Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 3464 6 пікір 29 Наурыз, 2022 сағат 13:01

Жамалдың жалғызы

Ел ішін сілкіндірген тосын жайттардың ізі суымай жатып деректі әм көркем фильмдер түсіріп, шығарма жазып үлгеретін дәстүр Батыс жұртында бұрыннан бар. Бұндай дәстүр біздің жыраулар поэзиясынан, батырлар туралы жыр-дастандардан көрініс тауып келді. Жазушы Жолтай Әлмашұлы сол дәстүрді жаңғыртып, қағынып барып басылған қаңтар айының алғашқы күндеріндегі оқиғалардан ойып алып әңгіме жазыпты. Оқып көрелік.

Редакция


– Уһ-һ-һ-һ!. .
Демі біте жаздап барып, тұншығып барып, әзер деп аузынан жалын атты. Кәдімгі ошақтан от үрлегендей барынша ыстық жалын еді. Жанында біраз уақыттан бері жаны қалмай күзетіп отырған жақын сіңлісі Жұпар аһ ұра сөйлеп:
– Е, қайтсін-ай! Асқазанында тас қайнап жатыр екен-ау! – деген. Сол кезде әлде дауысты естіді, әлде ес жинағаны осы ма – бетін ақырын оңға бұрып, Жұпарға жасау­раған жанарын бағыттады.
– Мен… мен сорладым ғой! Сорлап қалдым ғой, Жұпар-р… Ыстық жас ыршып-ыршып кетті. Жаны шырылдағандай болып, барынша қиналыспен бойын жинай түсіп, сосын еңіз-теңіз жылауға басты. Салалы саусақтарынан әл кете дір-дір етті. Бүкіл денесін өзі де билей алмай, бүлк-бүлкке басып, тыпыршып ала жөнелген.
– Ай, Жаратқан ием-ау, не жаздым! Не жазығым бар еді сенің алдыңда? Келіндік жолымды кесірлікке шырмаған кезім бар ма? Аналық жолды арамдаған сәтім болып па? Кімнің… кімнің алдын орап, қай пендеңе қиянат жасап едім-м… Уһ-һ…
Жұпар оны сабырға шақырып, қолын уқалап, денесін сипалап, тоқтау сөзін айта бастады.
– Алла шара басқа қиып салды, көтермеске не шара! Әуелден маңдайға жазылған тағдыры осылай шығар! Лейтенант баланың өлшеулі өмірі-і…
Жамал көз жасын сілкіп жіберіп, сіңлісіне жалт қарады. Жалт қарады да:
– Өлшеулі өмір дедің бе? – деген. – Ауырып не әлдеқалай сүрініп кетіп, өз ажалынан өлсе, мен де тағдыры болар деп тоқтам іздерем. Бұл не? Бұл қандай тағдырға жатады екен, а?.. Бұлдыр ғой. Тұман ғой арғы жағы… Жақын арада сейілмейтін тұман…
Сіңлісі ернін тістеп ала қойды. Артықтау айтып жіберді ме? Неге ғана сол өлшеулі өмір деген сопайма сөз тілінің ұшынан лып ете қалып еді? Айтқысы да жоқ еді, қалайша шығып кетті аузынан! Енді не дерін білмей, қипақтаған күймен, апайына:
– Сабырға келші! Сабыр сақташы! – деумен әзер-әзер шектелді.

***
Жаңыл осы әулетке келін боп, ақ табалдырығын аттаған күннің бірінде өз енесі оңашалықты пайдаланып өмір бойы есінен кетпес бір әңгіме айтқаны бар-ды. Сол сөзі жүрек қалтасында жансерігі боп, сазарып жатып алды. Қай кезде де еріксіз жаңғырып, есіне түсе беретін. Енесі былай деген.
