Амангелді Кеңшілікұлы. Парасат майданы (жалғасы)
Жазушы Әбдікұлының «Әке» повестіндегі баяндалатын оқиғаларда мүлде басқа ситуация суреттелгенімен, өмір ағысымен ұмытыла бастаған тағы бір зұлымдықтың шындығын есімізге түсірген бұл туынды, «Тозақ оттары жымыңдайды»- дағы айтылатын ақиқатты толықтырып тұрған шығармадай болып көрінеді, маған. Повесттің ішкі табиғатын тереңірек қопара бастасаңыз, екі шығарманың рухани үндестігін байқап, бір кіндіктен жаратылған екі үлкен идеяның өзара туыстығын сезінгендей боласың. Қарғыс атқан замандағы, әулетті аман алып, артына ұрпақ қалдыру үшін парасат майданындағы болатын арпалыстың жұмыр басты пендеге тартқызатын азабы мен бейнеті, ұлтты сақтап қалу үшін күресетін жанталастан бір мысқалдай да кем емес екен.
Жазушы Әбдікұлының «Әке» повестіндегі баяндалатын оқиғаларда мүлде басқа ситуация суреттелгенімен, өмір ағысымен ұмытыла бастаған тағы бір зұлымдықтың шындығын есімізге түсірген бұл туынды, «Тозақ оттары жымыңдайды»- дағы айтылатын ақиқатты толықтырып тұрған шығармадай болып көрінеді, маған. Повесттің ішкі табиғатын тереңірек қопара бастасаңыз, екі шығарманың рухани үндестігін байқап, бір кіндіктен жаратылған екі үлкен идеяның өзара туыстығын сезінгендей боласың. Қарғыс атқан замандағы, әулетті аман алып, артына ұрпақ қалдыру үшін парасат майданындағы болатын арпалыстың жұмыр басты пендеге тартқызатын азабы мен бейнеті, ұлтты сақтап қалу үшін күресетін жанталастан бір мысқалдай да кем емес екен.
Шығармада, міне осындай сұмырай, залым заманда туып, тұтас бір әулеттің қалай құрып кете жаздағаны Сейсен шалдың тағдыры арқылы суреттеледі. Повестті оқып болып, соңғы парағын жапқанымызда суреткер Әбдікұлына, дәл осындай дүниені туғызуына, Томас Манның бір әулеттің қалай күйреп кететіні туралы баяндалатын «Будденброки» романының қатты ықпал еткенін аңғарғандай болдық. Дегенмен, суреткер Әбдікұлы немістің ұлы жазушысының адамзатты толғандырған идеясын өзіне ғана тән бояуымен айшықтап, ұлттық өнеріміздегі баға жетпес туындылардың бірі болып қала беретін керемет картинаны өмірге әкелді. Төленнің туындысында советтік дәуірдің жалған шындығы емес, атты казактардың озбырлығы, халықты қырған ашаршылық, көзі ашық азаматтарымыздың басын жұтқан қанды репресия секілді, реалистік өмірдің тереңгі қабатында жасырынған заманның зұлымдығы кестеленген ақиқат бар. Жазушы повестінің, кеңес империясының қылышынан қан тамып тұрған уақытта жазылғанын еске алсақ, Төленнің еңбегін рухани ерлікке балауға болады.
Халықтың тағдыры ыстық табада шыжғырылып, адамды мал құрлы көрмей қырған заманда дүниеге келген Жармағамбет шалдың, белінен туған бес ұлының ішінен аман қалған жалғыз тұяқ Сейсеннің, дүниеден қалай өтетінін суреттеу арқылы Төлен Әбдікұлы, көп жазушылардың ақылы жеткенімен, тәуекелі жетпей жүрген, ащы ақиқатты айтты. Қырағы цензураның қалай байқамай қалғанын білмеймін, әйтеуір жолы болып, советтік заманның жасампаздығын насихаттаудың орнына, оның қазаққа жасаған бүкіл зұлымдығын әшкерелеген шығарма, жетпісінші жылдардың аяғында күтпеген жерден оқырманға жол тартты.
