Тұрсын Жұртбай. Аймауытов - адалдық пен әділдікті «ар ісіне бағалаған» (жалғасы)
2.
Адалдық пен әділдікті «ар ісіне бағалаған» (Абай) атақты жазушы бұл жолы да ақиқаттың жолын кеспеген. Зады, Д.Әділевтің Голощекинге қастандық жасау ниеті болғанға ұқсайды. Бұл өзі Әлихан Бөкейханов: «Қазақта террор жасайтын ержүрек жігіт жоқ»,- деп айтты-мыс деген сөзге намыстанған өжет жігіттің жауап әрекеті ме? Әлде Қара - Ноғай үшін түбінде бір түрмеге түсетінін біліп, не де болса тәуекелге бел буғаны ма? Әлде қызба жігіттің ет пен терінің арасындағы желігі ме? Ол өзін театрдың директорлығын өткізіп бергеннен кейінгі ашынудан-үрейден туған, жай ғана айта салған сөз бе, әлде нақты іс-әрекет пе, оны анықтау енді мүмкін емес. Жиырма жеті жасар жас жігіттің аптығын басу үшін айтылған басу сөзі үшін, өзінің ату жазасына бұйырылатынын Жүсіпбек білген жоқ. Білсе, Әділевке айтқан ағалық ақылынан бас тартып, мойындамас па еді, кім білсін.
2.
Адалдық пен әділдікті «ар ісіне бағалаған» (Абай) атақты жазушы бұл жолы да ақиқаттың жолын кеспеген. Зады, Д.Әділевтің Голощекинге қастандық жасау ниеті болғанға ұқсайды. Бұл өзі Әлихан Бөкейханов: «Қазақта террор жасайтын ержүрек жігіт жоқ»,- деп айтты-мыс деген сөзге намыстанған өжет жігіттің жауап әрекеті ме? Әлде Қара - Ноғай үшін түбінде бір түрмеге түсетінін біліп, не де болса тәуекелге бел буғаны ма? Әлде қызба жігіттің ет пен терінің арасындағы желігі ме? Ол өзін театрдың директорлығын өткізіп бергеннен кейінгі ашынудан-үрейден туған, жай ғана айта салған сөз бе, әлде нақты іс-әрекет пе, оны анықтау енді мүмкін емес. Жиырма жеті жасар жас жігіттің аптығын басу үшін айтылған басу сөзі үшін, өзінің ату жазасына бұйырылатынын Жүсіпбек білген жоқ. Білсе, Әділевке айтқан ағалық ақылынан бас тартып, мойындамас па еді, кім білсін.
Әлқисса, осы арада бір оқшау түсінік бере кетудің орайы келіп тұр. Біз екінші рет, яғни, 1990 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы Праволық комиссияның төрағасы ретінде Қауіпсіздік комитетіндегі құпия құжаттармен танысқанымызда жазушы Дүкенбай Досжан да рұқсат алды. Құжаттарды қатар қараған кезіміз де болды. Соның нәтижесінде тездетіліп «Абақты» атты кітабы жарық көрді. Жүрдек қалам иесінің мақалалары да 10-15 күннен кейін баспасөзде жарияланып жатты. Ал біздің Мұхтар Әуезовке қатысты «Талқы» атты зерттеуіміз 1997 жылы ғана басылым көрді. Біз көшіріп алған құжаттар осы «Ұраным - Алаш!..» атты әфсанада барынша толық қамтылып отыр. Құжаттардың аудармасын салыстыра отырып, кейбір мәтіндерді Д.Досжанның жарияланымы бойынша деп ұсынуды мақұл көрдік. Түпнұсқа біреу болғандықтан да салыстыру барысында байқалған деректік ауытқуларды өзіміздің қолымыздағы көшірмеге сүйеніп жүйеге түсірдік. Сондай-ақ ол деректер автордың стилі мен шығарманың ырғағына қарай жинақтала баяндалды.
Сонымен, Д.Досжанның жарияланымында: «Қызылорда қаласы, Карл Маркс көшесі 54-үйде тұратын Жүсіпбек Аймауытовтың үйіне 1929 жыл 14 мамыр күні жүргізілген тінтуде тәргіленген заттар: 1. Хаттар, барлығы - 88 дана. 2. Екі фотосурет. 3. Жеке басының құжаттары - 20 дана. 4. Аймауытовтың қолжазбалары және газет қиындылары - 34 бума. 5. Қалың дәптердегі қолжазбалар - 33 дана. 6. Кітапта - 6 дана. Куә ретінде азамат Ысқақов қатысқан. Тұтқындаған - Дінше Әділевті Бетпақдалада қуғындап жүріп, атыс үстінде қолға түсірген ОГПУ-дің өкілетті өкілі И. А. Шумилов»,- деп көрсетілген.
Жүсіпбек Аймауытовтың тергеу ісінің өзге алаш қайраткерлерінен оқшау жүргізіліп, кейін олардан бөлек тізімге ілініп, атылып кетуіне әскери тергеушінің айыптауы бойынша тұтқындалғаны себепкерлік етсе керек. Ал Евгения Аймауытованың хатында А.Саенко тінту жүргізген - делінеді. Бұл оқиғаның мазмұны Д.Әділевке қатысты тарауда толық қамтылғандықтан да, хаттамамен қысқарта таныстырамыз. «Тергеу хаттамасы. 29 жыл, 16 мамырда толтырылағн. Тергеуді ОГПУ-дің өкілі Саенко жүргізген.
Анкеталық анықтама: Жүсіпбек Аймауытов - 40 жаста, қазақ. Семей губерниясына қарасты Павлодар уезі Қызылтал болысының 1 ауылында туған. Әке-шешесі орта шаруа. Әйелі, 3 баласы бар. Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Арнайы орташа білімі бар. Қазір партияда жоқ. 1920-22 жылдары БК(б)П мүшесі болды, басқа партияға мүше болған емес. Өз еңбегінің табысымен күн көреді. Мамандығы - мұғалім. Халық комиссарлары автономиялық Орталық Комитетінде қызмет істеді. 1926 жылы Қылмыстық кодекстің 113 статьясы бойынша істі болған, кейін ақталған. Әке-шешесі кедей шаруа. Ол кісілер қайтыс болған. 16 жасқа дейін туысқандарының қолында өскен.
