Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 4919 2 пікір 15 Наурыз, 2022 сағат 19:44

"Ұлттық рухани жаңғыру": не жасалды?

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының қабылданғанына да биыл 5 жылдың жүзі болды. Жоба біздің мемлекет пен ұлт үшін және идеология негізінде өте маңызды. Себебі Қазақстан ұзақ жылдар бойы идеологиялық вакумде өмір сүрген мемлекет. Отарлық саясат пен кеңестік идеология ұлтымызға тән қасиеттер мен құндылықтарды жоя бастады. Тіл, тарих пен дәстүр ада болды. Тәуелсіздікті алғаннан кейін, анығы қалпына келтірген соң, жоғалғанды іздеп, бүлінгенді қалпына келтіру жұмыстарын бастадық. Ол қуғын-сүргінге ұшыраған халықты ақтау, ұлт зиялыларын таныту мен еңбектерін басып шығару, ашаршылық жылдарын кеңінен зерттеу және басқа да қадамдардан тұрды.

2017 жылы «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы қабылданды. Жобаның аты айтып тұрғандай, ұлттың рухани жаңғыруы мемлекет үшін маңызды еді. Кез келген мемлекет елдің дамуы үшін ең алдымен идеологиялық жағын қалыпқа салуға тырысады. Демократиялық құндылықтарды енгізу дәуірінде идеологияны ұстану да, ұсыну да қиын. Сан түрлі таңдау бар, алайда сапалы және халыққа қажет өнім ұсыну арқылы, мемлекеттік мүддеге сай келетін көзқарасты алға жылжытуға болады. Соның бірі «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы болатын. Ол сан саланы қамтиды. Тілді реформалау, тарихты тірілту мен мен тарихи мұраларды көркейту, мемлекеттік тілге әлемдік кітаптарды аудару, туған жерге деген сүйіспеншілікті ояту және басқа. Соның аясында біршама алға жылжу байқалды. Кітаптар аударылды, тарихи орындарға жөндеулер жүргізілді.

Президент Тоқаев аталмыш жобаны дамыту үшін арнайы жарлыққа қол қойған еді. 2021 жылдың 13 қазаны Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Ұлттық жобалардың тізбесін бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Оның негізінде 10 нақты ұлттық жоба белгіленді. Оның ішінде 3 бағытты, 7 тапсырманы, 21 индикаторды және 66 ауқымды шараны қамтитын «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы бар.

Қоғамдағы қазақтілді ортаны барынша жеңілдету, оны күнделікті өмірде емес, ғылым мен білімнің, бизнес пен қоғамның тіліне айналдыру мақсаты талқылануда. Екінші бағыт «Ел рухы» деп аталады және мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ отандық өнімді, оның ішінде шетелде ілгерілету жөніндегі шаралар кешенін біріктіреді. Бұл үшін 2025 жылға қарай 5 нақты нәтижеге қол жеткізумен 13 ірі іс-шараны өткізу көзделген. Атап айтқанда: инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде жаңа мәдениет нысандарын салу есебінен ауылдар мен шалғай елді мекендердің тұрғындарының 92,5 пайызы мәдени қызметпен қамтылады. Жалпы, мәдениет нысандарына бару санын екі есеге, ал халықтың мәдениет саласындағы қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейін 75 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Осы мақсаттар үшін 250 жаңа мәдениет нысаны салынады және 1200 қолданыстағы мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Еліміздің шығармашылық әлеуетін тікелей қолдау арқылы отандық мәдени өнімдерді молайту жүйесі құрылады, оның ішінде кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін 25%-ға дейін ұлғайту, негізінде 40-қа жуық анимациялық фильмдер шығару көзделіп отыр. Сонымен қатар шығармашылық перспективасы бар дарынды тұлғалардың 150 жобасына қолдау көрсетіледі. Бұл рухты түлететін шаралар болмақ.