Ой елегінен өткізіп көрсеңіз, жаңа заманды орнату үшін болған күрестің Жармағамбет әулетіне қайғы-қасірет жамылдырып, зар қақсатқаннан басқа тигізген пайдасы жоқ екен. Шетінен қасқыр болып туған бес ұлдың - алғашқысы Нұржанды, атты казактар, бие сауғызып тұрған жерінен атып өлтіреді. Қапсаттар соққыға жығылып, қаза табады. Әпсаттар болса қатыны, бала-шағасымен тегіс ашаршылықта қырылып қалады. Ақыр аяғы Совет үкіметіне бар жан-тәнімен беріліп, оны орнатып, жұртқа көп жақсылық жасаған Дүйсеннің өзі халық жауы аталып ұсталып, репресияға ұшырап, сол кеткеннен елге оралмайды.
Алайда жазушының «Әке» повестінің ішкі табиғатында бұрынғы жазған шығармаларына ұқсамайтын өзгешелік бар. Бұл шығармадан зұлымдықты жеңген адамгершіліктің шуағы жарқырайды. «Әке» суреткер Әбдікұлының шығармашылық құдіреті туғызған - ең сәулелі шығарма. Әкесіне жақсылық жасай алмаған баланың көңілін бір өкініш өртегенімен, ұрпағын аман алып қалу үшін арпалысқан парасат майданында заманның зұлымдығымен шайқасқан Сейсен, жеңіске жетті. Арманы орындалды. Өмірде адам үшін -арманың орындалып өлгеннен артық қандай бақыт болуы мүмкін. Міне, сондықтан парасат майданындағы шайқаста зұлымдықты жеңіп, туған халқының тағдырынан ажырамай, елдің ішінде өлген Сейсен шал, өркениет әлемінде төңкеріс жасап, адамзатқа танымал болған Эдуард Бейкерден мың есе бақытты пенде. Өйткені Сейсен шалдың әкесін есіне алып, туған халқының қыруар өлім жоралғысының ғасырлар бойы халық арасында сақталып келуінің сырын түсінген парасатты баласы бар.
***
Әлемді Құдай жаратты. Адамды да Алла топырықтан жасап шығарды. Бірақ зұлымдық та көктегі Тәңірдің қалауымен өмірге өсіп шықты емес пе? Діни кітаптардың барлығы ізгілік пен мейірімділікке үйреткенімен, неге үнемі жауыздық үстемдік етумен келеді әлемде? Неге бір уақыт ізгілік жеңіп, адамзат баласы шексіз бақытқа бөленбейді мына дүниеде?
Жүрегінің сәулесімен жанымызды жылытқан ғұламалардың барлығы да осы бір сауалдың жауабын іздеп, ақыры олар да өмірдің зұлымдық екенін мойындаған. Зұлымдықты жеңетін амал таба алмай, у ішіп өлген Сократ хакім өмірінің соңында былай деп мұңын шағады: «Тәннің өмірі дегеніміз - зұлымдық пен өтірік қана. Міне сондықтан тәннің азабынан құтылғанды біз игілік ретінде қабылдауымыз қажет». Ұлы философ Шопенгауэр да хакімнің ойын қайталап, «көңіліміз қаламаса да өмірдің тек зұлымдық қана екенін» мойындауға тура келетінін жасырмайды. Тағы бір кемеңгер «өмір дегеніміз -мағынасыз зұлымдық» (Толстой) деп нақтылай түседі олардың аяқталмай қалған ойын.
Бірақ солай бола тұрса да, нағыз суреткердің, барлық заманда да осылай болған екен деп, зұлымдыққа мойынсынуына еш қақысы жоқ. Зұлымдықпен күреспеудің өзі оның сыбайласына айналғанмен пара-пар қылмыс. Тіпті парасат майданындағы ұлы шайқаста, зұлымдықты жеңбек болып азапқа түскен талай ұлы суреткерлер адамды қойып, Құдаймен де сөз таластырған.