– Қызым, бір кездері бұл әулеттің бағы да, тағы да ешкімнен кем болмаған, – деп бастады. – Алайда есіңе мықтап ұстар бір жағдаят – жақсы әулеттің тамыры тереңге жайылып жатса да, бүгінгі жапырағы селдір, бұтағы босаң. Сосын да тағдырдың қатты желінен, суық боранынан қорқулы. Әбден сескенулі. Үсіп кете ме, ұшып кете ме деп алаң. Тап осы уәжді баяғыда мына құтты табалдырықты аттағанда марқұм енем маған айтып еді, енді саған да соны мен уәждеп отырмын, қарағым…
Ол кезде жас еді, уылжып тұрған шағы-тын. Оның үстіне бөгде үйге орамал байлапкіргені әзірде ғана, ойы шашырап отырып, сөз астарына аса мән бермепті. Кейінірек, уақыт өте келе, ене уайымын да, әулет қорқынышын да жүрек жанарымен сезіне түскен. Атасы ертерек мәңгі мекеніне бет түзеп кетіпті. Орталарындағы жалғыз ұл – осы Алау екен. Алау екеуі А. қаласында, жоғары оқу орнында оқып жүріп танысты, ә дегеннен жүрекпен ұғысты, тез-ақ бауыр басты. Тіпті, кейбір студенттер секілді бір-бірін ұзақ сынаған жоқ, бірі үшін бірі жаралғандай, татулық деген түсінік туын қатарласа көтеріп алып еді…
Алаубір қарағанда барынша салмақты, мінезі ауыр, көп сөзге жоқ жігіт сияқтанатын. Алайда, оның жеңіл әзілге жылдам, шымшып алар бірқақпай мысқылға аса шебер екенін Жамал өзгелерден бұрын байқады. Біреулердің сырт бейнесін суреттеп отырып, оған дәл келетін қосарлы есім таба қоятыны таңқаларлық. Қоянкүлкі дегенді Алаудың аузынан естіді. Оны тыңқ-тыңқ етіп күле беретін бір қызға арнап айтқан-ды. Тағы бір жігіт тамақ ішсе болды, тоқтаусыз кекіре беретін, оған Әупілдек деп ат бергенде, Жамал еріксіз күлкіге көміліп алғаны бар еді. Мұндай еріксіз күлкі шақырар қою қалжыңдарды қайдан ойлап таба береді десе, өзінің туған ауылы шетінен қалжыңбас болып келеді екен. Оны да кейінірек байқаған. Ол аз десең, Алаудың даусы әдемі де құлаққа жағымды. Соған орай өзі ғана шырқайтын бір-екі әні де бар. Әсіресе, ол мынадай әнді көбірек айтатын.
– Біз бақытты екенбіз, жан-жарығым,
Шаттық әнін жасырып, тыңда күнім!
Сен сыйлашы ып-ыстық ерініңді,
Мен сыйлайын өзіңе Алма гүлін!
Сөйтіп жақсы достықты жалғастырып, жастықтың тәтті күндерін бастан өткеріп жүрген шақта, бұл да тағдыр ма, А. қаласында аяқ астынан дүбірлі дүмпу орын алды. Қала жастары дүрлігіп орталық алаңға шықты. Бейбіт шеру деді әуелде. Жоғарыдағылардың жасаған саяси шешімімен келіспей, оларға қояр талабы бар екен. Билік басына басқа ұлт өкілі келіп отырғанына наразылық жасап, барлық жоғары оқу орындарынан жас жеткіншектер осында ағылған сәт. Талап біреу-ақ: қазақты қазақ халқының өз өкілі басқарауы керек! Ол күндері қалада қақаған аязды қыс болатын. Күн райы аса қолайсыз. Жаңыл тумысынан тоңғақ, сосын да суық күндері тысқа аз шығатын. Есесіне Алауда тыным жоқ, ең болмағанда бір рет екі көше айналып жүгіріп келмесе, көңілі қоңылтақсып тұрады. Сол әдетін айта отырып, Жамал «егер екеуміз бас қоса қалсақ, қалай өмір сүрер екенбіз» деп қағытса, Алау дереу жауап қатып «ол кезде мен сенің дегеніңе көніп, қарамағыңа көшпеймін бе» деп, уәжден жеңіп кететін. Алаңда жастар тобы жиналып жатыр дегенді естіген соң-ақ Алаудың дегбірі қашты. Жатақханаға сыймай кетті. «Мен сол жаққа бармасам болмайды» деп, Жамалды да ертіп кетпекші болған. Жамал күннің тым суық екенін айтып, жатақхана бөлмесінде қалып қойып еді. Ал, артынша… қанды қырғын басталып жүре берді. Бейбіт шерудің соңғы жағында қаны бұзық бұзақылар мен бүлікшілер киліккен десті. Соларды ұстау айласына жалғасып кетіпті. Бұның ұзынқұлақ әңгімелерден түсінгені осы ғана. Алаңдағы жастардың көбісі таяққа жығылды, ауыр жарақат алды. Өмірмен тосын қоштасқандары да, қыршын қиылғандар да баршылық.
