Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2867 0 пікір 19 Қазан, 2012 сағат 07:10

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІ

Аспан сұп-сұр, қаһарын үйіріп, қырауын бүркіп тұр. Көп қабат үйлі үлкен көше алай-дүлей адам тасқыны, шуылдап әр жаққа үркіп барады. Қан-сөлден айрылған аппақ қудай. Қағылысып-соғылысып, таласып-тартысып барады. Әрқайсысының таласатыны өзді-өз шыбын жандары. Алыпқашатындары өзді-өз бастары ғана. Екі жақтарындағы қабат-қабат зәулім үйлерге қарай-қарай сапырылсады. Шағылған көп терезе көздерінен жұдырықтай-жұдырықтай тас атылып жатыр. Ол қатігез оқтар көшедегі халыққа емес, қарсы жақ терезелердегі жауларына атылса да жетпей халыққа жауады. Жеткендері де цемент қабырғаларға тиіп қайтып жауады. Қарсы жақтан атылған тастар да солай. Төменде сапрылысқан базаршы халықтың үстіне биіктен «ақырзаман» нөсеріндей құйылды. Көше у-шу. «Әйя» мен «ойжан»...

Сол алай-дүлей «ойбайлар» мен тас боран арасынан шоқша ғана ақ-сақалды ақсақ шал таңданарлықтай шапшаңдықпен атылып шықты. Шын сасқанда бір балдақ бір имек таяғын көтере зытады екен. Жанталасқан халықтан ол өнеріне қарап күлген де ешкім болмады. Өзі ғана жымиды да Дашызының[1] күншығыс жақ мүйісін айлана жөнелді.

ІІ

Аспан сұп-сұр, қаһарын үйіріп, қырауын бүркіп тұр. Көп қабат үйлі үлкен көше алай-дүлей адам тасқыны, шуылдап әр жаққа үркіп барады. Қан-сөлден айрылған аппақ қудай. Қағылысып-соғылысып, таласып-тартысып барады. Әрқайсысының таласатыны өзді-өз шыбын жандары. Алыпқашатындары өзді-өз бастары ғана. Екі жақтарындағы қабат-қабат зәулім үйлерге қарай-қарай сапырылсады. Шағылған көп терезе көздерінен жұдырықтай-жұдырықтай тас атылып жатыр. Ол қатігез оқтар көшедегі халыққа емес, қарсы жақ терезелердегі жауларына атылса да жетпей халыққа жауады. Жеткендері де цемент қабырғаларға тиіп қайтып жауады. Қарсы жақтан атылған тастар да солай. Төменде сапрылысқан базаршы халықтың үстіне биіктен «ақырзаман» нөсеріндей құйылды. Көше у-шу. «Әйя» мен «ойжан»...

Сол алай-дүлей «ойбайлар» мен тас боран арасынан шоқша ғана ақ-сақалды ақсақ шал таңданарлықтай шапшаңдықпен атылып шықты. Шын сасқанда бір балдақ бір имек таяғын көтере зытады екен. Жанталасқан халықтан ол өнеріне қарап күлген де ешкім болмады. Өзі ғана жымиды да Дашызының[1] күншығыс жақ мүйісін айлана жөнелді.

«Қызыл екінші қосын» мен «қызыл 1-ші, 3-ші қосын»[2] соғысатындығын білмей, көшеге бейғам шыққан халық, екеуінің арасында қалатындықтарын тіпті түйсінбеген көрінеді. Көбі жараланыпты. Жауласқан екі жақ та қызыл, екі жақ та «Маужуши мен компартияны қорғаймыз» деген ұран тегеуірінімен ұйымдастырылған екі жақ та Маузыдұң шақырған ұранға қосылып, «көтеріліс жасау орынды!» деп шуласып жүрген. Ал сол екі жақ бүгін таңертең бір көшенің екі жақ бүйірінен терезелерді шағып тастап атысатындығын кім ойлаған?... Алдымен шабуылдаған, арқа тіректі, құралды қоспа екі қосын «бірінші, үшінші» екен.

«Сайқал саясаттың былығы!»- деп ақсақ шал күбірлей тыжырынды. - «Асқан демократ болып көрініп, төңкерісші жастарға толық ерік бергенсіп сүзістіріп қойып, лай судан әлі де балық аулап жатқаны!... Өзіне күдіктілеу көрінгендерін түгел құртпақ. Сөйтіп, қоғамнан желп етерлік пұта қалдырмай тақырлап тастамақ!»- ызалы ақсақ таяқтарын нықтап-нықтап тықылдатты.

Яңхаң көшесімен өрлеп барып тұрып қалды. Өйтетіні, жолы тағы да буылды: қызыл шашақты найза көтерген сансыз «кішкене қызыл батырлар» жоғары жақтан қаптап, ұрандатып келе жатыпты. «Көтеріліс жасау орынды!»- деп толассыз шұрқырасып, найзаларын үздіксіз шошаңдатады. «Төрт көнені құртамыз! Құртамыз! Құртамыз!», «тап жауларын жоямыз! Жоямыз! Жоямыз!», «Ит бастарын жаншып тастаймыз! Жаншып тастаймыз!»...

Төменгі жақтан дәл осындай ұрандармен тағы бір тасқын қаптай келеді екен. Жоғары, орта мектептерден құралған ірірек «батырлар» көрінеді. Бұлардың арқаларына ып-ықшам таңылған буыншақтары бар. «Бижинге жаяу барып, Маужушиға сәлем беруге шыққандар» деді бір кәрі, ақсақтың артынан өтіп бара жатып далдалана күлді. Ақсақ шалдың бар зейіні жоғары жақтан келген «кішкене батырларда». Көз алмай, араларынан сағынышты біреуін іздегендей, тесіле қарайды.

Көшенің екі шетіндегі жай халық қысталып-тұйықталып қалды. Бижін сапарына шыққандардың қарсы жағынан қызыл қорғаушы қоршап айдап келе жатқан қағаз қалпақтар көрінгенде күңрене тығылысты халық. Мына қысталаңда тас жауып кетсе, қиа басып құтылар жол жоқ еді. Биғаншылар әйтеуір ондай сойқан шығармай ғана ұзын қалпақты «жауларын» басып-жаншып өте берді. Олар келіп жұдырықпен соққанда шалқалап-шалқалап жығылған қалпақтылар аунап түсіп екпеттеп, үстілерінен өткізді.

Қағаз бен қамыстан жасалған қалпақтарының жанышталып, сабанға айналғаны болмаса, Жансебіл «жау» ыңқылдап-күрсілдеп қана бүтін-бүтін түрегелді. Көбі қасқабас, ірі денелі, қарынды «жаулар» екен. Ақсақ шалға алдымен танылғаны Бұрһан  Шаһиди болды. Ғалым дипломат осы қоғамды қандай жын соққанын әлі де түсінбейтіндей, қызылсары жүзі әлемтапырық, аңыра қарады әр жаққа. Сөйтсе де тізбегіне жайбарақатси ілесті. Пальтосының артқы етегіне тігілген түлкінің құйрығын сүйретіп ілби берді. Соңындағы атақты биші Қамбар ханым қалпағынан айрылып жалаңбас түрегелгеннен ұялғандай бұғынып, бетін баса өтсе де ақсақ шал оның ұзын бойлы дене сымбатынан анық таныды.

Өткір нұрлы көзінен намыстың оты ұшқындап шыға келді ақсақтың. Ұйғыр биінің жасамыс ұстазының арқасына да масқаралаудың әлем-жәлемі жапсырылыпты. Шынжаңдағы ғылым мен мәдениеттің қалған тірі қызметкерлері жау қатарына түгелденіп-ақ тізілген екен. Жергілікті ұлттық көркемөнерге көбірек еңбек сіңірген ханзу композиторлары да, ұйғыр, қазақ өмірінен шығарма жазған жазушылары да бар. Арқаларына «кертартпа ғылым беделдісі», «кері төңкерісші», «құқық иесі» деген қара таңбалар басылыпты. Бәріне тігіле қарап қалған ақсақ шал, тері бөркін баса киді де қисық аяғын сиғызып өтерлік жол іздей шойнаңдады.