Есіңізге түсіріп көріңізші, Достоевскийдің кейіпкері Иван Карамазов Құдайдың жаратқан зұлымдығын мойындағысы келмей, ұлы Жаратушымен тайталаспақ болады. Зұлымдыққа зорлықпен жауап бермеу керегін айтқан ұлы Толстой адам кейпіндегі Ғайсаның Құдай екенін мойындаудан бас тартқаны үшін шіркеуден аластатылды. Өнердің сиқыры арқылы зұлымдықтың моласын қазғандай болған, күні кеше ғана өмірден өткен жазушы Жозе Сарамаго, ең соңғы жазған «Қабыл» романында оның қабатын тым терең қопарып, Қабылдың жасаған күнасы үшін, ауыр қылмысқа жол берген Құдайдың өзін жазаға тартқысы келеді.
Қазақ қаламгері Төлен Әбдікұлы да «Ақиқат» повестінде өмірді зұлым етіп жаратқан Құдаймен қарсыласып, оның сырын түсінбек болады. Жындыханадан қашып шыққан шығарманың бас кейіпкері Роберт өмірдегі зұлымдықтарды көріп, тұла бойы түршігіп, ауруханаға қайтып оралады. Свяшениктің кім екенін таныған соң, әлемдегі ең сорақы қылмыстардың Құдайдың атымен жасалып жатқанына көзі жетіп, ұлы Жаратушыға қарсы бүлік шығарады.
..Мен көп қиналдым. Өмірдегі жаманшылық атаулыны тудырып отырған негізгі күшті, негізгі айыпкерді ұзақ іздедім. Ақыры таптым. Ол - Құдайдың өзі. Адамды мазақ етуші де, азапқа түсіруші де, зұлымдықты қолдаушы да соның өзі. Жазықсызды жауызға жем қылған, адал махаббатты арам қылған, арды аяққа таптатқан, сан миллион халықтың қанын судай шашқызған, опасызды, қаныпезерді, тирандарды жаратып, солардың зорлығына баршамызды қор ғып қойған кім? Соның өзі...
Қызыл сөздің қызығын қуалап кетпей, ойдың сөлін сығып беріп, келесі шығармасын тәмәмдағанша оқырманның төзімі мен тағатын тауысып, әбден зарықтырып қоятын суреткер Әбдікұлы пенделік санамызға ұялаған зұлымдықтың сырын ылғи да адам жанының тереңдігінен іздейді. Жазушылық жанарымен адамның жан әлеміне қайта-қайта үңіліп, зұлымдықтың құбылмалы табиғатын қапысыз танып, таңғажайып жаңалықтар ашады.
Қаламгердің шығармаларын оқығанымызда, ондағы суреттелетін зұлым тағдырдың аласат құйыны санамызды сансыратып, жан-дүниемізді қалыпты орнынан қозғап жібергендей болады. Өнердің биік өлшемімен таразылайтын болсақ, жазушы Әбдікұлы керемет суреткер ғана емес, адам жанының шыңырауына тығылған зұлымдықтың талай құпияларын білетін терең ойшыл, һәм рухтанушы да. Қаламгердің біз сөз қылып отырған осы ерекшелігі, оның «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» хикаясында да жарқырай көрінген.
Повесть аталып жүргенімен, әңгіменің жүгін көтеріп тұрған бұл туындыда, пенде баласының рухани тағдыры түп-тамырына дейін қопарылып, жазушы өмірдің тереңгі қабатында көміліп қалған зұлымдықты қазып алады. Бір әулеттің басындағы рухани трагедияны суреттейтін көркем туындыны оқи бастағаныңда, алғашқыда, қайғының мұңы қажаған Қожекеңнің жан азабын жүрегіңмен сезініп, көңілің құлазып, жаның күйзеледі.