Хаттаманың мәтіні алдыңғы және кейінгі бөлімдерде дәлел ретінде келтірілгендіктен де төлеу сөз ретінде қысқартып береміз:
Семей семинариясында оқып жүрген кезінен шығармашылықпен айналысқан. 1918 жылдан бастап негізінен Семейдегі семинарияда оқитын қазақ жастарының «Жанар» атты мәдени-ағарту қоғамының ұсақ қарыз серіктестігінің қаржысына басылған «Абай» журналының шығарушысы болды. Бұған Тұрғанбаев жетекшілік етті. Алғашқы кезде «Абай» журналын қолжазба күйінде шығару ұйғарылса да, кейін ұсақ қарыз серіктестігінің мәдени, оқу-ағарту ісіне арналған қаржысы пайдаланылды. Журнал өзінің 12-ші саны шыққаннан кейін қаржы тапшылығынан жабылып қалды. Оның үстіне «Сарыарқа» газеті журналға қырын қарады. «Сарыарқа» газетінің екінші санына «Тұр бұқара, жинал кедей, ұмтыл жастар» деген ұзақ мақаласы жарияланды. 19-жылы семинарияны жақсы бітірді. Колчак үкіметі құлағаннан кейін Семейдегі төңкерісшіл губерниялық комитетте істеді әрі «Кедей таңы» атты жаңа газеттің редакторы болды. Осы кезде БК(б)П мүшелігіне өтті. 1920 жылдың қазан айында Қазақ Атқару комитетінің мүшесі және оқу-ағарту наркомының орынбасары болып сайланған.
Ж.Аймауытов (жалғасы): «21-жылдың қыс айында Ысқақов пен Сәрсеновтің үйінде, кімнің ұсынысы бойынша жиналғанымыз есімде жоқ, партияда бары және жоғы аралас, ішінде алашорда көсемдері де бар, Семейдегі қазақ қызметкерлері бас қосқанымыз бар. Алашордашылардан Дулатов, Ғаббасов, Тұрғанбаев қатынасты, өзгесі жадымда қалмапты. Әңгіменің ешқандай қорытындысы болмады, бір шешімге келе алмай тарқастық. Осы басқосуда болар-болмасы белгісіз, әлі нақты белгіленбеген қызметке кейбір кісілерді ауызша тағайындап жатқаны маған түсініксіз көрінді. Сіздің сұрағыңызға орай айтарым, жиналыста БК(б)П мүшелігіне қабылдау мәселесі қаралды ма, жоқ па, ол арасы анық есімде қалмапты».
Ал 1929 жыл 23-мамыр күнгі тергеуде Дінше Әділев туралы көрсетінді береді. «Дала қарақшысы» атты тарауда баяндалғанындай Ж.Аймауытов (Д.Досжанның жарияланымы негізінде):
«Әділовпен 1921 жылы, Орынборда оқу-ағарту наркомының орынбасары кезімде таныстым. Ол кезде оның не істеп жүргенінен хабарым жоқ, әйтсе де, Қазақ Атқару комитетінің мүшесі екенін білетінмін. Кейін Әділев жаңғалақ жігіт дегенді естідім: жолдастарынан қарызға ақша алады екен де, оны қайтармай кетеді екен. Ташкентте тұрған кезімде үйіме бір мәрте келді, кейін оған: «Жазғы демалыста үй-ішімді жайлауға жіберсем қайтеді?»,- деп хат жазғаным бар. Бұл шаруаны кейін Ташкентте өзімен келістім»,- деп жауап берген.
Осы көрсетіндіден-ақ олардың арасындағы таныстықтың орнықты екендігі аңғарылады. Шындығында да, Д.Әділевтің көрсетуі бойынша, екеуі сол жылы Семей қаласында танысқан. Зады Ж.Аймауытов таныстық мерзімін ұзартып көрсеткісі келмеген сияқты.
«Алаш iсiнiң» басталуына себепкер болған куәләрдiң iшiндегi ең түйінді «тұлғасы» да Дiнше Әдiлев болғандықтан да бұл тұзақтан Жүсiпбектiң жазасыз құтылуы мүмкiн емес едi. Егерде жеке тұрғанда оның арнаулы кешiрiмге iлiгiп, тағы да жетi-сегiз жыл өмiр сүруiне мүмкiндiк туатын едi. Жүсіпбек Аймауытовқа тағылған «басты қылмыстың» астарын ашу үшін осы арада «Дала қарақшысы» атты тараудағы Дінше Әділевтің төмендегі көрсетіндісін қайталап ұсынуға мәжбүр екенімізді қаперге іле кетеміз. Жүсiпбектi оқтың ұшына байлаған айып мынау:
«Дiнмұхамед Әдiлевтiң жауабының хаттамасы. 3 ақпан. 1929 жыл.
(Жауаптың басында террор туралы ұзақ-ұзақ толғаулар айтады. Өзiн кекшiл - терроршы ретiнде көрсетедi - Т.Ж.). ... Айтпақшы, Есполовтың үйiнде Голощекин туралы әңгiме болды. Онда Голощекиннiң өмiрiне тiкелей қауiп төндiру жөнiнде мәселе қозғалған жоқ. Тек Голощекин қақында ғана болды. Онда қатысып отырғандардың барлығы да: егерде ретi келсе оған қастандық жасаған артық болмас едi. Бiрақ та бұл өте қиын дүние, бұл бiрiншiден, халыққа қатты күйзелiс әкеледi деген қорытындыға келдi. Сөйтiп, бiз үшеумiз осы тақырып төңiрегiнде әңгiмелестiк, алайда бұл мәжілісте нақты шешiм қабылдағанымыз жоқ. Менiң ағайым тұтқындалғаннан кейiн (оның «Алаш iсiне» ешқандай қатысы жоқ - Т.Ж.) Қызылордаға екiншi рет келгенiмде ол әңгiмеге қайтып оралғамыз жоқ.
1928 жылы жаз айында мен Шымкент қаласына келiп Аймауытовпен жолықтым. Әңгiме арасында Голощекин жөнiнде сөз қозғалды. Оған дейiн мен одан: Шымкент губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы кiм деп сұрағанымда Аймауытов: «Макин. Ол жерге оңбаған бiр бұзықты қойды»,- деп жауап бердi. Содан кейiн: Жетiсу губерниялық атқару комитетiнiң төрағасы кім?,- деп сұрадым, бұрын ол орында Әлiбековтiң отырғанын бiлетiнмiн. «Оған да бiр бұзықты қойды»,- дедi Аймауытов. Ташкентке бару, бармауым туралы Аймауытовпен ақылдасқаным туралы бұрын да айтқанмын. Ол сол жолы қатты мазасызданып: «Әйтеуiр бiр қара түнек төнiп келедi, дүниенiң астан-кестенi шығып, асты-үстiне төңкерiлiп барады. Айналаң толған тыңшылар мен «үндеместер», тынысыңды тарылтып, алға бастырмайды, барлық жерде де тыныштық кеткен, қайда барсаң да аңдудан құтылмайсың. Қазақстанды шыңырауға тастап, қатты күйзелттi, соның барлығына Голощекин кiнәлi. Сол келгеннен бастап дүние асты-үстiне төңкерiлдi»,- деп мұңын шақты.