Январьдың ызғарлы қызылшұнақ күні түстен көтерілген екен. Шұнаңдап сұр түтек бұлт арасынан шыға келгенде ақсақ шал оған кекті көзімен қиыстай қарады да жеделдете шойнаңдады. Ырдашаузыдан өте бере алдындағы бір мешітті шағып жатқан «қызыл қорғаушыларды» көрді. Жоғары жақтан сенделектеп келе жатқан келте сары шапанды бір дәу (Мақұлбек екен) сол «төңкеріске» қарап тұра қалып еді. Арт жағынан семіз бір кадр келіп иығына қағып қалғанда жалт қарады Мақұлбек:

- Ассалаумаликум!- деп қалды сасқалақ дауыспен. Бұл шақта мұсылманша сәлемнің «төрт көне» көлемінде екендігін, әрі бұлай сәлем берудің тап жауларына тізе бүккендігін көрсететін қатерлі қылмыс екенін мас Мақұлбек ескерер емес.

- Маужуши мың-мың жасасын!- деп семіз кадр жылыстай жөнелді.

Мешіт қақпасынан қарап тұрған бір «қызыл қорғаушы» ысқырық тартып жіберді де, ағаш мылтық дүмімен Мақұлбектің көкжелкесінен түйіп-түйіп қалды.

- Мә ассалау!.. Мә ассалау!...

Мұзға тайып жығылған сәлемшіні бірнешеуі келіп тепкілей жөнелді.

- Жауға тізе бүгуші рақымсыз жазалансын! -Жасасын Маужуши!- түмен-түмен жасасын! - «Қызыл кішкене батырлар» қоршап алып, найзалай берді, ұрандай берді.

- Үшінші сақшыға апарып қамаңдар!- деп айқайлады, мешіт бұздырып жатқан бір бастығы шығып «қызыл батырлар» Мақұлбекті сүйрелеп тұрғызып желкелей жөнелді. Желкеленіп барады, жығылып тұрып жалынып барады. Жаңылғандығын айтады, мас екендігін айтады. Мастың қан болған мұрнынан шыққан міңгірді тыңдап келе жатқан ақсақ шал ғана. Көше шетімен балдағын мұзға қадай шойнаңдап ілесіп келеді.

Алдыңғы жағынан басын түбіт шәлімен орап, бетін  пальто жағасымен жапқан ақбөрте әйел шыға келгенде тұра қалды ақсақ. Айдалып қиралаңдап бара жатқан қанды ауыз Мақұлбекке көз қиығымен ғана қараған әйел ақсақ шалдың қарсы алдынан өте шықты. Қаншалық телмірсе де назарын тарта алмаған шал сәл ілесіп барып тоқтап қалды. «Мұратыңа жеткен екенсің Ақия!» деп зілмен жымия күбірледі. Асықпай өрлеп, Ақияның шыққан бұрма көшесінің аузына жетіп тоқтады. Сол жерден тоспақ сияқты.

Ақсақ шал өксіп қалды да, өзін-өзі жия қойды. Үрімжінің оңтүстік жақ осы районын аралағанына екі апта өтіпті. Өзіне толық таныс адамдардан бүгін екеуін ғана көріпті. Оның бірі қолды болып, бірі танымай кетті. Бір көруге зар болып іздеген адамдарынан ешқайсысы табылмады. Орындары да қалмаған тәрізді. Іздегендері ыңғай қалпақты болғандықтан аттарын атап сұрастыра да алмады. Қазіргі жатқан үйіндегі ұйғыр әйел де іздеп дерегін таба алмай жүр.

Неше күннен бері әлденеше рет келіп, тексеріп қайтқан көшесіне тағы да тесіле қарады ақсақ. Осы қақпалардан көзіне оттай басылатын ең жақын жандары шыға келетіндей әлі де үміттене, еміне қарайды. Көзі жасаурап кетті. Сырт жағынан аяқ сықырын естіп, жалт қарады. Ақия қайтып келіп қалған екен. Басын төмен сала түнеріп, әлде не оймен келеді. Дүниеден түңілгендей, тым көңілсіз ақ жүзі әжімденіп, қартайып көрінді. Тағы да қарамай өтіп бара жатқанында ақсақ шал таза ұйғыр үнмен дабыстап сұрады.

- Қызым, Ақия дейтін ханымның қайда тұратынын білемісіз?

- Ақия?... Онда не ісіңіз бар еді?- Аңыра қарап тұра қалды Ақия.

- Пақырлері оңтүстіктегі Шаяр ауданына доқтырға емделуге келген. Сол ханымға достарының айтқан сәлемі бар еді, осы көшелердің бірінде деген. Анық қайсы көше екендігін білмей тұрмын!

Ақия жан-жағына қарай берді. Ойлана түсіп, күбірлеп қана сұрады.

- Олар кімдер?

- Биғабіл әфәнді, Қапас және бірнешесі бар.

- Биғабіл?... Тірі ме еді ол?- дегенінде қара көз жарқырап кетті. Жүзі қызарып барып сұрланды.

- Тірі, денсаулығы қалпында.

Көзі жасаурай қалған Ақия күрсініп жіберіп, демін жұта қойды. Жан-жағына енді ұрлана қарап, сұрлана түсті. Ақсақ қарттың тұла бойына тінте қарап кідірді де, тағы күбірледі.

- Ақияны енді басқа ешкімнен сұрамай-ақ қойыңыз, мен тауып беремін!... Осы жерде сәл күте тұрыңызшы! - Осы сөзбен Ақия аяғын тездете басып жүріп кетті де, сол Биғабілдің бұрынғы өзі тұрған үйіне барып кірді. Бұрынғыдан жалғыз-ақ парқы, көше жақ терезелерін дауалмен қоршап, бұрынғы қақпа орнына кішкене ғана темір есік орнатып алыпты. Кейінгі науқандар да қызыл жасақтардың шарлауы көбейіп кеткендіктен қала тұрғындарының көбі есік-терезелерін осылай бекітіп алған екен. Әр семья өзді-өз алдыларына бір-бір жамбыл сияқты. Күндіз-түні құлыптап, ілгектеп, өздері де сыртқа бейсауат шықпайтын, үйлеріне бейсауат адам кіргізбейтін әдет қалыптастырып алыпты. Ақсақ шалдың екі аптадан бері таныс ешкімін таба алмай, иә, тексеріп бітіре алмай жүрген себебі осы болатын.

Пальтосын тастап, жеңілденіп шыққан Ақия жан-жағына қарап тұрды да ақсақ шалға қол бұлғап қалып, кішкене есігіне суырша сүңгіді. Қарт бүкшеңдеп балдағын тақылдата жеткенде есік ашыла қалды. Есік далдасынан көрінген Ақия ымдап клет үйіне кіргізді шалды. Кішкене флиталы ошағына от жағып қойыпты. Ұйғырша шала тілмен «хапа болмай осында отыра тұрсаңыз!» деп күлімсірей күбірлей шығып бекітті есігін. Бұл кілет Биғабілдің бұрынғы жатын үйінің қарсы жақ бұрышына салынған екен.

- Ақия, Ақия!- деп шақырған Құлжанның дауысы терезесінен естілді. Өле мас сияқты, тілін шайнап жыламсырай шығарды үнін. - Қайда жүрсің? Қайдасың?... Неғып жүрсің?

- Ей, мен мұнда, бірдеме жеп кетті деп пе едің!

- Арағым қайда, арақ, арақ!...

- Мә!...

- Ой... ой айналайын-ай, осының, осының ғой сенің!...

Кілетке термос пен дастарқан көтере кірген Ақия ескі киіз үстіндегі аласа столға шай құя отырып, мас болғанда шатақшыл болып кететіні бар. Сізді үйге бастай алмадым, кешіріңіз! - Қарай берді шалдың жүзіне. - Биғабілдар қайда тұр екен?... Айта беріңіз, Ақия дегеніңіз - мен!