Құдай басқа салмасын, расында да кәрі қойдың жасындай ғана ғұмыры қалғанда, жазмыштың бұйрығымен, өмірдегі тірегінен айырылып, морт сынған бәйтеректей құлап, жапан далада жалғызсырап қалғаннан асқан қандай қасірет пен азап болуы мүмкін, мына жалғанда. Тағдырдың Қожабек шалды зар еңіреткен зұлымдығына дауа бар ма? Тіпті, көңіл айтуға келгендердің барлығы да байғұс шалды қалай жұбатарын білмей аңтарылып, жалғыз ұлын өз қолдарымен өлтіргеннен бетер қаймығып, бастары салбырап, төмен қарап, жауа алмаған бұлттай түнеріп, қиналып отырған жоқ па.
Бірақ негізгі оқиға Болаттың өлімінен кейін басталып, суреткер Әбдікұлы шаңырақты ұстап қалатын жалғыз тіректің қирауынан да ауыр қайғының болатынын оқырманнан жасырмай, Қожабектің ұлының екі «менін» ашу арқылы, адам жанының тереңіне тығылған зұлымдықты қопара бастайды. Жалпы осы тұрғыдан алғанда Төленнің прозасында «адамның үмітін қиратумен ғана айналысып келген Чехов» (Лев Шестовтың сөзі) шығармашылығымен үндестіктің, керек десеңіз екі жазушыны бір-бірімен жақындастыратын, тіпті бір рухани туыстықтың бар екенін сезінгендей әсер аласың.
Суреткер Әбдікұлы да қолындағы жазушылық пышағымен адамның жанын аямай тілгілеп, оның ішінде жасырынып жатқан зұлымдықты суырып алып шығып, қатал жазалаудан қаймықпайтын - қатыгез талант. Егер де ұлы Чехов, сомдаған кейіпкерлерінің жанын аямай сойып, адамның төбе шашын тік тұрғызатын, неше түрлі тәжірибе жасаса, суреткер Әбдікұлы да дүние-жалғанның зұлымдығын көрсету үшін, пенде баласының соңғы үмітін сындырып, ең ақырғы сәулесін сөндіріп, өмірін түнекке орап тастаудан қаймықпайды. Сол себептен де ол, қанағат нәпсісіне жегі түсіп жасаған баласының күнасы үшін, тірі жанға қиянат қылмақ түгіл, тышқанның мұрнын қаната алмаған Қожабекті аямай, рухани катарсистің, яғни азаттану мен тазарудың азапты жолынан өткізеді. Тән үміті мен жан үмітін талқандап, ботадай боздатады.
Көзге бадырайып көрінбегенімен, бір адамның ішінде өмір сүретін қостұлғалық Қожабектің жалғыз ұлы Болаттың бойында да бар. Жазушы Болаттың сайтандық табиғатына үңіле отырып, Қожабектің ішкі трагедиясын түрлі қырынан зерттеп, адам жанының жұмбағын шешуге тырысады. Тағдырдың шынжырымен кісенделген зұлымдықтың құлпын ашуға әрекет жасайды. Болаттың жасаған зұлымдықтарын әшкерелеп, сол үшін оның әкесі Қожабекті тірі өлікке айналдырып, ауыр жазаға тартады.
Дегенмен, дәл осындай қатыгездікке дейін барып, шығармасының соңында бір нәзік үміт те қалдырмай, түнекке орап, мұнарлап тастаған Төлен Әбдікұлын, қанша тырыссақ та реалист жазушылардың қатарына жатқыза алмас едік. Неге дейсіз ғой, әрине? Мұндай күрмеуі күрделі сұраққа жауап бермес бұрын, «кез-келген ұлы және нағыз өнердің реалистік болуы мүмкін емес» (Н.Бердяев) екенін есімізге түсіріп, ой елегінен өткізіп көрейікші.
Екі дүниенің ортасындағы алтын көпір болып табылатын нағыз өнер, шынайы өмірдегіден де күрделі ақиқатты ашады. Ұлы мәртебелі өнер эмпирикалық тұрмысқа қызықпайды, рухани болмыстың тереңдігіне бойлайды. Еш уақытта да жалаңаш шындықты көрсетпейді, барлық кезде де ол басқа әлемге еніп кетеді. Сол басқа әлемде адам жанының нағыз өмірдегіден де терең тылсымдары танылып жатады. Міне, сондықтан да Төлен шығармашылығының негізін құрайтын адам бойында өмір сүретін қостұлғалықтың себеп-салдарын да, реалистік әдебиеттің тәсілімен түсіндіріп беру беймүмкін.
«Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» әңгімесіндегі Болаттың бірінші «менін» танығаныңызда Қожабектің қайғысына сіздің де қабырғаңыз қайысып, парасаты биік баласынан айырылған ғаріпті аяп, жүрегіңіз елжіреп, жаныңыз жылап қоя береді.
Қандай ақылды азамат еді, Болат! Мұғалімдердің өздерін қаймықтыратын алғырлығымен көзге түскен оның білімділігіне, бүкіл ел тәнті болған жоқ па. Институтты айрықша дипломмен тәмамдады. Бір жыл өтісімен аудандық басшы қызметке көтерілді. Жуықта облысқа әкететін көрінеді деген сыбыс та тараған. Ел-жұртқа жастайынан танылған сол Болат, енді үйленгелі жатқанда аяқ астынан қайтыс болып кетті. Шынында да Алланың жақсыны әкетеді дегені рас екен-ау! Ең өкініштісі артында тұяқ қалмай, бір әулеттің тұқымын Болат өзімен бірге мәңгілікке тоқтатты. Опасыз жалған-ай!
Бірақ ұлының қазасынан соң, күтпеген жерден Болаттың артында тұяқ қалғаны туралы хабарды естіп, аласапыран ойдың арбауына түсіп, немересін іздеп, алып-ұшып қалаға жеткен Қожабек ақылға сыймайтын ақиқатты танып, ұлы туралы нағыз шындықты біліп, Болаттың екінші «менімен» танысып, сағы сынып, қайғыдан тозған жаны түршігеді.
Алладан сұрап алған жалғыз перзенті жұрт мақтағандай азамат емес екен. Жүрген жеріне шөп шықпайтын нағыз зұлымның өзі болып шықты. Адам баласына қиянат жасағаннан басқа тигізген түк пайдасы жоқ. Талай қыздың обалына қалған - сұмпайы зинақордың өзі. Басқаны аямақ түгіл, белінен туған баласы шетінеп кеткенде жерлеуіне келмей қойған - сұмырай.
Шығармадағы басты кейіпкер көзге көрінбегенімен, екінші «менін» тану арқылы, біз оның адамға жасаған барлық зұлымдығының куәсі боламыз. Әңгіменің соңында көңіліне жиналған әлдебір реніш-запыран жүрегін қыжылдатып, әлдекімге шағынғысы келіп, жалғыз ұлының зиратының басына келіп, пенде баласына сырын аша алмай, екі дүниедегі үміті талқандалып, іштегі жұбанышы сарқылып, не істерін білмей, көзінің жасын көлдетіп, еңіреп жылаған Қожабекті көреміз.
-Мұ не қылғаның, жарығым-ау. Бәрі қолыңнан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені ме, жарығым-ау. Құдайдан көрген зәбір тірліктің заңы шығар, адамнан көрген зәбір қымбат жарығым-ау. Соны неге түсінбедің - Қожакең сақалынан сорғалаған жасын сезбей, құлпытасты сипай берді. - Қалайша түсінбедің, құлыным-ау! Хайуанның да обалы жібермейді деуші еді, адам обалы қайтіп жіберсін...
Суреткер Әбдікұлы еш уақытта да жалған заманның жалына жармасып, өткінші уақыттың ақиқатын жырлауға қызығушылық танытқан емес, ол пенделік болмыстың табиғатын зерттеп, өмірдің түнегіндегі адамның жанын зұлымдықтан тазартып, оны рухани тереңдігіне қайтарып береді. Оның шығармаларында өмірдің зұлымдығы адам жанының рухани тереңдігінде зерттеліп жатады. Ол жалған тірліктегі жауабы дайын пенделік сұрақтардың емес, үнемі зұлымдық туғыза беретін, ақылмен түсіндіріп бере алмайтын Тәңірлік сауалдардың жауабын іздеп, ылғи да басқа ешбір жазушының соқасы тимеген тың топыраққа түрен салады.
