Жексенбі, 24 Қараша 2024
Айбын 3167 0 пікір 20 Наурыз, 2022 сағат 17:31

Жастар – Қазақстанның болашағы емес, бүгіні!

Қазақстан Республикасының жеке ел болып, өркениетті даму жолына түскеніне отыз бір жылдай уақыт болды. Дегенмен, ел дамуы тек оның экономикалық жетістіктерімен айқындалды десек қателесеміз. Алайда, дәл қазіргі әлемдегі саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени жағдай біздің елімізден буырқанған өркениеттер тоғысында жетімсіреген күй кешпей, дүниедегі өз орнын тезірек айқындауды талап етеді. Осы орайда жастар мен билік арасындағы қарым-қатынас мәселесі бірден алға шығады.

Қазақстанда жастар саясатын басқару саласында әртүрлі тәсілдер қолданылды. 1991 жылы құрылған Жастар ісі, дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік комитет көп ұзамай Қазақстан Республикасының Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитеті болып қайта құрылды. Жергілікті жерлерде барлық облыстарда, көптеген қалалар мен аудандарда Жастар ісі жөніндегі комитеттер құрылды; бірқатар жерлерде олар басқа мемлекеттік құрылымдармен біріктірілді немесе әкімшілік құрамына кірді.

Енді егеменді елдің жастар саясатына байланысты қолға алған тарихи қадамдарына тоқтала кетейік.

1991 жылдың маусымында алғашқылардың бірі болып "Қазақ ССР-індегі мемлекеттік жастар саясаты туралы" Заң қабылданды.

Оның ізін ала 1993 жылы Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитет пен туризм, дене шынықтыру және спорт министрлігі таратылып, олардың орнына бірыңғай орган Қазақстан Республикасының Жастар ісі, туризм және спорт министрлігі құрылады.

Араға үш жыл салып, 1996 жылдың қазан айында Мемлекет басшысының Өкімімен Үкімет "жастар туралы" Заң жобасын әзірлеп, 1997 жылдың бірінші тоқсанында Парламенттің қарауына шығарды. Бұдан басқа, шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, жастар шығармашылығын, әлеуметтік маңызы бар бастамаларды, балалар мен жастардың бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту шараларын әзірлеу қажет болды.

"Новое поколение" газетінде 1998 жылдың сәуір айында "За будущее Казахстана" Республикалық жастар қозғалысы кеңесі мен ақпарат, мәдениет және қоғамдық келісім Министрлігінің жастар саясаты бөлімі әзірлеген Қазақстан Республикасының жастар саясаты Тұжырымдамасының жобасы жарияланды.

1999 жылғы шілдеде Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында талқыланды, онда бірінші кезекте тұжырымдама тиісті заңнамалық базаны құруға бағытталғандығы атап өтілді; бұл бағыттағы жұмыс Парламент депутаттарын, мемлекеттік шенеуніктерді, жастар ұйымдарының өкілдерін біріктіретін ҚР Парламенті Мәжілісінің жанынан құрылған арнайы жұмыс тобында жүргізілді. Нәтижесінде 1999 жылғы 28 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының негізін қалаушы идеялары мен принциптеріне, БҰҰ-ның 2000 жылға дейін және одан кейінгі кезеңге арналған жастарды дамыту жөніндегі Дүниежүзілік іс-қимыл бағдарламасына, Бала құқықтары туралы конвенцияға, Қазақстан Республикасының Конституциясына, сол кездегі ел Президентінің "Қазақстан-2030. Гүлдену, қауіпсіздік және қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға" негізделген құжат өмірге келді. Бұл Тұжырымдама бес бөлімнен тұрды. Онда қоғамның стратегиялық ресурстарын дамытудың маңызды бағыттарының бірі ретінде мемлекеттік жастар саясатының қажеттілігі негізделген, осы саясаттың негізгі мақсаты, басымдықтары, негізгі қағидаттары мен бағыттары, сондай-ақ басқару органдары айқындалды.

2001 жылғы 15 маусымда мемлекеттік жастар саясаты мәселесі бойынша парламенттік тыңдаулар өтіп, онда арнайы заңды қабылдау қажеттігі туралы нақты сөз болды. Тыңдаудың алдында үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. Депутаттар өздері сайланған округтерге барып, белсенді жастармен кездесті. Осыдан кейін барып, алғашқы нұсқасы жөнге келген "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы" Заң жобасы 2002 жылдың мамыр айында республикалық баспасөз беттерінде жарияланды. ҚР Парламенті Мәжілісі өзінің арнайы Қаулысымен әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетке осы заң жобасын қарап, ол бойынша қорытынды әзірлеуді тапсырма берді. Ұсынылған заң жобасы жастар ортасында біршама қолдау тапты.

