Жексенбі, 24 Қараша 2024
Ақмылтық 4380 20 пікір 30 Наурыз, 2022 сағат 14:29

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстандағы ұлт саясаты

Басы: Қордай оқиғасы - ұлт саясатының көрсеткіші ме?

Жалғасы: Кеңес өкіметі кезеңіндегі Қазақстандағы ұлт саясаты

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі Қазақстан, ұлт мәселесіндегі КСРО-дан мұраға қалған саясатты жалғастырушы елдердің бірі болып табылады. Ұлт мәселесіндегі әлемдік тәжірибе, жаңа уақыт талабы назарға алынбай, бұрынғы кеңестік саясат «Қазақстан халқы Ассамблеясы» сияқты ұйыммен бүркемеленіп, Қазақстанның ұлт саясатындағы әлемде аналогы жоқ моделі ретінде насихатталуда.

Қазақстан унитарлы мемлекет бола тұра, көп ұлтты мемлекет деп жарияланды. Мемлекеттік тілі қазақ тілі бола тұра, орыс тіліне конституциялық мәртебе беріліп, ресми қарым-қатынас тілі деп танылды.

Заң шығару саласына қатысты қоғам өмірін реттейтін барлық нормативтік-құқықтық актілер орыс тілінде әзірленіп, даярланып, қабылданып, кейіннен қазақ тіліне аударылуда. Аудару сапсының өзі сын көтермейді, орыс тілінен қазақ тіліне аударылған құжаттардың мазмұның түсіну қазақ тілін жетік білетін азаматтардың өзіне ауыр соғуда. Сондықтан да көпшілік азаматтар нормативтік-құқықтық құжаттарды түпнұсқа, яғни орыс тілінде оқып-түсінуді қолай көреді. Министрліктерден бастап қияндағы ауылға дейінгі мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздары орыс тілінде қазақ тілімен қатар жүргізілуде. Мемлекеттік органдаға орыс тілінде түскен өтініштер мен арыз-шағымдарға қазақ тілінде жауап беру қатаң жазаланатын болсын деп ресми түрде БАҚ-нан жарияланды.

Кеңес дәуірінде автохтонды этнос өкілдерінің бойында қалыптасқан бойкүйез, көнбістік сана «интернационалдық принцп» деп  насихатталса, бүгінде ол «толеранттылық» деп дәріптеліп, мемлекетті құрушы қазақ ұлтының ұлттық мүддесін шектеу кеңес дәуіріндегідей жалғасын табуда.

2009 жылғы санақ нәтижесінде Қазақстанның жалпы халық саны 16 миллионнан сәл ғана асты. Табиғи өсім 1989 жылғы көрсеткіштен – 3%-ға (минус үш пайызға) төмендеді. Қазақ ұлты өкілдерінің саны 10 млн. 96 мыңды құрап, 1989 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда табиғи өсім 55 % шығып, жан басы 3 562 147 адамға өсті. Этностар арасындағы үлес салмағы үстем деңгейге шығып 63% шықты. Осы кезеңдегі республикадағы орыс этносының саны жаппай миграция мен табиғи өлім-жітімнің салдарынан 3 млн. 793 мыңға дейін төмендеді, табиғи өсімі – 39% (минус отыз тоғыз) болып, үлес салмағы 24% құрады. Өзге этностардың табиғи өсімі 1989 жылғы көрсеткішпен алғанда жаппай миграция мен табиғи өлім-жітімнің салдарынан 2 млн. 119 мың адамға дейін азайды, табиғи өсімі - 43% (минус қырық үш пайызды) болып, үлес салмағы 13% құрайды.

Республика аумағындағы қазақ ұлты өкілдерінің саны жалпы халық санының 60%-дан асқанына қарамастан қазақ тілі сол кеңес дәуіріндегідей тұрмыстық деңгейден жоғары көтерілген жоқ. Кеңес дәуіріндегідей қоғамдағы көптеген артықшылықтарды орыс тілінің тұтынушылары көруде. Заң шығару, атқару, сот билігінің ең жоғарғы мансабынан бастап ең төменгі сатысына дейін қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілер қазақ ұлтының өкілі болуына қарамастан орыс тілінде қызметін жүргізуді қолай көреді. Мемлекет тарапынан қазақ тілін барлық азаматтары қызметтерінде, қоғамдық қарым-қатынаста күнделікті, жетік әрі еркін қолдануға талап қойылмайды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының заңында Ассамблеяның мақсаты: «Қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде Қазақстан Республикасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету» деп нақты айқындалған.

