Сәрсенбі, 9 Қазан 2024
Білгенге маржан 15623 4 пікір 29 Наурыз, 2022 сағат 13:07

Кеңес өкіметі кезеңіндегі Қазақстандағы ұлт саясаты

Басы: Қордай оқиғасы - ұлт саясатының көрсеткіші ме?

Патшалы Ресей мемлекеті, бодауындағы халықтардың ұлттық мемлекеттігі деген ұстанымды мойындамайтын біртұтас унитарлық құрылымды, экономикасы артта қалған ел болсада империялық амбициясы жоғары мемлекет болатын.

1917 жылғы қазаң төнкерісінен кейін биліктің басына большевиктердің келуі, одан соң бұрынғы патшалы Ресей мемлекеті аумағындағы азамат соғысы большевиктердің билігін нығайтып, Кеңес өкіметінің орнауына алып келді.

Билік үшін таласта большевиктердің бәсінің жоғары болуының сыры, ұлт мәселесіне қатысты жалаң ұранды шебер пайдалана білуінде болды. Большевиктер бұл күресте бұрынғы Ресей империясы құрамындағы ұлттардың өз тағдырларын өздері айқындау құқығын мойындайтындықтарын жариялай отырып, этнотерриториялық белгілеріне қарап вертикалды интеграцияланған, орталықсыздандырылған саяси мемлекеттік құрылым құрамыз деп жар салды. Отарлық бодаудан қажыған, дербес ел болудан үміті бар бұрынғы Ресей империясының отар елдері жер-жерлерде большевиктер ұстанымын қолдады. Бұл большевиктердің біртұтас бөлінбейтін Ресейді ғана танитын ақ гвардияшылармен күресінде жеңулеріне септігін тигізеген басты факторлардың бірі болып табылады. Нәтижесінде 1922 жылы 30 желтоқсанда сецессия құқығы бар тең халықтардың мемлекеттік одағы ретінде – Кеңес Социалистік Республикалар Одағы (әрі қарай мәтінде - КСРО) дүниеге келді.

Бұл уақытта Қазақ жерінде де саяси және тарихи оқиғалар қызу жүріп жатты. Алаш Орда партиясының алқауымен федеративтік республика құрамындағы ұлттық автономиялық мемлекет құру әрекеті, әскери, экономикалық  һәм саяси күштері тең емес большевиктермен күресте сәтсіздікке ұшырады. Қазақ жерінде де билікке келген большевиктер, бұрынғы Алаш Орда партиясы өкілдерінің кеңес билігі қатарына кіріп жанқиярлық күрес жүргізіп, талап қоюы негізінде 1920 жылы 26 тамызда Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы (әрі қарай мәтінде - РКФСР) құрамындағы Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құрды. Бұл саяси мемлекеттік құрылымның атауы 1925 жылыдың сәуір айында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы (әрі қарай - ҚазАКСР) болып өзгертілді, республика атауына қатысты тарихи әділеттілік орнады. 1936 жылы 5 желтоқсанда ҚазАКСР РКФСР құрамынан бөлініп, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы (әрі қарай мәтінде - ҚазКСР) мәртебесінде, формальды түрде толыққанды дербес мемлекеттік құрылымға айналды.

Бүгінгі таңда қоғамда Кеңесі өкіметі мен ҚазКСР-да жүргізілген ұлт саясатына қатысты екі ұдайы қарама-қайшы пікірлер бар. Талассыз шындық Кеңес өкіметі кезіңде республика бойынша жаппай сауатсыздықты жою, экономиканы индустрияландырып әртараптандыру, ауылшаруашылығын дамыту, отырықшылық тұрмысқа өтіп тұтастай елді-мекендерді, қалаларды салу, мәдениет ошақтарын көбейтіп, бастауыш, орта, жоғары оқу орындарының, медициналық мекемелердің саның арттыру бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізілді. ҚазКСР өркендеп дамыды.

Дейтұрғанменде жоғарыда аталған жетістіктер мен жақсылықтарды таразының бір басына қойып, екінші басына ұлт мәселесіне тигізген залалын қоятын болсақ, көп зиян шеккенімізді аңғарамыз.