Сол дүмпулі күндері Алау да қызыл жағалылардың қолына түсіп, екі-үш күн тас бөлмеде қамауда жатып шықты. Әйтеуір бірақ аман-сау босап келді. Дені-басы сау еді. «Маған ештеңе болған жоқ» деп, жаны қалмай бәйектенген Жамалды сендірген де. Алайда арада біршама уақыт өткенде көзі нашарлай бастады, басы ауыратынды шығарды. Кей күндері ұйықтай алмай, түні бойы есік алдында сенделіп жүріп алатын. Осы уақытта оқу жылы да аяқталып келе жатқан. Диплом қорғайтын кез де тақаған. Бұған дейін өте жақсы оқып келген Алау соңғы емтиханды әзер қанағаттанарлық бағамен аяқтады. Үздік диплом алған Жамал қуанышы қойнына сыймай, мақтанышын сездіріп:
– Міне, менің бүгінгі жеткен жетістігім! – деп, Алауға еркелей тіл қатқанда, ол бұрынғыша аймалау орнына аса бір көңілсіздікпен жауап сөзін айтты.
– Енді мені бұрынғыдай шын көңілмен ұнатпайтын шығарсың! – деді. – Сен оқуды үздік аяқтаған мамансың, ал мен дімкәс, аурушаң жанмын…
Оның осы сөздерін естігенде Жамал еріксіз ызаға булығып, жанарынан жас төге жылап жіберді. «Неге олай дейсің, біздің ішкі сертіміз қайда, мәңгі бірге боламыз деген уәдеміз ше» деп, төгіле сөйлеп, солқылдап қоя берген. Сол кезде ғана сезімтал жүрегіне жылу кірді ме, Алау оны құшақтап өзіне тартты. Өзіне тартты да, ақ маңдайынан иіскеді…
***
Енесі байғұстың қаңбақша қалқып ұшып, қалбаң-қалбаң етіп жүгіргені әлі күнге есінде. Не деген елгезек жан, қандай жасандылығы жоқ Ана деп ойлап үлгерген-ді сол бір сәттерде. Жүріс-тұрысы мен мейірімді мінезіне орай берген алғашқы келіндік бағасы еді ол. Одан әріге тереңдеп баруға жастық өресі де, ой-талғамы да жетпей жатқан. Ең бастысы – іштей барынша бақытты болатын. Алаумен тағдыр жарастыра алғанына мың тәуба деп, бақыттан басы айналған күндер ғой оның бәрі де. Ене одан кейін де өзгерген жоқ. Сол мейірімді, ыстық пейілін сақтап қалды. Келінге келін деп емес, қызындай мәпелеп қарады десе де болғандай. Екеуінің арасындағы сыйластық күн санап бекіп, ай санап мығымдана түскен. Алайда… Жамалдың жанына аяздай болып батқан бітеу жара – сүйген жарының денсаулығы еді. Алау елге оралған соң, аз уақыт қызметке араласты да, кейінірек жүруінен жатуы көбейді. Күні бойы жастық умаждап, жер бауырлайды да, түнде сыртқа шығып ұзақ-қ жүріп алады. Мұнысы – бұрынғы студенттік шақтағы дене шынықтыру әдетіне ұқсамайды, бойына батпандап кірген ой жегіден азап шеккен бір хал еді. Бұны Жамал білмеді емес, білді. Сезбеді емес, сезді. Ішінен қан жыласа да, сыртына шығармай, енесінің қас-қабағын аңдыды. Міне, осындай күндердің бірінде енесі оңашалап алып, өзінің аманат сөзін қинала отырып жеткізген-ді…
«…Жақсы әулеттің тамыры тереңге жайылып жатса да, бүгінгі жапырағы селдір, бұтағы босаң…»
Жамал ене алдында басын иіп тұрып, әулет туын қандай қиын кез тап келсе де, егіліп-езілместен, ешқашан жығып алмауға қайрат қылатынын ант сөзіндей етіп айтып еді.