Сөйтiп, бiздiң әңгiмемiз Голощекин жөнiнде болды. Әңгiме арасында не ол екенi, не мен екенiм есiмде жоқ, әйтеуiр бiреуiмiз оған қастандық жасауға болмас па екен дедiк, Аймауытов өзiнiң мұны - қастандықты қолдамайтынын бiлдiрдi. Ол маған: «Ол қолдан келе ме, жоқ па бiлмеймiн. Сен өзiңнiң ауылыңа қайта бер, мен жолай Ташкентке соғамын, одан Қызылордаға барамын, сонда Қожановпен, Дулатовпен ақылдасамын, сен өзiңнiң адамыңды жiбер, барлық сұрағыңа жауапты сол арқылы беремiн»,- дедi».
Мiне, Дiнмұхамед Әдiлевтiң осы сөзi Жүсiпбектi «саяси қастандық жасады» деген айыппен кiнәлауға себепкер болды. Дiнмұхамед (Дiнше) Әдiлев өте күрделi өмiрбаянның иесi. Осы арада бірінші кітапта баяндалған оның өмір жолын қысқаша еске түсіре кетеміз.
Оны он төрт жасында көшеден көрiп қалған Мiржақып Дулатов бауырына тартып, Омбыға оқуға түсiредi. Одан қызылдардың әскерiнiң қатарына кiредi, Колчактың түрмесiне түседi, Қиыр Шығыстағы партизан жасағында соғысады, одан Қожановтың көмегiмен қызметке алынады, қазақ драма театрының тұңғыш директоры мiндетiн атқарады. Мiнезi тез, тентек, оқиға құмар Дiнше ауылына барғанда Бетбақдаланы шулатып жүрген, ауылдың қыз-келiншектерiн Сарысудың бойында жинап алып, бейбастақ әрекетке еркiндiк берген Қара Ноғай дегендi ұстап, оған өзiнше сот құрып, атып тастайды да денесiн мұздың ойындысына батырып жiбередi. Содан бастап қуғынға түседi.
1928 жылы желтоқсан айының 28-і күнi ұсталады. Ол өзiн бiрден ұлттың жоқшысы ретiнде жариялап: «Алашорданың» тапсырмасын орындадым»,- деп мәлімдейдi де бүкiл өмiрбаянын хатқа түсiрiп, «Алаш» үкiметiнiң барлық көсемдерiнiң қайраткерлiк әрекеттерiн өзiнше баяндап бередi. Сөйтiп, әуелi Мiржақып Дулатов пен Жүсiпбек Аймауытов, содан кейiн Ахмет Байтұрсынов түрмеге қамалып, тергеуге алынады. Соның нәтижесiнде алдыңғы топта 42, кейiнгi топта 30 адам жазаға тартылады. Тергеу барысында Жүсiпбек Аймауытов өзiне Дiнмұхамед Әдiлевтiң бiр рет жасырынып келгенiн, Голощекинге қастандық жасаймын деп қоқиланғанын, бiрақ та оған: «Тентектiкпен iс бiтпейдi, сен бар жағдайды айтып, Қара Ноғайдың қылмысын дәлелдеп, өкiметке жаз. Ал қастандық жасаймын дегендi ұмыт. Халыққа кесiрiң тиедi»,- деп шығарып салғанын айтады.
Сондай-ақ, Жүсiпбектiң үстiнен өзiнiң шәкiрттерiнiң де арыздары жиналыпты. Шымкент педагогикалық техникумының студентi Қалабай Бекдуллаев бастатқан үш шәкiрттен жауап алыныпты. Оның iшiнде кейiннен аты қазаққа танымал болған бiр адамның аты да ұшырасады. Оның барлығын тәптiштеп айтудың пәлендей қажетi шамалы. Голощекин мен «Үндеу» туралы дерек дәлелденбесе де Жүсiпбектiң мойнына айып ретiнде тағылды. Негiзгi себеп осы ғана...
Өзге тұтқындарға қарағанда бұл екеуінің беттесуі тездетіліп ұйымдастырылыпты (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):
«1929 жылы 29-мамыр күнгі Ж.Аймауытов пен Д.Әділевтің беттесуінің хаттамасы.
Аймауытовқа сұрақ: Әділевпен соңғы рет қай уақытта кездестіңіз?
Жауап: 27-жылдың жазында. Оны кездейсоқ көшеде ұшыраттым, ұмытпасам, қасында ешкім болған жоқ. Губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сәдуақасов Жанайдарға ауылдың әлдебір шаруасымен келгенін айтты. Иә, дәл солай айтты.
Әділевке сұрақ: Кездескеніңізді мойындайсыз ба?
Жауап: 1927 жылы Шымкент қаласында болған емеспін. Сондықтан да Аймауытов мәлімдеген әлгі кездесудің болуы қисынға келмейді.
Аймауытов: Дәл мерзімі жадымнан шығып қалыпты, әйтсе де Жанайдар Сәдуақасов Сырдария Губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып тұрған кезде кездескеніміз рас. Содан кейін Әділевпен бетпе-бет жүздесіп отырғаным осы.
Әділевке сұрақ: Аймауытовпен соңғы рет қашан кездестіңіз?
Жауап: Соңғы рет 28-жылдың маусымының басында Ташкентке бара жатқан жолымда Шымкентте жолықтым. Байдуллаев Ағабекті босатып алу оқиғасына келетін болсақ, Аймауытов бұл ойымды құптайтынын айтқан еді.
Аймауытовқа сұрақ: Ол кездесу есіңізде ме?
Жауап: Мұндай кездесу болған емес. Сіздің көзіңізше Әділевке мынандай сауал қойғым келеді: Әділевке үнемі ақыл-кеңес беріп жүріппін бе?
Әділев: Біреудің ақыл-кеңесіне сүйендім бе, жоқ па, ол өз алдына жеке әңгіме, ал айтып отырған жағдайға байланысты Аймауытов маған ешқашандай кеңес берген емес, көмектескен де жоқ.
Аймауытовқа сұрақ: Саяси оқиғаларға орай Әділевке қандай да бір тапсырма берген кезіңіз болды ма?
Әділев: Жоғарыдағы айтылғаннан басқа маған тапсырма берген емес.