Мәселен Қазақ жеріне Кеңестік большевиктік билік орнаған кезден бастап, осы жердің иесі, автохтонды тұрғыны – қазақ ұлтының саны күр кеміп, республикадағы орыс этносы өкілдерінің саны артып,  қазақ өз жерінде саны орыс және өзге этнос өкілдерінен кем аз этностық топқа айналды.

Тарихи статистикалық мәліметтер келесіні көрсетеді:

Кестедегі мәліметтерден көріп отырғанымыздай Патшалы Ресей мемлекетті жүргізген 1897 жылғы санақ қортындысына сәйкес сол уақыттағы Қазақстандағы этностар арасындағы қазақ халқының үлес салмағы 84%, ал жалпы 3 млн. 392 мыңнан  астам адамды құраған. Осы кездегі қазақ жеріндегі орыс этносы өкілдерінің саны 454 мыңнан астам адамды, үлес салмағы 11%, өзге этнос өкілдерінің үлес салмағы 5%  құраған.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін халық санағы 1926 жылы жүргізіліп, қорытындысына сәйкес қазақ жеріндегі жалпы халықтың саны 53,5%-ға артып, 6 млн. 151 мыңннан асқан. Алайда қазақ ұлтының үлес салмағы 84%-дан 58,5%-ға дейін төмендеп, 1897 жылғы көрсеткішпен алғанда өсімі 6,9%, жан басы 3 млн. 627 мыңнан астам қазақты құраған. Яғни 30 жылға жуық уақыт аралығындағы қазақ ұлтының жан басының өсімі бар жоғы 234 мыңнан астам адамды құрады. Дәл осы кездегі қазақ жеріндегі орыс этносының өсімі 1897 жылғы көрсеткішпен алғанда 180,6% құрап, үлес салмағы 20,6% - ға, ал өзге ұлт өкілдерінің өсімі 582,7%, ал үлес салмағы 20,9 % артты. Осы уақыт аралығындағы қазақ жерінде мекендейтін этностардың арасында қазақ ұлтының үлес салмағының азаюына 1918-1920 жылдарда орын алған азамат соғысындағы және де 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың болуына байланысты өлім-жітім, сондай-ақ шетелдерге қазақтардың көшуі әсер етті деп есептейміз.

1939 жылғы санақ Қазақстанның этностық құрамы мен келбеті қатты өзгеріске ұшырағаның көрсетеді. Жалпы халықтың саны 47 367 адамға азайып 6 млн. 151 мыңнан астам адамды, өсім 1926 жылғы көрсеткішпен алғанда – 0,8% (минус нөл бүтін оңнан сегіз пайыз) құрады. Алайда осы жердің байырғы тұрғындары - қазақтардың саны күрт кеміп, 3 млн. 627 мың адамнан 2 млн. 327 мың адамға дейін төмендеп 1 млн. 299 мыңнан астам жан басын жоғалтты. Табиғи өсім 1926 жылғы көрсеткішпен алғанда – 35,8%-ға (минус отыз бес бүтін оңнан сегіз пайызға) дейін төмендеп, шын мәніңде қазақ ұлтының 3/1-і 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтан (ресми жарияланған деректерде 3/1-і деп танылғанымен жекеленген зерттеушілердің зерттеу еңбектерінде 3/2-не жуық адам қырылған деген тұжырым бар), 1936-1937 жылдардағы сталиндік репрессиядан жойылды. Қазақтар өз жерінде этностық азшылықты құрады. Осындай өте үлкен масштабта қазақ ұлтының шығыны орын алғанда кезеңде республика аумағындағы орыс этносы өсімі 92,8%, жан басының саны 2 млн. 458 мыңнан астам адамды құрады, этностар арасындағы үлес салмағы 39,9% көрсетіп, 1926 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 20 % жуық артты. Бұл уақыттағы республикадағы өзге этностардың да табиғи өсімі 5,32 % көрсетіп 68 мыңнан астам адамды көрсетті, үлес алмағы 22,19% құрады. Статистикалық мәліметтер ҚазКСР халқының саны 1926 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай төмендемгенін, яғни бар болғаны 47 367 адамға азайғанын көрсеткенімен, 1939 жылғы санақ көрсеткіштерін этностық құрамына қарай талдайтын болсақ, осы жердің байырғы тұрғындары – қазақ ұлты 3/1 –нен астам жан басын жоғалтып, табиғи өсімі - 35,8%-ға (минус отыз бес бүтін оңнан кегіз пайызға) дейін төмендеп кетті. Бұл «Қазақ» - деп аталатын ұлттың генофондын күйретіп жіберуге шақ қалған адамзат тарихындағы жасалған үлкен қылмыстардың бірі болатын. Бұл - КСРО деп аталатын  алып мемлекеттік жүйеде ұлт мәселесінің аяққа тапталғандығын айғақтайды. Бұл ресми түрде ашаршылық деп мойындалған, қазақ ұлтының 3/1-ін жойылған геоноцид болатын.