Ол кісінің көкейіндегі бой қарыған аңызақ арман – Алау екеуінен бір шарана сүю болатын. Кішкене кешіксе де, Ана аңсары орындалды: тап қазақ елі өзінің еркіндік туын қолына ұстап, бар әлемге жар салып жатқан кезінде Жамал жарық дүниеге торсықтай ұл әкелді! Сол шақтағы енесінің бал-бұл жанған жүзін көрсеңіз ғой. Жер бетіндегі ең бақытты Әже тап өзі сияқты еді. Немересінің қасында айналшықтап, ешкімге түрін де көрсетпестен, тек өзі ғана бір уысбалғын ұлдың бет-жүзін аймалап бақты. Тіпті Алаудың өзінен де қызғанғандай болып:
– Сен кейін көрерсің, жөтеліп қалып, ауыртып қоярсың кішкентай құлыншағымды… – деп маңайлата бермеді. Жамал ененің осы сөзін артықтау көріп «апа-ау, Алау көңіліне алып қалады ғой, онсыз да жаны жаралы» дегеніне де мыңқ етпеді.
– Көреді! Ұл соныкі екені жалпақ әлемге әйгілі, несіне кіржие қалмақшы ол бала!. .
Ұлдың атын да өзі атады. Жалын деп есімдеді. «Алауұлы Жалын батыр, міне, осы перзент» деп желпіне сөйлеген сәті де бүгінгідей көз алдында қалып қойыпты.
Көп ұзамай енесі де атасы салған қайтпайтын қарасапардың қараңғылыққа бастарсоқпақ жолына қарай бет бұрды. Алау екеуі қосыла күңіренді, жаны сыздап, жылады, тағдырдың осынша қаттылығына налыды…
Өмір бірақ тоқтар ма! Өз кезегімен өтіп жатқан-ды.
Алау екеуі жас сәбиді орталарына алып, бір мезет бақыттың буына мас болып, ыңылдап ән салатын. Сол баяғы ән! Студенттік кезде қосыла шырқап қоятын жеңіл әуен.
– Біз бақытты екенбіз, жан-жарығым,
Шаттық әнін жасырып, тыңда, күнім!
Сен сыйлашы ып-ыстық ерініңді,
Мен сыйлайын өзіңе Алма гүлін!
Осы әнді де, әуенді де алдымен Алау бастап айтатын, Жамал оның аузынан естіп, бірте-бірте жаттап алған-ды. О, тоба, сол кездерде ең болмаса бір рет те «осыны шығарған кім» деп сұрамапты да. Сөз астарындағы«шаттық әнін жасырып, тыңда күнім» дегеніне де көп мән бермепті. Бәлкім, Алаудың өз сөзі, өз әні ме?

***
Жалын төрт жасқа шығатын жылы Алау да ескі кеселі меңдеп кетіп, аудандық аурухана палатасында көз жұмды. Сүйікті жарының соңғы сөзін жанында отырып тыңдап, ішінен ағыл-тегіл жылады. Сырты бүтін боп отырып, жүрегінің сығымдап қысқанын да елең қылмады. Көз жасын онсыз да әл үстінде жатқан Алауға көрсеткісі келмеген. Алау соңғы рет бар күшін жиып, басын сәл көтерді де:
– Мен ұзамаспын!– деді. – Алаңда көрген азап пен тас бөлмеде жеген таяқ менің тәнімді ғана емес, жанымды да жаралапты. Біраз жыл анашыма да, саған да сездірмей келіп ем, енді болатын емес. Жасырар шамам да қалмай барады. Мен жеңіле бастадым…
Жамал осы жолы көз жасын тежей алмай, үнсіз егіліп барып:
– Алау, сен мықты едің ғой! Жеңесің! Жеңіп шықшы бұл кеселді де… – деп ышқына айтқан. Күйеуі басын шайқады. Басын шайқады да:
– Бұл – менімен бетпе-бет келген жау емес, көзіме көрініп тұрған тажал емес. Ең қиыны – ол көзге көрінбес құбыжық, арқа жағымнан келіп, мені қайтсе де алып ұрғысы келетін кесапат, – деді де, қабағын түйе түсіп, палата қабырғаларына қарай жанар жүгіртіп алып, сосын өз сөзін өзі әрі қарай жалғады.