2003 жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісінің жұмыс тобы мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасының үкіметтік нұсқасына депутаттар ұсынған түзетулерді қарастырды. Жас қазақстандықтардың білім алуына, жастарды жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ тұрғын үй несиеге алуға қатысты нормалар әзірлеушілер мен депутаттар арасында үлкен пікірталас тудырды.

2003 жылғы 29 Мамырда заң жобасы әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында қаралды. Оны талқылауға Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім Министрлігінің, жастар ұйымдары мен бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар 100-ге жуық ұсынылған түзетулерді талқылаға түсірді.

Түзетулер мен өзгерістерден кейін 2004 жылдың 7 шілдесінде "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасының Заңына Президент Н. Ә. Назарбаев қол қойды. Аталған Заң өзінің тарихи міндетін 2015 жылға дейін мүлтіксіз атқарып шықты.

2013 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасының Үкіметі 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын мақұлдады. Мемлекеттік жастар саясатының басты басымдығы жастардың өз мүдделеріне, бейімділігіне, физикалық мүмкіндіктеріне сәйкес және қоғам мүдделерін ескере отырып, еркін әлеуметтік даму құқығын, шығармашылық бастаманы іске асыру үшін жағдай жасау болып табылады.

2014 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Жастар дамуының жаһандық индексінде әлемнің 170 елінен 27-ші орынға ие болды. Бірақ бәрі неден басталғанын еске түсірейік. Осы бағыттағы негізгі жұмыс 2012 жылдың аяғында басталды.

2015 жылдың ақпан айында "мемлекеттік жастар саясаты туралы" жаңа заң қабылданды. Нәтижесінде жастарды жастар ұйымдарының, консультативтік-кеңесші органдардың және жастардың өзін-өзі басқару органдарының қызметіне білім беру жүйесі мен еңбек ұжымдарында тарту заң жүзінде бекітілген. Жаңа заңның тағы бір маңызды ерекшелігі жастардың мүдделері мен қажеттіліктерін қозғайтын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің құзыреттері мен жауапкершілігін бекіту болып табылады.

Бұдан басқа, осы жылдар ішінде барлық деңгейдегі әкімдер жанындағы Жастар ісі жөніндегі Кеңестерді ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауға қол жеткізілді. «Жаңа Қазақстан» құруда жастар сясатына қатысты жаңа заң қабылдау күн тәртібінде тұрғаны жасырын емес. Бұл, өйткені, уақыт талабы.

Жастар – олар Қазақстанның болашағы, мемлекеттің алдын ала жылдар мен ғасырларға алдын ала жасаған стратегиялық жоспары іспеттес. Тек осы жоспар қаншалықты уақыт өзгерсе де өз орынында өзгермей қатып қалған қағаз немесе мемлекеттің меншігі, бір объект емес ол – субъект. Ол өзгереді және оның өзгеруіне көптеген факторлар әсер етеді. Сондықтан да елдің жастары, Жастар саясаты – өте нәзік дүние. Оны дұрыс арнаға қойып, дұрыс бағыт бағдар беріп жұмыс істететін болса, сол мемлекет мәңгілік мемлекетке айналады. Себебі, мемлекеттің жастары олар мемлекеттің болашағы, ең негізгі байлығы. Жастар мемлекеттің қандай да болмасын қаруынан мықты күш. Өйткені жастар болашақ мықты ғалымдар, халықтың денсаулығын сақтайтын мықты дәрігерлер, мықты қаржыгерлер, мықты заңгерлер, мықты саясаткерлер, мемлекеттің әскері, берік отбасының негізі, мықты саясаткерлер сондай-ақ болашақ біздің елбасымыз да осы аталған жастардың ішінен шығады. Осы аталған әлеуметтік топтардың барлығы да болашақтағы Қазақстанның бет бейнесін ашатын, мемлекетіміздің Мәңгілік ел идеясына жетелейтін негізгі күш болып табылады. Сондықтан да жастарға өте көп көңіл бөлу қажет. Жастар саясатын дамыту қажет. Бірақ, тағы да байқағаным мемлекет осы күнге дейін осы жастарды қолдауға аз күш жұмсамаған, оны біз мемлекеттің әр түрлі жобаларынан, жастарға тегін білім алу, өзінің жеке кәсібін ашу көптеген мүкіншіліктер жасаған. Бірақ осы мүмкіншілікті біздің жастарымыз толықтай қолдана алмай отыр. Тек еңбектеніп, ізденген жастар ғана осының жемісін көруде. Ендігі «Жаңа Қазақстан» құрудағы басты мақсат осындай жастардың санын көбейту болып табылады.

