Сенбі, 23 Қараша 2024
Бір сауал 2415 4 пікір 28 Наурыз, 2022 сағат 13:22

Қордай оқиғасы - ұлт саясатының көрсеткіші ме?

Қазақстанның мемлекет ретінде функциясын атқарып тұруы және Қазақстанның полиэтникалық контурын ескере отырып этникаралық қарым-қатынас мәселесіне тоқталғанда, еріксізден көкейімізде Қазақстан ұлттық мемлекет пе әлде «мемлекеттік» деген ұғым басымдық берілген саяси-әкімшілік құрылым ба деген сұрақтар туындайды.

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде функциясын атқара бастаған тұста Қазақстанға «мемлекеттік» ұғымы басымдық берліген саяси-әкімшілік құрылым деген ұстаным насихатталды. Мәселен, экс-президент Н. Назарбаевтың «Қоғамның идеялық ұйысуы Қазақстан дамуының шарты» («Идейная консолидаця общества как условия прогресса Казахстана») атты тұжырымдамасында мемлекетті құрушы этностың төңірегінде өзге этностордың ұйысуы, сол арқылы ұлттық мемлекет түзу, ұлттық кімдігін (идентичность) айқындау мәселелері кейінге шегеріліп, «мемлекеттік» ұғымы алға шығарылып, қоғам өміріндегі мемлекеттің рөлі күшейтілді. Әртүрлі тұжырымдамалық һәм иделологиялық сипаты бар құжаттарда «ұлттық» деген сөздің орыңына «мемлекеттік» деген сөз қолданылды. Мәселен бүгінгі күнге дейін ресми қолданыста «ұлттық идеалогия» деген сөз тіркесінің орынына «мемлекеттік идеалогия» деген сөз тіркесі қолданылады.

«Мемлекеттік» ұғымы шеңберіндегі ұстанымды мемлекетті құрушы қазақ ұлтының сол кездегі өз жеріндегі азшылығымен, соған байланысты қоғамның этникалық және конфессиялық жіктерге бөліну қауіпі бар деген тезистермен негіздеді. Нәтижесінде мемлекеттік деңгейде отарсыздандыру саясатын жүргізбегінің айтпағанның өзінде, Қазақстан жеріндегі көптеген этностардың ұлттық кімдігін (идентичность) айқындау арқылы мемлекетті құрушы қазақ ұлты төңірегінде өзге этностардың ұйысып, ұлттық мемлекет құру үдерісі әкімшілік жолмен тежелді.

Бұл шын мәніңде ұлт мәселесіне қатысты демократия, этностар теңдігі мен өзіндік болмысы, саяси плюрализм сияқты ұрандармен безендірілген Кеңес үкіметінің ұстанған саясатының қаңқасы болатын. Мұндай жағдайда ұлт мәселесіндегі саясаттың кеңестік моделіне өміршендік сыйлап, шынайылығын арттыра түсу үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясы» тәрізді декоративтік ұйымды ашу керек болды.

Алайда күнделікті өмірдің шындығынан алыста жатқан Қазақстан билігінің ұлт мәселесіндегі саясаты жемісті болды деп айта алмаймыз. Қазақстан тәуелсіздігін алған уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін ресми ақпаратта «әлеуметтік кикілжін» деп баға берілген этнос аралық ондаған жанжалдар орын алды, бұлардың соңғы осы таяуда ғана Қордайда болып өтті. Бұл жанжалдардың барлығында жанжалдасушы жақтың бір тарабы көбінесе мемлекетті құрушы этностың өкілі, яғни қазақ ұлтының азаматтары болып табылады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» тәрізді конституциялық мәртебе берілген күшті ұйымы бар, Қазақстандағы ұлт мәселесінде биліктің жүргізіп отырған «салиқалы саясаты» неге осындай жанжалдардың орын алуына жол берді, неге жанжалдасушы жақтың бір тарапы қазақ ұлтының өкілдері болып келеді деген сұрақтар туындайды?

