Бауыржан Бабажанұлы. «Жаман Сәрсек»
Бір топ «перваш» сабақтан соң ауылда жүргендей айқайлап сөйлеп, жатақханамызға беттеп келеміз. «Алатау» аталатын 12-жатақхананың алдына келе бергенде Бекжан кенет: «О, Жәукеңдер отыр екен ғой...» - деп кілт бұрылып, ағаштың көлеңкесінде отырған екі жігітке қарай беттеді. Біз топырлай ердік. Бізді көріп, олар да орындарынан тұрып қарсы жүрді. Құлағы қалқиған, қисық мұрын, қысық көз сары жігіт, амандаса бере, біреуге ұқсатқандай маған тесіле қарады. Кепкісін баса кигенімен шашын тықырлап алдырып тастағаны көрініп тұр. Қолында ұзын қара плащы бар. Түрі студенттен гөрі көшенің «блатнойларына» көбірек келеді екен. Бекжан таныстырып жатыр. Даярлық курсында бірге оқыпты. Аты - Жарас екен, журфакқа биыл түсіпті. Құрылысшы боп жұмыс істеп жүріп, «Алатауға» орналасқан, оқуға түскесін де сонда қала беруді жөн санапты.
«Алатау» - біз тұратын 17-жатақхананың дәл іргесінде тұр. Біздің курстастарымыз Бекжан Досжанов, Кенже Байназаровтармен оқуға түспей тұрып етене араласқан Жарас бізге жиі келетін болды. Алғашқы әсерім алдамшы болып шықты, қарапайым, биязы жігіт екен. Лезде біздің курстың бір мүшесіне айналып шыға келді. «Вешір» жасасақ, міндетті түрде Жарас болады. 5-жатақхана жаққа көп бармайды. Ондағылар да «филфактың жігіті» деп қабылдайды екен.
Бір топ «перваш» сабақтан соң ауылда жүргендей айқайлап сөйлеп, жатақханамызға беттеп келеміз. «Алатау» аталатын 12-жатақхананың алдына келе бергенде Бекжан кенет: «О, Жәукеңдер отыр екен ғой...» - деп кілт бұрылып, ағаштың көлеңкесінде отырған екі жігітке қарай беттеді. Біз топырлай ердік. Бізді көріп, олар да орындарынан тұрып қарсы жүрді. Құлағы қалқиған, қисық мұрын, қысық көз сары жігіт, амандаса бере, біреуге ұқсатқандай маған тесіле қарады. Кепкісін баса кигенімен шашын тықырлап алдырып тастағаны көрініп тұр. Қолында ұзын қара плащы бар. Түрі студенттен гөрі көшенің «блатнойларына» көбірек келеді екен. Бекжан таныстырып жатыр. Даярлық курсында бірге оқыпты. Аты - Жарас екен, журфакқа биыл түсіпті. Құрылысшы боп жұмыс істеп жүріп, «Алатауға» орналасқан, оқуға түскесін де сонда қала беруді жөн санапты.
«Алатау» - біз тұратын 17-жатақхананың дәл іргесінде тұр. Біздің курстастарымыз Бекжан Досжанов, Кенже Байназаровтармен оқуға түспей тұрып етене араласқан Жарас бізге жиі келетін болды. Алғашқы әсерім алдамшы болып шықты, қарапайым, биязы жігіт екен. Лезде біздің курстың бір мүшесіне айналып шыға келді. «Вешір» жасасақ, міндетті түрде Жарас болады. 5-жатақхана жаққа көп бармайды. Ондағылар да «филфактың жігіті» деп қабылдайды екен.
Жарас ғажап әнші боп шықты. Әнді баппен айтады. Кейде тіпті «Біздің ауылда бір жігіттің шығарған әні» - деп, біз естімеген бір әуендерді шырқайды. Қазір ойлап қарасам, солар - өз әндері болу керек. Бірақ қазір де шынын айтпайтынын білемін...
Омыраулап ұмтылып тұрмағасын өлең жазатынын да кейін білдік. Әшейінде сәл нәрсеге кіржие қалатын «ревизорымыз» Әділ Ботпанов Жарас өлең оқығанда қабақ шытпай, ықыластана тыңдады. Мақтай қойған жоқ, бірақ сын да айтпады.
