Жексенбі, 24 Қараша 2024
Алашорда 2994 0 пікір 15 Наурыз, 2022 сағат 14:11

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау: Тарихи әділеттік һәм ұрпақ аманаты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 24 қарашада «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы қаулыдан кейін Кеңестік кезеңдегі тотолитарлық жүйеден жазықсыз жапа шеккен, әділетсіз атылған азаматтардың атын ақтау үшін республикалық және еліміздің түкпір-түкпірінен өңірлік комиссиялар құрылып белсенді жұмысқа кірісті.

Тарихтан белгілі ХХ ғасырдың 20-50 жылдары қазақ халқының басынан өткерген ең қасіретті жылдар еді. Тәуелсіздіктен кейін пайда болған деректер бойынша Кеңес одағы құрылған алғашқы онжылдықта қазақ елі  4-4,5 миллион адамынан айырылған екен. 1921-1922 жылдардағы аштықтан 1 млн 700 мың қазақ қаза болса, 1932-1933 жылдардағы аштықтан 2 млн 300 мың адам бақилық болады. Қазақ демографы Мақаш Тәтімовтің дерегінше, ХХ ғасырдағы азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, жаппай қуғын-сүргiн, екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырылды. Миллиондаған қандасымыз шетелге босып кетті. Осы бір қасіретті жылдары қазақтың кешкен күйіне қабырғасы қайысып, шырылдай қорғағаны үшін 100 мыңнан астам азамат жапа шегіп, 20 мыңы атылды. Халықтың көзін ашуға талпынған, ғылым-білімге шақырған зиялы қауым өкілдерін кеңес билігі «халық жауы» атап, саяси ұстанымдарын «қауіпті элементке» балап қудалады. Түрмеге тықты, ату жазасына бұйырды. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ә.Байділдин, Д.Әбілов, М.Тынышбаев, Т.Рысқұлов сияқты көптеген алаштың ардақтылары саяси жүйенің құрбаны болды. Олардың жұбайларын, балаларын қатігездікпен аты шыққан Алжирде, өздерін ГУЛАГ, Қарлаг сияқты лагерлерде аяусыз ұстады. Қазақстан ұрда-жық саясаттың кесірінен қысымға ұшырап жер айдалғандардың жазалау мекеніне айналды. ХХ ғасырда қазақ жеріне Қиыр Шығыстан, Еділ бойынан, Солтүстік Кавказдан 1,5 миллион өзге ұлт өкілдері күштеп көшірілді.

Халқымыздың қасіретті жылдарының шындығын ашып, атына қара күйе жағылған мыңдаған боздақтарды ақтап алу тәуелсіз елдің өз тарихы алдындағы парызы. Осы мақсатта Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев егемен ел болып етегімізді жинаған алғашқы жылдары, дәлірек айтсақ 1993 жылы жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңын бекітті.1997 жыл «Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» атанып, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні  болып жариялады. Сол кездері, ең алдымен, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың зиялылары мен Алаш қозғалысының жетекшілері ақталды. Алайда, одан басқа да көптеген азаматтар ақтаусыз қалды. Себебі, бұл бір-екі жылдың айналасында атқарыла салатын жұмыс емес еді. Бұл – тарихшылардың, қоғам қайраткерлерінің ұзақ уақыт бойы зерттеу жүргізіп, ауқымды еңбектер жазуы арқылы келетін дүние.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аты бағдарламалық мақаласында «ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды» деп, баға берген болатын.

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» құрылған соң, Елбасы айтқан тарихи ақтаңдақтарды зерттеудің кең мүмкіндігі ашылды. Комиссияның жұмыс органы ретінде Білім және ғылым министрлігі бекітілді. Сондықтан бұл бастамаға жекелеген тарихшылардан басқа, академиктер ғылыми зерттеу институттарының жетекші ғалымдары, республикамыздың әр өңірінде орналасқан жоғары оқу орындарының қызметкерлері жұмылдырылды. Былтыр Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «11 бағыт бойынша жұмыс топтарын ұйымдастырып, сол 11 топта 57 ғалымның еңбек етіп жатқанын» айтқан еді.

Комиссия жұмысы аясында ғалымдар тобы бұрын аз зерттелген немесе мүлдем зерттелмеген тақырыптарды қолға алған. Мысалы, аз зерттелген «Қазақстанға күштеп жер аударылған халықтардың ақталмаған құрбандары және арнайы қоныс аударушылар бойынша жұмыс тобы», «НКВД ГУЛАГ-тің 26 лагерінде құрбан болғандар мен зардап шеккен ақталмаған қазақстандықтардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің ұсынымдарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы» және мүлде зерттелмеген «Кулактар, байлар, жартылай феодалдар (орта шаруалар) және шаруалардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу, қорытынды және ұсынымдар дайындау жөніндегі жұмыс тобы», «1916-1930 жж. мемлекеттің жазалаушылық әрекеттері мен биліктің саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындарды ақтау бойынша зерттеу, ұсыныстарды дайындау және енгізу жөніндегі жұмыс тобы» іске кіріскен.

Жалпы, комиссияның негізгі бірнеше мақсаты бар:  Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру; жазықсыз сотталған және саяси репрессияға ұшырағандарды ақтау процестерін ғылыми зерттеу; жабық мұрағаттардағы қуғын-сүргін жөніндегі материалдардың зерттеушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету; еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Комиссия құрылмай тұрған күннің өзінде елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ұмыттырмау, тарихты жаңғырту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылған болатын. 2001 жылы Шымкент қаласында еліміздегі тұңғыш саяси мұражай –  "Оңтүстік Қазақстан саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы" ашылды. Сол жылы Қарағандыдағы Қарлаг әкімшілігінің тарихи ғимаратында «Долинка селосында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» мұражайы да ашылды. 2007 жылдан бастап Ақмола облысында «Алжир» мемориалдық кешені жұмыс істеп келеді.

2017 жылы Алматы қаласында 1931-1932 жылдардағы алапат ашаршылықтан қаза болғандарға арнап 2017 жылы ескерткіш тұрғызылды. Бір жылдан кейін Алматы облысы Талғар ауданында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай ашылды.

Екі айдан кейін қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні келеді. Жыл сайын жетім қыздың тойындай өтетін бұл қаралы күнді ендігі таңда тарихи және ұлттық маңызы бар сипатта өткізуге тиіспіз. Ол үшін аталмыш шаралардың маңызы жоғары. 1921-22 жылғы ашаршылық пен 1931-33 жылғы аштық құрбандарын еске алу да аталмыш дата аясында көбіне ескеріле бермей, көмескі қалады. Сондықтан саяси құрбандарды ақтау датасын тиісті дәрежеде өткізу маңызды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5590