- Шаярдың Тарым лаугай майданында. Біздің мәліге хошна, жақын тұрады.

- Лаугай  ма?

- Лаугай емес, оңшылдық қалпағы да алынған. Сол майданға уақытша орналасып қалды. Сізге сәлем айтты, бала-шағасының қайда екенінен хабар ала алмапты. Сіздің білетініңізді айтып, анықтап сұрап біле келуімді өтініп еді!

- Осы маңайдағы ешкімнен сұрамадыңыз ба?- Аңди қарап сұрады Ақия.

- Сізді сұраған адамдарым білмейміз деп қайтарды.

- Иә, бір көшеде отырғанымызбен араласпаймыз. Біз басқа жақтан жақында көшіп келгенбіз. - Ақия бұл жолы әдейі өтірік айтты. Осы кісінің өзі Биғабіл болса өтірікке қарсылығымен-ақ сездірер дегендей көз астымен қарай берді. Өзін сынап-тексеріп отырғанын ақсақал шал да сезіп, сыр бермеуге тырысты. Ақия меймандостық көрсеткенси өтінді сонсоң. - Бас киіміңізді алып жайланып отырып ішіңіз!

- Рахмат қызым, ішіп болдым!.. Биғабіл әфәндінің бала-шағасының тұрағын айтып берсеңіз, ертерек тауып біліп қайтсам!... Жатқан үйім алыс!

Ақия ойлана кідіріп, шалға қарай түсіп жауап берді.

- Олардың қазір қайда екенін мен де білмеймін. Әйелінің қалпағы бар, мұғалім еді. Тұрпан жаққа төменге түсіріп жіберген. Баласы Күлән дейтін әпекесінің қолында қалып еді. Алдыңғы жылы социалистік тәрбие жүргізілерде ол да бір жаққа көшіп кетіпті. Содан бері оның да қайда кеткенін білмей қалдым! - Осыны айта отырып, шалдың өңі бұзылып сақалы дір ете түскенін көрген Ақия тосыннан жылап жіберді де таза қазақ тілімен сөйледі. - Маған сенбейтін де жөнің бар ғой! Бірақ, қанша азғын болсам да дәл Биғабілдің ардақты басына қастық істермін бе!... Бір көруге зар болып жүргенімде... Әрең келіп көрініп отырып, осындай оңашада неге жасырынасың менен?... Қаншалық ұйғыршаласаң да түсіңнің жаңағы өзгерісінен бұрын-ақ көзің мен мұрныңнан танып отырғанмын. Ант атсын қас қылсам! - Шалдың баса киген тері бөрігін басынан жұлып алды осы сөзбен. - Міне дәл өзісің!- деді де асыла құлады шалдың мойнына. Үн сала еңіреді.

- Ақия, Ақия!- деп бар дауысымен Құлжан шырқырады үйінен. Ақсақал шал жауының Ақиясын серпи түрегелді.

- Ит ұлып жатыр, абыржымай-ақ қой!- деді Ақия да түрегеліп, көз жасын сүртті. - Баяғы өзіңді қапқан ит болғанымен қазір жөндеп үре де алмайды. Мен барып келейін, бейғам отыра бер!... Не болды, не болды!- деді үйіне кіріп барып.

- Арақ, арақ!... арақ!

- Үй жаңа ғана беріп едім ғой!

- Ол ма, ол... мысықтың сідігі!... Арағымды басқа ыдысқа.. құйып алдың, қаншық!... Бөтелкені иіскетіп кеттің!... Ана үйге апарып қай байыңа құйдың, кері төңкерісші жалап?

- Дәл қазір өлейін демесең, тарт тіліңді!...

- Қойдым, қойдым, Ақа...а...а!- Құлжанның дауысы қырылдап әрең шықты. - Ақа, ақа... ағатай, қыспашы тамағымды, қойдым, қойдым!... Хы-хы-һы-һы... арағымды берсең болды!

- Мә, өзің-ақ іш уыңды!

- Ә, міне, бар екен ғой!... Бар болды!... енді сендім!... Әлгі... Мақұлбектің қатынына... беріп қойды ма десем, бір жұтып алғандай тамағын қырынып, бір лоқсып қалған Құлжан тағы бір әуенге көшті. - Қарама маған, қарама!... Маған ерегесіп... бәрін бір-ақ ішіп... алайын деп тұрсың ғой!... білемін ол қулығыңды!... Көшеде арақ жоқ... бар бара бер өз жұмысыңа!...

Ақия күлімдей кірді кілетке. Баяғы жуан құйрық байландидың бір бөтелкесін, екі рюмкасымен әкеліп дастарқанға қойды да, «енді ешқайда баруға асықпай-ақ қой, әңгіме шертеміз!» дей сала көмір алып шығып, клет есігін тағы құлыптай кетті. Лезде шағын кілем мен көрпе-жастық ала кіріп, қонағының астына жайды. Шалдың қисық аяғы түзеліп, жеп-жеңіл түрегелгеніне күле шығып, тағы құлыптады.

«Әке, әке, жүй-жүй-жүй!» деген Асқардың ауық-ауық естіліп, жүректі езетін шырылы құлағына тым жақыннан естілген шал елеңдей қарады жан-жағына. «Бізге алаң болма, өз денсаулығыңды күт!» деп қалды аяулы жар. «Өз денсаулығыңды ғана.. өз денсаулығыңды ғана...» - Күміс қоңыраудай тұнық-таза үн өздіксіз сылдырады құлағына. Жас парлай жөнелді шал көзінен. Құшағын кең жайып еңіреп жіберді. - «Мақпалым!...Нұрияшым - күн жүздім, бармысың?... Қайда жүрсің?»- бар дауысын сол Асқарынша ағытып жібере жаздап, тына қалды...

Сақал-мұртын сыпырып алып, көз жасын ағыл-тегіл үнсіз ағытып отырғанда кірді Ақия. Қолындағы ыдыс-аяғын қоя сала ол да еңірей келіп құшты қонағын. «Табылды Биғашым!... Бақытты Мақпалың аман табылады асылым, алтыным!»- деп бастап еңіреді ол. - «Мендей опасыз емес қой ол! Сенің жолыңда еш қатерден тайынған емес, әлі де тайынбайды, табады, қайтсе де табады, табылады! Өлді деп естілген сен табылған соң бәрі де табылады! Жалғыз-ақ Құмар ғана табылмасқа кетті!...»

- Оған не болыпты!- деп шал басын көтеріп алды да, Ақия солқылдап егіле түсті.

- Мен опасыз болған соң... ол... қарайма маған. Тоқсұнға барған соң бір....бір... ұйғыр әйелмен үйленіп алыпты!

Шал енді күліп жіберді. Өзі опасыздық қып тастап кеткен сүйгенін мына жоқтаған жоқтасына Ақияның өзі де күле түрегелді. Сабын, құмған әкеліп, «тірілген шалдың» ақ бурыл шашты басына су құйып, өзі тазалап жуды да, жаңа орамалымен өзі сүртті.

- Ағарса да бұп-бұйра!... шашың тіпті жарасыпты!

- Соры мол шаштың жарасқаны не, жараспағаны не, бәрі бір!- деп күрсінді шал.

- Шыда Биға!... Сабырлы едің ғой!- Ақия ошаққа көмір сала жүріп сөйледі. - Мақпалыңның бар тілегі, сенің амандығың ғана болатын. Енді ол шексіз бақытты. Өзіңді қайғыға бермей, мұқалмай шыдап тұр, табылады!... Ол маған өкпелі еді, сені оған.. аман болсаң, әлі де гүл жайнатып табыстыруға тырысамын!... Енді...

- Ақия, Ақия!... Бармысың, қайдасың!- Құлжанның дауысы тағы да шыңғыра шықты.

- Бармын!- деп дауыстады Ақия. - Бірақ, сен жарымеске жоқ сияқтымын, қазір! - Күліп жіберді өзі. - Арақ иісі бар су ғана беріп шығып едім, енді сірестіріп келейін!...

