Оралмандардың әлеуметтік мәселесін шешу үшін ұлттық миграциялық қор құру қажет пе?
Шетелдерде тұрып жатқан қазақтарды елге көшіру саясатына өзгерістер енгізу қажет. Осы бағытта Израиль мен ГФР сияқты ұлттық миграция қорын құрып, шеттен келген қандастарымыздың әлеуметтік ахуалына көмектесу ісін жүйелеуге болады. Өткен аптада бұл пікірді Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы айтты. Осы ретте, «Оралмандардың әлеуметтік мәселесін шешу үшін ұлттық миграциялық қор құру қажет пе?» деген сауалға мамандар әртүрлі пікірлерін білдіріп жатыр. Біз аталған мәселені ой-көкпардың ұршығына салып иіріп көрген едік.
Шетелдерде тұрып жатқан қазақтарды елге көшіру саясатына өзгерістер енгізу қажет. Осы бағытта Израиль мен ГФР сияқты ұлттық миграция қорын құрып, шеттен келген қандастарымыздың әлеуметтік ахуалына көмектесу ісін жүйелеуге болады. Өткен аптада бұл пікірді Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы айтты. Осы ретте, «Оралмандардың әлеуметтік мәселесін шешу үшін ұлттық миграциялық қор құру қажет пе?» деген сауалға мамандар әртүрлі пікірлерін білдіріп жатыр. Біз аталған мәселені ой-көкпардың ұршығына салып иіріп көрген едік.
Ауыт Мұқибек, ақын:
иә
- Ұлттық миграциялық қор құру қажет деп ойлаймын. Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде шеттегі 1 миллионға жуық қазақты әупірімдеп жүріп көшірдік. Жат елдегі қандастарымыздың санына қарасақ, бұл көрсеткіш айтарлықтай нәтижеге қол жеткізбегенімізді көрсетеді. Сондықтан да бүгінгі күні көші-қон мәселесіне үлкен реформа керек. Ол реформаны әлемдегі Израиль, Германия, Ресей секілді елдердің тәжірибесіне сүйеніп жасауға болады. Осы елдердің кейбірінің көші-қон мәселесін қолға алғанына ғасырдан астам уақыт өтті. Демек, ол елдерде осы мәселе пісіп-жетілген. Олардың, яғни Германия мен Израильдің, ұлттық миграциялық қор құру тәжірибесі өзін-өзі ақтаған үрдіс деп білемін.
Сонымен бірге біздің мемлекетіміздің әл-ауқаты, экономикасының қарқынды дамуы, өзге елдермен терезесінің тең болуы тікелей Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тығыз байланысты. Көші-қон мәселесінің де басты бастамашысы, қозғаушы күші - Елбасымыз. Бұл орайда ұлттық миграциялық қорды Тұңғыш Президентіміздің көші-қон қоры немесе Елбасымыз сөзін жазған әндегі «құйылсын көшің» атты тіркесті пайдаланып, «ҚҰЙЫЛСЫН КӨШІҢ...» Президенттік қоры деп атауға болады. Бұл бірінші - мәселе. Екіншіден, шетелдегі ағайынды мемлекеттің бюжетін шығындамай-ақ көшіруге болатын секілді. Өйткені біздің халықтың әл-ауқаты әбден көтеріліп, ұлттық буржуазиямыз қалыптасты. Forbes Kazakhstan журналы Қазақстандағы ең бай адамдарды анықтап, «Дәулеттi Қазақстан» деген атпен олардың тiзiмiн жариялады. Әзiрге жалпы саны 50 адам. Солардың әрбiрiнiң қаржысының 0.001 пайызын ғана шотқа салып көріп едім, 835 млн 722 мың АҚШ долларын құрады. Мұны мөлшермен әр отбасына 10 мың доллардан деп есептесеңiз,
83 572 шаңырақты көшiрiп алуға еркін жетедi екен. Демек, бұл көрсеткіш - Қазақстанның жылына 20 мың отбасын көшіруге жұмсайтын қаражатынан 4,5 есеге артық деген сөз. Сол себепті де көші-қон мәселесіне арнайы реформа жасап, қор ашып, ауқатты азаматтардың көмегі арқылы қандастарымызбен қауышуға болады. Өйткені бізде Forbes Kazakhstan-ның назарынан тыс қалған байлар өте көп.