Сол тұста Жарастың жатақханасын жағалаушылар көбейіп кетті. Оның себебі бар. Біз оқуға түскен жылы темекі тапшы болды. «Мұрнының құрты» барлар кәйіп қысқанда бебеулеп кетеді. Көшеге шығып, темекі тұқылын іздейді. Бес жасымда шылым тартып көрем деп қысқа жинап қойған шөпті түгел өртеп жіберіп, тыныш тапқан мен оларға миығымнан күлемін. Әсіресе, қыздардың көзінше тұқыл туралы әңгіменің шетін шығарсам, әлгілердің жүндері жығылып, ыңғайыма көне кетеді. «Пәленше «бычок» теріп жүр екен...» - деген кімге жақсы дейсің...
«Бычок» дегеннен шығады, Әділ бір күні қызық ұсыныс айтты: «Жігіттер, біз - ҚазМУ-дың студентіміз, мәдениетті адамдармыз. «Бычок» теріп жүрміз» деу - ұят, сондықтан «гүл теріп жүрміз...» деп айтайық». Шылымқорлар бұл ұсынысты бірауыздан қабылдады. Кезектесіп, «гүл теруге» аттанатын.
Гүлдің кез келген жерде өспейтіні сықылды, «гүл» де анау-мынау жерде жатпайтын. Әсіресе, біздің жатақхананың алды ылғи «тап-таза» болатын. Сондықтан жас оқытушылар мен ҚазМУ-дың құрылысында істейтін жұмысшылар тұратын «Алатаудың» алдында «гүл терген» әлдеқайда тиімді. Бірақ бұл - оңай жұмыс емес, өйткені әрлі-берлі өтіп жатқан адамда қисап жоқ, сосын олардың дені - қыздар. Біздің жігіттер әдетте бұл «жорыққа» кемінде екі адам боп шығады. Бірі жан-жақты бақылап тұрады, екіншісі одан «сигнал» түскен бойда аяқ астында жатқан «гүлді» жып еткізіп ала қоюы керек. Кейде бұл «процесс» тіпті ұзаққа созылып кетеді, өйткені жүргінші көп. Бір жерде ұзақ тұрып қалған кісілер де күдік келтіреді ғой (оған «ұрының арты - қуыс» екенін қосыңыз - Б.Б.), бірақ әлгілер бұған да қулық ойлап табады. - Жәукеее! - дейді бейне бір Жарасқа келіп тұрған адамға ұқсап, дауыстарын созып. Жарас балконға шығады. Содан ол - балконда, бұлар жерде ұзақ-сонар «әңгіме» басталады. Кейде «гүл терудің» соңы Жарасқа соғып, қызара-бөртіп қайтумен аяқталады. Бірге жұмыс істеген жігіттермен байланысын үзе қоймаған оның жағдайы бізге қарағанда әлдеқайда жақсы болатын...
Бізді журфактың жігіттерімен етене араластырған да - Жарас. Бірде бөлмесіне барсақ, ол курстастарымен бірге алғашқы сессияны аяқтағандарын «жуып» жатыр екен. Біз де қосыла кеттік. Қызды-қыздымен 5-жатақханаға кеттік. Әмірханның, Қазыбектің, Сағындықтың өлеңдерін тыңдадық. Ғани Қалмаханов күй тартып, Табылдының әндерін шырқады. Біз де қарап қалғанымыз жоқ. Сол-ақ екен, екі факультеттің арасы жолға айналды. 15 мамыр күні Жарастың туған күнін біздің жатақханада атап өткенімізде, күллі журфак «көшіп келді».
«..бір туған» дегенмен, филфак пен журфак - бәсекелес факультеттер. Сырт көзге тату көрінгенмен, жеме-жемге келгенде онымыз байқалып тұратын. Мұндайда «үйірі бір» Жарас біздің жағымызға шығады. Әзіл-қалжыңмен жиі қағысып қаламыз. Бір күні олар филология факультетін - «ұзын тіл факультеті» деп «аударыпты». Қапелімде ештеңе айта алмай қалған біз жатақханаға оралғасын «келісіп тон пішіп», ертеңіне «журналистер - дипломы бар өсекшілер» деген өз «тұжырымымызды» жеткіздік. Ол кезде кейін өзім де «өсекші» болатынымды қайдан білейін...