«Рухани жаңғыру» жобасы аясында Жамбыл Жабаев (175 жыл), Мұқағали Мақатаев (90 жыл), Әлихан Бөкейханов (155 жыл), Ыбырай Алтынсарин (180 жыл) сынды көрнекті тұлғалардың өмір жолы мен мәдени мұрасы аталып өтілді. Ұстаз Ыбырай Алтынсарин (180 жыл), күйші Дина Нұрпейісова (160 жыл) және Латиф Хамидидің (115 жыл) мерейтойын да естен шығарған емеспіз.

Тәуелсіз мемлекетіміздің ең ірі де маңызды жобаларының бірі – қоғамның санасын жаңғырту осылайша іске асуда. Қазақстанның бай тарихи өткен жолы бар. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыз азаттығымыз үшін күрескен жеріміз бар. Осылайша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында Қазақстанның өткеніне де, болашағына да қатысты барлық мәселелер қарастырылған. Оны жүзеге асыру жас елдің өткені мен бүгіні және болашағын біріктіруге ықпал ете алады. Қазақ халқының құндылықтарын жаңғырту да маңызды болмақ. Қазақстанның эволюциялық және тарихи өткені арқылы патриоттық түсінікті ынталандыру қажет. Адамгершілік, рухани және мәдени құндылықтарды сақтау және арттыру қазіргі ұрпақ үшін аса маңызды.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы еліміздің түкпір-түкпірінен келген түрлі жастағы талантты, талапты тұлғалардың өмірбаянын көрсетеді. Бұл бір салада жетістікке жеткен, қазіргі Қазақстанның тұлғасына айналатын адамдар десек те болады. Көпшілігі тұлға деңгейіне жетіп үлгерген.
«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» – білім мен тәжірибе жинақтауға, қазақ тілін дамытуға және ұлттың өзіндік санасын дамытуға бағытталған, жалпы республика азаматтарының білім сапасын арттыруға септігін тигізетін жоба. Бұл жоба аясында барлық аударылуға тиіс кітаптар аударылды, қазірдің өзігде гуманитарлық сала студенттері аталмыш кітаптармен білім алуда.
«Сакаралды Қазақстан» жобасы еліміздің киелі және мәдени-тарихи жерлеріне сүйене отырып, туризм саласы дамытуға да бағытталған. Бұл жобада мемлекетіміздің мәдениетін шетелде кеңінен насихаттауға бағытталған «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақ мәдениеті» жобасы да бар.
Ал тілдің дамуына, оның әлемдік кеңістікке енуіне тың серпін беру жобаның басты ерекшеліктерінің бірі. Азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруіне қызығушылық пен ынталандыру мүмкіндігін жасау мақсатында қазақ тілін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жобасы қарастырылған және біртіндеп іске асуда. Жаңа әліпбидің үлгісі жасалып, сан мәрте талқыдан өтті.

Әлеуметтік мәселелерді шешуге, азаматтарды «кіші отанына», туған жеріне қамқорлық жасауға, дамытуға, көркейтуге үгіттейтін «Туған жер» арнайы жобасын айта кеткен де жөн болады.

«Рухани жаңғыру» соңғы бес жылдың ішінде осындай жобаларды жүзеге асыруда. Жаңа талаптар мен геосаяси жағдайлар жаңа өзгерістерді талап етеді. Сондықтан бағдарлама ол өзгерістерге де бейімделуде. Міне, бұл барынша қажеттілік және жобаны өміршең ете түспек.

Қазіргі геосаяси қақтығыстар әлемде өршіп, сана мен салтты жоюға бағытталған саяси қадамдар жасалып жатқан аумалы-төкпелі заманда әр ұлт үшін өзінің ұлттық болмысын, құндылықтарын сақтап қалуы аса маңызды. Міне, аталмыш жоба сол үшін де қажет, сол үшін де өзекті. Әлемдегі адам санасындағы шекаралар бұзылып, сан түрлі идеологиялық қақпандар әр сәтте, әлеуметтік желі мен сайттарда, теледидар мен ноутбукте құрылған мезетте өз ұлтыңа тән қасиетті сақтап қалу аса қиын. Идеологиялық бағыт беріп, сананы сілкіп отыру үшін осы жобаның қажеттілігін уақыттың өзі дәлелдеп келеді.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434