Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4042 0 пікір 24 Қазан, 2012 сағат 05:45

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

 

V

Төбесінде темір мен торлап тастаған кішкене болса да екі көзді терезесі бар осы базда дәл екі жылым өтті. Апрель тағы жетті. Қылмысқа тойымсыз тергеушімнің қарнына «ел қондырамын» деп барымды төктім. Тез жазып бітірсем тез қоя берер деген үмітпен тездетіп-ақ көкідім. «Айтып қояйын» деп қайталап-қайталап тапсырған мәселелерін берген қағазына толтырып болысыммен айқайлап едім, тергеушім шықпады.

 

V

Төбесінде темір мен торлап тастаған кішкене болса да екі көзді терезесі бар осы базда дәл екі жылым өтті. Апрель тағы жетті. Қылмысқа тойымсыз тергеушімнің қарнына «ел қондырамын» деп барымды төктім. Тез жазып бітірсем тез қоя берер деген үмітпен тездетіп-ақ көкідім. «Айтып қояйын» деп қайталап-қайталап тапсырған мәселелерін берген қағазына толтырып болысыммен айқайлап едім, тергеушім шықпады.

Капуста жапырағынан жасаған кешкі тамақты әкеліп берушіге де жүгері кебегінен жасалған таңертеңгі умашты әкеліп берушіге де айтып, тергеушімді келтіре алмадым. Әр күні таңертең кішкентай тесіктен мұрнын тыжыра сығалап асықтырып кететін құдіретті көрінгенді қойды. Қоғамда «үшке қарсы тұрып, бірге соққы беру науқаны»[1] жүргізіліп жатыр екен. Малманшылық асқындап, қылмыс тасып кеткендіктен оны жаздырып тергеп анықтап отыруға тергеушілердің қағаздары да өмірлері де жетпейтіндігін білген көрінеді. «Көп те тез» бітіріп коммунизмге тез жету үшін барлық мәселені тұп-тура күрес үстінде шешуге кірісіпті. Менің ісімді де соның өшіретіне тізіп қойғанын шошқа аспазы тамағымды әкеліп тұрып айтып кетіп еді. Енді додаға салып қысып мойындату амалымен жұлмалап өлтіретіндігін сезіп, қатты қысылып отырғанымда тауық аспазы келіп, барлық көшеге құралды қарауыл қойылғанын айтты. Бейсауат жүріс мүлде тоқтапты. Түрменің еңбек майдандарынан да сақшы келіп, қашып кеткен адамдарын іздеп жүр екен.

Бір ұлтарағымның астындағы ақшаны түгел алып беріп, соны айтқан тауық аспазына жатып кеп жалындым: Тарым майданынан адам іздеп келгендер болса, менің осында қамалып жатқанымды айтуын өтіндім. Түстен кейін су кіргізіп беру сылтауымен келді әлгі лаухан[2]. Автоном райондық еңбекпен өзгерту мекемесіне барып хабарлаған екен. Тарым майданынан келген бір ұйғыр кадр бес-алты сақшы ерте ілесіпті соңынан. Тауықшы лаухан оларды осы қақпаның алдына тоқтатып қойып кіріпті.

- Мен қақпадан шығып кеткен мөлшерімде айқайла!- дей сала, құлыпты есік ағашының сыртынан жабылған жаман көрпені жұлып тастай жөнелді. Дауысымды сақшыларға естірту үшін істегені екендігін түсіндім де бірер минут өтісімен айқайладым.

- Құтқарыңдар, шығарыңдар сыртқа, шығарыңдар!.. Дәретке!...

Қақпа жақтан бірнеше адамның сарт-сұрт жүрісі естілді де.  - Сен кім?- деді біреуі есік алдына келіп.

- Шаяр Тарым майданының жұмысшысымын. Атым Биғабіл, мұнда келіп қамалғаныма екі жыл болды!...

Сақшылардың штап кеңесі жаққа өтіп кеткені сезіліп еді. Қағаздарымды сары шапанға орап дайындалып болғанымда есік ашылды. Киім-кешегімді қолтықтай шықтым. Тарым лаугай майданында мені алғаш арыз айтқан орынбасар бөлім бастығы танымай үңіле қарап сұрады атымды. Қайталап айтқанымда мүсіркегендей басын шайқап-шайқап жіберді.

- Не боп кеткенсің, қашпасаң бұл азап жоқ еді ғой!

- Жуырда рұқсат ала алмайтын болған соң бала-шағамды тауып, алып қайтайын деп келіп едім. Мына таудан іздеп таба алмай жүргенімде қызыл 1-ші қосын ұстап әкеліп осында қамады!- дедім.

Дереу дарбаза алдындағы жабық автомобильге отырғызып, лаугай мекемесіне апарып қамады. Үш күннен соң тағы екі қашқынмен қосып құрсаулап, сол жабық автомобильмен майданға қайтарып әкетті. Тоқты Басит ұсталмай қалыпты. Оны білмеймінге шығара салдым. Жазған шарпулы шақпа тілді «қылмысымды» да жасыра тұруға тура келді. Мынадай моп-момын сылтауым тұрғанда сақшы орнына көп сөздің қажеті не лаугай мекемесінің абақтысынан әперген сарала-сасық көрпе мақтасының арасына қаттай салғанмын. Тарым майданына жеткенімде тінтуші кадрлар аю көргендей ол мақтаның арасына қол сұға алмады.

«Үрімжіге қашып бара сала ұсталып қамалған» мені «мәселесі жоққа» шығарып, майдан тергеуіне алып қалмай, өз әтіретіме жөнелтті. Баяғы қисық көз зыдауяным қасымыздағы лаугай әтіретінің кірпіштен қалаған абақтысына апарып кісендеп, құрсаулап қамап, өзі тергеді.

Осы жығылған жерімнен тұрғызбай соғып кестіріп лаугайға қоса салмақ болды ол. Кестірмейтін дәлелім көбейген сайын күшейді. Көз қарашықтары мұрнының бүйіріне тағы кіріп кетті.

Тау ішімен Советке қашып бара жатқаныңда, тұп-тура Совет шекарасында ұсталғансың. Бұл фактты мойындамай шыға алмайсың!- дейді.

- Мен Үрімжінің дәл тұсындағы Нәнсаннан[3], бала-шағамды табуға екі сағаттық жол ғана қалғанда ұсталдым. Нанбасаңыз мені ұстап берген екінші дадүйдың Азат есімді қызыл қорғаушысының өзінен сұраңыз!- деп Азаттың әдресі мен атын қыли көзіне қыстыра бердім. Мұны негізгі факт ретінде ұстаған себебім, біреуі қылмыс іздей барып сұрастыра қалса, Азат менің Биғабіл екендігімді білген соң арашалап, ақтауға кірісуі сөзсіз.

Қыли зыдауянның аты Саучыңсау еді. Өзі құраған жалған фактін қатеге шығарған адаммен үздіксіз жауласатын, асқан тоңмойын сычуандық болатын. Тоқып әкелген жасанды факттері менің алдыма келгенде жыртылып кете берген соң тергеуді қойды. Лаугайдың тамағын абақтының ойма тесігінен бергізіп, дәретке де шығартпай қамай берді.

Бұл абақтының бір «жақсылығы», құмайт борбас үстіне салынған, жер еденді. Кез келген жерін кеулеп ойып жіберіп, дәретті жібере беруге қолайлы абақты екен.  Көміп тастаған қиымнан талай жұмыр құрық өсіп-өрбіп шығып, салқын күңгірт дауалға жабысты да он шақты күнде қанатты қоңыр бір жәндікке, одан сәл ширай келе нақтылы көкбас шыбынға айналды да, түңліктен ұшып шығып кете берді. Алғашында бөшке көтеріп ұшқандай боң ете түсіп шошытады да, қарсы дауалға барып тақ ете түсіп, еріксіз өз басымды сипалатады. Сөйтіп шыбын да өзінің ұшу арманына бастан талай жеп барып, әрең жетеді екен.

Ал, бұл абақтының «жамандығы» құралды күзет мұнарасының дәл түбіне салынғандығы болды. Үстімізден күндіз-түн автомат төніп тұрғандықтан, жанашыр лаугайлардың темекі мен тамақ кіргізіп беру мүмкіндігі жоқ.