Осы тұста Қазақстан билігі ұлттық мемлекет құру үдерісін жасанды жолмен тежегеніменде, өзінің ұлт мәселесіндегі стратегиялық тұжырымында мемлекетті құрушы қазақ ұлтының табиғи өсімін ескермегенін, қазақ қлтының демографиялық өсімі ертеме кешпе күн тәртібіне «Ұлттық мемлекет» құру мәселесін қоятының алдын ала білмегенін атап өтеміз.

Ғалым Амангелді Айталы ағаның «Ұлттың бір адамын қорлау барлық ұлтты қорлаумен бірдей» деген мақаласында көрсетілгендей: «Адамдар арасындағы дау, қақтығыс, жанжал – әлеуметтік топтардың позициялары, көзқарастары, мүдделері қарсылығынан туады. Сондай дау-жанжалдардың бір қыры – ұлтаралық (этносаралық) қақтығыс. Ұлтаралық қатынастардың шиленісуіне, күрделеніп, тіпті асқынып қақтығыстарға ұласуына жалпы мемлекеттегі ұлтаралық қатынастар ахуалы әсер етеді. Қазақ елінің де ұлтаралық ахуалының өз тарихы, психологиялық өзгешеліктері жоқ емес».

Біз өз тарапымыздан бүгіндегі Қазақстандағы этносаралық қатынастар ахуалының тарихи тамыры, Кеңестер билігі заманыңда «интернационалдық принцп және халықтардың теңдігі» деген ұстаныммен, жергілікті автохтонды этнос – қазақ ұлтының мүддесіне нұсқан келтіре отырып жүргізген кеңестік идеалогиямен байланысты деп пайымдаймыз.

Яғни, жоғарыда көрсетілген мақалада айтылғандай: «Сөздің терең мағынасында қазіргі Қазақстан аумағы, біз қазақтар және көп этнодиаспоралар мекендейтін орыс тілді бұрынғы совет елінің территориясы» болдық.

Ғалымның айтуынша бүгіндегі біздің еліміздің ұлттық құрамы келесідей:

1. Мемлекет құраушы, әртүрлі деңгейде ассимиляцияға ұшыраған қазақ ұлты (этносы);

2. Социализмге дейін және кеңес заманында қазақ жеріне қоныс аударған орыс, басқа да славян текті диаспоралар.

3. Күшпен жер аударылып келген диаспоралар: (неміс, шешен, тағы басқалар), негізінен орыстілділер.

4. Түріктектес діні ислам, қазақ тілінен гөрі орыс тіліне бейімділер.

5. Тарихи отандарында мемлекеттілігі жоқ, басым орыстілді ұсақ этнодиаспоралар.

Мысалы, Қазақстанда 51 944 дүнген тұрады, олардың 49 пайызы қазақша еркін сөйлейді, оның 21,6 пайызы қазақша оқи біледі, ал оның 16,6 жаза біледі. Сол сияқты дүген ұлтының 98,7 пайызы орыс тілін еркін меңгерген, оның 92,8 пайызы орыс тілінде оқи алады, 10 пайыздан астамы жаза алады. Бұл ресми деректер.

Көріп отырғандарыныздай әртүрлі тарихи себептермен Қазақ жеріне қоңыс аударып келген өзге этнос өкілдерінің көпшілігі орыс тілінде сөйлеп, осы тілді қолай көреді. Бұл кеңестік идеалогияның жемісі, және де бүгінгі күнге дейін осы идеалогия ұстанымдарының ұлт мәселесіндегі мемлекеттік саясатта сабақтасып жүргізілуінің нәтижесі.

2020 жылдың ақпан айындағы Қордай жерінде болған оқиғаның себеп салдарлары еліміздің ақпараттық кеңістігінде жан-жақты талданып жатыр. Биліктің ұлт мәселенесіне қатысты жүргізіп отырған саясат тұрғысынан Қордай оқиғасының орын алу негізіне үніліп көрсек.