Аймауытов: Егер Әділев менің ақыл-кеңесіме мұқтаж болса, сол ақыл-кеңестің қандай да бір нәтижесі болды ма?
Әділев: Шымкент қаласында тұрғанда Аймауытов Дулатовтың айтқан сәлемдемесін менің хабаршы жігітім Нұрлан арқылы маған жеткізді».
Жауапқа тартылушылардың түбіне жеткен соңғы сөздің мәнісі тергеуде қайталана тәптіштеліп, нақтылана түседі. Тергеудің қайырмасы сияқты қайталана беретін бұл оқиғаға жауап ретінде Жоғары сот анықтамасының:
«БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің секретары Голощекинге қарсы террорлық қастандықты ұйымдастырғаны жөніндегі айыптау да қызыл сөзге құрылған. Тергеудің осы саладағы қорытындыларында Әділевтің өзінің ойын жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекетін және оған Аймауытовтың қатысқандығын дәлелдейтін айғақтар жоқ»,- деген қорытындысын назарға ұсынумен шектелеміз.
Бұдан кейін тергеушілер Жүсіпбек Аймауытовқа астыртын ұйымның мүшесі ретінде айып тағу және оның ісін өзге алашордашылармен, Созақ көтерілісімен байланыстыру мақсатында куәлердің ауқымын кеңейтуге ұмтылған. Тергеудің үшінші томына Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен өзінің шәкірті Қ.Бекдуллаевтың: «Жүсіпбек Аймауытов шәкірттерді көтеріліске шығуға шақырып үндеу жазған»,- деген мағынадағы көрсетіндісі тігілген. Онда кеңес өкіметінің "болашақ ұстазы" өзінің ұстазы Жүсіпбек Аймауытовты "халық жауы" ретінде әшкерелеген. Ол өзінің көрсетіндісінде қыза-қыза келе Абайды да "халық жауының" қатарына қосып жіберіпті. Соған қарағанда Қ.Бекдуллаевтің кәдімгі көп можантопайдың бірі екені байқалады.
«1929 жыл, 26-маусым. Қалабай Бекдуллаев, 22 жаста, Қызылорда қаласындағы Атбасар көшесінің 2-үйінде тұрады, 1921 жылдан комсомол, қазақ, батырақ, мектеп мұғалімі, үйленген.
Аймауытов Жүсіпбекті 1921 жылдан (-?- мүмкін 1927-жылдан шығар, жазу бедері өшіңкіреп қалған - Т.Ж.) білемін, өзінің айтуы бойынша оның әкесі Ақмола (- ?- Семей губерниясы, Павлодар уезі болуы керек - Т.Ж.) губерниясындағы аса үлкен діншіл-молла екен. Ол 1926-жыл мен 28-жылдың аралығында Шымкенттегі педагогикалық техникумның оқытушысы болды. Аталған оқу орынында сабақ берген кезінде ол өзін барып тұрған ұлтшыл - алашордашы ретінде көрсетті, барлық жерде және үнемі студенттердің миына ұлтшылдық сананы егуге тырысты. Мысалы, арнайы әдеби бақылау орындары (цензура - Т.Ж.) басып-шығаруға рұқсат бермей қайтарып жіберген әдеби шығармаларын, кітаптарын шәкірттерге оқуға берді. Әсіресе, жоғары класс оқушыларына оқу үшін таратып берген кітаптарының ішінде "Үрбек" («Ақбілек» - ? - Т.Ж.) атты шығармасы ерекше көзге түсетін. Бұл кітап "алашордашылардың" рухында жазылған, онда ескі қазақ зиялыларын бірігуге шақырған. «Кеңес өкіметінің олармен күресуге шамасы келмейді»,- делінген.
Сондай-ақ, ол студенттерге "Ақ жол" газетінің ескі тігіндісін (1923-жылғы ғой деймін) әкеліп, ондағы өзінің "Қилы, қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды" - деген мақаласын оқытты. Ол бұл мақаласында қазіргі қоғамға деген өкпесі мен сенімсіздігін білдірген.
Жоғарыдағы аталып өткен әдеби шығармалардан басқа педтехникумның студенттерінің арасына өзінің "Сылаң қыз", "Мансапқорлар" т.б. кітаптарын оқуға таратып берді. Бұлар студенттерге қосымша құрал ретінде қолдануға ұсынылды, бірақ та мазмұны жағынан алғанда (ұлтшылдық рухта - Т.Ж.) жазылғандықтан да, ондай кәдеге жарамайтын. Ол туралы "Еңбекші қазақ" газетінде сын мақала жарияланды, ал онда: «Бұл кітаптар кеңес өкіметіне қарсы бағытталғандықтан да, қазақ әдебиетіне ешқандай қажеті жоқ»,- делінген.
Педтехникумда әдебиет пәнінен сабақ беріп жүрген кезінде сол пәннің мұғалімі ретінде студенттердің назарын әр түрлі қажетсіз нәрселерге аударып, түкке де пайдасы жоқ Мағжан Жұмабаев пен Абайдың өлеңдері мен поэзиясынан мысал келтіріп, үзінді оқитын. Жалпы алғанда оның оқыған дәрісінен студенттер ешқандай да пайда алды деп айта алмаймын".
Дейді сабазың! Бұдан кейін Қалабай мырзаға кінә тағуға да болмас.
«1928 жылы көктемде педтехникумның студенттері оқу бітіргелі жатқанда белгісіз біреу Шымкент қаласының көшелеріне алашордашылардың Үндеуін желімдеп жапсырып кетті. Менің пайымдауымша және оның ықпалындағы (Аймауытовтың - Т.Ж.) студенттердің және Губерниялық соттың қызметкері Досовтың (СО ОО ГПУ тұтқынға алған) қолымен істелген іс (Белгілі кеңес қайраткері Ә.Досов емес екені анық. Соған қарағанда Досов деген Ж.Аймауытовтың бұрынғы шәкірттерінің не таныстарының бірі болуы мүмкін - Т.Ж.). Бұл үндеу шыққанға дейін Аймауытов Ербазаров Әлімбек (қазір шет елде жүрген қазақ ұлтшылы Мұстафа Шоқаевтің бауыры) және Хамитов Әлиайдар (Оның да Шоқаевпен туысқандық байланысы бар) сияқты студенттермен ерекше дос болып жүрді. Бұл студенттерді Аймауытов жиі-жиі үйіне қонаққа шақыратын. Үйіне тек молдалар мен байдың баласын ғана қонаққа шақырады. Ленинге арналған қаралы жиында оны мазаққа айналдырған (күліп қойған - Т.Ж.) студенттерді оқудан шығарған соң, оларды Жүсіпбек Аймауытов қайтадан оқуға алдырды. Егерде ішінара кейбір студенттер оған: «Неге сіз бізбен саяси тақырып жөнінде әңгімелеспейсіз»,- деп сұрақ қоя қалса, ол үнемі: «Біз саясатқа араласпаймыз, ол жөніндегі біздің құқығымыз шектеулі»,- деп жауап беретін»,- дейді.