Сталиндік кеңес билігінің осы геноцидтік саясатын бүгінде қазақстандық орыс тілді және ресейлік зерттеушілер, 1931-1933 жылдардағы Қазақстанда болған ашаршылық геноцид емес, бұл сталиндік кеңес басшылығының КСРО-да қарқынды индустриализация үдерісін жүзеге асыруға қажетті қаражатқа қол жеткізетін экспорттық өнім – астықты молынан өндіру үшін, ешқандай ғылыми зерттеулерсіз елеп-екшенбей жүргізілген аграрлық саясаты деп ақтауға тырысады. Олай болса осы ұстанымдағы зерттеушілер сталиндік ұжымдастыру саясаты тікелей сол кездегі қазақтың дәстүрлі экономикасы болып табылатын – малшаруашылығы және де шаруашылық ыңғайына қарай қалыптасқан дәстүрлі өмір салтын жоюға бағытталғанына неліктен назар аудармайды? Сталиндік агарлық саясатының салдары қазақтың дәстүрлі үй шаруашылығы мен қазақ жеріндегі 80% мал басын жойып жібергендігін, тіпті ұжымшарларға (колхоздар) біріккен қазақтардың астық өндіріп, содан қолдарына тиген соңғы астығына дейін сырып алғанын неге айтпайды?

Рас күштеп ұжымдастыру саясаты мен репрессия Мәскеуде жоспарланып, шынайы өмірде ұлттық белгілеріне қарамастан барлық эностарға қатысты жергілікті кадрлармен жүзеге асырылды. Алайда дәл осы кезеңде Қазақстан жеріндегі қазақ ұлтының 3/1 жойылып, табиғи өсімі  1926 жылғы көрсеткішпен алғанда – 35,8%-ға (минус отыз бес бүтін оңнан сегіз пайызға) дейін төмендеп кетті. Осы кезеңдегі Қазақстан жеріндегі өмір сүріп жатқан өзге этностар осындай деңгейде жойылып, табиғи өсімі минустық шекке өтіп кеткен емес, керсінше өзге этностардың барлығының жан басы қарқынды өскен.

Осыған орай сталиндік кеңес билігінің жүргізген аграрлық саясаты шың мәніңде қазақ ұлтын жоюға бағытталған геноцидік саясат деп айтуға толық негіз бар. Сондай-ақ күштеп ұжымдастыру саясаты жергілікті кадрлармен жүзеге асырылғаныменде, бұл саясаттың салдарын алдын-ала білуге мүдделі болмаған, және де осы саясаттың «асыра сілтеу» тәсілдерімен жергілікті кадрлармен жүзеге асырылуына мүмкіндік берген Сталин және кеңес билігінің жоғары басшылығы ең бірінші кезекте кінәлі болып табылады. Содан кейін ғана осы қанды саясаттың жүзеге асырылуына өздерінің өлшеусіз үлестерін қосқан – жергілікті кадрлар кінәлі.