Қордай оқиғасы 2020 жылдың ақпан айының басында Мансаншы ауылында жергілікті дұнған ұлты өкілдерінің қазақ ұлтының жасы келген үлкен қариясы мен оның екі ұлын еш себепсіз сабауы, бір күннен кейін сол ауылдағы дұнған ұлты өкілдері мен жергілікті полиция қызметкерлерінің арасындағы жанжалдың себептерінен орын алды. Бұл Қордай оқиғасына түріткі болған оқиғалар тізбегі.

Ал Қордай оқиғасының туындауының басты себебі бұл жылдар бойы қазақ және дұнған этностары арасында шешілмей келе жатқан келесідей түйіткілді мәселелердің болуы: мемлекет ішіндегі мемлекетте өмір сүріп жатқандай, жергілікті жерде дұнған диспорасының тығыз шоғырланып орналасуы, жергілікті өзге этнос өкілдерімен аралас-құраластықтың болмауы, локалдық деңгейдегі әлеуметтік теңдіктің болмауы, дұған ұлты өкілдері тарапынан зорлық-зомбылық әрекеттерінің орын алып және де олардың заң шеңберінде жазаланбауы, айыпты дұнған ұлты өкілдерінің үнемі жазадан жеңіл құтылып кетуі, осындай оқиғаларға байланысты халықтың құқыққорғау органдарына деген сенімінің жоғалуы.

Ал енді осындай ахуалдың қалыптасуына негіз болған қандай жағдай деген сұраққа жауапты іздейтін болсақ, біз мемлекеттің ұлт мәселесіне қатысты жүргізіп отырған саясатына барып тірелеміз.

Мәселеге бірден түспес бұрын біз өткенге сәл шегініс жасап, мұндай ахуал тарихи қалай қалыптасты деген сұраққа жауап іздеп көрсек.

Қазақ ұлтының қалыптасуы мен мемлекеттігін құру тарихына қысқаша шолу

Қазақ  ұлты, мемлекеттігі бар әлемнің басқа халықтары тәрізді рулық-тайпалық құрлыстан бастап этникалық бірегей ұлт түзіп, мемлекеттік құрған үдерісті басынан өткерген  ұлттардың бірі болып саналады.

Қазақ ұлтының этногенез үдерісіне көз жіберер болсақ, қазақ ұлтын құраушы ру-тайпалардың этностық белгілері мен сипаты дәуіріміздің бірінші мыңжылдығында қалыптасты десек қателеспейміз.

Қазақтан шыққан, кәсіби түрде тарихты зерттеумен айналысқан,  алғашқы зерттеушілердің бірі болып табылатын М. Тынышбаевтың «Қырғыз-қазақ халқы тарихының материалдары» («Материалы к истории киргиз-казакского народа». Ескертпе: 1925 жылға дейін патшалы Ресей импеиясы салып беріп кеткен соқпақпен ресми айналымда Қазақ ұлтының атауын – «Қырғыз-қазақ» деп атау орын алған) деген еңбегімен таныса отырып, Қазақ халқын құрайтын ру-тайпалардың генеологиялық тарихына егжей-тегжейлі тоқталған. Аталған еңбекке қарап отырып бүгіндегі қазақ ұлтын құраушы ру-тайпаларды біріктіруші 3 ортақ белгісі болғанын аңғарамыз. Олар: ортақ тілі, салт-дәстүрі, шаруашылығы. Осындай бірегейлігі бар ру-тайпалар қазіргі Моңғолияның теріскейі мен батысы, Алтай, Тарбағатай, Жетісу, Сарыарқа, Маңғыстау мен Еділ-Жайыққа дейінгі аумақты қамтып жатты.

Тарихшы һәм жазушы, әрі зерттеуші М. Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінде Алтын Орда мемлекетінің сол қанатын құрайтын шығыс бөлігі Көк Орда деп аталатыны айталады. Бұл өзіндік   автономиялық белгілері бар мемлекеттік құрылым ішіндегі дербес субъект саналатынды, әрі Көк Орданың халқы жоғарыда аталған 3 ортақ белгілері негізінде этностық және саяси бірлікке қол жеткізген ел болғаны баяндалады.