– Енді тыңдап ал: мен бұл жалғаннан жазықсыз жәбірленіп, қиянат қамытын киіп, қатты қиналып өтсем де, артымда із бар; жолбарыс жүрек ұл қалдырып барам; ол халқымның тәй-тәй тәуелсіздігін алақанында аялайтын, еркіндік жолына жайма төсеген елдің есігін еш сескенбей, қасқая ашатын қастұғыр ұрпақ; осы перзент ес біліп, азамат атанғанша өзіңе аманат; бетінен қақпай, қайсар етіп өсір; аман болса, ол да біз секілді өзінің туған Отанын күмістеңгедей қадірлеп, қастерлей білер ер мінез еркек болар…
Осылай деді де, кішкене демін алып болып, қайтадан екі ауыз лебізін жеткізді:
–Оның есею кезеңі– қазақ үшін нағыз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға тап келсе деп ем…
Тағы да айтты:
– Ұлым мендей дімкәс адам жасай алмағанды жасап, жаны пәк өзіңдей тәубашыл жанды бақытты Ана ете алса ғой, шіркін!…
Бұдан кейін сөйлей алған жоқ. Тілі күрмелді…

***
Бұдан соңғы тіршілік дейтін титың өмірдің қай қиындығын айтып тауысар. Жесір қатын, жас бала… Ағайын қайда, туыс қайда? Отан қайда, орда қайда? Әркім өз бас қамымен қыбырлап жатқан мидай тіршілік. Кімге өкпе артар! Кімді кінараттар? Жо-жоқ, қандай ауыр күндер басынан аунап жатса да, Жамал тағдыр алдында тізе бүккен жоқ: таласты, тайталасты, жеңілмеу жолын іздеді. Әу баста жалғыз ұлы үшін балабақшаға тәрбиеші болып кіріп еді, сол күйі қалып қойды. Басқа жұмыс іздеп бас ауыртып жатпады.
Түн баласына жападан-жалғыз. Кейде Жалын еркелеп ойнап, көп уақыт ұйықтамай қоятыны бар. Сондайда, ес біле бастаған кезі ме, менің әкем қандай еді деп сұрап, мазасын алатын. «Әкең өте мықты, емендей берік, айтқан сөзінде тұратын бірбет болды. Ешкімнен тайсалған жоқ. Ешкімге жағдай айтып, бас имеді де. Бірақ, өз Отаны мен туған халқын жанындай жақсы көрді. Қандай кемшілігі болса да, үлкен мақсат үшін кешіруге бармын дейтін… » деп, кешегі күндерді сағына есіне түсіретін. Бала бойында әкеге тартқан қайсарлық байқалып қалатын. «Мен де өскен соң, әкем сияқты Отанды қастерлеуші болам, оның мәртебесін аспандатпай тоқтамаймын… » деп, жанарынан жалын атып, жігерлене сөйлеп қалушы еді. Анасы не десін, арманыңа жет деп басынан сипап, мейірлене бетінен сүйетін. Содан кейін ғана Жалын тәтті ұйқыға бас қойып, пысылдап ұйықтап кететін. Ал, содан соң…
Қалжырап, мүжіле бастаған шағында марқұм енесінің айтқан бір ауыз аманат сөзі жігерлендірді. «Жақсы әулеттің тамыры тереңге жайылып жатса да, бүгінгіжапырағы селдір, бұтағы босаң… » Енді бірде есіне жан жары Алаудың көз жұмар алдында әлсіз үнмен жүрек түкпіріндегі сырын төккен сәті түсе қалады. Оның дауысы тап бүгінгідей құлағында шыңылдайды. «… Осы перзент… өзінің туған Отанын күмістеңгедей қастерлей білер ер мінез еркек болар… »
Бойға қуат, ойға дәрмен берген – осы сөздер-ді.
…Бала өсе келе, расында да өте қайратты, батыл, отаншыл, ұлтшыл екенін әйгілей бастаған. Басқа оқуды қаламады, әскери салаға бейімделді. Анасының «өзге оңайлау бір мамандықты ойластырмадың ба, » деген сауалына да жауабы әзір болды.