Алты камералы абақты да күз түсе бір ханзу, бір мәнжу лаугай мен үш адам ғана қалған екенбіз. Есік оймасынан қарап тұрып, қарсымдағы камераның маңдайшасы жарылып кеткенін көрдім. Маған іргелес камераның аралық дауалы соның ертеңіне жарылды. Жарып жатқан мәнжу көршім екен. Аралық дауалды іргесінен кірпіш суырып жарыпты. Сол жарыққа тұмсығын сұғып тұрып менен темекі сұрады. Ар жағындағы көршісінде де темекі жоқ екен. Менен де таба алмай, мүштегімді сұрап алып, ішіндегісін иіскеп-иіскеп жіберді де айқай салды.

- Баугау бәнжаң, үй құлады, үй құлады!..

Үшеуіміз қатар бақырдық сонсоң. Ақырзаманды төндіріп екі сағат бақырғанымызда құралды күзет бастығы әрең кірді. Жарықтарды көре сала лаугай әтірет зыдауянын шақыртып көрсетіп, екі көршімді шығарып әкетті де мені сол түнге еру қалдырды. Бүтіндеу бір бұрышқа тығыла отырып таң атырдым. Жарылған аралық дауалдың жарымы ертеңіне түс ауа күс ете түскенде соның дауысын естіп келді бірнеше кадр. Әйтеуір бір жақсысы, лаугай әтірет зыдауянның Саучыңсауды тілдей кіруі болды: адамыңды алып кет деп, абақтының құлап жатқанын хабарласа да мәселемді толық тапсыратын болғанымша келмейтіндігін айтыпты.

Абақты түгел құлауға айналғанын көріп, мені лаугай зыдауянының өзі айдап шықты. Өзіне қарасты әтіреттегі екі группа арасында артылып қалған бір иен үйге апарып қамады. Есігіне абақтының үлкен замогын салды да, бұл маңға ешқандай лаугайдың келмеуін, ақырып тұрып тапсырды.

Сол күні кеште келіп бір тергеді Саучыңсау. Тағы да «шекарадағы таудан» ұсталғандығымды мойындатпақ болып шұқшиды.

Мен, Шынжаңың дәл ортасынан, адам жаралудан бұрын жаралған» Үрімжі тауынан, «бала-шағам тұрған ауылдың» дәл қасынан ұсталғандығымды тағы айттым. Лаугай мекемесіне хабарлауға ақы беріп адам жіберген өзім екендігім де айтылды.

Үрімжі тауынан осы майданға дейінгі тергеушілердің ешқайсысы тексеріп таба алмаған қылмыс, осы су қоймасында жатқан сіздің көзіңізге ыңғай шекарадан көрінетіні қалай?- дедім сонсоң.

- Сөйтіп сенде мәселе жоқ па, мәселе жоқ па?-Саузыдауянның екі қарашығы мұрнының астына тағы кіріп кетті.

- Мәселе бар, ол, тек, үйіме барып келуіме рұқсат бермегенің үшін қашып шығуым ғана! Сол үшін ғана, мына әтірет зыдауяны болмаса, мені құлаған абақтының астында қалдырып өлтірмек болдың!

Зыдауян екі жұдырығын түйе ұмтылғанда кісен мен қолымдағы шынжырлы қыспақты шаңғырлатып мен де түрегелдім. Бұл майданда қалпағы жоқ адамды ұрудың шектелгендігін естігенмін. Қыли қарақшы есік сыртынан бірнешеудің тыңдап тұрғанын біліп, шақ-шұқ басып шыға жөнелді.

- Тұрып тұр, мойындамағаныңды көріп алайын сенің!- деп зекіре шықты.

Ымырт түсісімен жабықтағы жалғыз көзді терезеден бір дорба махорка мен сіріңке топ ете түсті. «Аспаннан сығалап тұратын» сиқыр күштің өзі тастағандай қуандырды мені. Мұнарадағы әскери күзеттен басқа, түнде қорған ішін күзететін лаугай күзетші де бар еді. Бұл күзетшінің маған таныстығы жоқ сияқты болатын. Темекінің төрт айлық кегін енді қайтарып, кере қарыс қып орап тартып отырғанымда сол тесіктен енді ауыр бір дорба әрең өтіп түсті. Шабдол екен!...

Жарылқаушыларымның кім екенін білмегеніммен сол түнде-ақ жарылқанып болдым. Қауын да түсті, жүзім де түсті. Лаугай бишаралардың өздеріне коммуна кенттеріне бармай табылмайтын қымбатты ырыздық, абақтыдағы маған жауды. Мұншалық дәулет екі-үш, тіпті он шақты лаулагайдан да табылмайды. Бұл және олардың өлім халіне жеткен бір тұтқынды тіршілікпен қамдауы ғана емес, жігер-рухыңды аспанға қыранша баптап ұшыратын адамзат шапағаты!...

«Адамзат жасасын!»- деп күбірлеп қалдым да, бұлардың қатарына оқыста тағы да адамзат мүсіндес азғындар кіріп алмасын деген хауіппен «Жаубасар, Саучыңсау сындылардан басқа адамзат жасасын!» деп күліп жібердім. Мұны қашанға дейін дін сопыларынша шұбыртып-сурелетіп отырамын. -«Адамгершілік жасасын!»- деп қорттым соңында.

Үрімжідегі лаужяулар түрмесінде Гүлниса арқылы Мақпалға жазған хатымда айтылған шығармаға енді ерекше шабытпен кірістім. Жазуға қолайлы мұндай абақты табыла берер ме, тек мұндағы соқырлардың көзіне түсіріп алмасам болғаны. Сондықтан Маузыдұң шығармаларының жол араларына өте ұсақтап, басқалар танығысыз етіп жаза бастадым. Қазіргі кезде Маузыдұң шығармаларынан басқа кітаптар шектеліп-өртеліп болған..

Күз күңгіреніп суи келе бұл әтіреттің су қоймасындағы міндеті біткен екен. Қорған-құрылыстарын күз етіп, шошқа бағатын бір группадан басқалары түгел көшіп кетті. Ертеңіне таңертең талпақ танаулардың қорсылынан ояндым. «Абақтымның» есігі ашық қалып, екі шошқа кіріп алыпты. Ойшылдау мінезді біреуі табалдырықтан маған аңтарыла қарап тұр. Сумақы мегежіні иіскелеп-тімтініп, менің дүниелігімді зерттеуге кірісіпті. Мені Саучыңсаудың қайтарп әкетпегеніне ерегесіп, бұл әтіреттің зыдауяны есіктегі құлбын да алып кеткен екен. Бұл жайтты бір бүйірдегі шошқа бағушылардан қайнақсу алуға барып естідім. Мен кеткенше тамақ беріп тұруды осы группаға тапсырып кетіпті.

Сырттың тамағы мұнан соң тіпті еркін келе бастады маған. Дәмелқан, Еділбайлар Лопнордан Шаяр Тарымға келгеннен бері қой бағуға шығып кетіп еді. Лаугайдан кейін босаған Ысқақ шал мен басқа қазақтардан да бірқаншасы малшылдық әтіретіне шығып, бәрі де осы су қоймасының маңында мал бағып жүр екен. Ал, осы қорғанның ішкі, лаугай күзетшісі Үрімжілік, бұрын маған сырт таныс аспаз дүнген болып табылды. Бәріне сол күзетші хабарлап, осы әтіреттегі ұйғыр, ханзу лаугайларды көмекке ұйыстырып жүрген де сол екен. Көшіп кетерінде әр тоғайдың арасында жүрген малшыларға жатқан жерімді айтып кетіпті. Олардың қамдауы тіпті көбейді.

Бұл абақтым байлық ордасы болып алған соң есікті ішінен қос тіреумен тіреп қойып, жазатынымды жаза бердім. Өшіккен саучыңсаудың қашқын тұтқынын бұлай еркіне тастауында сұмдық барын да сезгендеймін. Тым болмағанда ұры етіп ұстауы, тіпті, «қайталап қашқан жолында оқ тиді» деп өлтіріп тастауы да мүмкін ғой. Қалай да бір сылтау табуды ойластырып жүргені сөзсіз еді. Бұрынғы жазылған шығармаларымды суляумен орап, түнде қорған сыртына шығарып көмдім де, ет-май мен жеміс-азықтарымды басқа иен үйлерге орналастырдым.