XX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы қазақ ұлтының  ұлттық азшылықта болуына тікелей әсер еткен оқиға - бұл 1954-1965 жылдары жүргізілген «Тың және тыңайған жерлерді игеру» деп аталатын КСРО-ның аграрлық саясаты болды. Осы саясатты нәтижесінде Қазақстанға миллиондағын славян текті халықтар мен басқа да этнос өкілдері көшіріліп әкелінді.

КСРО-да 1959 жылы жүргізілген санақтың нәтижесі көрсетіп отырғандай, осы кезеңдегі Қазақстандағы халықтың саны 9 млн. 309 мыңнан астам болған, 1939 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда табиғи өсім 51% құраған. Этностық құрамына қарай талдайтын болсақ, қазақ ұлтының табиғи өсімі 1939 жылғы көрсеткішпен алғанда түзеліп 20% шыққан, жан басы саны 2 млн. 794 мыңнан астам адамды құрап, 467 909 адамға өсті, этностар арасындағы үлес салмағы 30% құрады. Сәйкесінше осы кезеңдегі орыс этносының өсімі 1939 жылғы көрсекішпен алғанда 62% құрап, жан басының саны 3 млн. 974 мыңнан астам адамды құрап, 1 515 542 адамға өскен, этностар арасындағы үлес салмағы 43% құрады, республикадағы саны көп негізгі этносқа айналды. Сондай-ақ өзге этнос өкілдерінің жиынтық көрсеткіштері де олардың да республикада қарқынды өскенің көрсетеді. Мәселен, 1939 жылғы көрсеткішпен алғанда өзге этностардың табиғи өсімі 86% шығып, адам саны 2 млн. 540 мыңнан асқан, жан басы 1 175 862 адамға өскен, үлес салмағы 27% құрады. Жоғарыдағы ақпараттан көріп отырғанымыздай бұл кезеңде де байырғы ұлт  - қазақ ұлтының табиғи өсімі өте төмен болған, КСРО-ның тың және тыңайған жерлерді игеру деген желеумен КСРО-ның басқа аумақтарынан славян текті халықтар мен өзге этностарды көптеп әкелуі салдарынан  этникалық аз топқа айналуы айқын көрінді. Н. Хрущевтің осы кезде жүргізген саясатына қатысты: «Патшалы Ресей үкіметі қаншама ғасыр бойына жүзеге асырылмаған істі мен бар болғаны айналасы 2-3 жылада жүзеге асырдым» деген афоризмге айналған даңғаза мақтаныш сөзі текке айтылмаған тәрізді.

Қазақстандағы қазақ ұлтының саны 1926 жылғы межеге жетіп, одан асуы тек жарты ғасырдан астам уақыт өткеннен кейін ғана жүзеге асып, «қазақ өз жерінде этникалық аз топ» деген көрсеткіштен арылуы XX ғасырдың 80 жылдарымен тұспа-тұс келді. 1989 жылғы жүргізілген санаққа сәйкес республикадағы жалпы халықтың саны 16 млн. 464 мыңнан астам адамды, ал табиғи өсуі 1959 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 77% құрады. Қазақ ұлты өкілдерінің саны 6 млн. 534 мыңды құрап, 1959 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда табиғи өсім 134 % шығып, жан басы 3 739 650 адамға өсті. Этностар арасындағы үлес салмағы да артып, бұған дейін этностық басым топ болып есептелетін орыс этносымен теңесіп 2%-ға асты, жалпы 40% құрады. Осы кезеңдегі республикадағы орыс этносының саны 6 млн. 227 мыңнан асып жығылды, табиғи өсімі 57% құрап, жан басы 2 253 320 адамға өсті, үлес салмағы 38% құрады. Өзге этностардың табиғи өсімі 1959 жылғы көрсеткішпен алғанда 46% болып, адам саны 3 млн. 702 мыңнан астам адамды құрады, жан басы 1 161 647 адамға артты. Жалпы алғанда бұл кезең Қазақстанды мекендеген барлық этностар үшін жаймашуақ қолайлы болғанын көреміз.