Осыған орай қоғамдағы қазақ халқының топтастырушы рөлін жүзеге асыруының басты құралы бұл – қазақ тілі екені айтпасада түсінікті. Алайда биік мінберлерден жоғары лауазымды тұлғалардың осы тақілтес айтылған ойлары шынайы өмірде жүзеге аспай декларция күйінде қалуда

Қазақ тілінің ғылым, білім, экономиканың тілі болып қалыптасуы, ұлтты ұйыстырушы рөлін айтпағанда, тұрмыстық қарым-қатынас тілі деңгейінен шыға алмауына Қазақстанның білім саласындағы жүргізіліп жатқан саясаты да әсер етуде. Төмендегі кестедегі мәліметтер осыны айғақтайды.

Кестеден көріп отырғанымыздай республикадағы мектептердің саны тәуелсіздік алар тұста 8230 мектепті құрады. Олардың 3/2-і (орыс және аралас мектептерді қоса алғанда) жоғарыда атап өткеніміздей орыс тілінде тәрбие және білім беретін мекемелер болды.

2017 жылғы мәліметтерге сәйкес республикадағы мектептердің саны 7047 болды, 1991 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1183 мектепке қысқарған. Қазақ тілді мектептердің саны 1991 жылғы көрсеткішпен алғанда 978 мектепке, аралас мектептердің саны 232 артты, ал орыс тілді мектептердің саны 2333 мектепке кеміді.

Бір қарғанда  қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны артып, бұрындары айқын басымдықта болған орыс тілді мектептердің саны азайғандай сияқты болып көрінеді. Алайда мұқият зер салып қарайтын болсақ, оқу үдерісінде орыс тілі басым болатын орыс тілді және аралас мектептердің жиынтық саны 3274 құрап, қазақ тілді мектептердің жалпы санына жақындайды. Ал осы мектептердегі оқып жатқан оқушалардың санына келетін болсақ, онда қазақ тілді мектептерде 1 323 339 оқушы, ал орыс тілді және аралас мектептерде оқып жатқан оқушылардың жиынтық саны 1 632 538 құрап, қазақ тілді мектептерде оқып жатқан оқушылардан 309 199 оқушыға артық. Орыс тілді мектептерді айтпағанда, аралас мекетептерден жыл сайын орыс тілінде ойлап, орыс тілінде сөйлейтін оқушылар конвейрмен шығарғандай мыңдап түлеп ұшып жатыр. Яғни орыс тілді азаматтардың кеңес кезіндегі қоғамдағы басымдығын қамтамасыз ету функциясы іс жүзінде орыс тілді мектептерден алынып, аралас тілді мектептерге жүктелді. Қазақ тілді мектептер санының ресми статистикадағы басымдығы цифра жүзінде болғаныменде, мұқият ойластырылған қитұрқы саясат, қоғамда аралас мектептер арқылы орыс тілді азаматтардың көп болуын қамтамасыз етіп отыр.

Prudent Solutions («Ақылды Шешім») аналитикалық орталығының зерттеулерінше тәуелсіздігімізді алған уақыттан бері елімізде Қазақстан азаматтарының өз елі үшін мақтаныш сезімін тудыратын ұлттық һәм мемлекеттік идеалогия жүргізілген емес. Оның орынына бір ғана басшының елді тапжылмай басқарып отырғанын түсіндіретін, шетелдіктерді алдаусырату үшін сөз бостандығы, сайлау және тандау құқығы сияқты мифтерді дәріптейтін мемлекеттік мифология дамытылды.

Жоғарыда баяндалған жағдайларды ескеретін болсақ, еліміздегі ұлт мәселесінде қазақ халқының топтастырушы рөлін арттыруды көздейтін, қазақ тілінің республика аумағындағы барлық этностарды ұйыстырушы фактор екенін негіздейтін ұлттық һәм мемлекеттік идеалогия құру мүмкін емес. Осыдан барып еліміздегі ұлт мәселесі саясатында қозғалмағын тақырыптар пайда болып, этносаралық түсініспеушіліктер орын алады.

Жалғасы бар...

Аманкелді Садуақас

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562