Келетін достар болса күндіз түскі демалыс уақытында сақтықпен келуін хабарлап қойдым да кеш бата абақтымды мықтап бекітіп жатып жүрдім. Түнде біреулердің келіп, сырттан торып жүргені байқалған сайын мықтап бекіне түсуім қажет болды. Тіпті, икемді шоқпар да тауып, дайындап қойып жаттым. Түнде келіп есік қаққандарға бар екендігімді, бірақ, кім болса да уақытсыз келгендіктері үшін есік ашпайтындығымды айта жаттым.

- Неге ашпайсың, ей, Саузыдауян тергеуге келді, аш!- деп зекірді бір түні, екеу-үшеуі келіпті.

- «Бір Саузыдауян кеше түнде де келіп кіре алмай кеткен!- дедім әдейі, жеңер сөз үшін өтірік айттым. - Рас Саузыдауян тергеуге түн ортасында келмейді сендер басқа адам, есік ашпаймын!

- Аш, Саузыдауян - мен!- деді өзі ұйғырша тілде зекіріп.

- Кеше түнде келген де сен болатынсың, дәл осы дауыспен, осы сөзбен ақырғансың ғой, енді тіпті де сенбеймін!... Ей, сендер абақтыда жатқан адамнан не таппақсыңдар!- осы сөзден мен де зекідім. -Мұндай уақытта келетіндей Саузыдауян ұры емес, біліп отырмын. Шырақ жоқ, қараңғы үйде қандай тергеу болатындығын білмейтін кішкене бала емеспін! Егер, абақты бұзып кірмек болсаңдар, кем болғанда біреуің өлесің!... Қараңғыда бастарыңа ненің тигенін де білмей өлесіңдер! Кеше түнде Саузыдауян болып келіп, кіре алмай кеткен тағы да сендер. Алдыңғы түндерде мені құтқармақ болып, Советке кетсең де шығарып саламыз деп уағда беріп текелегенсіңдер! Советіңнің де, Америкаңның да, гомендаңыңның да керегі жоқ маған, кетіңдер!

Есікті үшеулеп үнсіз итеріп қымырлата алмай кетуге бет алғандарында тағы сөйледім.

- Ей, сен рас Саузыдауян болсаң, бұзудың орнына абақтыңды мықтап құлыптап кетпеспе едің! Абақты есігін сыртынан итеріп құлатпақ болғаның кімнің ісі? Бұл жүрісіңнен қарақшы екендігің тіпті анықталмады ма!...

Саузыдауян тісінің арасынан өз тілінде күбірлеп тілдеп, жауапсыз кетті. Ертеңіне таңертең әтіреттің екі кадры келіп, абақтыма тінту жүргізді. Жер еденді тексеріп те ештеңе таба алмады. Түнде «қарақшылар» келіп, қатер төндіріп тұрғанын мәлімдедім оларға.

- Аяқ-қолы кісенделіп абақтыда жатқан адамнан қарақшының не іздейтіндігін түсінбеймін. Қашып шығуыма көмектесетін адам болып та, Саузыдауян болып та келді. Өзім ішінен тіреу тіреп қорғанып жатырмын. Құлыпсыз, күзетсіз абақты бола ма? Иен қоршауда жатқан, қараңғы үйдегі қылмыстыға түн ортасында тергеуші келе ме?... Егер сырттай байқап қайту үшін келсе, абақты есігін үшеулеп итеріп құлатпақ болғаны қалай?... Демек, зиянкестік істеу мақсатымен жүргендіктері анық. Қол-аяғымдағы мына кісендер мені қашудан қорғағанымен жаудан қорғай алмайды! Мәселе анықтау үшін қамап отырған болсаңдар, мені қатерден де қорғап, мықты құлыппен, күзетпен қамаңыздар!

Әтіреттің кіші кадрлары бір-біріне аңтарыла қарасып алып, біреуі жауап қатты:

- Бұл талабың дұрыс, басшылыққа жеткізейік! Бірақ, өзің де бар мәселеңді тапсырып, тездетіп шығып кетуге тырыс!

- Тергеушінің қай уақытта келсе де шектелмейтіндігін түсінемісің?- деп біреуі суықтау қарап жүріп кетті. Мен желкелеріне жауап беріп қалдым.

- Мен түнде қараңғыда есік құлатып кірмек болатын «тергеушілерден» қауіптенетін себептерімді мәлімдедім, естеріңізде болсын!

Абақтым осыдан соңғы екі тәулікте де құлыпталмады. Бірақ, түнде шабуылшылар тиылды. Менің қылмыс тудыруымды, иә, қашуымды күтіп, сырттан күзет қойғандығын сезіп жаттым. Үшінші күні күндіз келіп тергеді Саучыңсау. Осындай жақсы абақтыда жата тұрғым келіп, қырсықтана қарадым жүзіне. Жауап беріп болғанымды, енді куәға тартқан адамдарымнан анықтаудан басқа іс қалмағанын айттым.

- Сен өз мәселеңді ойламай, бізден мәселе іздеп жатыпсың, мәселе тапсырмай шыққаныңды көріп алайын!- дей сала әкелген шойын замогын есік сыртынан сақ еткізіп жауып кетті. Абақты есігінің ішінен мен тіреп тастап, жазуыма отырдым. Азық, түс уақытында жасырынып келетін малшылар арқылы терезеден түсіп тұрды.

Бірақ бұл жақсы отырысым ұзаққа бармады. Он шақты күн өтпей-ақ жуастау кадрларының бірі темірші ертіп әкеліп қол-аяғымды кісенмен құрсауды алдырды. «Хош!» деді жалғыз-ақ. «Көш» дегені шығар деп түсініп, нәрселерімді жиыстыра бастағанымда құйрығымнан теуіп кеп қалды. Тосын ызаның көзімнен от шашып жібергенін көрген темірші басын шайқап қалды да қолымнан тарта жөнелді. «Жауас» кадрдың «хош» дегені - жүр дегені екен. «Қазір тәртіп өте қатал, үндемесең ғана құтыласың» дегенін темірші ханзуша күбірлеп ұқтырды.

Саучыңсаудың «су басқару әтіретінде» ыңғай ханзу шынсыңдар ғана қалыпты. Жерлік ұлттықтарды түгелімен «су құрылысы әтіретіне» бөліп, тоған қазу жұмысына жөнелткен екен. Мені қоймадағы су қақпасының күнбатыс жағына қоралап салынған кірпіш үюлі «су басқару пунктіне» айдап апарды. Саучыңсау түнектей түнеріп өте шықты алдымнан. Басын қара жыланша қақшитып ызғармен қараса да ысқырмай өтті. «Пункт бастығының бөлімі» делінген жазулы есік алдынан адам бейнелі біреу қарап тұр еді. Жаңа келген әтірет бастығы екен. Бөліміне шақырды мені.

- Сен осында қалдың,- деді, табалдырығынан аттасыммен, тұра қалдым. - Саған қойылатын ең негізгі шарт, көрші әтіреттердегі ұйғыр мен қазақтың ешқайсысына сөйлемейсің, сөйлегеніне жауап бермейсің. Біреуінің маңайына бармайсың, маңайыңа келтірмейсің. Оларға жақындаса қалсаң, күреске тартыласың!... Ұқтың ба?

- Ұқпадым дүйжаң,- дедім аңыра қарап. Ханзуша білетін сөздерімді де әдейі бұза сөйлеп, ұйғырша, қазақша аралас қойыртпақтата сөйледім. - Мен ханзуша тіл білмеймін, бұл әтіретте тұруға шартым толмайды екен! Екінші, менің ұйғыр-қазақтармен бірге болғанымнан ешқандай мәселе туылған емес. Үшіншіден менің мұншалық шектелетіндей қалпағым жоқ. Сондықтан мені ұлттық әтіретке шығарып беріңіздер! Үйренуге де, сын-пікірге, күреске қатынасуыма да, қызмет көрсетіп, еңбек сіңіруіме де тілім жететін әтіретте болуым шарт!

