық фактілері бойынша тәуелсіз тергеуді жалғастырамыз және қоғамдағы дәрежесіне, лауазымына және беделіне қарамастан барлық жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты материалдарды жария етеміз. Барлығы енді басталды», - деді Бақытжан Базарбек.
Еске сала кетейік, 15 наурызда Алматыда Боранбаевты қаржы мониторингі агенттігінің орталық аппаратының қызметкерлері ұстаған болатын. 16 наурызда Боранбаев Нұр-Сұлтанға жеткізілді.
Қайрат Боранбаев – экс-президент Назарбаевтар әулетінің құдасы. Дариға Назарбаеваның бұрынғы келіні Әлима Боранбаеваның әкесі.
Айжан Темірхан
Abai.kz