Бұдан кейін шәкірт Бекдуллаев өзімен бірге оқитын шәкірттердің айналасынан шығып, «ұлтшылдардың» ауқымын кеңейте түседі. Өзінің ұстазы жөніндегі Қалабайдың жинаған мағлұматтарының тиянақтылығына қарап, сол оқып жүрген кезінің өзінде: «Үндеместің тыңшысы болмады ма екен?»,- деген күдік ұялайды.
«Аймауытов, әсіресе, қазақтың ұлттық театрының артистерімен тығыз байланыста болды және олардың арасында беделі зор еді, оның ішінде мемлекеттік ұлттық театрдың директоры Шанинмен, Жандарбеков Құрманбекпен (Аймауытов кезінде сабақ берген Ташкенттегі Қазақ институтының бұрынғы студенті), Байзақов Исамен және Әміремен (екеуі де ұлттық ақындар) ерекше жақын еді. Бұл артистер жақын достары ретінде Шымкент қаласына келген бетте-ақ Аймауытовтың үйінің төрін бермейтін».
Театрдың драматургсіз өлі ұғым екенінен хабарсыз дегенге сену де, мына сөзіне қарап, сенбеу де қиын. Ж.Аймауытовтың театрға ауысуы туралы Д.Әділевпен арадағы хаттары алдыңғы бөлімде жарияланған болатын, ал Иса мен Әміре, Жұмат - Жүсіпбектің бозбала кезінен бері келе жатқан достары. Оның үстіне өзі де әнші, сері адам. Ұстазы жасаған скрипка мен домбыраның үнін, ол шерткен күйді «шәкірті» естімеді дейсіз бе? Сол кезде Шымкентте бастауыш баспалдақта оқыған Бауыржан Момышұлы марқұм мұны бізге сонау кездің өзінде ерекше ілтипатпен айтқан еді.
1977 жылы қараша айында қызыл әскердің құрылғанына алпыс жыл толуына орай редакция тапсырмасымен Баукеңнің үйінің табалдырығын таңғы сағат онда аттадым. Әр сөзін айтып отырып қағазға түсіртті, соңынан Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытов туралы сұрадым. Бұл деректі өзі жақсы еркелететін қаламгер Мамытбек Қалдыбайдан естігенімді, ал өзім сегіз жылдан бері ұстазым, профессор Хайыржан Бекхожиннің тапсырмасымен алаш тарихына қатысты жартылай жабық зерттеу жүргізіп жүргенімді айттым. Сонда ұзақ ойланып отырып:
« - Мұны жазба. Маған емес өзіңе сөз келеді. Алаш көсемдерінің бәріне де айып тағуға болады. Өйткені олардың кеңес өкіметін мойындамағаны шындық. Ондай кеңдік - демократиялық елде ғана кешірімді. Ал бізде пролетариат диктатурасы. Түсіндің бе, диктатура, пролетариат диктатурасы. Ал кез-келген диктатура ешқашан өзінің дұшпанын кешірмейді. Солардың ішінде диктатураның өзі де кінә таға алмайтын адамның бірі - Жүсіпбек Аймауытов. Менің ұлы ұстазым. Мен ол кісінің ақтығына ант бере аламын. 1927-1928 жылдары Шыменттегі техникумда бізге қазақ әдебиетінен сабақ берді. Кәдімгі қарапайым қара шапан киген ошақтан шыққан. Ондай адамдарды қазақ: «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп атайды. Қолы бос кезде, кешке жақын шәкірттердің арасына келіп әдебиет туралы әңгіме айтатын, әнді сондай нақышына келтіріп орындайтын. «Екі жирен» әнін Торғайға атпен бара жатқанда шығардым деп айтқаны есімде. Музыкалық аспаптарда, әсіресе мандолинді өте шебер орындайтын. Домбыраны өзі жасайтын. Етікшілігі де керемет еді: «Жігітке жеті өнер де көптік етпейді. Пайдасы тиеді»,- деп отыратын. Қазіргі қазаққа белгілі адамдардың ішінде Әбділдә Тәжібаев, Құрманбек Сағындықов үшеуміз дәріс алдық»,- деп мағлұмат беріп еді Баукең.
Тергеу ісі бойынша Тәжібаев деген студент те куәға тартылған. Алайда оның көрсетінділерінің "ізі өшкен", яғни, кейін жойылған. Айбақ-сайбақ жазуының табы іс қағаздан байқалып қалады:
«Сонымен қатар Аймауытов Қызылорда қаласында тұратын белгілі ұлтшылдар Байтұрсыновпен, Дулатовпен және басқа да өлкелік оқу орындарының оқытушыларымен тығыз байланыс жасап, сол қалаға барып тұратын. 1926-1927 жылдардың арасында Шымкентте тұрған кезінде ол 4 рет Қызылордаға барып келді»,- деген мағлұмат тыңшының тиянақтылығын білдіреді.
Әйтпесе, оқытушысының басқан ізін санап жүретін зеректік кез-келген шәкіртке тән емес болса керек. Мұхтар Әуезов туралы сирек те құпия деректерді жариялай бастаған кезім, яғни, 1987 жылдың күзі мен 1988 жылдың көктемінің бірі еді. Күнделігіміз сол тұста қолды болып кеткендіктен де нақты мерзімін анықтай алмадым. Әйтеуір, «қайта құрудың» екпінімен Қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік архивтің сөрелеріндегі осындай шетін құжаттардың біріне кешкі бесте жолығып, ертең қарауға ысырып қойған түні таңғы сағат жетіде Әбділда Тәжібаев телефон шалып, тура сағат сегізде күтетінін бұйыра айтты. Күдігіміздің үстінен түскенін ішіміз сезді, бірақ секемге қимадым. Салқын қарсы алып, шахмат тақтасын нұсқап, ойынға шақырды. Бірінші кезекті жеңуге мүмкіндігіміз бола тұра жеңілдік. Екіншісінде қапы қалдырды. Қарқылдап ұзақ әрі рахаттана күлді де: «Мұның барлығын неге сүйеніп, кімге сеніп жинап жүрсің?»,- деді. Кімге сенемін дерсің? Тек Қайым Мұхамедхановтың атын атап, өзінің Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған «Аққайың» пьесасын, «көмілген мысық» тарихын емеуірін еткенімде орнынан атып тұрып, сөздің біткенін білдіріп маған жонарқасын берді. Қапымды шахматтан емес, архивтен қалдырыпты. Кешегі құжаттар қайтып менің қолыма түспей кетті. Демек, кешкі сағат бес пен таңғы сағат алтының аралығында «абыз ақынымыз» тыныш жатпай, «өлілердің архивін» әлдекімнің қолымен ақтарған болып шықты ғой! Қара жер хабар бермесін, «Бесігіңді түзе!..» атты роман-эссеміздің жалғасы (1988) жарияланғанда тура осы мазмұндас пікірімізді білдіріп, қарсы хабар күтіп едік. Дауысы естілмеді. Содан кейін де біраз жыл өмір сүрді. Мағжанның әйелі Зейнеппен соттасқандай болып айтысып, шығармаларының алғысөзін жазды. Сонда да көңілі тыныш таба қойды ма екен. Қайдам.