- Сені біз осында жоғары жақтың бұйрығымен қалдырып отырмыз. Жергілікті ұлт халықтарына сенің реакциондық ықпалың күшті екен. Сондықтан олармен байланыспайсың!

- Басқаларға реакциондық әрекет жүргізу түгіл өз ісімде де реакциондық істеген емеспін. Мен нахақ жазаланып, 64-ші жылы толық ақталған адаммын. Деломменен ешқандай таныстықтарыңыз жоқ екен!...

- Буржуазия атаулы бәрің де маған әрине таныссыңдар! Азаттықтан бұрын завот иесі, капиталистің, қанша мың жұмысшыны езіп-қанағансың. Делоңды білмейме екенмін, қане?- деп әтірет бастығы үстемси қарады маған. Қалжыңдап отырма дегендей аңыра қалыппын. Шынымен-ақ жазғыра қарайды. Жуан қасқа басты, қызғылт қоңыр мол денелі, орта жасқа келген, маңдайындағы әжімінен талай өмір көргендігі, мінезділігі байқалып тұратын адам, осыншалық ақымақ па еді дегендей мен де жазғыра қарадым. Мұнысына не айтуым керек?

- Сіз мүлде білмейді екенсіз дүйжаң, мына шашым өтірік жаладан ағарған!.. Менің білетін, дело-материалдарым тұрған жерге жолдап беріңіз! Нервім енді үзілу шегіне жеткенде, маған обал болмасын!- деп өтіндім сонсоң.

- Ауыстыру ісін Саузыдауян біледі!- деді бастық. Кексіз-дықсыз үнмен сөйледі енді. - Мен осы жердегі тізім бойынша басқаруды ғана білемін. Ханзу тілін жақсы білмейтіндігің үшін үйренуді өз тіліңде үйрене бересің, саған басқа талап қоймаймын. Көп қамалғандығың - денсаулығың үшін де көңіл бөліп тұрмын. Мен жұмысшымын, жұмысты жақсы білемін. Тамақтарыңды біртіндеп жақсарта аламын! Әйтеуір сырттағы адамдармен сөйлеспесең болғаны!... Ал, сенің алдыңғы жылы қашқанда қалған мүлкің кілетте тұр екен. Запхозға айтып соныңды жиыстырып алып, осы қарсыдағы анау үйге жатып тұр, қалғанын кейін ұғысып алармыз, бүгін жайласып ал!- деп шығарды.

Қашқанымда Қапасқа тапсырып кеткен мүлкім соның өз қолымен дәріленіп, мықтап таңылған екен. Қалың сырмақ, көрпе-жастық, киім-кешегім, тіпті чемодан, сумкаларым да түп-түгел тұрыыпты. Төрт-бес адам ғана жатқан кең үйге ағаш кереует құрып жайластырып болысыммен көмулі қағаздарымнан басқа абақтыда қалған керек-жарақ, азық-түліктерімді қол арба апарып, түгел жеткізіп алдым.

Менің ендігі әтіреттес, группаластарым жұмыстан күн бата қайтты. Әр группа әр түрлі міндетте екен. Бірнеше группа бақша көгеріп, тарбиып, судан шығыпты. Лайдан, сабан-топан арасынан шығып келгендер де өзді-өз кәсіптерінің лас жұғынды батпақ қоқсығын ала келді де, жуынбай-ақ жиын залына жүгірді. Семізшелеу қараторы ханзу жігіт таза қазақ тілімен күбірлеп, мені ерте кетті жиынға.

- Сіз залдағы намазға күліп қоймаңыз!- деп томсарып қана күбірледі.

Жиын залының төріне Маузыдұңның үлкейтілген суреті Люшаушисіз жалғыз асылыпты. Астыңғы жағында оның қызыл кінешке болып шыққан «үзіндісін» басынан асыра көтерген Лиңбяудың суреті тұр. Үстіңгісі аспанға адырая қарап тұр да астыңғысы мекер күлкімен төмен қарап тұр. «Аспаныңызда бүйімтайым жоқ. Бәсекелесіңіздің басын кесіп берген еңбегім үшін меншігіме осы жершарын ғана бере көріңіз» деп тұрғандай. Осы екі сурет кескінінен мен тауда ұсталып қамалғаннан бері талай қанды оқиға туылып, қара құйынның талай абзал бастарды жұтып болғанын ұқтым. Люшаушиды жаркемдеп, орнына әскери бастығы Бяуды орынбасар етіп алғаны, Жұңгодағы адал коммунизм теорияшыларының қасапталып болғаны сияқты көрінді маған.

Әтірет мүшелері сол екі суретке қарап намазға тұрғандай ізетпен тізіле қалыпты. Ешкі бас жіңішке қара жігіт (дазужаңымыз екен) залға көлденең тізілген әтіреттің алдында дара тұр. Әтірет мүшелері түгел жиылып болғанын артына қайрылып санап көре сала кәдімгі имамдық бейнемен сарнай жөнелді суретке қарап:

«Ұлы ұстаз, ұлы көсем, ұлы қолбасшы, ұлы реошы Маужуши, біз бүгінгі міндетімізді негізгі жағынан жақсы орындадық. Екі шынсың ауырып, таңертең рұқсатпен қалған. Үш шынсың аурумыз деп жұмыс майданында жатып алды. Ауруларының рас-өтірігін, өзіңізге, тексеріп анықтап мәлімдейміз. Шынсың Уаңкай су жүзе білмейтіндіктен көлге шөгіп кетіп, қалпақты Жаңлиңсан құтқарды. Басқадай мәселе өтілген жоқ».

Дазужаң күнделікті жұмыс ахуалдарын осылай мәлімдей сала, жанқалтасынан қызыл кнешкені суырып алды. Ресми дауыспен «ең жоғары нұсқау» деді де Маузыдұң сөздерінен бірнеше үзінді оқыды. Ол бір сөйлем оқығанда оны қайталап «ұюшылар» оқиды екен. Соңында «Маужуши шексіз ұзақ жасасын!» деген ұранды үш рет қайталап айқайлатып таратып еді. Саузыдауян есік көзіне келіп тұра қалып тоқтатты көпшілікті.

- Неге асығасыңдар? ...Маужушиға доклат ету жиыны соншалық ойыншық болды ма сендерге! -деп зекіріп бұқтырып алды да тізілуге қайта бұйырып, екі-үш тапсырмасын ұзақ сөйлеп түсіндірді. - Мұнан соң мен үйреткен тәртіпті мүлтіксіз орындайсыңдар! Және айтып қояйын, Маужушидың өз сөзін өз алдында өз кітабынан оқып беруден ұялмайсыңдар ма?... Түгел жаттап алып, бәрің бірге оқитын болыңдар! Бос уақыттарың, жұмысқа бару-қайту, тамақ жеу, дәретке бару уақыттарың түгелімен жаттауға берілсін, алдымен «лаусәнпиянді»[4] жатқа оқыңдар! Маужушиден бір сиконттарың да айрылмасын, онсыз тіршілік жоқ екендігін Ляң фужуши[5] ұқтырмадыма! «Теңізде парахот ролшімен ғана жүзеді. Тіршілік күн нұрымен ғана жасайды» демеді ме! Маужушиға арналған әрқандай құрмет жиынында «шығыс қызарды» мен Ляңфужушидің осы ұлы өлеңі алдымен айтылсын!...

Саузыдауяннің сурет алдында қайта тізіліп алып сөйлеген сөзі ымырт үйрілгенде әрең тоқтап еді. «Шынсыңдар» тамақ асығысынан жуынуларына тағы да мұрса таба алмай, бір-бір момыларын капуста жапырақтарына орап жұта-жұта сала тағы жүгірді залға. Енді бір-бір құйрықтық аласа орындықтарын ала жүгірді. Жиынның кереметі іңірде екен. Әлгі қылдырықтай дазужаң сақылдай жөнелді.