- Таңдап тапқан «төңкерісші» байыңды өлтіріп алып жүрме!- деп қалған шалға Ақия қайрыла қарап күлімдей шықты. Көшеде кемпірше құрсиып, түнеріп жүрген жүзі осы бірер сағатта-ақ нұрлана қалғаны байқалды. Әлдеқандай бір мол қуанышқа бөленгендей.

- Қайда бардың Ақа, арақ-арақ!- деді Құлжан, әйелі кіріп барғанда. - Әкеңнен қалғандай жарытпайтын болдың ғой!

- Әкеден садаға кет, арақ жоқ енді саған!

- Айналайын Ақашым, бірдеме табушы едің ғой осындайда!.. Табаныңды жалайын дедім ғой!

- Мә, мынаны іше тұр, қалғаны осы! Үлкен көшеден арақ іздеп келейін, айқайламай тыныш жат!

-Леген әкеліп, мені сүйеп жібер олай болса, сиіп алайын!- Осы талабы орындалған соң болса керек, -күннің батуына қанша қалды?- деп сұрады аз кідіріп. - Әйтеуір күн батпай кел. Қараңғыға қалсаң бір жүлік тоңқайтып кетеді.

- Күн жаңа ғана шықпады ма! - Ақия шырақ кнопкасын ашып қап айтты бұл жауапты. Расында күн батқан шақ еді. - Мына термоста шай бар. Мынау сәй, мынау нан, мынау қызыл бұрыш, ішің күйіп бара жатқанда осыны же!...Есікті құлыптап кетемін!

- Әйтеуір арақ таппай келме Ақа, ол болмаса... білесің ғой жайымды!...

Кілет терезесінен тыңдап тұрған шал қолын артына қайырып арлы-берлі жүріп кетті. «Мұның ішкенін еркіндік уы деп атаса болады екен!»- деп ішінен. - «Ұстай алмаған шоқпар басқа да көтке де тиеді. Оңшыл-ұлтшыл деп сатқандарының бодауына тапқаны осы у болғаны ғой!... Алқагулікке айналдырып түбіне жетіпті. Бұдан енді кек алудың қажеті не!»- күрсініп жіберді. Борышы сәл жеңілдеп қалғандай сезілді өзіне.

Жасаған тамағын клетке сыбдырсыз ғана тасыған Ақия каресін лампы жағып, кішкене терезесін саңлау қалдырмай жапты. Коньяк бөтелкесін ашып, толтыра құйды екі рюмкіге.

- Сен режимге алынғаннан бері жадырағаным осы-ақ шығар, келші, аман қайтқан қуанышың үшін ішелік! - Тауыса ішіп, кең тыныстап алып сөйледі. - Бір оқушым күзде таудан әкелген жамбас еді, саған бұйырыпты! -Ақия өзі тураған майлы еттен алдымен қонағына асатты. - Бұл үйден хауіп жоқ, қамсыз жат! «Ұлы төңкерісшінің» үйі ғой, қуалаған ит те кірмейді. Егер қызыл қорғаушылар келіп тінте қалған күнде де сені таба алмайды!...Әнеу үлкен көмірдің астында жерасты үңгірі бар, ішінен түйе де табылмайды. Соғыс дайындығы деп қаздырған. Тамақ ал Биға!.. Көп-көп жеші!...

- Күләннің денсаулығы қандай еді?

- Өте жақсы. Күреске қанша көп түсіп, қалпақ кисе де бүйрегі әлі де бітеу қалпында болатын. - Ойына күлкілі бір іс түскендей сық етіп күліп жіберген Ақия, күрсіне жалғастырды сөзін. - Күләш, көп сыннан өтіп көніккен, аса шыдамды әйел ғой!... Ал, Нұрияшыңның денсаулығы да Тұрпанға кеткенше қаз-қалпында еді. Оны жау көп айландырды. «Шекараңды оңшыдан айыр» деп күреске көп тартты. Соңына жүні түзуірек жігіттерден де бірнешеуін салды. Нұрияш жауабынан танбады да тайсалмады. Оның бір ерекшелігі, ешкімді ерегестірмей-шамына тимей-ақ, өзінің тура сөзіне мойындатады екен!... Кел, соның денсаулығы, аман қайтуы үшін ішелікші!...

- Ол, төменге қай уақытта түсті? - Қонақ ұсыныс етілген тосты бөгелмей алып жіберіп сұрады.

- 62-жылы 2-айда. Үш аймақ халқының Совет одағына қашуынан екі ай бұрын түскен.

- Ал, Күләннің көшіп кеткені қай уақыт?

- 62-жылы үшінші айдың орта шені. Айтпақтайын Мақпал Тұрпанға түскен соң кешікпей... 62-жылы үшінші айдың ақырғы кезінде ғой деймін, Күләннің үйіне бір келіп қайтқанын естігенмін. Бірақ ол кезде олар маған қатты өкпелі болғандықтан араласа алмай қалғанмын. Тұрпанға анық қайтқан-қайтпағанынан хабарым жоқ!

Ақияның бұл сөзінен «Мақпал дәл сол шақта Асқарды алып, Дөрбілжінге қайтқан шығар» деген үміт жылтырай қалды, шалдың көңіліне. Олай болғанда Қазақстанға үлкен үймен бірге аман өткен болар еді!

- Кел, тағы бір алып жіберелік!- деді Ақия, тершіп, рахаттана қалған екен. - Есіл достарым, Биғаным!...

- Мен біраз демалып ішейін! - Шал бір ұрттап қана жастыққа шынтақ тірей қисайды да, Ақия қолындағысын ішіп жіберіп күлді.

- Ішуге де бүгін құмартқандаймын!... Жұртта қалған күшіктей болғаныма қанша заман өтті! -Күрсініп жіберіп, қонағына таяулап келіп отырды да оның кең маңдайын сылады. Денсаулығының бар жайын айқындап сұрады. Қапастың жайын сұрады сонсоң. Қонағы оның ахуалын қысқаша баяндап бола бергенде Ақия жылап жіберді. Қапастың Қапиясы есіне түсіпті.

- Қапия жынды боп кетті!- деп үн салып жіберіп, аузын баса қойды өзі. Үйіне сол жынды күйінде қайтарылғандығын әрең сөйледі. Көз жасын сүртсе де мол омырауы солқылдай берді. - Онан соң одан да хабар ала алмай қалдым!... Соның жындануы да адамгершілік жөнінен менен әлдеқайда жоғарылығы екен!.. Мақпал осы жайды да маған ақыл етіп айтқан. «Бұл жындану, әрине шыдамсыздық-күйректіктің ісі. Бірақ, махаббаттың ерекше бір қасиеті болғандықтан оны кінәлауға болмайды. Дүниедегі ең-ең оңбаған іс - опасыздық!»- деген болатын. - «Мұндай кезеңде адамның нағыз адамдығы өз тілек-арманына, махаббатына, опалылығынан ғана көрінеді!»- деп неше рет кеңес берді маған. Осыны ести жүріп-ақ.. қорқақтығымнан... осы итке қаншық болып кеттім ғой! - Ақия тағы да еңіреп жіберіп құлады қонағының қатарына. - Сол абысындарымнан алабөтен жексұрын болып шықтым ғой!... Құмар қайтып қайрылмақ маған!

- Жылама Ақияш, жылама! Бұл сәтсіздікті де сәттілікке айналдыруға болар! Енді жете түсініпсің!

- Маған түсіндірмей қояма бұл ит!... Сол 60-жылы тұрмыс құрған кештен бастап неменемен некеленгендігімді үздіксіз көрсетіп келеді. Өз шындығымды айтсам тіпті құтырады!

- Балалы болмадыңдар ма?- деп сұрады қонағы. Ақия азарда-безер болғандай түсін бұза бас шайқаған соң сыпайы қонақ күлімсірей айтты ақылын. - Тиерің тиіп болдың ғой, бір бала тауып беріп мойнына мінгізсең, айтқаныңа көндіріп, сәл түзетіңкіреп әкетуің де мүмкін еді.

