Экс-әкім Әбдіхалықова несімен есте қалды?
Қазақстандағы облыс басқарған жалғыз әйел әкім Гүлшара Әбдіқалықова қызметінен босатылды. Оның орнына Қызылорда облысының әкімі болып Нұрлыбек Нәлібаев тағайындалды.
Гүлшара Әбдіқалықова Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы алғашқы және жалғыз әйелден сайланған әкім болды. Ол еңбек жолын 1987-1994 жылдары Қызылорда облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасының аға маманы, бөлім бастығы болып бастаған. Екі рет ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болып, 2009-2012 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып сайланды.
Әбдіқалықова 2013 жылғы 28 қарашада Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. 2014 жылғы қарашадан 2019 жылғы ақпанға дейін Мемлекеттік хатшы болды. 2019 жылғы ақпан-тамыз аралығында ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып қайта тағайындалды. 2019-2020 жылдары Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы қызметін атқарды.
2020 жылдың наурызынан 2022 жылдың сәуіріне дейін Қызылорда облысының әкімі болды.
Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысын басқарып тұрғанда несімен есте қалды?
«Ханның қызы» деген ат алды
2020 жылдың шілде айында Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жаңақорған ауданына іс-сапармен келген болатын. Сол кезде көпбалалы ана, қоғам белсендісі Сандуғаш Тұрлыбекова полиция «облыс әкімі келді» деп жолды жапқанын айтқан видеосын әлеуметтік желіге жариялады. Аудандық аурухананы аралап шығып келе жатқан әкімге: «Больницаға келе жатыр деп маршрутты тоқтатып, жолды жауып тастады. Сіз әлде ханның қызысыз ба? Халықты неге қорлайсыздар? Келе салып әшейін кетесіздер, халықпен бірге емессіздер, – деді Тұрлыбекова. Кейін экс-әкім бұл жағдайға байланысты өз жауабын берді. Оның айтуынша, бұл учаскелік полицияның іс-әрекеті болған.
«Мен жолды жабуға тапсырма берген жоқпын. Аудан әкімі де жолды жабуға тапсырма берген жоқ. Ішкі істер бөлімінің басшысы да ондай тапсырма бермеген. Сол жердегі учаскелік полицияның тапсырмасы болса, cолардың іс-әрекеті болса, онда мен облыстық полиция департаментіне тапсырма бердім», – деді Гүлшара Әбдіхалықова.
Осы оқиғадан кейін Сандуғаш Тұрлыбекова Әбдіқалықованың жеке қабылдауында болып, жеке басының және басқа да тұрғындардың түйткілді мәселесі туралы айтқан.
Қате қойылған шахмат тастары
2021 жылы облыс экс-әкімінің атын шығарған тағы бір қолайсыз жағдай болды. Былтыр Шиелі ауданына қарасты Нартай ауылындағы жаңа спорт кешені ашылған. Ашылу салтанатына барған бұрынғы әкімнің жұмыс сапары кезінде түсірілген суреті әлеуметтік желі қолданушыларын таңғалдырып, түрлі пікірдің астында қалды. Суретте шахмат ойнап жатқан балаларды экс-әкім бақылап тұр, алайда шахмат тақтасындағы тастар қалай болса солай қойылып, ретін жоғалтқан. Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай көріністі көзбояушылық үшін түсірілген сурет деп бағалаған. Суретті түсірген баспасөз қызметі ешқандай түсінік бермесе де, Шиелі аудандық спорт бөлімінің басшысы Нариман Сапарбай: «Бұл жерде ешқандай жарыс болған жоқ. Жеткіншектер енді ғана келіп шахматты үйреніп жатқан. Көзбояушылық немесе басқа да себептер бар деп айтпаймыз», - деп түсініктеме берген.
Жаңадан ашылған спорт кешенінің директоры Жарқынбек Есенбайұлы да әріптесін қолдап: «ауылымыздың балалары келіп, шахмат фигураларының орналасуы және шахматты қалай ойнайтыны туралы сұрап отырған болатын. Облыс әкімі бізге шахмат фигураларының дұрыс орналаспағанын атап өтті. Балалардың бүгіннен бастап спорт кешеніне келіп, шахмат үйрену үшін сабақ алып жатқанын айттым», – деген болатын.
Әбдіқалықованың «сенімді серігі»
Әкімнің «сенімді серігі» деген лақап ат алған – Гүлшара Әбдіқалықованың идеолог орынбасары Серік Ахмет болатын. Қызылорда облысы спорт басқармасының басшысына 2021 жылы қыркүйектің аяғында жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен тергеу жүргізілді. Ал, мәдениет басқармасы басшысының пара алғаны сотта дәлелденіп, 20 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл екі басқарма да Серік Ахметтің басшылығына кіреді. Заң бойынша қызметкердің жемқорлыққа қатысы болса, оның басшысы отставкаға арыз беруі керек. Алайда Гүлшара Әбдіқалықова бұл істе асығыстық танытпады.