– Апа, – деді батыл үнмен. – Менің Отаным әлі әлсіз, тәуелсіздігі тәй-тәй басқан баладай босаң. Оны еппен шынықтырып, аяғынан тік қойып, сонан соң ғана әлем елдерімен терезесін теңестіре алар болсақ керек. Дүниежүзінің баршасы да бізге бәрібір күдік көзімен қарап отыр, не шығара алады екен деп миықтай сөйлейді. Ендеше, мен тәуелсіздіктің құрдасы бола тұрып, сол тәуелсіздік жолында бар күшімді жұмсамасам, онда еркек болып несіне тудым!
– Жарайды! – дейді Жамал баласын аймалай сөйлеп. – Елдің тәуелсіздігіне тұтқа болу үшін міндетті түрде әскери мамандыққа бару қажет пе? Жас адам қандай мамандықты таңдаса да, өз еліне пайдасын тигізе алмас па!
– Солайы солай! Бірақ, апа-ау, бізге тап бүгінгі уақытта ел тыныштығы мен шекара бүтіндігі ауадай қымбат. Осы екі нәрсені сақтай алмасақ – бәрі де бу сияқты бос әңгіме.
Анасы баласымен көп дауласпады, ойын құптаған сыңай танытты. Бірақ жан әлемінде өзгеше бір алаң орнап қалғандай еді. Ол қандай алаң әзірге өзі де түсіне алмаған…

***
Қ. қаласында басталған бейбіт шеру­шілер­дің арасында аяқ астынан лаңкестер пайда бола кетіпті: бүлікшілердің мекемелер мен әскери бөлімшелерге шабуылы жай оғындай бір-ақ сәтте бұрқ ете қалды. Жамал ол жайынан елдің бәрінен де кеш білді. Бір таңқалғаны – осы неге ғана қарапайым халық бірдеңе талап етіп, шеруге шыға қалса, артынша әлде лаңкес, әлде содыр, әлде бүлікші қосарлана шыға келеді? Таңертең ұлына шәй беріп, ертелетіп жұмысына шығарып салған. Шәй үстінде аз-кем әңгіме де айтылды.
–Ұлым-ау! – деген. – Жасың болса, міне, отызға да келіп қалды. Қашан мына үйге ақ келін түсіресің?
Жалын ыстық шәйді сораптап алып, анасына еркелей:
–Тап бүгін-ақ алып келер ем! – деді. – Бірақ сізге лайық келін кездестіре алмай жүрмін.
Анасы күліп:
– Апырмай, осы күні көшеге шықсаң қаптаған сұлу қыздар алдымызды кес-кестейді, ал солардың бірде-бірі сенің көзіңе ілінбеуі қызық! – деп жымия күлді. Жалын соңғы кеседегі шәйді ішіп алды да, анасының маңдайынан сүйді. Сосын айтты.
– Апа, мен іздеген бойжеткен оларға мүлде ұқсамайды. Олар– қала тәртібінде өскен, қазақы салт-дәстүрден ада, тіпті, өз ана тіліне де шорқақ. Дәстүрі мен тілін қасиеттей алмаған қыздан қандай жақсы ана шығады деп ойлайсыз? Керек десеңіз айтайын – біздің халқымыздың талай ғасыр армандаған тәуелсіздігінің тамырына балта шабатын да сондай өз тегінен алшақтай бастаған әйел заты! Біздің шаңыраққа ең ибалы, ең тәрбиелі қыз ғана келін болып табалдырық аттағанын қалаймын…
Жамал осы жолы ұлының өте әділ, тіпті барынша ақылды уәж айтқанына риза болып, маңдайынан сүйді де:
– Жұмысың да өте жауапты. Аман болшы әйтеуір… – деген. Баласы есіктен шығып бара жатып елеусіз ғана:
– Апа, кешегі күні ана батыс аймақтан бір дүмпу хабар жетті, халық газ бағасының шарықтап өсуіне наразы болып, бейбіт шерумен алаңға шығыпты, – деді. Соның екпіні бізге де ақырын жылжып, келіп қала ма деймін…
Сосын үйден шығып кеткен. Жамал әуелгіде аса мән бермесе де, артынан ой елегінен өткізіп тұрып, бойы дір-р ете қалғанын байқады.