- Осыдан бала туып, дүниеге тағы бір қап у шашып, адамзатқа тағы бір қырсық қоспақпын ба! Құдай сақтасын мұның ұрығынан!

- Енді қалай семья болып күн кешіріп жүрсің?

- Қойшы, қыртыспайықшы Биға!... Сен екеуміз... Күләніңнің кейінгі осындағы ең көне, ең силасымды дос едік қой, есіңде ме? -Ақия басын көтеріп арақ құйды. - Кел, бір-бір рюмка ішейік!... Әсіресе сенімен бірге жүрген күндерімді қатты сағындым!... Өлді деген бір жаман хабар естіп зар шектім!... Тамақ же!... Көбірек жеші!... Қане, өзім бір асатайын!...

- Мына «сүйіктіңді» қол-аяғынан айрып жатқызып қойғаннан саумысың?

- Айрылып жүрген өзі, аузынан арақ кетпейді!... Қазір қызмет те, мектептерде оқу да жоқ. Сенің жасаған оқу құралдарыңды өртеп жіберген мынаның қолынан дәретханаға апаратын, отқа тамызық ететін сабан қағаздар ғана шықты. «Төңкеріс» деп аталатын бұзып-шағу мен өртеу, бірін-бірі ұрып-соғу ғана қалды. Менің мына қортығым мен Мақұлбек төбет «қызыл бірінші жасаққа қосылған болатын. Сондықтан «қызыл екінші» өлтірмек болып соңына көп түсті. Неше рет өлімші етіп сабады. Бұрынғы қылықтарына қарап әлдеде өлтіру ниетінде жүргендер көп. «Қызыл екінші» әсіресе солшылдыққа қарсы идеядағылар билейді. Мынау оларға жалынып-жабарынып кешірім сұрап, жау жағына қосылмасқа ант беріп үйде жатыр. Ал, бұларға қосылса «қызыл бірінші мен үшінші» өлтіретін көрінеді. Олар екі двизиядан құралғандықтан күші көп. Үкімет армиясынан жасырын құрал да алып тұрады. Сондықтан Құлжан батыр үйден шыққанды қойды. Арақты бұл ішіп, мұндай арақ ішіп... Құдайға шүкір қазір екеуі де таусылып қалды! Мақұлбек те солай. Бүгін көшеге шығып кеткен екен. Балалар итше тепкілеп айдап бара жатқанын көрдім.

- Осы соғысушы екі жақтың негізгі таласы неде?-деп сұрады қонақ.

- Сен бір кезде «қабанға ерген балшыққа аунайды» дегенсің ғой. Ірі жалданба жағымпаздардың әрқайсысына он мыңдап ілесіп, «балшыққа аунап» жатыр! - Жауабының жалғасын ойланған келіншек құрметті қонағымен бір жастыққа бас қойып, бірге жатқанын сезінер емес. Шығыңқы омырауы қонағының кеудесіне тиіп-тиіп кетеді. Бұрынғы жақын достықтың неше жылдық сағынышы ішек-ара сақтауды ұмыттырғандай. Толық ақ білегі де оның арғы иығына артыла түседі. Жұмсақ алақанымен маңдайын, арқасын сипалап қояды. Ой билеп жатқан қонақ та түйсінбегендей. Мына, соңғы сөзіндегі теңеуге күлімсіреп, ол да сылап қойды нып-нығыз әйел жонын. Ақияның жауап сөзі үзілмей жалғасты. - Сөйтіп, неше түмен жарымес «төңкерісші» бір-бір мәнсаптының ғана құрбандық лақтарына айналғандықтарын білмей де қалды. Төңкерісші аталғандықтарына мәз. Төңкерісші атап мастандырған сол бастықтарының тақтан түсіріліп, күреске тартылуынан бір жақ қорғайды да ол бастыққа қарсылау пікірдегі бастықты екінші жақ қорғайды. Жан қиятын арман-мұрттары сол бір-бір мәнсаптылары ғана. Сол жеке мәнсаптылардың ым-ишарасымен қырылысып, қан төгісіп жатыр!... Бізді ардақты армандарымызбен махаббатымыздан айырып, халықты тоздырған бастықтары үшін ғана қырылмақ!

Ақия күрсіне тоқтатты сөзін. Қонақ бірге күрсініп, ойланып қалды. От тұтаған өткір қара көзіне жас іркіле қалды қонақтың. Ақия орамал алып, оның маңдайын, көз жасын сүртті. Жас баласын уатқандай, әлдилегендей қақты арқасынан.

- Енді жыламайықшы Биға! Мақпалың табылады!... Мен кейінгі кезде мына иттерден қатты қорқуым арқылы сол аяулы досымнан қашқалақтап, бетіме кетпес күйе жағып алғандай болып жүр едім. Енді сол күнәмді, жан-сүйгенін өзіне аман табыстыру арқылы жуа алатын орайға ие болдым!... Сені енді ешқайда жібермей сақтаймын. Бұрынғы күтіміңмен бұрынғы күйіңе толық келтіріп көрістіремін!

- Бұл ниетіңе мың рахмет! Бірақ мына заман, қияметқайымның дәл өзі болды ғой, аман табысу да қиын-ау. Сумаңдап сансыз жау жүр маңымызда, жүрегіміз ауыр жараланған, кең уымен менде қатты уланған жүрек. Бұл да балағымыздан алатын жау ғой!

- Менің жүрегімде тамтық қалған жоқ!- енді Ақия жылады. - Өмірден өз теңдесімді іздеп сонша жыл сандалғанда еншіме осы ит тиіпті! - Тығыла түсті қонағының бауырына. - Ар-намыс дегеннен аяп-қорғайын дейтіндей ештеңем қалған жоқ. Өзімнен де ерден де әлдеқашан түңіліп болғанмын. Соның қасына жатудан дәретханаға түсіп өлуді жақсы көретін болғанмын. Соншалық жиіркенемін. Некеленген әйелі барын әлдеқалай ескере қалғанда кішкене балаға конфет ұстатқандай арағын ұстата салып, өз керуетіме жөнелемін. Ал енді қартаяр шаққа да жетіп қалыппын. Алданшы етер бала көргім келеді. Бірақ, бұл некеден тағы бір қырсық өндіру-ұрпақсыз өлуден де азапты өлім ғой!

- Жаңағы «енді қалай күнелтіп жүрсің» дегенім осы емес пе!- деп жымиды қонақ.

- Сенсең де сенбесең де көріп келе жатқан күнім осы. Сырт көзге ерім бар, көрер қызығымды әлдеқашан көрген, кексе әйел сияқтымын. Іс жүзінде көрмей жатып-ақ түңіліп солып болған кемпірмін. Отыз жастан енді ғана асыппын. Көңілім өліп, санадан солғаныма бес жыл болып қалды. Демек, жиырма бес жасымда-ақ өліппін. Енді осы дүниеден көрдім деп өтпекпін?... Осындай масқара сырын айтып жатқан әйелде ар-ұят бар дегеннен сен де түңіліп-жиреніп жатқан шығарсың! - Ақия осыны айтып көз жасын бұлақтата жөнелді. Қонағы аянышпен тартты бауырына.

- Жоқ, жоқ Ақияш!... Дәл осы итке қосақталып қалғаның болмаса, сен, бұрыннан, тіпті қазір де көп жігіттің маңдайына біте қоймайтын ең таңдаулы әйелдің бірісің! - Ақияның ерніне ернін баса қойды. - Әлі де көз тартарлық сұлусың!... Ақылың мен көркі тең нұрланған жан болыпсың!...

Алғашында көзін жұмып, үнсіз қалған Ақияның ерні де жабыса кетті. Құшырлана жабысты...

Сәлден соң екеуі киімдерін түзеп, қайтадан қатарласып отыра қалды орындарына. Бір-біріне жалтақ-жалтақ қарасып, қызарақтаса күлісті.