Екінші курста Жарас біржола бізге көшіп келді. Бірінші курста кіл «бытовкада» тұрып, аузымыз күйген біздің курстың бірге жүретін жігіттері бұл жолы ерте қамданып, екі-екіден бөлмесі бар екі секцияны иеленген болатынбыз. Жарасты өз бөлмемізге алдық. «Жатақханадағы ең әдемі бөлме біздікі болуы керек!» - деген Кенженің «сара басшылығымен» қымбат тұсқағаз жабыстырамыз деп қыздардың күлкісіне қалдық. Сөйтсек, гүлін төмен қаратып жабыстырыппыз ғой...
Бірге тұрған кезде Жарасты жақын тани түстім. Өзінен гөрі қасындағы кісіні көтермелеп отырады екен. Біз секілді арсың-гүрсің емес, әркімнің ыңғайына қарап сөйлейді. Кез келген мәселенің екінші жағын да қамтып отырады. Әр нәрсеге қатысты өз пікірі бар. Онысын екіленбей, едіреңдемей, бипаздап отырып жеткізеді. Ешқашан дауыс көтермейді. Сондықтан ба екен, жігіттердің бәрі оны сыйлап тұратын. Тағы бір байқағаным, ешкімді де «ішіне» қатты жібермейді екен. Өзі де ешкімге қатты құлай қоймайды. Бірде: «Бауке, сен біреуді дос көрсең, құлай беріледі екенсің. Оның - дұрыс емес. Түбінде содан опық жеуің мүмкін. Басқа адамның аты - басқа адам, ол - өзің бола алмайды...» - деді маған. «Ай, Жәуке, не айтып отырсың, саған да сенбеуім керек пе сонда?» - деп едім, - «Иә, - деді ол, - ешкімге құлай сенуге болмайды. Адамда белгілі бір деңгейде «шекара» болуы керек». Жарастың бұл сөзінің дұрыстығына мен кейін талай көз жеткіздім...
Киімді өте ұқыпты киеді. Әрі - «мода», әрі атқа мінгендігін айғақтайтын аяғының қисықтығын жасырып тұратын кең шалбарының қыры сынбайтын. Айнаның алдында тұрып, шашын ұзақ тарайды. «Пай-пай, қисық аяқ, қисық мұрын, қысық көз - кіл қисық мүшеден сүйкімді пенде етіп жаратқан Алла Тағаланың шеберлігіне дау жоқ қой» - деп күлемін мен мұндайда. Жұмсақ жымияды.
Жарас 2-курста оқып жүргенде-ақ, «Өркен» газетінде жұмыс істеп жүрді. Сабақтан соң бірден редакцияға тартатын. Мақаласының астына «Жарас Сәрсек» деп қол қояды. «Ов» пен «ев»-тен жаңа ғана бас тартып жатқан кез болғасын ба, «Сәрсек» дегені бізге қызық көрінеді. Біздің қулар оны дереу «Жаман Сәрсек» деп өзгертіп ала қойды. Бұл «ныспы» оған жабыса кетті...
Бірде Жарас қоғамдық әжетханалар туралы мақала жазып, онысы әжептәуір пікірталас туғызды. Жалпы сол тұста тізгінін Алтынбек Сәрсенбайұлы ұстаған «Өркен» - жастардың қызығып оқитын басылымы болатын. Кейін Алтынбек ағасы жоғары лауазымдарға ие болғанда Жарас оны жағалап барған жоқ. Бұл да - мінез...
Бірде ол маған жаңа жазған өлеңдерін көрсетті. Ішінде «Сезім тілі» деп аталатын өлең бар екен.
СЕЗІМ ТІЛІ
...Маған таныс көше бұл, ұмытпадым,
Келген талай есімде құрып халім.
Шыр айналып шыға алмай айлы түндерде,
Терезеңе телміріп құлыпталдым.
Маған қадап жұлдыз-қыз жанарларын,
Саған қарай асыққан сан арманым.
Сезімге еріп, сені іздеп сергелдеңмен,
Махаббат боп содан соң жаралғанмын.
Жайында тұр жалғыз түп бала қайың,
Баяғыдай қол бұлғап барады айым.