Жастар мен билік арасындағы қарым-қатынастың дұрыс немесе бұрыс арнада дамуы жастардың билікке жақындау, яки олардың биліктен алшақтау тенденциясына басты алғышарт болып саналады. Демек, жастардың ресми мемлекеттік идеологияны қолдауы да, қолдамауы да биліктің қолында екені басы ашық жайт. Ал бұл болса жастар арасындағы патриоттық сезімнің қалыптасуына тікелей әсері бар «сенім» феноменін туғызуда терең мәнге ие құбылыс екендігін естен шығармауымыз керек.

Жастардың саяси-әлеуметтік және мәдени құндылықтарынығң өзгеруі заңды құбылыс болып табылатыны дау тудырмайды.

Қандай мемлекет болмасын өзінің даму барысында басынан бірқатар өтпелі кезеңдерді өткізетіні белгілі. Бұл тарихи даму заңдылығы және ол барлық елдер үшін ортақ аксиома. Трансформациялану процесі немесе өтпелі кезең қиындығы сол мемлекет ішінде өтіп жатқан реформалардың деңгейі мен тереңдігіне байланысты. Міне, осындай құбылыс ұзақ жылдар бойы Кеңес Одағының құрамдас бөлігі болып келген Қазақстанды да айналып өтпеді. Жалпы қоғамдағы өзгерістер жайлы ой шерткенде, бірінші кезекте азаматтардың материалдық жағдайы туралы көп айтылып, олардың рухани құндылықтары шет қалатыны бар. Шын мәнінде, қандай да болмасын қоғамдық өзгерістер барысында өз қалпына қайта келуі қиын, әлсіз буын осы рухани сала болып табылады.

Міне, дәл осылай Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан қоғамының, әсіресе жастар буынының дүниетанымы бірден өзгеріп шыға келді. Осындай жағдайда Қазақстан Республикасының қалыптасуында кеңестік дәуірдегі жастардан кейінгі жастардың арасындағы рухани сабақтастық үзіліп, қазіргі таңда нарықтық экономикаға бейімделе бастаған тәуелсіз жаңа буын өкілдері өсіп жетілуде. Өз кезегінде соңғы жиырма төрт жылда Қазақстанда Республикасының экономикалық, қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі өзгерістер қоғамның, соның ішінде жастардың да дүниетанымына әсерін тигізгені рас.

Бүгінгі жас буынның бағыт-бағдары ертеңгі мемлекетіміздің кепілі болуымен қатар қоғамның прогресситі дамуына белгілі бір мөлшерде ықпал ететін әлеуметтік топ құру мақсатымен ұштасуы шарт. Жалпы еліміздегі қалыптасқан экономикалық және саяси жүйе жастардың құндылықтарын түбірінен өзгертті және де бұл өзгерістерге толыққанды оң баға беру әлі ерте. Дегенмен, тәуелсіз мемлкет, оның саяси және экономикалық институттарымен қоса жаңа буын өкілдері дүниеге кепіл өздерінің ерекше дүниетанымдық көзқарасымен, мәдениеімен, салт-санасымен жаңа ағымда өсіп жетілуде деген үміт те жоқ емес. Осы орайда қазақстан жастары жайында қазіргі қоғамда бірқатар сұрақтардың туындауы заңды. Атап айтқанда Қазақстан жастарының қазіргі жағдайы мен болашағы қандай болмақ? Қоғамның саяси өмірінде жастардың орны қандай? Жастардың патриоттық сана-сезімін қалай көтереміз? Болашақтың кепілі болатын жас буын өкілдерінің қазіргі қоғамдағы орны мен ролі қандай болуы керек? міне, осы және басқа да мәселелер дәл бүгін шешімін табу керек. осындай еліміздің баянды болашағы үшін өмірлік маңызы бар сауалдар жоғарғы мемлекеттік деңгейде, ғылыми тұрғыдан кешенді түрде зерттелініп, жастарды нарықтық заманда қорғай алатын біртұтас бағдарламалар мен құқықтық нормалар қабылдаудың қажеттігі туындайды. Біз «Жаңа Қазақстаннан» осыны күтеміз.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1495
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5608