Ал Жүсіпбек Аймауытовтың өзгелерден бұрын атылып кетуіне себепші болған Қалабайдың көрсетіндісі мынадай:
«1928 жылы Шымкент қаласының көшелеріне ілінген Үндеу туралы педтехникумның студенттеріне ешкімге айтпау туралы ескертілген болатын, сонда да олардың арасында бір-жар ауыз әңгіме айтылып қалып жүрді, ол үндеудің авторы кім екені маған белгісіз, алайда жазу үлгісіне қарап мұны жазған Аймауытовтың жақын араласатын адамдары - Сырдария Губерниялық сотының қызметкері Досов пен студент Ерназаров Әлімбек деген тоқтам жасады».
Бұл үндеуді табуға ұмтылып, барынша зер салсақ та, тергеу ісінен оны кездестіре алмадық. Ал техникум студенттерінің астыртын ұйымы туралы мағлұмат қазір де тым мардымсыз.
Мұндай үндеуді Жүсіпбек Аймауытовтың жазуы мүмкін бе? Голощекин қара бишігін сусылдатып «ұлтшылдардың» басына үйіріп тұрған кезде Жүсіпбектің ондай арандатуға бара қоюы екіталай.
Бауыржан Момышұлы: «Ол түсініспестік жағдайдағы жаламен ұсталды. Бұл пікірімді Қонаевқа да айтқанмын. Жазуы өте әдемі болатын. Мына Ғабит Мүсірепов жазушылықта соның жолын ұстанады. Ақтауға ұмтылып жүрген де сол. «Созақтағы көтеріліске шақырып үндеу жазыпты. Хатты мен өз көзіммен оқыдым. Сондықтан ақталуы қиын»,- депті Димекең. Ғабит те алып көріп: «Ұқсайды. Бірақ ол емес. Мен де сол кісінің жазу үлгісімен жазамын. Сонда да айырмасы бар. Мына жазу үлгісі оныкі емес. Соған еліктеген шәкірттерінің бірінікі болуы мүмкін»,- депті. Ал оған кімді сендіресің? Түбінде қайрылып бір оралатын кез туады. Сондықтан да сенің олардың мұраларын жинақтап, дерек теріп жүргенің дұрыс та шығар. Жүсіпбек мұғалім туралы айтарым осы, қарағым. Ал Мағжанды мен көрдім...»,- деп әңгімесін одан әрі жалғастырып еді.
Ол естелік Мағжан туралы бөлімде баяндалатындықтан да кейінге қалдыра тұрамыз.
Енді Ж.Аймауытовқа: - «Контрреволюциялық үгіт-насихатты таратып, идеологиялық саботаж жасайтын «Алқа» астыртын ұйымына қатысқандығы әшкереленді»,- деген үшінші айып тағылды.
Соған орай «Алқа» әдеби бағдарламасы мен Ташкенттегі астыртын контрреволюциялық ұйымға қатысты қайыра жауап алды. «Алқа» әдеби үйірмесі туралы арнайы бөлімде дербес талдау жасалатындықтан да Д.Досжанның жарияланымындағы төмендегі хаттамадан үзінді келтірумен ойымызды тиянақтаймыз:
«Сұрақ: астыртын ұйымға мүше болғаныңызды растайсыз ба?
Жауап: Ешқандай астыртын ұйымға мүше болған емеспін.
Сұрақ: «Ақ жол» газетінде ұлтшылдық сарындағы мақалаларыңыз басылды ма?
Жауап: қандай сарында жазылғанын айта алмаймын, әйтеуір әдебиет туралы және сол кездегі казақ кедейінің халі туралы мақалаларым басылды.
Сұрақ: Жұмабаев туралы не білесіз?
Жауап: Ол қазақтың көрнекті ақыны, оның өлеңдерін сынаушылар да көп, мен оны таза ақындық пафостың иесі деп білемін.
Сұрақ: Жұмабаевтің ұйымына ендіңіз бе?
Жауап: «Жұмабаевтің ұйымы» деген ұйым болған емес, ондай ұйымды естіген жоқпын.
Сұрақ: Дулатов жайлы не айтасыз?
Жауап: Дулатовтың «Оян, қазақ» деген жинағын оқығаным бар, ол «Ақ жолды» шығарып тұрды, саяси істері жағынан ешқандай баға бере алмаймын, ал, әдебиетшілігі көпке пайда беретін дәрежеде дегім келеді.
Сұрақ: Астыртын ұйымның жоспары болды ма?
Жауап: Ешқандай астыртын ұйымның болмағанын біле тұрып, оның жасалмаған жоспары туралы не айтуға болады».
Иә, бұл жауаптарға не айтуға және оны қалай талдауға болады? Жүсіпбек Аймауытовтың ауызынан тергеушінің сұрағына орай қайталанып айтылған сөздер мен мойындаудан бас тартқан оқиғалардың барлығы оған қылмыс ретінде таңылып:
1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн 1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте астыртын контрреволюциялық ұйым құрған.
2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болған.
3. Аштарға көмек комиссиясын кеңес өкіметін құлату туралы үгіт жүргізуге пайдаланған.
4. Байларды тәркілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттаған.
5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.
6. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған - деген айып тағылды.