Төлен Әбдікұлы оқырманға жеткізгісі келген үлкен идеяны қазан миында қорытып алмайынша, жазушылық үстеліне беттемейтін суреткер. Суреткерлік түйсігімен адамның жанына еніп кететін жазушы шығармашылығында, пенде баласының рухани тағдырын өміршең етіп тұрған - Құдайлық шындықтың шұғыласы бар. Құдайлық шындықты ол адам рухының жұмбағынан іздейді.
Шын мәнісінде адам жоқ жерде Құдайдың да болмайтынын терең таразылыған суреткер, ұлы Жаратушының жұмбағын адамдардың тағдыры арқылы танып, ақиқатқа бір табан жақындай түседі. Рухани тереңдігін жоғалтқан пенденің Алланың жолынан адасып, қандай ұлы қасіретке душар болып, азап шегіп, жаны тозақта күюі ықтимал екенін зерделейді.
Суреткер үшін адамның ең ұлы байлығы - оның жаны. Жазушының жаңа шығармасын оқыған сайын адам жанының жұмбағын басқа бір қырынан танып, қаламгердің дүниені тану құпиясына бойлай бересің.
Төлен шығармашылығында көптеген қазақ қаламгерлерінің табиғатында бола бермейтін, суреткерлік пен шеберліктен бөлек - идеялық, танымдық, философиялық дана түйсік бар. Оның шығармасын оқыған кез-келген адам - идеяға, ойға, танымға байып шығады. Қаламгерді менсінбей, оны танығысы келмегендер парасат пен ой ашаршылығына ұшырап, рухани байлықтың мол қазынасынан құр қалады.
Ол жазушылық жанарын алысқа тігіп, адам жанының құпиясы мен антиномиясын (Дұрыс саналатын екі ереженің ара қайшылығы. Астын сызған біз - А.К ) мейлінше терең зерттейді. Жазушылық түйсігімен шығармасындағы кейіпкерінің болмысына бар жан-тәнімен еніп кетіп, адам туралы оқырман күтпеген жаңалықтар ашады, адам жанының құнарлы топырағының қабатындағы рухани тереңдіктерді табады.
Сыншылардың назарына іліне қоймағанымен, сондай ұлы жаңалықты ашып, жазушының бұрынғы жазған дүниелеріне мүлде ұқсамайтын, бүгінгі заман туғызған зұлымдықтың жамылғысын жұлып тастап, оны аяусыз әшкерелеген көркем туындысы - «Қайырсыз жұма» әңгімесі.
Жазушы Әбдікұлы бұл әңгімесінде, министрдің бір күндік өмірін суреттей отырып, зұлымдық салтанат құрған қоғамда, адамдық сәулесі сөнген пенденің, байлыққа қолы малынып, мансаптың биігіне көтерілсе де бақытты бола алмайтынын қазымырланып зерттеген.
Әбен Ілиясович биліктегі үлкен кісінің қаһарына ілігіп, бір күнде лауазымды қызметінен айырылып қалады. Министр болудан қолынан басқа ештеңе де келмейтін ол үшін - бұл үлкен трагедия. Сары уайымға салынған шенеунік жүрегі ауырып, ақыр соңында дүние салады.
«Қайырсыз жұмада» министрлік қызметінен түсіп қалған Әбеннің өмірінің ең соңғы күні ғана сипатталғанымен, біз тірі өлікке айналған байғұстың, жүріп өткен өмірлік жолын терезеден бақылағандай боламыз.
Әңгіме барысында жазушы Әбдікұлын біз, бекерден-бекер қатыгез таланттардың қатарына жатқызған жоқпыз. Қараңызшы, жүрегіндегі сәулесі сөніп, көңіл түкпірінен ештеңе де таба алмаған адамды да ол, өлерінің алдында рухани катарсистің, яғни азаттану мен тазарудың қыл көпірінен өткізіп, тышқан ұстап алған мысықтай, оның тағдырымен ойнайды.