«Ең жоғары нұсқаудан»[6] екі-үшеуін оқыды да нақтылы кері төңкерісші қалпағын қосып бір шынсыңның атын атады. «Кері төңкерістік қылмысының бір шетін әлі де ашқан жоқ» деп қалғанында-ақ ақырысты. Өң-түсі қашып, бұрышта отырған отыз жастар шамасындағы жігіт орнынан түрегеліп барып, көпшілік алдына тоқтады. Шақылдап-шапшуырлай көтерілген «жоғалсын» ұрандары жиын басқарушы қылқараның көтерген қолымен тоқтай қалды да сөз жауапкердің мәселе тапсыруына берілді.

Саналылығы қас-қабағы мен жазық маңдайынан білініп тұратын бұл жігітке ең қырсықты қылмыс Люшаушидің суреті Маужушидің қатарынан алынған шақта жабысқан екен: бір жиын үстінде Саузыдауяннің күбірімен қылқара түрегеліп барып, Люшаушидің суретін жырта жұлып лақтырғанда ышқынып қалыпты биғабар жауапкер. «Үй енді Маужушидің қасында кім қалды?» деп жібергенін өзі де сезбей қалыпты.  Саучыңсаудың қисық көзі оған жылт ете түскендей ғана бір көрініпті де қыдырыстап көпшілікті аралай жөнеліпті. Онымен бірге ышқынғандар көп екен. Бәріне бірден қарап үлгере алмай адасып қалған күйкентай айлана ұшып барып, сөйлей қалған жауапкердің төбесінен қайта түсіпті.

- Тағы қандай пікірлерің бар, қане сөйлеңдер!- деп сұрапты да ешкімнен үн шықпаған соң столды шарт еткізіп ұра түрегеліпті орнынан. - Маужушидің қасында сегіз жүз миллион халық бар! Пролетарияттың қыран өкілі маршал Лиңбяу бар!... Бұларға қарсы пікірлерің болса, сөйлеңдер қане! Уаң жүншіңнің жаңағы сөзі - осында отырған, өзгеруге қарсы кері төңкерісші - оңшылдардың ортақ пікірі. Онымен бірге жаңағы ышқынғандар - оппортонизмнің жоқтаушылары! Ревизионизмнің мүриттері жүректері қожаларының жүрегімен бірге соғатындығын жаңа көрдіңдер!... Бұлардың мәселелерін ашып, жүректерін жұлып алатын құдірет бізде бар ма, жоқ па?

- Бар, бар, бар! - Залдағылар шулай көтеріпті жұдырықтарын. Люшаушидің суреті жұлынғанда Уаңжүншіңмен бірге ышқынып қалғандар қорққандықтарынан тіпті жініге көтеріліп ұрандап, алдыға түсе жөнелісіпті...

Уаңжүншің аталған жауапкердің өзі де лаугайдан шынсың болып осында келгеннен бері белсенді екен. Белі тосыннан үзілгендей жылап, қиралаңдай шығыпты алдыға. Содан бері кері төңкерісші аталып, күреске алынып келе жатыпты. «Люшауши жаңа Жұңго төңкерісінің екі көсемінің бірі еді. Мұның қашан, қалай қетелескенінен хабарым жоқ. Сондықтан суреті тосын жұлынғанда ашынғаным рас!» деген шындығын айтып, құтыла алмай, бұлқынған сайын торланыпты да, «мақсатын», «идеялас серіктерін» атап бере алмай, шыбынша быжылдай беріпті.

Бүгін іңірдегі күрес аса қатал тиді оған. Бүйіше түксиген Саучыңсау қақ төрдегі орындыққа, Маужуши мен Лиңбяудың дәл астына келіп отырысымен күрес жиыны тіпті сақылдай жөнелді. Төбедегі жуан бөренеге арқанмен екі рет асылып шырылдап, екі рет түсті жауапкер. Ешкіммен бірлеспегенін, дара өткізген «қылмысы» екенін әрең айтып еді. Желкесіне қайрылып байланған қолынан асылып үшінші рет көтерілгенде жауырыны иығымен айланып алдына шықты да үнсіз-демсіз бүктетіліп түсті. Байланған арқанды босатып, су бүркіп, қол-аяғын сілкілеп жүрген үш-төрт емкөстен басқамызға зыдауян бастап, Маужушидің «халық үшін істелік» деген шығармасын оқытты. Жауырыны орнына түсірілгенде жауапкер ыңырсып, тірі екендігін білдірісімен жатқызбай көтеріп сүйеп тұрды емкөстер. Саузыдауян сол оқығаннан қайталап түсінік айтып, осы жиынға байланыстырды.

- Шын жүрек, шын пейілімен халық үшін істеген адамның өлімі «Тяншан тауынан да қадірлі». Ал халықпен - партиямен қарсыласып өлгендердің өлімі «сарала қаз қауырсынынан да қадірсіз». Бұл, осы ұлы шығарманың негізгі түйіні. Уаңжүншің осы жәйілділігімен өлсе, өле бермей ме!... Ол өтірік талып жығалғанда жанашырлық қып үдірейіп, сонымен бірге өлетіндей көздері аларып, мелшие қалғандар бар. Мұндай екі жүзділердің өзгеріп, төңкеріс сабына қосыла алуы мүмкін бе, қырағы болыңдар!...

Уаңжүншіңнің жауырыны айланып алдына шыққанда көпшілік түгелімен-ақ үдірейіп еді. Осы сөз шығысымен дереу із жасырып, түгел шақылдай жөнелді.

- Мойындаймысың, мойындамаймысың?», «жайылдығыңмен өлемісің, ақиқатқа қайтамысың?», «қайта байлансын!», «асыңдар аспаққа!»- деседі.

Бірнешеуі ыршып барып, жансыз қолын қайта қайырып байлай бастағанда дәрменсіз Уаңжүншің ыңырсып жылай қарады жан-жағына.

- Енді асылсам өлемін ғой!... Мойындайын!... Мойындайын!.. Мен бұрыннан Люшауши жақта тұрып келген элементпін!... Мен.. мен... оның «өндіріс құрал-жабдықтары мен жерді көтереге беруіне» шужыңжуишылдығына... бәріне де алдымен қосылған оппортониспін!... Бұл әтіретте маған сырлас-сыбайлас болып келгендер... оны өзім есімді жиған соң бірін қалдырмай айтып, әшкерелеп берейін!...

Өндіршектеп отырғандардың бірнешеуінің жүзі ісініп, сұрлана қалды да, бірнешеуі тіпті өршелене түсті.

- Қазір әшкерелесін!... Осы жерде айтсын!...

Саузыдауян жауапкерден бірнеше рет уағда алып, байлаудан босатты. Бір клетке апарып қаматты да кілтін өзі алды. Ең күрескер сүйеніші қылқара да Уаңжүншіңнің маңайын баса алмады мұнан соң. Бірнеше күн өткенде анықталды, ол кілт әтірет бастығының қолына да бір тимепті. Уаңжүншыңға доқтыр кірсе де, тамақ кірсе де зыдауянның қисық көзінің алдынан бұраңдай өтіп жүрді.

Жалғаса берді күрес жиыны. Уаңжүншаңның көрсеткен адамдары бір-бірден байланып, аспаққа бір-бірден асыла берді. Бірақ, Уаңжүншіңше асылса жұмысқа мүлде жарамай, жатып ішер болып қалатындықтары тез көрінді де кейінгілерінің қолдарын қайырмай, бармақтарынан, иә аяқтарынан асуға ауысты. Бұл қинаулары өтірікке мойындата алмай қалғандарының ғана астыларынан темір пеш қойып, от жағып мойындатады. Аспаққа әсіресе аяғынан асылғандардың басы, астындағы таскөмірдің жалындап тұрған шоғына тиер-тимес жақындағанда тез мойындайды екен: басы «ойнақтап» шорши бастағанда шырылдайды да, халі бітіп, шоршуға шамасы келмей бірраз жатқанда «шындығына» келе қалады. Бұл еңбек майданына бас емес, қол қажет қой. Аспақтан құтылған соң мәңгіре жүріп-ақ істей береді жұмысын.

