Қанат Әуесбай: Енді өңірлердегі проблема жоғарыдан тапсырманы күтпей-ақ шешілетін болады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда жариялаған Жолдауында «AMANAT» партиясын өзгерістер күтіп тұрғанын айтқан болатын. Мәселен, биыл Мемлекет басшысының өзі партия төрағалығынан кетіп, өңірлердегі филиалдарды әкімдердің басқармайтынын мәлімдеді. Журналист, қоғам белсендісі Қанат Әуесбайдың айтуынша, аталған реформа өңірлердегі проблеманы жедел шешуге, партияның халықпен тығыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
«Президенттің бастамасы – «Аманат» партиясын жаңғыртудың маңызды бөлімі. Менің ойымша бұл бастама үлкен процестің басталуына сеп болады. Бұл бастама соңғы екі жыл бойы партияның өз ішінде түрлі талқылаудан өтті. Партия мұның жұмысқа тежеу болатынын түсінді. Әкімнің төраға болуы аймақтарда бақылауды әлсіретті, мәслихат депутаттарының қолын байлады. Енді бұл кедергі алынып тасталады, яғни партия әкімдердің жұмысын қадағалап, аймақтарда сайлауалды бағдарламаның орындалуын бақылауында ұстай алады. Ал, әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігі арта түседі», - деп жазды Қ.Әуесбай өзінің Facebook-парақшасында.
Оның пікірінше, Президенттің бұл бастамасы партия мен жергілікті билік арасында шекараны белгілейді, бұл өте маңызды шешім. Өйткені енді қордаланған проблемалар қағазбастылыққа салынбай-ақ, жоғарыдан тапсырма күтпей-ақ жергілікті жерлерде дереу шешілетін болады.
«Партия мен әкімдерді бір-бірінен осылайша бөлу бізді нақты қандай нәтижелерге алып келеді, сол туралы айтып көрейін:
- әкімдер филиал төрағасы ретінде тек номиналды функцияларды ғана атқарып келді. Бүкіл жұмысты филиалдың өзі жергілікті билікке байланбай-ақ орындап келді. Партияның аймақтағы жұмысының бәрін төраға емес, оның орынбасары атқарып келді. Сондықтан, әкімдердің партия төрағалығынан кетуі оның жұмысына ешқандай теріс әсерін тигізбейді.
- бұл бастама әкімдерге өзінің негізгі жұмысымен ғана айналысуына мүмкіндік береді. Мемлекеттік және партиялық жұмысты байланыстыру, біріктіру тәжірибесі тоқтайды.
- Аймақтық саяси менеджменттің барынша тиімді жүйесі қалыптасады. Тәекелдер жойылып, қосымша мүмкіндіктер пайда болады. Бұл тұрғыда назар аударатын басты мәселе – қарапайым халықтың сұрауын өтеу, проблемасын шешу.
- Білімді, білікті кадрлар үшін қосымша әлеуметтік лифттер әзірленеді. Аймақтардағы филиал басшылығына жаңа еңбекқор жас кадрлар келеді, олар облыс халқының мұң-мұқтажын тыңдап, проблемасын шешуге атсалысады. Біз қазірдің өзінде жас талапшыл мамандардың проблеманы шешетін ұсыныстарын жариялап жатқанын көріп отырмыз. Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін жасотандық белсенділер дереу стол басына жиналып, аймақтардағы проблемаларды шешудің жолдарын талқылады. Белгілі болғандай, ол проблемалардың 90% сол жергілікті жерде орталық аппараттың араласуынсыз-ақ шешіледі екен.
- Қаңтар оқиғалары көрсеткендей, аймақтарда проблемалар ұзақ жылдардан бері шешілмей қордалана берген. Егер жергілікті билік пен партия бірігіп әрекет етсе бұл жағдайдың алдын алуға болатын еді. Сондықтан қазір партия аймақтар бойынша тиісті жұмыстарын бастап жатыр: партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов онлайн-режимде барлық өңірдегі партия активімен жиын өткізіп, Жолдауды жүзеге асыру мәселесін талқылады.
- Халық игілігі үшін партия мен облыс басшылығы арасында жоғары деңгейдегі әріптестік құрылуда. Аймақитардағы филиалдар желісінің арқасында партия өңірлердегі проблеманың бәрін және оларды шешу жолдарын жақсы біледі», - деп жазды журналист.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнаған болатын. Маңызды құжатта негізінен саяси реформалар көтерілген. Бүгін осы бастамаларды қолдау мақсатында «AMANAT» партиясының Алматыдағы филиалы арнайы митинг өткізді.
Abai.kz