«Менде заң бойынша бір ай уақыт бар. Бұл адамның тағдыры. Сондықтан жеті рет ойланып шешім қабылдауым керек», - деді ол. Экс-әкім бұл сөздерін екі ай бұрынғы Нұр-Сұлтан қаласында журналистерге есеп беру кезінде айтқан болып шықты. Осылайша ел-жұрт бірнеше айдан кейін ғана Серік Ахметтің отставкасы туралы естиді.
2022 жылы 25 ақпанда Қызылорда облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Серік Ахмет басқа қызметке ауысуына байланысты қызметінен кеткенін өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Әрбір істің басы мен ортасы және соңы болады. Екі жылдай Қызылордада жұмыс істедім. Осы уақыт ішінде Мен өзімнің барлық білімімді, тәжірибемді, күш-жігерімді жоғары мемлекеттік қызметке жұмсадым. Өңірдің ішкі саясаты мен қоғамдық-саяси бағытын жүзеге асыру бойынша ауқымды міндет қойылды. Өңірде тіл тазалығын, бай мәдениетті және еліміздің ежелгі тарихын сақтау, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында «Сыр Елі» мегажобасы іске қосылды. Оның аясында «Сыр-Алаштың анасы» кітабы, «Сыр өңірі» фольклорлық өнер антологиясының бірінші томы «Жанқожа батыр», «Сыр журналистикасының тарихы» кітаптарының 5 томдығы және т. б. жарық көрді. Сыр өңірінде алғаш рет «Абай» операсы қойылды, бірнеше республикалық ақындар айтысы, жыршы-жыраулар байқауы ұйымдастырылды. Осының бәрін біз өңір тұрғындарының үлкен қолдауының арқасында жүзеге асыра алдық деп сенемін. Мен үшін туған Қызылорда облысының игілігі үшін сіздермен бірге жұмыс істеу үлкен мәртебе болды. Рахмет сіздерге!», - деді ол.
Серік Ахмет Гүлшара Әбдіқалықова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған уақытта вице-министр қызметін атқарған.
Атқарған істері қандай?
Гүлшара Әбдіқалықова облыс әкімі болып тұрған кезінде ауылшаруашылығын дамытуға көңіл бөлді. Қызылорда облысында 2021 жылы 2,5 млрд теңгенің сегіз жобасы іске қосылды. Қызылордада қымыз бен ет өңдейтін зауыт салынып, ашылды. Жобаны жүзеге асыруға 111 млн теңге жұмсалды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 4,2 мың тоннаны құрайды. Қызылорда қаласында өсімдік шаруашылығына қатысты 300 млн теңгеге жоба жүзеге асырылды. Өңірде күрішті жапон технологиясы бойынша өсіре бастаған.
Жаңақорған ауданында бес жоба іске қосылды. Инвестицияның жалпы көлемі 2 млрд теңгеге жеткен. Атап айтқанда, 525 млн теңгеге 25 гектар алма бағы салынды. Мұнда жылына 500 тонна жеміс жиналады екен. Сервистік-дайындау орталығы салынып, 100 га жерге қызанақ отырғызылған. Тағы жалпы сомасы 159 млн теңгеге екі бал өндірісі жолға қойылып, 62 млн теңгеге асыл тұқымды шаруашылық құрылды. Қазалы ауданында 87 га жерге жаңбырлатып суару арқылы жүгері өсіріле бастады, осы жобаны іске асыру есебінен жылына 5,2 мың тонна сүрлем өндірісі жолға қойылды.Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ауқымды жобалардың бірі - шыны зауыты іске қосылды. Өндіріс орны жылына 200 мың тонна өнім шығаруға маманданған, 500 астам жұмыс орнын ашқан.
Қызылорда облысының экс-әкімі әйелдерді жұмыспен қамту мәселесіне қатты көңіл бөлді. Көпбалалы әйелдерді бизнеске бейімдейтін гранттар бөлді. Айта кетейік, президент Тоқаевтың 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасындағы өзгерістер туралы жарлығында биліктің атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда әйелдердің үлесін 30 пайызға дейін ұлғайту туралы айтқан болатын.
Сонымен қоса, Гүлшара Әбдіқалықова қаңтар оқиғасы кезінде халықтың алдына шығып, наразы топтың талап-тілегін тыңдап, оларды сабырға шақыруға тырысқан әкімдері бірі.
Айжан Темірхан
Abai.kz