«Халық көтерілді деді ме? Бейбіт шеру деді ме?Ойпырмай, халық дүрліксе, онда тектен-тек емес. Тек… қазақ елінің түкпір-түкпірін өрттей шарпып кетіп, арасына аяғыдай арандатушылармен бүлікшілер араласып, сол содырларды ұстаймыз деп, еш жазығы жоқ бейбіт адамдар қанға боялмаса болғаны да… »
Содан кейін ұлы туралы ойланды. Әскери оқуын бітіріп болған соң, осы Қ. қаласына оралып, бір әскери бөлімшеге қызметке кіріскен-ді. Одан бері де бірнеше жыл өтіп барады. Өз айтуынша қазір кішкене бір бөлімшенің командирімін дейді. Әскери шені де біртіндеп өсіп жатыр екен. Оны анықтап айтпаған соң, анасы түсінер ме? Бейбіт шеру бейбіт аяқталса екен деп іштей тілеу тіледі де, енді қайталап әлгінде ғана ұлымен болған келін туралы жылы әңгімені еске түсіріп, аз-кем жымиды. «Ақылдым менің, қыз бала өз халқының дәстүрі мен тілін білмесе, ондай жаннан қандай ибалы келін шығады деді ме? Әлі сарыауыз бала болар десем, тереңнен-ақ ойлап жүр екен ғой бәрін де… Аман болшы, айналайыным-м… »
…Ал, түс ауа қалада пайда болған лаңшылар мен бүлікшілердің билік ғимарат­тары мен әскери бөлімшелерге шабуылы жайлы суыт хабар сумаңдап, жер-жерге тарап жатты…

***
– Тағдыр дедің бе? – деп, Жамал тағы да жақын сіңлісі Жұпарға тіктене қарады. – Тағдыр деген бұлай болмайды ғой. Оңбаған бүлікшілер қайдан келді біздің тып-тыныш жатқан қалаға? Қару-жарағын қалай өткізді? Әскери бөлімшеге не үшін шабуыл жасады? Айтшы, қане?
– Сабырға келші, апатай!– деп, Жұпар жалына сөйлеген. – Саған тым қатты күйзелуге болмайды. Онсыз да жарты күн ес-түссіз жаттың.
– Жан баламның жолында жаным садақа! Ол әскери бөлімшені ғана қорғаған жоқ, қасқайып тұрып, бүкіл Отанын қорғамақ болды. Отан деген, түсінесің бе, ол – сен, мен, тағы да мыңдаған адамдар…
Жұпар жаны шыға үпелектеп, апатайына басу айтқансып:
– Білем! Сенің ұлың Жалын– нағыз ер! Ол Отанды шын сүюдің үлгісі! – деп сөз жорғалатып жатыр еді, Жамал түтігіп кетіп:
– Отан! Отан үшін опат! Ал, сол – Отаны тап бүгін бұл әулеттің басына түскен бақытсыздықты –ащы да ауыр халдібілер ме? Түсінер ме? Асыл енемнің де, Алауымның да аманат әңгімесі бүгіннен бастап әдірә! Соны білер бірің бар ма? Соны ұғар өкіметің бар ма? деді де, тұтыға кемсеңдеді.
Сәлден соң барып, қайта ес жинағандай болып, еңсе тіктеді де, ащы күрсініспен былай деді:
– Кеше де, бүгін де кеспірлі бұралаң мен кедір-бұдыр жолың бітпей қойды-ау, қазағым! Кеше де, бүгін де елі үшін жұлынын жұлып беруге даяр, бостандық жолында омырауын айқара ашып, алға ұмтылған айбоз азаматыңа пана бола алмадың-ау, қазағым! Енді ертеңің не болар? Біздің әулеттің кермек мұңына ұқсап бара жатқаны қалай? Ертеңің… неге тұмандана береді, апырмай-й!. .
Жұпар ендігі жерде не дерін де білмей, орнынан тұрып кетіп, палата ішінде өң-сөлсіз ақырын адымдап жүріп алып еді. Кенет қалтасындағы ұялы телефоны безілдеп қоя бергені. Көтерді. Тыңдады.
– Әло, бұл кім?
Арғы жағынан өте таныс, жағымды үн естілді.
– Тәте! Жұпар тәте, бұл сіз бе?