Жарқ етіп бір жоқ болсаң жұлдызымдай,
Жалт етіп бір қарауға жанар дайын.
Сезімім бұл тасынған теңіздейін,
Қайда жүрсің,
сағындым дегізбейін.
Аялдаса автобус бірер минут,
Көшесінен Гогольдің сені іздеймін.
Кенет Әділ кіріп келді. «Ә, өлең бе? Әкелші». «Иә, Баукеңнің өлеңі» - деді Жарас маған көз қысып. «Ә, ЖенПИ жақты жағалап жүр екенсің ғой. Дұрыс...» - деді Әділ сығырая қарап.
Ертеңіне Жарас екеуміз, шынымен, ЖенПИ жаққа беттедік. Өлеңге кейіпкер болған сары қызбен таныстым. Қасындағы құрбылары да әдемі екен. Қол ұстасып, «Целинныйға» киноға бардық.
Сол жылы қыста Жарас «өз үйіріне» қосылып, бізден бөлек кетті. Әмірхан Балқыбек, Сағындық Рзахметов, Мұрат Тілеубергенов төртеуі Жароков көшесінің бойында жаңадан ашылған «Әлия» атты қонақүйдің бір бөлмесін жалдап тұратын болыпты. Жатақхананың шулы өмірінен жырақ кетіп, әдебиетке таза бет бұрмақ екен.
Қонақүй - жатақхана емес, әрине. Жағдайлары әжептәуір екен. Бір қабырғасына кітап толтырып қойыпты. Өздерін жалаңаяқ студент емес, нағыз ақсүйектерше сезінеді. Бірақ жамбаспұлы да осал емес - 90 сом. Бұл - сол кездегі бағамен есептегенде, бірталай ақша. Бірақ, дәл қазір, мұны ойлап тұрған бұлар жоқ, мәз.
Жақсы ниеттің бәрі жақсы іске ұласа бермейді екен. Жігіттер аңсаған «тып-тыныш өмір» жайына қалып, қонақүй - Алматының жас ақындары жиналатын «жын ордасына» айналды. Арақ-шарап төгіліп, темекі түтіні будақтаған сол «мүшәйраларға» баруға бәріміз асығып тұратынбыз. Тіпті екі күннің бірінде сонда қонып қаламыз. Мұның бәрі қонақүй басшылығына ұнай бермейді. Ақыры жігіттер бірер айдан соң 5-жатақханаға қайтып оралды...
Бірақ қонақүйдегі күндер ізсіз кеткен жоқ. Аптасына жеті рет ғашық болатын Сағындық бір күні ұйғырдың Гөзел дейтін гөзел қызын ертіп келді. Жасы - 14-те екен. Сол күндердің бірінде 15-ке толды. «Мен осы қызға үйленемін!» - деді Сәкең. Оның мұндай «мәлімдемелеріне» құлағымыз үйреніп қалған біз басында күле қарадық. Сөйтсек, Сағындық: «Қасым ағам испан қызын ұнатқан, Мен ұйғырдың гөзеліне ғашықпын», - деп әукесі салбырап, шындап барады. Мен қарсы шықтым: «Атасы басқа ұйғырдан қатын ап...». Қызу мінезді Мұрат мені дереу қостады. Тіпті екеуміз Сағындықты ұрып та жібермек болдық. Ал жас сұлудың әкелген тосабымен тәтті шай ішіп жүрген Жарас пен Әмірханның ойы басқаша болып шықты. «Сағындыққа дәл осындай әйел керек!» - деді Жарас. «Ақылды қыз екені көрініп тұр», - деді Әмірхан. Ақыры біз Мұрат екеуміз қысқы сессиядан кейінгі каникулға кеткенде мәселе шешіліп қойыпты. Сағындық үйленетін болды! Құдалыққа Бақытжан Қосбармақов пен Жарас кетті. Қыздың әке-шешесі де қарсы болмапты. Тек «Сағындықтың әке-шешесі алдымыздан өтсін...» - депті.
Көп ұзамай Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан Сағындықтың әке-шешесі келіп, құдаларының алдынан өтті. Дәл сол кезде кешіктіріліп жатқан екі стипендияны қатар беріп, журфактың студенттері жас жұбайларға әдемі той жасап берді. Содан соң олар Маңғыстауға аттанды. Бірге кеткен Әмірхан аузының суы құрып оралды. Ауылда керемет той болыпты.