- Мен михұла Мақпалға арналған антымды жариялай салып, оған да опасыздық істеп қойдым ба!- деп Ақия бетін басты. - Өзімнің ішкі мұңымды саған арыз қып айтып жылай беріппін ғой!..

- Иә, сен жылай бердің де қайтсем уатамын деп от басып алғанымды мен де сезбей қалдым!... Өліп қалдым дегеніңе қарай әйтеуір тірі кезіңнен де тірі екендігің белгілі болды.

- Екі таяқпен шойнаңдап әрең келген шалдың мұндай екенін қайдан білейін! - Ақия сықылық қақты да қонағының кеудесіне бұрымы қырқылған келте шашты басын сүйей күрсінді. - Менің алғашқы бірден-бір арманым сен болатынсың. Өліп қалды деп естігеннен бері жанымды жеген ең рақымсыз қасіретім де сен болғансың!... Бір ойдан мұны опасыздық деп өкінудің орнына мың шүкіршілік айту дұрыс екен!... Мені мен сенің ғана емес, бұл итте Мақпалыңның кегі де өлшеусіз зор ғой. (Некелеріңді бұзуға басқаларды қайрап жүрген осы ит болатын.) Сондықтан Нұрияшым кешіреді бізді!

- Құлжанның қазіргі халін білген соң бұдан кек алудан өзімді тоқтатқан сияқты едім. Сенің зарың мен қызуың сабырымды құйындай өшірді, кешір!

- Сенің қайғыңа ортақтасып, көңіліңді көтере алсам арманым не!... Мақпалың келгенше алданыш бола алатын сияқтымын ба?... Иә көңіліңдегідей бапшы бола алмай, ішіңнен жүдетіп қоярмын ба!

Қонақ, баптаушы болғысы келген қамқорын жұлып алдына алды да көтере түрегелді. Сүйе берді алқымы мен ернінен. Екі білегіне қондырып шыр айналдыра сүйді. Мойнына жабысып алып Ақия да шөпілдетті...

- По, жеткіздің ғой опасыз қатынды!  - «Ғарышқа шығып», етегі желбірей түскен Ақия қолын жуып еді. Тамақты ысытуға бейімделгеніне қонағы білегінен ұстай алып, тағы тартты қасына. Баптаушысы енді әдейілеп шешініп жатты...

Бір аздан соң ет плитадан қайта түсіріліп, коньяк қайта құйылды.

- Сенімен алғаш танысқаныма міне 14-15 жыл өтіпті,- деп күрсінді Ақия. - Сенен... түсіне алмай қалған бір жайым бар еді. Өзіңнен сұрап түсінуге ол шақта бетім шыдамаған. Енді сұрайын, шынын жасырмай айтшы! - Қонақ аңыра қалды бұл өтінішке. Ақия сөзін қызғыш тарта күлімсіреп жалғастырды. - Есіңде қалмаған сияқты. Мен әліге дейін өзімнен-өзім сұраумен келемін. Сол шақта менен қандай кемшілік таптың?... Ол кез, Мақпалың жоғалып кетіп, Үрімжіге одан мүлде түңіліп келген кезің болатын... Саған мені Күлән ертіп апарып таныстырған. Осындағы ең таңдаулы қызымыз деп көрсетуге апарғаны мәлім. Маған сені де солай деп мақтаған болатын. Сен де, мен де қуанышты шыраймен танысқанбыз. Мұны қазір бетіңе басқаным емес, сол пәк - таза қыз кезімнің өзінде де саған жақбайтын әлдеқандай бір кемшілігім бар болса керек. Соны білуді әлі де арман етемін. Олай болатыны, сол танысқан бірнеше күннен соң, жеңге рөлін атқарып екеумізді қосуға баулып жүрген Күлән тәтенің өзіне жабыстың... Жап-жас мен көзім қызарып, ескерусіз қалдым. Күлән онда екі-үш ерден айрылған әйел еді ғой?...

- Иә, есіме түсті, солай болған. Бірақ, ол жайым, сенен сол шақта бірер кемшілік тапқандығымнан емес... Күләш менің құрдастарымның ішіндегі бірден-бір жан досым. Ол жетімдік жағдайымен тұрмысқа тым ерте мұқтаж болып он үш-он төрт жасында бір жігіттен алданған. Екінші рет уәделескен жақсы жігітінен оның өлімі арқылы сорланған. Үшіншісінен мүлде қара күш арқылы зорланған. Қалай да үш ерден қалғаны рас. Соңғы зорекерден бір бала тастағанын да білетінмін. Бірақ соның бәрінде де өз басынан өткен біттей де қателік жоқ. Сондықтан ол жағдайларын мен кемшілікке санамаймын. Және бұрыннан қызығатынмын. 51-жылы жазда көшеде саған қатарласып келе жатып, өзіне ынтығатынымды білдіргенімде ол сені айлана қашқан ғой...

- Сонда мен ішімнен қатты  намыстанғанмын!- деп қосты Ақия.

- Ең ғажабы сол, Нұрияштардан айрылғаннан кейінгі дүниеде сол кемпірден сұлу қыз бар дегенге сенбеймін!... Оны Мақпал да солай қасиеттейді!

- Мақпал, сенің оны теңдессіз көретін райыңа қарап жақсы көретін шығар! -Ақия күрсіне сөйледі. - Ал, сен өзің оны неліктен соншалық жақсы көріп қалғансың, осы жайыңды анықтап айтшы!...Сонда оның несі артық көрінді менен?

- Ерлерден көрі әйелдерге сыншырақ сияқтымын ба қалай? - Қонақ күліп жіберіп, көңілдене жалғастырды сөзін. - Сол кемпір әйтеуір маған қашан да керемет сұлу көрінеді де тұрады. Ол, менің алғашқы махаббатымның ең жақын қормалы болатын. Бір құрсақтан шыққаннан да жақын әпекесі сияқты. Сол арқылы маған тіпті күйінішті қамқор қайынбике болған. Содан бастап екеуіміздің жүрегіміз қайнасып біткендей. Оның мен анық білетін ең жоғары қасиеттері - өзінің жақсы көретін адамына жүрегін де жұлып беруге дайын тұратын адал жандылығы, мінезі мен санасы. Ол мені алғаш көрген күннен бастап іштей сүйе жүріп-ақ, сол кезде келіншек болып қалғандығынан өзін маған лайық көрмей, пәк сұлу Нұрияға қосылуыма бар ниетімен тілеулес пана болды. Кейін маған тіпті күйе жүріп-ақ, өзін әлдекімнен қалған кемпір санап, жас сұлу саған қоспақ болды. Көңілім өзінде екендігін сездірсем де саған итермелей берді. Мақпал табылғанда бар қуанышымен той жасап қосты. Басқаның бақыты үшін өз бақытын құрбан ететін осындай жүрек қанша адамда бар? Күләнді сол үшін теңдессіз әйел деп білемін.

- Енді түсіндім. Мен сондағы сенің сыныңа толмай қалған қалысымнан-ақ кемсініп, дертке шалдыққанмын. Мына себептеріңді сонда білсемші!...

- Су-су!... Ақия, Ақия!- деген Құлжанның шала жансар дауысы шықты осы шақта. Іш көйлекшең ғана жайнаңдап отырған ақ сазандай Ақия, сол жексұрын дауысты түнере тыңдады да, ауырлай түрегелді орнынан.

- Тымау тиер, киініп барсаңшы!

- Қарсы үйдегі кереуетімнен тұрған болып кірейін, сол халіне қарамай өзі асқан күмінқор, қызғаншақ ит! - Есік сықырын білдірмей шығып кетті. Көшеден шу көтерілді ол шығысымен. Тарс-тұс мылтық атылды. Ақия жүгіріп қайта кірді клетке. - Киін, киін, жер астына түсіп ал! «Бірінші» мен «үшінші» жеңіп, қуып келеді. Армия құралдандырып, көмектескен екен! «Екіншінің» адамдарын іздеп енді бар үйді тінтеді!