1929 жылы 29 -шілде күні сегіз адамның алдын-ала жүргізілген тергеуі аяқталып, Мәскеуге айдауылмен жөнелтілді. Ол туралы ОГПУ-дің әскери күзет бөлімінің:
«17/VІІ - 29 ж. № 1675 Бутырка түрмесінің бастығына. Төмендегі 8 тұтқын айдауылмен жіберіліп отыр. 1. Ташекенов Қаби Кентаевич 2. Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынович 3. Дулатов Міржақып Дулатович 4. Аймауытов Жүсіпбек Аймауытович 5. Исполов Мырзағазы Исполович 6. Бірімжанов Ғазымбек Қорғанбекович 7. Болғанбаев Хайретдин Әбдірахманович 8. Ғаббасов Халел Ахметжанович. Бұлар айдауылмен апарылсын және бір-бірінен оңаша ұсталсын. ОГПУ-дің әскери бөлімі»,- деген ілеспе хаты сақталған.
Бұдан кейінгі "Әділевті және басқа да 41 адамды айыптау жөніндегі қылмысты істің" тергеу хаттамалары Мәскеу қаласында жүргізілді.
Ол бұл сапардан аман қайтпайтынын білді. Олардың Барсакелмеске кетіп бара жатқанынан үй-іші хабардар болған. Оған Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың:
"Тұтқындарды Москваға алып кетеді екен»,- деген хабарды естідік. Ертемен, күн шығар-шықпаста қасымда үш бірдей қатар құрбыларым бар, олар - Жүсіпбектің баласы - Бектұр, Абай туыстары Өміртайдың қызы - Әзен, Юсупов Ахметсафаның қызы - Фарида болатын. Екі өкпемізді қолымызға алып вокзалға жеттік. Жүк таситын вагондардың қатарындағы шеткі бір вагонның темір торлы терезесінен әкем мен Жүсіпбек қарап тұр екен. Күзетшілер вагонға жолатпай: "Қайт, атамын!",- деп жекіп, жасқай берді. Бектұр қорқып, кідіріп қалды. Жүсіпбек аға анадайдан айқай салды: "Бектұр! Жақында, қорықпа!..»,- деп. Айтатын бір сөзі болуы керек. Күзетшілер баланы әкесіне жолатпады, жылап-еңіреп жүріп поезды көзбен шығарып салдық. Бұл 1929 жылғы 24 маусым күні болатын",- деп (Р.Сағымбекұлы. Жүсіпбек. А. 1997. 209-бет) еске алады.
Ал сол кезде есін енді-енді біліп келе жатқан, алайда шешесі Евгенияның қасында әкесі туралы естіп өскен Муза (Мәруә) Жүсіпбекқызы Сахно:
«Әкемді 1929 жылдың күзінде айдап әкетті. Әкем де, шешем де: «Енді көрісуіміз неғайбыл»,- деп жылапты. Әкем мені қолына алып, иіскейін деген екен, оған күзетшілер жібермепті. Бектұр мен Жайық қандарын ішіне тартып, көздерінен от шашып, жұдырықтарын түйіп тұрып қалыпты. Мұның бәрін мамам айтып отыратын. Шешем әр жерге арыз айтып, қуынған екен, ештеме шықпады. 1931 жылдың аяғында Надежда Константиновна Крупскаядан хат келіпті. Онда ол кісі: «Сіз енді босқа әуре бола бермеңіз, жұбайыңыз жер бетінде жоқ. Мен оны әбден тексеріп білдім»,- деп хабарлапты»,- деп (З.Ақышев.Қайран Жүкең..., «Шалқар» 1990, қазан) еске алады.
Ұлттың рухани өмiрiн тiзерлетiп кеткен бұл зауалдың бетiн қайыру мүмкiн емес-тiн. Оған Қужақтың - Голощекиннiң өзi де араша түсе салмайтын. Дегенмен де, адамның үмiтi үзiлген бе? Он төрт томнан асатын тергеу хаттамаларының iшiнен жоғарыдағы Муза (Мәруә) Жүсіпбекқызының сөзін растайтын, жұбайына араша түсiп, оны ақтап алуға тырысқан жалғыз-ақ әйелдiң хаты шықты. Ол Жүсiпбек Аймауытовтың қосағы - Евгения Аймауытова едi. Шоқынған қазақ үйiнiң сауатты қызы өзiнiң арыз-арманын Голощекинге жолдап, одан қайырымдылық пен адамгершiлiк танытуды өтiнiптi. Арманда кеткен асыл жарының сол тiлегiмен оқырманды таныстыра кетудi парыз санадық. Хаттың мазмұны мынандай:
«2 / VII - 29.
Голощекин жолдасқа!
Маған көмек көрсететiн бiрден-бiр адам ретiнде Сiзге хат жазып отырмын. Менiң тауқыметтi iсiме сiз ғана көмектесе алады деп көп адамнан естiдiм.
Мәселе мынада. Биылғы жылдың 14-мамыры күнi ОГПУ-дiң агенттерi менiң күйеуiм Жүсiпбек Аймауытовты тұтқындап әкеттi, оған тағылған айыптың бабына қарағанда оның қылмысының саяси астары бар екен (Менiң күйеуiмдi ұстаған ОГПУ-дiң Шығыс бөлiмiнiң өкiлi, тергеушi Саенко солай деп айтты). Мұның әлде қалай бiр жаңылысу екенiн мен өте жақсы бiлемiн. Өйткенi, менiң күйеуiм саясатпен ешқашанда айналысып көрген емес. Ол тек қана әдеби жұмыспен ғана шұғылданды, оқу-ағарту саласына арнап оқулықтар мен таза көркем шығармалар жазып, кiтап шығарды. Ол қазақтың жаңа қарпiне байланысты Орталық Комитетте жұмыс iстедi, латын қарпiн етене кiргiзуге белсене араласты, газет беттерi арқылы еуропалықтарға қазақ тiлiнен дәрiс жүргiздi. Бұдан басқа ол қазақ ағарту институтында сабақ бердi, демек, оның саясатпен айналысуға ешқандай да уақыты болған жоқ.
Мен сiзден осы iске араласып, тергеудi тездетуге және егер мүмкiн болса тергеу бiткенше кепiлдiк арқылы босатуға рұқсат етуге көмектесуiңiздi қатты өтiнемiн, өйткенi ол ешқайда ешқашанда жасырынып әлек болмайды, себебi ол өзiнiң кiнәсiз екенiн бiледi, өзгесiн былай қойғанда, жазықсыз адамның кәдiмгi қылмыскер сияқты түрмеде отыруының өзi күйiнiштi ғой. Егерде оның денсаулығы маған сенiмсiздiк тудырмағанда, онда мен соттың әдiлдiгiне сенiп, үндемей отыра беруiме шыдамым жетер едi. Алайда ол биыл қыста ғана ауырған сүзектiң зардабынан қос өкпесi қабынып кетiп едi, сол үшiн оны өкпе ауруының емханасына есепке алған болатын. Менiң өзiмнiң де өкпем ауырады, сондықтанда сағат сайын оның өмiрiн қысқартып бара жатқанын жақсы бiлемiн, ол өзiнiң жастығымен, бiлiмiмен және қабiлетiменен қазақ пролетариатына өте зор пайда келтiрген болар едi ғой.