Гөзел жақсы әйел боп шықты. Тамақты «өлтіретіндігі» өз алдына, қолы сәл босаса, қазақ кітаптарына үңілетін. Міржақыптың кітабын оқып бітіргеннен кейін таңертең Сағындықты «Оян, қазақ!» - деп тұрғызатыны бүкіл ҚазМУ қалашығына тарап кетті.
Бірақ Сағындықпен бір шаңырақтың астында өмір сүру - тор ішінде арыстанмен бірге тұрғаннан да қиын «шаруа». Былай қарағанда, бала мінезді, ақ көңіл ақын жынды судан сәл ұрттап алса болды, ақпандағы құтырған бураға айналып шыға келеді. Мұндайда Гөзел үйіне тайып тұрады, әрине. Оны алып келуге ылғи да Жарас барады. Бір-екі рет оған ілесіп мен де бардым. Соны естіген болуы керек, Мэлс Қосымбаевтың бірде: «Ай, Бауке, қалайсыңдар? Жарас екеуің жаулықтарың желпілдеп, Сағындықтың қатынын әкеп беріп жүрсіңдер ме, әлі?» - дегені бар. Сөйтсек, бұндай шаруаға әдетте әйелдер барады екен ғой...
Екінші курстың аяғынан бастап ЖенПИ-дің музыка факультетінде оқитын қыздармен араласа бастадық. Кіл бір үріп ауызға салғандай әдемі қыздар екен. Жарас бір ақыл айтты: «Жігіттер, әйел деген - өте сезімтал халық. Оның үстіне бұлар - өнер адамдары. Бізге ғашық болып қалуы мүмкін. Бұлар - елтең-селтеңнің қыздары емес. Егер шын ойларың болмаса, аса «жақындатпаған» дұрыс...».
Бізге ғашық боп, «құлай» қалған ешкімді көргенім жоқ. Бірақ өте жақсы араластық. Керемет әндер туды. ¦лжалғас Әлібаеваның Сағындықтың сөзіне жазылған «Сағындым сені...», Жәудір Артықбаеваның Жарастың өлеңіне жазылған «Сезім тілі», Айгүл Бажанованың менің сөзіме жазылған «Білмеймін сені, баласындым ба...» атты әндері студенттер арасына тез тарап кетті. Жазушылар одағында өткен бір мүшәйрадан кейін осы үш қыз үш дауыста әндерімізді орындағаннан кейін біздің де беделіміз әжептәуір көтеріліп қалды. Бір күні Маралтай біздің бөлмеге апыл-ғұпыл кіріп, мені 6 қабаттан 3 қабатқа сүйрелеп түсіргені бар. Сөйтсек, төменгі курстың қыздары менің сөзіме жазылған әнді айтып жатыр екен...
Ал «Сезім тілі» - ЖенПИ-дің «гимніне» айналды. Кеште Гоголь көшесінің бойы жаңғырығып тұрады. Кейде біздің жігіттер үш жатақхананың арасында тұрып алып, осы әнді орындағанда барлық балкондар мен терезелер жалма-жан ашылып, жүздеген дауыстар қосылатын. «Тағы, тағы...» - дейді қыздар шулап. Осылайша «концерт» кейде бірнеше сағатқа созылады. «Жарас, Жарас, Жарас...». Неше түрлі әдемі ауыздардан шыққан ақынның есімі де ән сияқты естіледі. Бізге сол сәт жер бетінде Жарастан бақытты адам жоқ сияқты көрінетін. Қазір Саят Медеуов орындап жүрген бұл ән - кезінде Ғафу ағамыз сөзін жазған «Алматыда көшесі бар Гогольдің» атты әннен кейінгі арулардың ордасына арналған әдемі ескерткіш!