Осы ретте жалпы КСРО-дағы ұлт мәселесіне қатысты жүргізілген саясаттына тоқталатын болсақ, ұлт саясатын большевиктер партиясы социализм құрлысының құрамдас бөлігі ретінде қарады. Ұлттық мәселе одақтағы ұжымдастыру, индустрияландыру, мәдени өзгерістер, қарқынды модеринизация аясында қарастырылып, бұл атқарылып жатқан жұмыстар бірін-бірі толықтыратын, ажырамайтын тұтас бір мәселе деп қабылданады.

Ұлт мәселесінде кеңестер билігі формальды түрде кеңестік ұлттық республикаларды құра отырып, кейінен олардың барлығын тапсыз, ұлтсыздандырылған қоғамға айналдыруды көздеді.

Большевиктердің коммунистік партиясы ұлттық кімдікті (идентичность) мойындамайтын ортодокасалды марксистік ілімге табан тірей отырып, ұлт мәселесіне үлкен залал келтіретін ұлы орыстық шовинизм жолын тандады. Мақсаттары ұлттық кімдіктен (идентичность) жоғары тұратын «кеңес адамы» деген кімдікті (идентичность) бұқара халықтың санасына тану болды.

Аса мұқият ойластырылған саяси шешімдерді талап ететін, өте нәзік ұлт мәселесі тақырыбы әміршіл-әкімшіл тәртіппен қаралып, коммунистік партия басшылығындағы адамдардың волюнтаристік - жеке амбициялық, және де ұлттық төлумалық пен ерекешелік мәселелерін назарға алмайтын социалистік мазмұнда идеалогияландырылған авантюралық  тәсілдермен шешілді.

В.И. Ленин дүниеден өтер алдындағы коммуинистік партияның XII съезінен бастап КСРО құлағанға дейінгі барлық съездерде Кеңес Одағында ұлт мәселесі жоқ, барлық түйіткілді мәселелер шешілді деп мәлімделіп келді.

Жалпы КСРО-да большевиктердің коммунистік партиясы ұлт мәселесінде этностардың ұлттық мемлекеттік құрылым ретінде өзін айқындаудан бастап ұлттық мәдениетті дамытуға дейінгі сұрақтарда қитұрқы қос стандартты гибридтік саясат ұстанды.

XX ғасырдың 80 жылдарында КСРО-да 53 ұлттық-мемлекеттік және ұлттық-әкімшілік құрылымдар болады. Олардың 15-і республика, 20-сы автономиялық республика, 8-і автономиялық облыстар, 10-ы округтар болды. Бұлардың ішінде РКФСР құрамына 16 автономиялық республика, 5 автономиялық облыс, 10 округ кірді.

Жоғарыда көрсеткеніміздей этностардың ұлттық мемлекеттік құрылымды айқындау мәселесінде, республика статусында формальды түрде сецессия, яғни бөлініп шығу құқығы берілген ұлттық-мемлекеттік құрылымдарды құруға мүмкіндік берілді. Алайда шын мәніңде 15 одақтас республика Мәскеуге тікелей бағынышты болатын, олардың одақтан бөлініп шығу - сецессия құқығы қағаз бетіне түсірілген жай ғана декларация болды. Мәскеу 70 жылға жуық осы 15 республиканы ашса алқаныңда, жұмса жұдырығында ұстады, ұлттық мүделлерін ескермей озбыр саясат ұстанды. Мұның жарқын мысалын біз Н.С. Хрущевтің XX ғасырдың 60 жылдары Қазақстанның солтүгіндегі 5 облысты РКФСР құрамына қосып алмаққа ниеттенген әрекетінен көреміз.

Республикалардағы ұлттық мәдениет социалистік мазмұнның аясында дамытылып, социалистік мазмұн аясынан шыққан ұлттық мәдениет құбылыстары феодалдық заманда қалыптасқан ескіліктің сарқыншақтары, ұлтшылыдық деп бағаланып, қатаң шектелді.