Зерттеушінің пайымдауынша Алтын Орданың ыдырауы мен Көк Орданың өз алдына тәуелсіз мемлекеттік құрылымға айналуы, мемлекетті құрушы ру-тайпалардың бір ұлт болып танылуына, ордаланып ұлттық мемлекет құруына мүмкіндік ашқан. Алайда, түрлі тарихи оқиғалар мен саяси тартыстардың нәтижесінде бұл үдерістің аяқталуы тағы да бір ғасырға кейінге шегерілді.

Көк Орданың аумағында өз билігін жүргізген Көшпелі Өзбек мемлектінің билеушісі Шайбани Әбілқайыр ханнан Тоқай Темір ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандардың қарауындағы қалың халықпен 1456 жылы бөлініп шығу оқиғасы, бір ғасырға кейін шегерілген үдерісті жандандырып, қазақ ұлтының тарих саханасына шығып, мемлекеттігін құруына қолайлы алғышарт жасады, қазақ ұлтының этногенез үдерісі келесі жоғары кезеңге өтті.

Осы оқиғадан кейін Қазақ хандығы деп аталатын мемлекеттік құрылымның аясында қазақ ру-тайпаларының түпкілікті ұлт ретінде қалыптасу үдерісі жүрді. Шын мәнінде Қазақ хандығы ұлттық мемлекеттке айналды. Бұл примордиалистік теорияда айтылатын этноұлт, этноұлттық мемлекет еді. Бұл уақытта мемлекет бір этностан құралуына байланысты Қазақ хандығының қоғамдық саяси өмірінде ұлт мәселесі деген сұрақ болмады.

Алайда, Қазақ хандығы Ресей патшалығы бодауына өту кезеңінен бастап, басыбайлы крепоснойлық құқықтың жойылуына орай Ресейдің ішкі өлкелерінен шаруалардың біртіндеп Қазақ жеріне қоңыс аудар бастауы,  ал 20 ғасырдың басындағы Столыпиннің аграрлық реформасының салдарынан қарашекпен орыс шаруаларының Ресейдің ішкі аудандарынан Қазақ жерлеріне жаппай қоңыс аударуы Қазақ жерінің этнодемографиялық келбетін өзгертті.

Ғалым М. Мырзахметовтың зерттеулеріне сәйкес көшпелі мал шаруашылығына қажетті жерлер бос жатқан жерлер болып есептелініп, олар сквоттерстволық  әдіспен Ресейдің ішкі аудандарынан келген орыс шаруаларымен басып алына бастады. Патшалы Ресей үкіметі тарапынан «водворение» саясаты мақсатты түрде жүргізіліп, кейбір аумақтардағы славян тектес этнос өкілдерінің саны жергілікті қазақтардан басым жағдайға жетті.

Архив деректері Бірінші Дүниежүзілік соғыс қарсаныңда 45 млн. десятина ең шұрайлы қазақ жері Патшалы Ресей мемлекетінің қорына алынып, Қазақ жеріне қоңыс аударып келген 1,5 славян тектес халықтарға берілгенін айғақтайды.

Қазақ жерінде осы тектес саяси, этно-демографиялық оқиғалардың орын алуы ұлт мәселесін күн тәртібіне өткір қоя бастады. Іс-қағаздарының, әкімшілік, сот істерінің барлығы орыс тілінде қаралуы жергілікті ұлт – қазақ ұлтының тілдік дискриминацияға ұшырауына, орыс тілінің қоғамдық үстем сипат алуына, қазақ және орыс этнос өкілдерінің арасындағы істердің көп жағдайда әділ шешілмеуі сияқты келеңсіз жәйттермен аяқталуына әкеліп соқты.

Ұлт мәселесі Патшалы Ресей билігінің құлап, большевиктік Кеңес билігінің келуімен күрделі кезеңіне өтті.

Жалғасы бар...

Аманкелді Садуақас

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354