...Өмір Жарастың «установкасына» бағынбайды екен. «ЖенПИ жорығына» кейінірек қосылған жігіттер біз сияқты «аға» болып қалғысы келген жоқ. Әуелі журфактық Аманбек Сүлейменов Гүлмира есімді сұлуды қағып түсіп, Жезқазғанға әкетті. Ал біздің Кенже Байназаров тура үш жыл гүл тасып жүріп, тәкаппар ару Ұлжалғастың жүрегіне жол тапты. Сыртынан көрсетіп: «Қалай екен?» - дегенде: «Кенжеке, пошымына қарап танып тұрмын, тура бес ұл туып, бәйбіше болатын қыз!» - деген қазіргі заманның Күреңбайы, тарих факультетінде оқитын досымыз Ұзақтың айтқаны айдай келіп, бес ұл тапты. «Қараң қалғырдың аузына бес ұлмен қоса бір қыз түспеген екен...» - деп Ұзақты сыртынан сыбап қоятын ол Шымкенттегі мектептердің бірінде музыкадан дәріс береді.
Соңғы курстарға қарай біздің жігіттердің де өлеңдері газет-журналдардан көріне бастады. Әсіресе, басылымдармен етене араласып жүретін журфактың жігіттері жиі көзге түсетін. Олар ҚазМУ аясында өтетін шараларда да өлең оқитын. Бірде даңқты палуан Дәулет Тұрлыхановпен кездесу өтіп, Жарас пен Әмірхан жырдан шашу шашты.
Сен - пілсің,
Дәуірдің мен де пілімін,
Екеуміз бір-ақ пілміз дегенменен.
Сол пілдің сен - күшісің, мен - тілімін,
Пілі бар ел болмайды өлермен ел, - деген ақынға ағасы қатты риза болып, арқасынан қақты.
Тағы бірде ҚазМУ мен АлМУ арасында үлкен бір жарыс өтіп, Жарас біздің университеттің атынан өлең оқыды. Фариза апай бастаған қазылар алқасы жылы лебіздерін білдірді.
Сол жылдарда Жарас «Жас қазақ» газетінде жұмыс істеп жүрді. Нұрлан Мәукенұлы, Гүлнәр Салықбай секілді мықты ақындармен араласты. Өзінің де өлеңдері салмақтана түсті.
Жылтырағы аз, жарнамасы кем Жарастың жырлары оқырманның бәрін бірден тартып әкетпеуі мүмкін. Өйткені пенденің бәрі алданғанын біліп тұрса да тәттіге құмар-ақ қой. Былай қарасаңыз, өмір дегеннің өзі - кіл алданыш сияқты...
Ал Жәукең әуелден қызылды-жасыл дүниеден бас тартты. Жұмекенді жастанып оқитын ол арзанға ұмтылған жоқ.
Біз әдебиетке өліара кезде келдік. Замана 180 градусқа кілт бұрылғанда жұртшылықтың абдырап қалғаны рас. «Өлең жазамын» - деген адамға күле қарайтын кез де болды. Бірақ біз қаламымызды тастағанымыз жоқ.
Жас ұрпағы елдің таусылып жаттағандары,
Жабырқап қалды,
Заман - шоқ, қақталам ба әлі?
Айдауда жүрген ақындай арманы - жазу,
Біз бе едік, бота-ғасырдың ақтабандары, - деп жазды Жарас сол кезде маған арнап жазған «Сыр» дейтін өлеңінде.
Амал не, жаным, көрсетпеген соң сен сенім,
Махаббатымның тот басты сұлу семсерін.
Сен менің шағын Отаным едің,
Майданнан
жеңіліп қайтқан жауынгеріңмін мен сенің...
Жастықтың тілі - махаббатты Жарас осылай жырлады. Асылы, бұл майданда «жеңілгендердің» үні шынайырақ шығады-ау...
Бір бөлмеде тұратын Жарас пен Әмірханның әдебиет, өмір жайындағы таластарын тыңдау да қызық еді. Әмірхан: «Кез келген нәрсенің түбіне оқу арқылы жетуге болады...» - десе, Жарас «...түйсік арқылы жетем» - дейтін.