Кеңестік идеалогия социалистік құрлыстың міндеті - КСРО деп аталтын алып мемлекеттік құрылым аумағында қоғамдық даму формациясы әркелкі рулық-тайпалық құрлыстан бастап, феодалдық құрлыс, сондай-ақ капиталистік қатынасқа өткен халықтардың даму деңгейін теңгеру деп насихаттады. КСРО аумағындағы барлық ұлттар мен этностар тең деп жариялады. Бұл шыныменде алдынғы қатарлы прогрессивті идея болатын. Алайда, осы идея қалай және қанадай тәсілдермен жүзеге асырылды?

Бұл идея КСРО құрамындағы халықтардың ұлттық төлтумалығы мен ерекшеліктері, ұлттық мәдениеті мен тарихи құндылықтарын жоя, ауыр нұсқан келтіре отырып  жүзеге асырылды. Патшалы Ресей билігі тұсында өз алдына бөлек ұлт ретінде өмірі сүріп жатқан көптеген этностар ана тілдерінен айрылып жойылып кетті.

1938 жылы Халық Комиссарлары Кеңесі және большевиктердің Бүкілодақтық комунистік партиясы Орталық Комитенің «Ұлттық республикалар мен облыстардағы мектептерде орыс тілін міндетті түрде оқыту туралы» бірлескен қаулысы шықты. Аталған қаулы КСРО бойынша білім ошақтарындағы тәрбие және оқыту үдерісін ұйымдастыруда  орыс тілінде басымдық берді. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп танылды. Ресей мемлекеті тарихын оқыту жолға қойылып, орыс ұлтының идеалогиялық рөлі күшейтілді, орыс ұлты – «Аға ұлт» деген түсінік қалыптастырылды. Одақтық деңгейде орыстандыру саясаты қарқынды жүргізілді.

ҚазКСР-гі жағдайға келетін болсақ Қазақстан іс жүзінде кеңес әдеби айналымында жиі қолданатын «Халықтар достығы лабораториясына» айналды. Бұған жоғарыда баяндап өткеніміздей Патшалы Ресей заманынан бастап славян текті халықтар мен өзге де ұлт өкілдері Қазақ жеріне жаппай қоңыс аударуы, халықтардың Сталиндік депортациясы, Хрущевтің тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны кезінде сырттан көптеген ұлттардың қоңыс аударып келуі әсер етті. Бұл кезеңде қазақ ұлты өз жерінде тұрып, ұлттық азшылыққа айналды. Қоғамдық қатынас, іс-қағаздарын жүргізуде орыс тілі ресми қарым-қатынас тіліне айналды. Осыған байланысты қоғамдық және ұлтаралық қатынаста орыс тілділердің мерейі үстем болды. Қазақ ұлтының өкілі өз жерінде тұрып, өзінің  ана тілінде өзін тұлға ретінде жүзеге асыра алмайтын, құқығын қорғай алмайтын жағдайға жетті. Ұлтаралық қатынаста түйіткілді мәселелер интернационалдық принцптер негізінде байырғы автохтонды ұлт – Қазақ ұлтының ұлттық мүдесіне нұсқан келтіре отырып шешілді.

Республика аумағында қазақ тіліндегі мектептердің саны орыс тілді және аралас мектептердің санынан аз болды. Мәселен тәуелсіздігімізді алатын жылдың қарсаныңдағы мәліметтер бойынша республикадағы жалпы орта білім беретін мектептердің саны 8230 болған. Олардың ішінде 2798 қазақ тілінде, 3570 орыс тілінде, қалған 87 мектеп тәжік, өзбек, ұйғыр тілінде тәрбие және білім берген. Зер салып қарасаныздар 1991 жылдары республикадағы қазақ ұлты өкілдерінің саны бұған дейін басым болып келген орыс этносы санымен теңесіп, басымдық алып аса бастаған тұс. Осы кездің өзінде қазақ мектептерінің саны қысқарып, орыс тілді мектептерден аз болды. Шынтауйтында қазақ тілді мектептердің саны жалпы республика аумағындағы мектептердің 3/1-ін де құраған жоқ. Себебі, аралас тілді мектептер дегеніміз іс жүзінде орыс тілі басымдық берілген білім ошақтары болатын, яғни шапаның теріс айналырып кигізген орыс тілді мектептер еді. Аралас мектептер рухани отарлаудың құралы болғандығын ғалым Мекемтас Мырзахметов ағамыз өзінің еңбектерінде зерттеп, зиянды қыр-сырын ашып, ұлттығымызға қатерлі екенін тарихи дәлелмен ғылыми негіздеп жазды. «Түземдіктердің мектебі» деп аталатын аралас мектептердің бастауында Патшалы Ресей мемлекеті тұсындағы миссионерлер Ильминский, Алекторов, Остроумовтар тұрды. Олар қазақты орыстандырудың кілті – аралас мектепте деп қараған.