– Мен! Мен ғой. Ал, сен… лейтенант бала-а…
– Иә, тәте! Аға лейтенантпын!
Көзіне ілез-демде ыстық жас кептеле қалып, не дерін де білместен:
– Айналдым сол ағадан! Аға бола бер, жаным-м… – деп кемсең еткен.
Арғы жағындағы дауыс тоқтаусыз сөйлеуде. «Мен бағаналы бері телефон соғып жатырмын, апам неге жауап бермейді, әзер деп сізді алдым ғой әйтеуір… » деген үн саңқылдап естілген. Жұпар:
– Кешелі бері интернет те, телефон да істемей қалды ғой. Сосын ғой, – деді де, Жамалға жалт бұрылып:
– Ұлың! – деп сүйіншіледі. –Аға лейтенант Жалын Алауұлы анасымен тілдескісі келеді…
Жамал жатқан орнынан басын дереу көтеріп ала қойды.
– Балам ба! Соның даусы ма? Тірі екен ғой, құлыншағым-м… – деп, сүріне-қабына телефонға ұмтылды. Құлағына тосқаны сол, Жалынның жарқын үні бойындағы бар ауыр салмақты бір пәсте сылып тастағандай, жеңілденіп сала берген.
– Сені… сені бүлікшілердің оғынан қаза болды деген суық хабар естіп, есінен танды ғой мына бейбақ анаң – деп, аңырай бергенде, баласы:
– Жылауды тоқтатыңыз! Қазірден бастап капитан ұлыңызды тыңдаңыз! – деді. – Мен біздің әскери бөлімшеге шабуыл жасап, оқ-дәрілерді тартыпалмақшы болған бүлікшілерге сескенбестен қарсы тұрып, бір табан да жақындатпадым. Өзім және екі жолдасым ауыр жарақат алдық. Алайда оларға берілмедік. Тек… жарақатталған жерден қан көбірек кетіп, соңғы жағында есімнен танып кетіппін. Дәрігерлер әуелде өліп қалды деп ойлаған ғой…
– Қазір ше? Қазір жағдайың жақсы ма? Қан тоқтатылды ма?
– Әскери госпитальде емделдім! Қан да тоқтады, бүлікшілер де ауыздықталды. Қазір ғана маған капитан шені берілгенін айтты басшылық… Жағдайым жақсы! Енді сізге қарай жүргелі тұрмын. Айтпақшы-ы…
– Не айтпақшы едің, құлыным?
– Апа, мен есімнен танып жатқан кезімде түс-елес көрдім. Әкем қасыма келіп «тұр балам, сен осындай әлсіз бе едің, мен саған сенген едім ғой, дереу басыңды көтер де, әлі құрып қалжыраған жананаңа жылдам жет» деп, қайрап сөйлегенін анық естідім. Сосын қатты түйіліпбарып, бар күшімді жиып, көзімді ашсам, дәрігерлер ем-дом жасап, оята алмай қиналулы екен. Мені ешкім де емес, әкем өзі келіп оятып алды, апа-а… Міне, енді сізге қарай құстай ұшамын…
– Байқашы, құлыным! Жол үстінде сақ болшы! Әлгі немелер кім еді, ылаңшылар дедің бе-е… Солар тағы да шыға келіп… Анасы сөз аяғын айта алмады, көмейіне ыстық жас кептеліп келіп тұра қалған. Баласы сөйлеп жатыр.
– Апа! Апатай-ау, мен мына өмірден түк бітірмей өтіп кетсем, кешегі ата-бабаларымыз арман еткен бостандық деген асыл ұранды кім қолына ұстап уралайды? Мен осы күйі әлжуаз баладай бір қыр аспастан қисая салсам әжемнің, әкемнің және сіздің үкілеген үміттеріңізді кім төрге оздырады? Ал, ақ босағаны ақ ниетпен аттайтын ибалы келініңізді кім үйге жетелеп әкеледі? Осының бәрі де мойнымда тұрғанда, мен солдаттың етігіндей сірі қалпымнан еш айнымаспын! Қуаншы, Апа! Мен келе жатырмын! Менің жүрегімде – сіз, ойымда қандай қиындықта да емендей иілмеген қайсар әкем, арқамда – алаң да бұлаң жалғыз Отаным…

Жолтай Әлмашұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5558