Жиында осы жұртшылық қатарында сөйлей алмағаныммен жұмысты алдыңғы қатарда тындырып істеп мен жүрдім. Күз суығына қарамай көлге түсіп, қамыс-қоғаны мен де ордым. Бастары отқа үйітіліп жатқанда суықтан болған ауырым бар деп сылтау айту қиын ғой. Басқаларынан жалғыз-ақ парқым, түнде ұйқының уақытынан пайдаланып, бірнеше тас кірпішті қыздырамын да табаным мен белімнен ыстық өткізіп жатамын. Мұны «буржуазиялық әйеншектік, жан қорғаушылық» дегендеріне мойындамаймын. «барлық жақсы қасиетті буржуазияға беріп қоймаңдар» деп дауласамын ондайда. - «Денсаулық деген ең алдымен еңбекшілерге керек шығар!... Социализм ісіне денсаулық тіпті қажет!»

Ал, басқа бұйрықтарына дауым жоқ, істей бердім. Қолымнан іс келетін жуас мылқауға қожайын көп, күндізгі жұмыстан шаршағанда мойныма артыла қалатын түнгі жұмыстан да тартынбадым.

Менімен бірге түнгі жұмысқа жегілетіндер, осында сұлу әйелі бар шынсыңдар ғана. Саузыдауян өзі сияқты салпауыз кемпірі мен қыли қыздарын Корла қаласына қалдырып, мұнда өзі салт тұрып істейді екен. Сұлу әйелдерін өз қастарына келтіріп алған шынсыңдардың «зор секіріп ілгерілеп» түнде де жұмысқа шығатын болған себептерін Саузыдауянның сол мұқтаждығынан екенін сездім. Тарым бойына да қыли ұрпақ шашқысы келген «ізгі ниеті» бар сияқты. Әсіресе әтірет доқтыры мен техник шынсыңдарға маза бергенді қойды.  Ол бейшараларға техник болғандықтан сұлу әйел біткенін, иә, сұлу әйел біткендіктен техник болғанын түсінбеймін...

Су қоймасы бітісімен жаңа дүйжаң балық ұрығын шашып, балықты көлге айналдырған екен. Таязырақ жерлерін қалың қамыс басып алса да, бұрынғы өзек-жыралы ояң жерлері қамыс-қоға баса алмайтын тереңге айланып, балықтың қыстық мекені, жиналатын мұз құрсаусыз өріс-жымы болып қалыпты. Сондай терең үш қылығына бірнеше жерден мұз ойып, көлденеңінен ау құрамыз да екі-екіден бөлініп, түн бойы соларды күзетеміз. Маңымыздағы коммуна ұрыларынан қорғаймыз. Таңертең ауларды тартып, түскен балықты шығарып болған соң ғана қайтамыз. Ал, күндізгі қамыс орудың, көлде қалған құрлысқа қажетті тораңғыларды жығып, жағаға тасудың, су тышқанға қақпан құрудың қарбалас жұмыстары бізді тағы да қағып әкете береді.

Жаз шыға, әсіресе дәрияға тасқын келер шақтан бастап жұмыс тіпті көбейді. Көлімізге су келетін тоғамдарды өрлеп қырық-елу шақырым алысқа, дәрияның үш иіннен алынған үш көмейге кетеміз. Құмайт сортаңдағы жүгенсіз құтырық тасқынды дәрияны ноқталау үшін, бұл шақта әлденеше мың «бақсы» қажет. Майданның еркек кіндіктілерінен ешкім қалмай дәрия мен тоғамдарды күзетуге міндеттеледі.

Майдан кадрларын жыл бойы балықпен, сутышқан терісімен қамдап тұратын Саузыдауянның «қамқорлығы» осы маусымда өз әтіретінің әйелдеріне молынан жетеді екен. Ондай құдіретін, ала жаздай ерін көрмеген бір пәк әйелдің қыс өте келе ойламаған жерден қыли қыз саңғыта қоюынан түсіндім. «Техник» ері ішінен таусылып, желкесі қырдай, сирақтары шидей болса да үнсіз қалып еді. Арлы әйелі сонда да өліп алуға ұрына бергендіктен әтірет бастығы жағынан оны күзетуге бес әйел міндет алды.

Ері әйеліне, әйелі еріне қарай алмай, жазықсыз жаңа қылиды бағатын ешкім шықпай, өлім халіне жетіп қалғандықтарына жаным удай ашыды. Саузыдауянның жаны тіпті мұрнының ұшына келіпті: пәледен құтылу үшін сол «технигін» парткомға бір апта мақтап, байланысты басшыларын тышқан терісімен баптап жүріп, бұрынғы орнына жаңа қылиын көтертіп қайтарды.

Осы зұлымдықты көрген соң Мақпалым мен Асқарым көзіме ыңғай қатер мен елестеп, ішімді өртей берді. Бірақ лаж не, осы майдандағы басқа бауырлардың атымен Ақияға үш-төрт рет жазған хатыма да жауап келмей қойды. Қолдан келмейтін арманмен қолқаға пышақ салғандай ащы ойдан аулақтауға тырыса бердім. «Болмайтын қасіретке болаттан берік бол!», «дүниеде тоқтаусыз өзен де жоқ қой, бұл мәдениет» лайсаңның қара тасқыны тоқтауға қанша қалды дейсің, су алуына тұралап шоңқиуына күн жақын-ақ шығар!» деп күрсінемін. Аяғым тыныштық көрмегеннің үстіне басыма да тыныштық бермей, жаза жүруді басқа ойды ұмытудың құралына айналдырдым. Еңбек айықтырушы күш екендігіне сенімім толықтанған сайын «секіріп ілгерілей» бердім. Жүріп бара жатып та ешкімге сездірмей жазудың әдісі табыла берді. Сүңги бердім творчество қиялына. Барлық медеуім - тиянағым, осы еңбектерімді халық керегіне жаратуда ғана...

Бұл әтіретте мені аңдымайтын, бөле қарамайтын екі-ақ адам бар көрінді. Бірі - Шынжаңда өскен Тянжындық семіз сары аспаз - Лисыпу. Жерліктерден, әсіресе қазақ халқынан көп жақсылық көргенін айтып жүретін. Ол, менің жұмыстан қиналып қайтқан шағымда асхананың майға қуырған балығын жасырып беріп тұрады да, тынығатын шағыма төрт кірпіш қыздырып дайындап қояды. Екінші бірі -  әлгі қазақша тілге жетік Жаңдали.

Жаңдалиды мен танымай қалыппын. Өзі айтқанда есіме түсті: Бейжиндегі ұлттар институтының қазақша тіл класын 55-жылы бітіріп, Шынжаңға келген. Мен оның мектеп бітірер жылы жазғытұрым Бейжінге барып, студенттерден оқулық жайында пікір алғанымда танысқанмын. Жазында Үрімжінің оңтүстік тау жайлауындағы қазақ ауылдарына солардың бір тобы практикаға келгенінде тұрмыс орналастыру, үйрену жағынан менің бір сыпыра көмегімді көрген. «Стиль түзету» науқанында ол да «оңшылдық» жақта болып, үкіметті тілдеп қойғандығынан бес жылға кесіліп, осы майданға лаугай болып айдалып келіпті. Саучыңсаудың түрмесінен шыққанымда Жаңдалидің мені қорғаштап, күбірлеп сақтандырып жүрген себебі сол таныстығы екен.

Су басқару пунктіне осы келгенімнен бастап ол менімен оңашада әңгімелесіп, ахуалдасып тұрды. Лаугайдағы уақытында менен де қатерлі қашқын болғанын айтады. Қазақстанға үш рет қашыпты. Бірінші ретінде осы майданның қуғыншылары жағынан ұсталып қайтыпты да, екінші рет қашқанында бұл жақтың шекара қорғаушы әскерлері жағынан ұсталыпты. Үшінші рет қашқанында ары өтіп кетсе де үш айдан соң Совет үкіметі қайтарып беріпті. Сол себептерден кесім мүддеті бес жылдан он жылға ұзартылып, былтыр әрең бітіріп шыққан екен. «Көзір ұлттан шыққандығым болмаса, әлдеқашан атылып кететін едім» деп күлді өзі.