Алдан Смайыл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
жоқ
- Республикалық бюджеттен квота бойынша оралмандарға аз қаржы бөлініп отырған жоқ. Мемлекет өз қарауына алып, жағдайын жасап отырған кезде тағы бір қор құрудың қажеттілігі шамалы деп ойлаймын. Ұлттық миграциялық қор құру үшін оның мақсаттары белгілі болып, қорға ақша қайдан келеді, ол қаржы қандай мақсаттарға, қандай жолдармен жұмсалады деген секілді мәселелер айқындалуы қажет. Бір қараған жанға қор құра салу дегеніңіз оңай шаруа болып көрінер. Бірақ олай емес. Бұл идея жеке адамның бастамасы болып, оралмандарды алдыға салып, өз пайдасына бұратын болса, оның қажеті не?
Мен ұлттық миграциялық қорды былай қойып, жалпы, елімізде құрылып жатқан қор атаулысына күмәнмен қараймын. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшысының деректеріне қарасақ, елге көшіп келген ағайындардың санының өзі статистикаға сәйкес емес екен. Осыған дейін 20 мың адам Қазақстанға көшіп келмесе де, квотаға қол жеткізген. Соларға бөлінген ақшаның бәрі толып жатқан ұйымдар мен қорлардың қалтасында кетті ғой. Сол себепті де ақша жүретін мәселелерге байыппен қарауымыз қажет. Саясатымызда я басқа саламызда сәл әлсіздік байқала қалса, неше түрлі ағайын «қор құра қалайық», «ұйым немесе партияға біріге қалайық» деп бір ортаға жиыла қалады. Меніңше, қандай мәселе болсын ең алдымен мемлекет мүмкіндігін қарастыру керек. Мемлекеттің мүмкіндігі жетіп тұрса, ондай қорларды қаптата бергеннен пайда жоқ. Оралмандарды шекарадан өткізіп алу аса қиын шаруа емес, керісінше, көшіп келгеннен кейінгі проблемаларын шешу жолдарын қарастырған жөн. Алдымен қор құру емес, осы мәселелерді, яғни оларды аймақтарға орналастыру, тұрғын үй мәселесін шешу, жұмыспен қамту, балаларын мектепке кіргізу, жергілікті жерге бейімдеу деген секілді жағдайларды шешейік. Мұндай кешенді шаруаны жекелеген кәсіпкер де, ұйымдар мен партиялар да түпкілікті атқара алмайды. Сондықтан да бар мәселені ұлттық миграциялық қор шешеді деген - бос әңгіме. Көші-қон туралы заңымыз бар. Бар мәселені сол заңның айналасында қарап, осы түйткілдерге тереңірек үңілелік.
Бейтарап пікір
Қабылсаят ӘБІШЕВ, Қазақстан Республикасы бас прокурорының аса маңызды мәселелер жөніндегі аға көмекшісі:
- Ұлттық миграциялық қор құрдық делік. Ол қор қалай жұмыс жасайды? Оған қаржы қайдан келеді? Осы сұрақтарға жауап бар ма? Қор құру үшін оған қаржы тартатын көздерін табу қажет. Біздің қазақтарда миграциялық қорды қаржыландыратын меценаттар жоқ. Мемлекет жаңадан көшіп келген отбасыларға ғана көмектеседі. Мысалы, шеттен келген ағайынға 10 жыл, 20 жыл көлемінде көмек көрсету - мүмкін емес шаруа. Бюжеттен жылына 20 мың отбасын көшіріп алуға 16 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп келеді. Дұрыстап жарата алсақ, мұның өзі аз ақша емес. Әлеуметтік көмек дегеніміз қандай көмек? Мен осы жайды түсінбеймін. Жергілікті халық секілді балалары мектепке тегін барады, емханаларда тегін емделіп жатыр. Барлық жағдай бізбен теңестірілген. Ал, екінші жағынан қарағанда, жақсы жұмыс жасайтын қор болса, құруға болады. Десек те, бұл - бір сағатта шешілетін шаруа емес. Германияда оралмандарға қайда барып қоныстан десе, сол жерге барады. Бізде осындай қоғамдық қорлар негізінде бес жылға солтүстік облыстарға қоныстандыруға болатын сияқты.
Автор: Қанат БІРЛІКҰЛЫ
"Алаш айнасы" газеті