Студент боп жүріп, үйленгендердің бірі - Жарас. Біздің аузымызды... Гоголь көшесі жаққа қаратып қойып, бір күні Алматының іргесіндегі Калинин ауылының сұлуын алып келді. Хаса сұлу екен! Баданадай көздері жарқырап, кіл тіл мен жағына сүйенген қырттарға үрке қарайды. Жарасты жабыла мақтап жатырмыз. Біз мақтаған сайын ол қабағын түйіп, шалқая түседі: «Басты қасиетімді айтпадыңдар...». Ақыры таба алмадық: «Ал өзің айтшы, біз білмейтін қандай қасиет ол?». «Мейірімділік. Біле білсеңдер, мен қазақтың бір аруын кәрі қыз атанудан сақтап қалдым...». Ішімізді ұстап, домалай кеттік. Жас келіншек - Үміт те көзінен жас аққанша күлді. «Мейірімді» күйеуі міз бақпайды: «Шыны - сол емес пе? Сендердікі осы не жүріс, ал?». Құдды Оралхан Бөкейдің жаңа үйіне алғашқы қонып шыққаннан кейін редакцияға келіп: «Апыр-ай, жиырмасыншы ғасырдың аяғы болса да, әлі күнге дейін пәтер жалдап тұратындар бар дейді, ә?» - деген әңгімесінің кері.
Көп ұзамай филфак-журфактың студенттері бір автобус жалдап, Ұйғыр ауданы, Сүмбе ауылына тарттық. 500 адам қатысқан той болды. Қайтарда сәл ғана бірдеңеден дау тұтанып, екі факультет бөлініп алып, төбелестік. Автобустың бірде-бір терезесі сау қалмаған бұл «қырғынның» қызығын тыңдағысы келген адам курстасымыз, «Халық сөзі» газеті бас редакторының орынбасары Айгүл Халықовадан сұрасын. Төбелес - ол заманда тойдың қалай өткендігінен «хабар беретін» бір «атрибут» еді...
Мемлекеттің өзі тәй-тәй басып тұрған шақта шағын мемлекет - отбасының аяққа тұрып кетуі оңай болған жоқ. Әуелі жатақхана, сосын Алматының әр түкпіріндегі пәтерлер олардың да жүйкесіне біраз жүк түсірді. Жарас базар да жағалады, той да басқарды, әйтеуір, дастарханын жұтатқан жоқ. Қалғанын қабағымен толтыратын.
Сөйтіп жүргенде, дүниеге нәресте келді. Перзентхананы көшірердей боп, түннің бір уағына дейін ән айтып жүргенімізді қазір ойласам, кәдімгідей қысыламын. Сол кезде дүркіреп тұрған Мұхарбек Жәкейдің сөзіне жазылған Оразәлі Баймұраттың «Үмітім - гүлім» атты әнінің әсері ме, әлде басқа бір ойы болды ма, Жарас қызының атын Гүлім қойды.
Университет бітіргесін Жарас пен Әмірхан «Парасат» журналында жұмыс істеді. Марқұм Баққожа Мұқайдың тәлімін алды. Қалихан ағаларының қызықты әңгімелерін мейлінше тыңдап, қаламдарын ұштады. Екеуі ылғи бірге жүретін. Баққожа аға мекемеге қызметтік пәтер алғанда да, екі отбасы бір шаңырақтың астында тұрды. Кейін Жарас Жазушылар одағынан екі бөлмелі пәтер алды. Осы үйде Гүлімнің інілері дүниеге келді.
«Керуен көшіп барады», «Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» атты кітаптарын оқырмандары жылы қабылдады. 2008 жылы халықаралық «Алаш» сыйлығын иеленді.
...Алматыдағы жігіттердің той тойлап отырып, маған телефон соғатындары бар. Бәрі телефонға жармасып, жамырай сөйлеп жатқанда көңілім кәдімгідей көтеріліп қалады. Дүние көп өзгермегендей, олардың бәрі баяғыдай бірге жүргендей болады да тұрады. Бірақ өмір қайдан бірге жүргізсін... Тек бір-біріне тілектес екендіктеріне қуанамын.
«...жылдам хабар алғызған» интернет заманында әлемнің түкпір-түкпірімен хабарласу деген түк болмай қалды. Біздің иттер ғана кірмейді «агентке». Бірақ «агенттегі» жас достарымның көбі оларды жақсы біледі. «Жарас аға - анадай», Жарас аға - мынадай» деп ілтипатпен атап жатқанда біртүрлі қытығым келіп отырады. «Ағаларының» мен үшін, бар-жоғы «Жаман Сәрсек» екенін қайдан білсін олар...
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
Ақтөбе қаласы.
«Abai.kz»