- Ақия, Ақия!.. Мені жеткіз үңгірге тез жеткіз!- деп тілін шайнай ышқынған Құлжанға әйелі мұрнын тыжыра күлді. - Мені өлтіреді ғой Ақияш, өлтіреді ғой енді, тез әкет құлың болайын! -деп кемсеңдегеніне тіпті күлді.

Қонағы киіне сала сақал мұртын жанқалтасына салып, екі таяғын ала ұмтылды үңгірге. Қол шырағын қонағына беріп, кесек көмірді аудара сала Ақия, үңгір аузына қойған қарақожалақ темір қақпақты жұлып алды.

- Баспалдақ бар, домалап кетпе, үшінші тармағына кір!- дей сала құшақтап, қонақ, үй иесі айтқан үшінші бұрмасына кірді. Расында да жау қорқарлықтай үңірейген көп ұялы үңгір екен. Түп жақтағы бір далдасына төсеніш салыныпты. Сенімді жай тапқан қонақ біраздан соң ұйқыға кетті.

Үңгір қақпағының тақылдағанына оянып, сағатына қараған қонақ, уақыт күндізгі онға кеткенін бір-ақ көрді. Тамағын кенеп дыбыс бергенінен Ақия келгенін біліп, қайта құлады орнына. Ақия сипалап келіп тауып, кеудесіне құлай кетті. Аймаласа түсті де бойын тез тартты.

- Мұнан соң нысаптырақ болуды ұмытпайықшы!... Мақпал келгенше сені жап-жас жігітке айналдырсам!...

- Мына үңгірді кім жасаған? - Қонақ құшағына қайта тарта сұрады.

- Халық алдында қылмыс көп жендеттер бірлесіп жасаған!- деп күрсінді Ақия. - Мына жалақорлардағы кегін бізден алады деп қорқып әйелдері тіпті қатты істеді!

- Түнде мен мұнда түсіп алған соң не болды?.. Жасақтар келіп тінтті ме?

- Тінткенде де қандай, бірақ, бұл үңгірді олар білмейді. Анау қортықты тағы да тепкілеп кетті. «Сен осылай құсып-тышып жатып төңкеріс істемекпісің», «штапқа неге бармай қойдың», «екіншімен байланысыңды айт» десіп тепкіледі де, жауап бере алмайтын халін білген соң маған тиісті: «бұған неге арақ бересің, буржуазияша шіріктестіріпсің» деп зекіді. Мен оларға итімнің үстінен шағым айттым. «Бұл маған феодалдық үкім жүргізеді, арақ бермесем ұрады!» деп шағындым. Енді арақ бермеуімді, ұрса штапқа барып мәлімдеуімді тапсырды. Құлжанға таңертең ерте баталион штабына барып жауап беруін, екі құлағын жұлып тұрып ұқтырды. Қасына таңертең кірсем, саңырау болып қалғандығын айтып жылады! - Ақия қуанышын жасырмай сақылдап күліп айтты бұл хабарды. - Саңырау ғана емес мүлде керең болғанын, сөзімді айқайлап ұқтыра алмағанымнан біліп қуандым. Сүйрелеп тұрғызып, суық шай бердім де таяғын ұстатып әрең шығардым қақпадан. «Сен ертіп апар» дейді ха-ха-ха-һа...а... Осында шешіне ғой,- деді сонсоң Ақия. - Жаңа киім дайындап қойдым, кілетке шығып жуынып ауыстырайық!

Қонағын толық шешіндіріп, жаңа көйлек-штанмен ғана шығарды клетке отты мол жағып, су жылытып қойған екен. Үлкен легенге жалаңаштап түсіріп жуындырды да, сонсоң өзі жалаңаштанып жуынды. Қонақ та білегін үй иесінше сыбанып, өзінше сабындап, ысқылап жуындырды. Екеуінің бар әрекеті ләззәтті күлкіге айналды. Ақия көзінен қуаныш жасын парлатып жіберіп күлді де, қонақ күрсіне күледі...

- Саған қазірше мынадай ықшам киім лайық!- деп мақталы сары бешпет-сым кигізді Ақия. - Бүгін-ертең ешқайда шықпайсың. «Бірінші-үшінші жасақ» қуылғанша шықпағаның жақсы!... Олар қазір осы маңды түгел қоршап алды. Ұйғыр мен қазақ көрсе қатты тексереді. «Екінші жасақтың» негізгі көпшілігі институтта қорғанып соғысып жатыр екен. Оларда құрал тапқан сияқты. Басқа райондардағы көмек күштерін келтіріп, мыналарды қала ішіне қайта қуып тастай алса, солардың құпия белгісімен де  сақал, балдағыңмен де шығып тұруыңа болады.

- Оғанға дейін Мақпалдарды іздемейміз бе?

- Оларды мен іздеп-сұрастырамын, бейғам жата бер!- деді де қонағының мойнына асылып маңдайынан сүйді. Оның түндегідей ырқына көне қоймады бірақ. - Мен қазір сенен де бетер, күліп жіберді. - тіріліп кеттім. Сөйтсе де уақытқа бағынайық! Мұнан соң сенің арнаулы доқтырыңмын, біліп қой!

- Олай болса, мақұл!... Ал, сен оларды қалай іздейсің, кімнен сұрастырасың?

- Қазір құлағы ұзін жесір қатындар көп, айдалып кеткен «оңшыл-ұлтшылдардың», жақында қолға алынған «құқық иелері» мен «кері төңкерісшілердің» әйелдері. Бұлар бұрын менен тыңшы деп қорқатын. Менің жайымды жақыннан бері бір-бірінен естіп, түсініп қалғанын білдім. Құлжанға орнатқан «бақытымнан» түсінген сияқты. Бүгіннен бастап соларды шайға шақырамын. Бәрі арақ ішетін болған. Олардың жоғарырақ білімділері қазір Ұланбайға бақылау астында алынып, шошқа, сиыр бағып жатыр. Оларға да өздері аңсайтын бір нәрселер апарып, көңілдерін сұрап қайтамын. Нұрияшың мен Күләшіңнің қайда екендігін солардың бірі болмаса бірі білмей ме!... Дұрыс па бұл әдісім?

- Осы ақылың үшін, әкелші бір сүйіп алайын!

- Міне жерімнен ғана! - Ақия маңдайын еркелей нұсқады. Қонағы құшақтап тартып алды да миығына сап ете түсті. - Әне, әне!... Сенің ернің... асқан бұзық екен!- дей сала «доқтырдың» өзі де жабыса кетті. Естен тана жабысты...

Таңертеңгі тамақ екеуінің естіне сонан соң түсті.

Ақия екі шыны шайды асыға ішіп түрегелді. Жер асты үңгіріне түннен қалған еті мен коньякты, радио қабылдағыш пен көрпе-жастығын, тіпті дастарқан мен термосын да тасыды.

- Ал, сен сонда барып асықпай іш! Шам жағып қойдым, сырттан басқа дыбыс естілсе өшіре сал! Қақпаны сыртынан құлыптап кетемін. Әлгі маскүнемнің бара салып қамалатыны белгілі!

- Тоқтай тұр, жоғымызды табуға ақша да ес қатып қалар, шіріктескен шақ қой, қанша пара болса да тартынба! - Қонақ жаңа киім қалталарын сипап қойып, үңгірге қарап ұмтылып еді, Ақия ұстай алды.

- Ақша ма?... Өзіңде тұрсын, кейін керек!... Үрімжі базарында қазір еш нәрсе жоқ. Сақтық үшін бәрін де бұрын алып қойғанмын!... Ал түс, үйренген зынданыңа! Мен тез қайтып кеп, дастарқан дайындаймын!

- Гүлниса дейтін әнші қызды білесің ғой, табылса соған мені жасырмай айт, келіп көрісуінен қауіптенбе!

- Ол қолға алынған, қазір ең қиын түрмеде... Оның оқиғасын кейін айтайын!