Жаңдали менің басқа әтіреттердегі достарымнан хат-хабар, сәлем сауқат әкеліп бере жүріп, көмегі тиген сайын көсіле сөйлейтін болды. Қазақстанда, тіпті, шекара бойында да мені көп адамның сұрағанын, радиода жоқтайтындығын әлі де естіп жүргенін айтты. Күреске түсе қалса, мұның да миы қыза келе Уаңжүншыңша көкуі мүмкін ғой. Бұл хабарларына сұрау да қоймай, рай да білдірмей қойып едім. Жаңдали осы позициямнан-ақ бұрыннан хабардар екен деп білгендей, өзінің ендігі сырын ашық айтты.

- Мен Совет одағына қашып өтетін төте жолымды жете тексеріп біліп қайтқанмын, Биғабіл жолдас, көзімді жұмып та тауып бара алатындығыма сеніңіз! Сізді ешкімге көрсетпей өткізуге кепілдік бере аламын. Сізбен бірге барсам, Совет үкіметі мені де сіңіріп алып қалатындығына сенемін. Осы жаз өтпей, тезірек жүріп кетелік!- деді.

Бұл сырынан үсті ашық тұрған пештегі қып-қызыл шоққа басым түсіп кеткендей сезіммен төбемнің шыж ете түскеніне күліп жібердім өзім.

- Дали, сен маған мұны айтпа!... Мен Үрімжі маңындағы бала-шағамды тастап, ешқайда қашпақ емеспін. Ал, мені ертіп апарғаныңда Совет үкіметінің сені сіңіріп алып қалатындығына да сенім бере алмаймын! - Азарда-безер болдым бұл талабынан. Қайталап өтінген сайын қайталап тойтара бердім. Пештегі шоқтан қорыққандығым да емес, Мақпал мен Асқарымның ол жаққа өтіп кеткен-кетпегені анықталғанша шыдап күтуім шарт. Үрімжідегі Ақия мен таудағы Әнуарға, олардың әдрісі табыла қалса, хабарын маған қайткенде де жеткізулерін көп өтінгенмін.

- Олай болса, менің адалдығыма ол жақты сендіретін бір естелік жазып берсеңіз!- деп өтінді Жаңдали.

- Тағы да қолға түсе қалсаң Саучыңсау мені сол естелікпен байлап, басымды пысырып жемей ме!

- Немесе қолжазба шығармаңыздың бірін маған беріңіз, ұрлап әкеткен болайын!...

Бұғанда көнбей, үміт үздіретін жауап айта бердім.

Осы сөйлесуіміздің ертеңіндегі кеште-ақ Жаңдали жоғалды. Кінешкемнің арасында жүретін бір сұңдық қана фотосуретім қоса жоғалды.

Үстінен материал түсіп, әтіреттегі күрес нысанасына айналғандар азайған шақта Саучыңсау мені тағы да айландыра бастады. Мені бұрыннан-ақ қанша иіскелегенімен қылмыс таба алмай жүргенін білетінмін. «Социализм - үздіксіз төңкерістік күрес дәуірі» деген нұсқау шығып, қалпақшылардың әр жарым айда бір рет өзін тексеріп, идеялық өзгерісінен доклат жазатын тәртіп орнасымен Саучыңсау күйентай маған мықтап төнді. Өзінің әр күні шықылықтағанында қалтырай түсетін қалпақты тышқандарының қатарына қосып алмақ болды.

- Өзіңнің идеялық ахуалыңды сен де тексер!- деді бір күні кабинетіне шақырып алып, ұйғырша сөйледі.

- Өзіңізге мәлім, мен осында қайтып келгеннен бері ешқандай мәселе тудырмадым. Сондықтан тексеріп жазарлық ештеңем жоқ!- деп әдеппен ғана жауап қайтарып едім, көз қарашықтары тағы да атуға дайындалған мергенше тұмсығын далдалана қалды.

- Басқа қалпақтылар жазып жатқанда сен неге жазбайсың, қайтсең де жазасың!

- Мен де қалпақ жоқ, зыдауян, деломды көріңіз! -тағы да әдеппен сөйлеп, қалпағымның 64-жылы мартта алынғандығын анықтап сөйлеп бердім. -Егер деломнан пәлен қалпағы бар деген таңбалы қағаз табылса, қылмыс өткізбесем де шартсыз жазуға борыштымын. Қалпағы жоқтығын біліп отырып, сіздің бұйрығыңыз бойынша жаза берсем, мұның өзі де бір үлкен қылмыс. Олай болатыны, «қалпақ» деген қазіргі ең үлкен саяси мәселенің бірі. Саясатпен ойнауымызға рұқсат жоқ. Деломнан іздеп, қалпағым болса, өзіме көрсетіп отырып бұйырыңыз мұндай істі!

- Сенде қалпақтың тіпті үлкені бар, уақыт шығарып іздесе сөзсіз табылады! Оған қарамай жуастықпен жаза бергенің жақсы! - Саучыңсау тағы да насихаттап қалды да, мен сол документті көрмей жазбайтындығымды тағы да айтып шықтым.

Содан екі күн өтіп, үшінші күні таңертең Маужушиға доклат бере салып, жұмысқа шығып бара жатқанымызда  алдымнан тоса қалды:

- Жазып болдың ба, әкел!

- Документіңіз қане?

- Ертең таңертеңге дейін өздігіңнен жазып тапсырмасаң, алып қалып, көзіңе шұқимын. Бар қалпағыңды жасырмақ болғаның үшін қатал күреске тартыласың!

- Қалпақ фактін көрмей жазбаймын. Маужушиден қалпақсыз-ақ қалпағым бар деп жаза бер деген нұсқау жоқ!...

Ертеңіне таңертең Саузыдауян алдымнан тұнжырай келіп тосты.

- Жаздың ба?

- Жоқ, жазбадым!

- Не үшін?

- Қалпағым жоқ! Сіз менің деломды әлі көрмепсіз, айтқанмын ғой! Қалпақсыз адамға қалпақ кидіру үшін ең кем болғанда осы майданнан бір дәреже жоғары орынның бекіткен таңбасы қажет!... Онда да қалпақ киюшінің өзіне уақытында көрсетіп, ұқтырып қоюы шарт!... Бұл заңды білетін саяси нұсқаушы, мені орынсыз-фактсіз қинамаңыз! -Осыны айта салып бұрылып жүре беріп едім.

- Көресіңді дәл бүгін кеште көріп, күреске тартылмай тұрғаныңда дереу жаз!- деп жүріп кетті кабинетіне. Тыңдап тұрған әтіреттестерім оған жарамсақтанып түгел шулады: «өзіңе-өзің мәселе таппай, зыдауян бұйырған соң, сөзсіз жазуың қажет!»- деп еседі.

Оларға түсінікті жауап айтып, бірге кете бердім. Сол күні кешке дейін қылқара да қылилана қарады маған. Бірақ, кеште қайтып келіп, Маужушиға жұмыс доклатын беріп болған соң да, бір сорлыны күреске тартып шырылдатып болған соң да, ұйықтау қоңырауы соғылған соң да маған төнген күрес түгіл зыдауян көрінбеді.

Ертеңіне таңертең «Маужушиға» күнімізсің деп өлең айтып, жұмысқа шығатындығымызды мәлімдеп, тағы да жөнеле беріп едік, Саучыңсау есігінің сыртында тұр екен.

- Жазып болдың ба?- деп тағы сұрады менен.

- Қане, қалпағымның барлығына факт көрсетіңіз, доклатымды қазір-ақ жазып берейін! - қарсы алдына барып тұра қалдым.

- Ей сен оны күтпей-ақ жаза бер деген соң жаза бер!- деп зекіді зыдауян. - Қалпағыңның барлығын зыдауян тұрып мен білмеймін бе? Менен документ сұрайтын не құқығың бар сенің?