Міне, министрлік қызметінен түсіп қалған Әбен мырза көңілі құлазып, орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың Иван Ильичіне ұқсап, жаны күйзеліп, нәрі мен мәні жоқ өткен өміріне ойша үңіліп отыр. Қызмет үшін жанын сайтанға сатқан ол байғұс, ең болмағанда жар қызығын да көре алмапты. Үнемі сыртта жүргендіктен, сырттың қызығы жүрегін көбірек жаулап, отбасалық бақыттың ләзаттын да сезінбепті. Қызмет қуудың рахатынан басқаны ұмытып, жалғыз ұлын дұрыс тәрбиелеу де қолынан келмепті. От басының бар ырысы отағасының лауазымы арқасында келіп жатқандықтан, барлық тілек, мақсат сол лауазымға ғана бағынышты болыпты. Тіршіліктің бар жағдайын жасаған абырой, беделге жеткізген әлгі лауазымды әйелі мұның өзінен де артық жақсы көреді.
Ұлы жазушы Лев Толстойдың Иван Ильичі салыстырмалы түрде алғанда Әбеннен анағұрлым бақытты кейіпкер. Өйткені оған шын мәнісінде жаны ашитын бір адам бар. Ол - қожайынның қызметшісі. Ал, министр орынтағынан түсіп қалған Әбенге шын жүрегімен жаны ашитын тірі пенде жоқ. Өйткені оның жанындағы адамдардың барлығы да лауазымы жоғары қызметі үшін ғана оны бағалап, жақсы көріп келді. Тіпті, әйелі де.
Қарап отырса, мына өмірде шын сенісіп, сырласатын досы да қалмапты. Баяғы достар жоқ, оның орнында үнемі ауыстырып тұратын киім секілді, қызметтес достар ғана бар. Министр боламын деп жүріп, жақын-жуықтың барлығынан да айырылыпты. Оның мына жалғанда мұңдасатын, сырласатын жалғыз ғана «досы» болыпты. Ол - өзін өмір бойы құл қылған, жанына кісен салған, бауырдан да, достан да айырған - ұлы мәртебелі Қызмет. Енді ол да жоқ. Қайтпек керек?
Шығармасының соңында суреткер Әбдікұлы ылғи да осындай жауабы жоқ сұрақтарды қойып, оқырманды терең ойдың теңізіне тастап жібереді. Бәлкім, сондықтан ба, оның сомдаған кейіпкерлерін бірден танып, еш уақытта да ұмыта алмайсың. Жан әлеміңнің қақпасын бұзып кіретін ол кейіпкерлер, көңіліңнің жайлауында сенімен бірге өмір сүріп, зұлымдықтан жаны күйреген адамның қандай ұлы қасіретке душар болатынын дүркін-дүркін есіңе түсіріп, қайта-қайта ой өзеніне батырады.
«Кітап адамға қуаныш сыйлауы керек» (Борхес) екенін мойындайтын болсақ, жазушы Төлен Әбдікұлының шығармаларын оқудың ерекше шаттығы бар. Жан тазалығы үшін күресетін суреткер шығармасының қай-қайсысы да зұлымдықтан сақтандырып, рухыңды кемелдендіре түседі. Жазушының шығармаларын бар зейінімен оқыған адам, үнемі зұлымдықтан қасірет шеге беретін қазақтың жанындағы бір маңызды дүниені түсінгендей болады. Оның туындылары қасіреттің кермек дәмін татқыза отырып, адамды тазаруға ұмтылдырады. Төленнің қаламынан туған дүниелер шебер жазылған шығармалар ғана емес, «жанынан басқа ештеңесі де жоқ адамның» (Пифагор Самосский) ішкі әлеміне үңіліп, қоғамды зар илететін зұлымдықы аяусыз әшкерелеген - нағыз парасат дастандары.
(Жалғасы бар)
«Abai.kz»