Қонақ, Гүлниса жөніндегі мына хабардан ауыр күрсініп түсті үңгірге. Ыңғай жаңа төсеніші салынған орнына келіп құлай кетті де, радио қабылдағышты айландырды. Белгісіз бір станциядан түндегі оқиғаның хабары беріліп жатыр екен. Бір жуан дауысты ұйғыр үкіметке ашық қарсы, ауыр наразылық жариялады.

«Төңкеріс шебіндегі екі көзқарасты бірлікке келтіріп тыныштандырудың орнына бір жағына әскери құрал беріп, екінші жағын қырғындатты. Өздері жариялаған «қалам күресінің» орнына «әлем күресін» жүргізіп, ішкі соғысқа от тұтатты. Сөйтіп бұл ретте де қанды қырғынды бастаған үкіметтің өзі! Екінші көзқарастағы жастар да құралдануға мәжбүр болды. Қырылған, жараланған төңкерісші саптастарының адал қанына қан, жанына жан алуға аттанды. Жолдастар, достар, жалпы аттанысқа келіңдер, соғысқа соғыспен жауап бермей, бұл қырғын тоқтамайды. Құтқарыңдар бауырластарыңды!»... «Өздеріңізге мәлім, біз бұларға ешқашан қорыққандығымыздан бағынған емеспіз, коммунистік партияның құрметіне бас игенбіз. Бұл диктаторлардың коммунистік көзқарастан айнып, азғындағаны бүгін ғана емес, саптастар жағынан әлденеше рет ескерту айтылған. Коммунизм әрекетін Маулармен Уаңдарды сыннан қорғау деп қана танитын көзқарасты ұрыңдар тұмсыққа! Бұл маркстік-лениндік көзқарас емес! Сыннан қашатын «коммунизмші», «коммунизмші емес!...», «біз өз отанымызда ақиқи социализм мен коммунизмді ғана қарсы аламыз! Жоғалсын жаңа заман феодалдары!...»

Осындай жалынды сөздер радиодан сөйленіп жатқанда үңгірдегі жасырын қонақ мыти берді көкірегін, аунақши берді. Арақ та жұтты, ыстық шай жұтып жіберіп, өңешін де күйгізді. Бір шақта бұл радио өше қалды да, соның дәл қасындағы тошкыден үкіметтің әшкере радиосы ұрандата жөнелді: «теңдессіз көсеміміз Маузыдұң жасасын! Құқық ақиқи Маузыдұңшыларға ғана тән!... Үкіметсіздікке соққы берелік! Барлық кері төңкерісшілерді, барлық кертартпа күштерді, тап жауларын жоялық!» деген ұрандары естіген қонақтың бет-аузы бырыса қалды. Радио қабылдағышты өшіргенше, «шужыңжуйшылар» мен «оңшыл оппортонизмді» де сыбап үлгерді легалды радио.

Қонақ, үңгірдің қақпағы ашылып, Ақияның үні естілісімен ұмтылды жер бетіне. «Бүгінге екі жесірді ғана шақыра алдым. Соғыс қызып барады!»- деп Ақия құшақтай алды. - «Тыңда, тыңда!» деді сонсоң. Екі жақтың электрлі кернайлармен иянаттасып, айтысып, бейберекет шуласып жатқаны естілді.

Ақия клеттің терезе портошкасын ашып қойып, естіп келген хабарын қысқаша сөйледі қонағына.

«Қызыл екінші жасақтың» көрші аудандардағы әтіреттері келіп жатыр екен. Тіпті таудағы қазақтардың атты әтіреттері де келіп қала сыртына орналасыпты. Толық құралып, «қызыл 1, 3» бүгін түннен қалдырмай қуып салудың дайындығында екен. Мына кернайларын сол дайындықтары үшін ғана айқайлатып айтыстырып қойыпты.

- Сондықтан қазірше ешқай жақ халықты тінте алмайды. Сен осы жерден тыңдап тұр, менің жұмысым бар! - Ақия клетті сырттан құлыптап тастап үйіне жүгірді.

«Құрал тастап, қол көтеріп шығыңдар!», «құтылар жолдарың қалмады, берілмесеңдер түгел қырыласыңдар!»- деп айқайлады «бірінші, үшінші» бұл жақтан.

- Қоршауда қалған біз емес, сендерсіңдер, «тарихтың жаратушысы халық»[3] болса, қанішер бұзақыларды жоюшы да халық болмақ!»- деп институт жақтан «екінші» айқайлады.

- «Кім де кім төңкерісші халық жағында тұрса сол төңкерісші, кім империялизм, феодализм, бирократ капитализм жағында тұрса ол кері төңкерісші»[4], жеңімпаз Маузыдұң идеясына қарсы тұрып, арба дөңгелегіне жабысқан тәуетше жаншылмаңдар!

- Осы нұсқауды өздерің оқыңдар жалдан ба иттер! Феодал бирократ құқықтылардың айтағымен арсылдағанша өтіңдер халық жаққа!

- Ей жын-шайтандар, халықтың кім екендігін әліге дейін түсінбейсіңдер ме!

- «Халық» дегендерің - өзін халық деп атап, халықтың құқығын тартып алған бирократ феодалдар ма! Ей соқырлар, халық оның бүтіндей қарсы жағында, міне біз жақта тұр!

«Қызыл екіншінің» осы жауабына «қызыл бірінші мен үшінші» оқтан басқа қару таба алмай қалғандай, автоматтан оқ жаудырды. Кішкене қақпа да автоматша тақылдағанда Ақия жүгіріп шықты үйінен. Кілет терезесіндегі қонағына басылып отыр дегенді қолымен ымдай жөнелді. Үйінің көше жақ терезесінен әйелдердің сасқалақ дауыстарын естіген екен, шақырдым деген «екі жесірі» қақпа ашылысымен сып-сып ете түсті. «Жаңа дәстүрмен дауыстап «сәлем бере» кірді үйге.

- «Халық үшін істелік!»[5]

- «Белді бекем буып, құрбан болудан қорықпай, үздіксіз жеңіске жете берейік!»[6]

- «Бірінші қиыншылықтан қорықпайық, екінші өлімнен қорықпайық!»[7]- деп үй иесі «сәлем алды».

Өздерінің сәлемдескен болмыстарына үйге кіре сала сақылдап күлісті өздері.

 

Данышпан тергеушім, сіздің «халық» атты ойыншығыңыздың сыры, ертегідегі «ұр тоқбақтан» да қиындап кетті. Мына шулап жүрген пенделеріңізде жарылмаған бас, шықпаған көз қалмай барады. Өзіңіз қамқорлық етіп, жалғыз құйрықты айқын түсінік бермесеңіз менің басым быт-шыт болғаны ғой. Олай болғанда жаныңызға жағарлық қылмыс тауып бере алуым мүмкінбе!...

Баяғыда бір мәнсапты халыққа тән барлық құқықты құрал күші арқылы шатына жиып алған екен. Сол мықты, «халықтың ең құқықты қожасы - мен, сондықтан мені мен менің сойыл соғарларым ғана халық» депті. Ал, сізше?... «Халық» деген сондай сойылдылар ғана ма, иә осы елді өз сәнімен құрап, күшімен асырап отырған көпшілік еңбекшілер жұртшылығы ма? Егер сол мәнсаптының үкімі дұрыс болса, «халық жауы» деген кім болмақ?

Әділетті айтқысы келетін төрешінің осы жөніндегі қылмысты айырудан басқа пәлендей қажеттілігі жоқ болса керек қой!

 

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»



[1] Дашызы (ханзуша атау) - Үрімжідегі үлкен төрткөше түйілісі.

[2] Қызыл 1-ші, 3-ші қосындар  - автоном районның бас секретары Уаң ынмауды қорғаушы қосындар. Қызыл екінші қосын - оларға қарсы генерал Угуаңды қорғаушы қосын.

[3] Маузыдұң сөздерінен үзінді.

[4] Маузыдұң сөздерінен үзінді.

[5] Маузыдұң сөздерінен үзінді.

[6] Маузыдұң сөздерінен үзінді

[7] Маузыдұң сөздерінен үзінді.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409