Сондай-ақ 1991 жылғы мектепке дейінгі ұйымдардың статистикасына назар аударатын болсақ, республика аумағында 8743 бала-бақшалар жұмыс істеген. Олардың 6995 орыс тілді, ал 1748 қазақ тілді бала-бақшалар болған, яғни 75%-дан астамы орыс тілді мектепке дейінгі ұйымдар болды.

Өнер мен білім мәдениет ошақтары болып табылатын үлкен қалаларда интернационалдық принцпен халықтардың этностық белгілеріне қарай жасырын лимиттер белгіленді. Қалаға қоңыс аударуды қалаған қазақ ұлты өкілдерін қалаға тіркеуге алмай, қоңыс аударуға мүмкіндік бермеді. Мәдениет пен өркениеттің ошағы деп танылған Алматы қаласының өзінде жалғыз бір ғана қазақ тілді мектеп болды. Қалардағы қазақ ұлты өкілдерінің саны аз болды, қазақтар негізінен ауылды жерлерде өмір сүрді. Ауылды жерлерде мектеп бітірген түлектерге бірден жоғары оқу орынына түсуіне мүмкіндік бермей, коммунистік құрлысты құруға ат салысулары үшін бір-екі жыл шопандарға көмекші қылып жіберілді. Бір жылға ауылда қалған қыз балалар көбінесе тұрмыс құрып сол жерде қалатын. Ер балалар жарқын коммунизмді құруға өз үлестерін қосқаннан кейін әскери борыштарын өтеуге Кеңес армиясына баратын. Армиядан кейін көбінесе жоғарғы оқу орынына түсу мәселесінің өзектілігі көмескі тартып, әрі қарай ауыл тіршілігіне араласып кете беретін. Тұрмыстық шовинизм өркендеп, қоғамдық орындар мен көшелерде қазақ тілінде сөйлескен адамдарға славян текті халықтардың таратыпан түсініксіз тілде сөйлесулерін доғарып, орыс тілінде сөйлесулерін талап еткен ескертулер жасалды.

КСРО құрамында болған ҚазКСР-дағы ұлт мәселесінің жалпы жағдайы осындай болды. Бейнелеп айтсақ, орыс тілі жоғары арбитр қызметінде болып, этнос аралық қарым-қатынастың құралы саналды. Орыс тілің тұтынушалардың құқығы айрықша қорғалып, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылданды. Соған орай барлық артықшылықтарды пайдалануына жол ашылды. Осы жердің түпкіліпті байырғы тұрғындары – қазақтар демографиялық ес жиып, этностық басымдыққа шыға бастауына қарамастан ана тілі тұрмыстық деңгейден аспайтын этнос ішіндегі қарым-қатынас құралына айналды. Ұлттық мүдде интернационалдық принцп деген желеумен шектеліп, орыс шовинизмі кең етек жайды. Этностардың ұлттық кімдігін (идентификация) айқындауға жол берілмей, «Совет адамы» деген түсінік сырттан идеалогиямен танылды. Этностар арасындағы кез келген мәселе қазақ ұлтының мүддесін шектеу есебінен шешілді. Қазақ ұлты өкілдері санасында интернационалдық принцптермен тапталған бойкүйездік, көнбістік стереотипі қалыптасты. Бұл халықтар достығының, ыңтымақтастығының, татулығының жарқын көрінісі, эталоны деп насихатталды.

Жалғасы бар...

Аманкелді Садуақас

Abai.kz

4 пікір