- Маужуши бізге мына нұсқауын әлдеқашан  берген,- деп жымия қарадым жүзіне. «Тексеріп білмеген адамның пікір беру құқығы жоқ». Сіз менің деломды мүлде көрмегенсіз, білмейсіз. Ол сіздің шкабыңызға да келіп түспепті. Демек, тексеріп білмеген сізге өз жайымды толық білетін менің жауап қайтару құқығым толық! Осы фактымды енді мен көрсетіп сізге, неше күннен бері қанша айтсам да қыр соңымнан қалмадыңыз, енді айыпқа бұйыра алмайсыз. Өз ісімді алдымен өзім білем бе, сен білемісің? Қане қалпақ факт көрсет! -Алқымына екі алақанымды жая ұмтылдым. Түсім бұзылып кеткен сияқты. Саузыдауян шегінгеннен шегініп кабинетіне кірді, мен қуа кірдім. - Қане көрсетіңіз документті. Көрсетіп тұрып «көзімді шығарсаң» да, басымды үйітіп жесең де құқықтысың! Қане, тап фактыңды, әкел! - Зыдауян столын айлана шегінді де мен айлана қудым. Басқа шынсыңдар сыртта дабырласып жатты. Аңыздағы әулиенің жатын орнына жын-шайтанның жолай алмайтыны тәрізді, шынсыңдар бұл кабинетке рұқсатсыз кіре алмайтын. Ол менен қалпақ табылмағандығын қашқан сайын түсіндім, түсінген сайын алқымдадым. - Әкел, тап қалпағымды, көрсет көзіме!...

Менің енді құтқармайтындығымды білгендей, босағадағы велесипетін жетектей жөнелді сыртқа.

- Асықпа, қазір-ақ көрсетемін саған!- деді де секіріп мініп майдан ортылығына қарай зыта жөнелді. Басқалардың қорқынышты көздерін алартып алдыларына түстім де кете бердім егіс атызына....

Ертеңіне таңертең кабинетінің алдынан зыдауянның велесипеті көрінсе де өзі көрінбеді. Кетпен мен орағымды сыртқа қоя сала «баугау!» деп кіріп бардым.

- Әнзің[7] ертең келеді!- деп төмен қарай берді.

- Ертең түгіл ендігі жылы да келмейді зыдауян. Кеше әнзімнен ештеңе таба алмай қайтқаны түсінікті. «Бар нәрсе жоқ болмайды, жоқ нәрсе бар болмайды!» Бұл материализмнің түп принципі. Мұнан соң маған мұндай саяси қалжың айтпаңыз!... Егер мұныңыз саяси жала болмаса, сізге қарсы тұрудан қорқар едім. Кеше құтырудан әрең сақтап қалдым өзімді. Менде қалпақ та, мәселе де жоқ. Бастан-аяқ осындай жаладан сорланып келе жатқан адаммын. Ойлап көріңіз, төңкеріс сабынан өмір бойына шеттеп көрмеген бір адал азаматтың жаладан ғана «жын-шайтан» қатарына қосылып кетуі, нервті қаншалық халге түсіретіндігін түсінерсіз...

Көзімдегі ызаның жасын осы сөзбен сүрте сала жөнелдім жұмысқа. Үнсіз қалған Саучыңсаудың көнтек ерні салпиып, көгілдір ызғармен шаңытып тұратын қалың қара терілі жүзі тіпті қарая түсті. Көз қарашықтары «акоптарына» кіріп алғаны белгілі.

Осыдан соң маған қалпағым жөнінде аузын ашпады. Доклат сұрау түгіл қарауды да қойды. Мен оған қарамадым. Қалпақты шынсыңдар маған сүйіне түсті де қалпақсыздары қодыраңдамай, теңдікпен қарайтын болды. Тек, қылқара ғана өктемдік дектатурасын күшейтіп, ауыр жұмысқа айдай берді. Онысына мойымадым. Қандай жұмыс болса да оның өзінен алысырақ жүрсем жеңіл сезіледі. Тек, жөнсіз тиіскенінде ғана «қалжыңдап» желкесінен мытып-мытып қоя беремін. Ол ойыныма шыдамай шайпаулық тілдері шыға қалған күндерде әтірет бастығына мәлімдеп қоямын да ертеңіне өзіне ескертемін. «Енді мұндай жолсыздық істесе, майдан штабының тәрбиелеп басқару бөліміне борбайынан сүйреп апаратындығымды» жариялаймын. Бірақ бұл мәлімдемем, бір-жар күн ғана күшін сақтай алады...

Әтірет бастығы оны төте тежей алмай, зыдауянға айтыпты бір күні. Саяси нұсқаушы тәрбие беріп түзеткені сол, аулада қылқара мен қолтықтасып, қарқылдап күлісе өтті алдымнан. Түскі демалыс уақыты еді. Маған қыр көрсеткендері екен. Әтірет бастығының оларға тыжырына қарап тұрғанын байқадым. Мен күле қолшапалақтадым сонсоң. Әтіреттегі кадр-шынсыңдары түгел ұқсын деген оймен ханзу тілінде сөйледім.

- Ей зыдауян, «шынсың» дегендердің «люгүй шесің»[8] екендігін ең алдымен сізден естіп едік. Сол «жын-шайтанмен» саяси жетекшінің қолтықтасып-құшақтасқанын да сізден көріп қуанып тұрмыз, құттықтауға рұқсат етіңіз!

Оған наразы шынсыңдардың бірнешеуі маған қосылып қолшапалақтағанда кадрларда бір-біріне қарасып күліп кетті. Саузыдауян қараса да елемегенсіп, Қылқарасын қолтықтаған күйі өте берді.

Сол күні кешкі жиын соңында сөйлеген Саузыдауян «қалпақты албастылардың жүні өсіп, күлетін болып бара жатқанын» айта келе маған барлық кегімен шындап, ашық жауап қайтарды.

- Биғабіл дейтін бұзық элемент, өзінің қалпағын жасырып жоғалттым деп әлінен асып алды!- деп жіберіп, қолапайсыз ернін салпита кіжінді. - Саған қалпақ кигізе алмасам, Саузыдауян болмай кетейін!...

- Көпшілік, Саузыдауянның мына сертін естідіңіздер ғой?- деп жоғары дауыспен мен сұрау тастадым. - Бұл әтіретте қалпақты Саузыдауян жасап кигізе ме, иә, әркім өз қылмысымен кие ме?... Егер, барлық күш, барлық расхот Саузыдауяннан шықса, ондай қалпақты мен кимеймін. Мен өзім туғызбаған бала менің балам болмақ па! Ертең-ақ өз әкесі шыға келіп, «кімнің баласы екендігін көзінен де танымаймысың» деп аузыма бір қойып, тартып әкетпей ме! Ондай пәледе нем бар менің!

Алдағылар түгел тұқырып алыпты. Бұл теңеуіме булыға-тұншыға күлді. Саузыдауян өзіндей қыли қырсық пайда болған семьяны тездетіп қайтарғанына енді толық қанағаттанса керек. Сөзімді шыбын шаққан құрлы көрмегендей, жүнін қампитып, түксиген такаппарлық қалпын бұзбай шықты.

Әділетті тергеушім, астындағы тайы тулай берген бір баланың «осы тайдан жығылмай көзім ашылмайды екен» дегені сияқты, қылмысымды сізге соңына дейін жазып тапсырмай менің де көзім ашылмайды екен. «Қашпақ болсаң зымыра» дейді, сіз бұл жерде болмасаңыз да жиған-тергенімді жаза берейін. Саучыңсау сынды мына асыранды бүгелектеріңіз түбінде мені сіздің көріңізге дейін қуалап апарып қамамай қоймас. Гуансайыңызды[9] да қылмысқа толтырамын-ақ!

 

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»



[1] Жекешілдікке, есекшілдікке, ревизионизмге қарсы тұрып, кері төңкеріске соққы беру науқаны.

[2] Лаухан (ханзуша) - шал.

[3] Оңтүстік тау - Еренқабырғаның Үрімжі тұсын ханзуша солай атайды.

[4] Лаусәнпян - ұлы үш мақала (Маужың үш сөзін Ляңбяу осылай атап жаттатқан)

[5] Ляңфужуши - орынбасар төраға Ляңбяу.

[6] Ең жоғары нұсқау - Маузыдұң сөздерінен үзінді.

[7] Әнзі (ханзуша) - дело (қылмыс боқшасы).

[8] Люгүй шесің (ханзуша) -жын-шайтан.

[9] Гуансай - ханзулардың өлгенде салынатын тақтай сандығы.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5289