Менiң жан айқайыма құлақ түрiп, бiр жағынан - Қазақстандағы ең ықпалды адам ретiнде, екiншi жағынан - өзге адамның қайғысын түсiне бiлетiн адам ретiнде осы iске араласып, менiң күйеуiмдi босатуға көмектесуiңiздi тағы да өтiнiп сұраймын әрi қатты үмiттенемiн. Менiң өзiм сiзге жолығып бар мұңымды ашып айтсам ба деп едiм, ойыңдағыңның барлығын қағазға толық түсiре алмайсың ғой, бiрақ та оған денсаулығым мүмкiндiк бермедi, менiң өкпем ауырады әрi менiң қолымда үш бала бар.
Оның өзiне де, бүкiл үй-iшiне де не үшiн екенi белгiсiз, осыншама қасiрет әкелген осынау үлкен қателiктiң бетiн қайтаруды сiзден тағы да қиыла өтiнемiн.
Сiздiң кiшiпейiлдi қайырымдылығыңызға деген сенiмiмде қаламын.
Евгения Аймауытова. 15 / VI - 29 жыл.
Шымкент, Пушкин көшесi, 5 үй. Аймауытова».
Қарапайым адамның, оның iшiнде ерiн аялаған әйелдiң үмiтi мен сенiмінен асқан қымбат ештеңе жоқ. Евгения Аймауытованың да сезiмi сондай қасиеттi махаббаттан туып едi. Түрменiң тар терезесiнен бiр нәзiк сәуле боп түсiп, Жүсiпбектiң жүрегiне жарық құйғысы келдi. Бұл ұясына таңдайының астына тамшы тұндырып, су тасыған ана қарлығаштың мейірiмiмен пара-пар едi. Бiрақ, оған «көмек көрсете алатын бірден-бiр», «Қазақстандағы ең ықпалды адам» - «өзге адамның қайғысын түсiне бiлмейтiн», түсiнгiсi де келмейтiн. Ол - «кiшiпейiл де емес, қайрымды да» емес, Жүсiпбекке ғана емес, бүкiл қазақ ұлтына «қасiрет әкелген үлкен қателiктi» тудырып отырған, «кiшi октябрь үшiн» бүкiл елдi жаппай құрбандыққа шалып отырған нағыз қатыгез, қара жүректiнiң өзi сол Голощекин еді. Мұны Евгения Кирилловна бiлетiн. Бiрақ өзге амалы да қалмап едi.
Екiншiден, бiрден Голощекинге арнап хат жазуының себебi, Жүсiпбекке тағылған айыптың бiрi - Голощекинге қастандық жасауды жоспарлады деген жала. Мұңлы махаббат иесi тiкелей Голощекиннiң өзiне хабарласу арқылы оның жүрегiндегi қатқан берiштi ерiтуге тырысқан. Өлкелiк басшының кешiрiмiн алуға ұмтылған. Өкiнiшке орай, «ұлы құрбандыққа» деген тәбетi ендi ашылып келе жатқан Қужақ бұл хатты тергеушiлерге жолдап, қосымша айғақ ретiнде iске тiркеттiрдi. Сөйтiп:
«ОГПУ коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгi кеңесiнiң шешiмi бойынша №78754 іс бойынша айыпталған Байтұрсынов пен Мiржақып Дулатовты қылмысты iстер кодексiнiң 58/2, 58/4, 58/11, 58/10 - баптары бойынша, Есполов Мырзағазыны 58/2, 58/10 баптары бойынша, Ғаббасав Халелдi 58/2 бабы бойынша, Әдiлев Дiнмұхамед пен Аймауытов Жүсiпбектi 58/2, 58/8, 58/11 және 58/10 баптары...» бойынша айып тағып, ату жазасына бұйырды.
Оның артында сабақтасы Омар Иманбаев досына түрмеден жолдаған:
«Шықпаса жаның денеңнен,
Не салса тағдыр көрем мен.
Бір өзім үшін өлмеймін,
Бір ғана соған сенем мен.
Кеудеде әзір жүрек бар,
Тілек бар, соған сенем мен.
Артымда қыруар елім бар,
Өлсе де денем - мен өлмен!»,-
деген өсиет сөзі ғана қалды.
Иә, өзі өлсе де Жүсіпбектің сөзі өлген жоқ. Сөзімен қоса мұқым қазақтың жандүниесін егілтетін «Екі жирен» әні қалды.
Оның, Жүсіпбектің аса шебер музыкант болғанын, алты-жеті әні бар екенін Баукеңнің - Бауыржан Момышұлының естелігі де, Бектұр Жүсіпбекұлы Аймауытовтың бізге берген мағлұматы да, Семейдегі көз көргендердің куәлігі де растайды. Оған 1914 жылы Абайды еске алу кешінде Жүсіпбектің «Біржан мен Сараның» айтысындағы Біржан бейнесінде сахнада өнер көрсетуі соған дәлел. Сондай-ақ Жүсіпбек Елебеков марқұм да «Екі жиренді» айтқанда, оның екінші нұсқасын үйренген ауыл әншісі Толыбайдың тағдырын сөз еткенде Жүсіпбектің ән шығару қабілетін еске ала отыратын. Соның ішінде дәлелі анығы «Екі жиреннің»:
Көшкенде жылқы айдаймын, ахау, даламенен,
Сағынып, сарғаямын-ау, санаменен,-
деп басталатын нұсқасы.
Бұл әнді Жүсіпбек Аймауытов Торғайға мал айдап бара жатып, Терісаққан өзенінің бойында табынды жусатып жатқанда жолыққан бір келіншекке арнап шығарғаны туралы естелікті бізге Баукең - Бауыржан Момышұлы ғана емес, жетпісінші жылдардың аяғында Қалибек Қуанышбаев туралы кітап жазу барысында әңгімелескен Серке Қожамқұлов марқұм да айтып еді. Бұл деректі жұмбақ жымиысымен Ғабит Мүсірепов дегдар да мақұлдаған болатын. Бұдан өзге де оншақты әні, соның ішінде осы тергеу ісінде аты кездесетін әйел заты - Шәкітайға (Шын аты - Шәмши-Хамар), арналған «Шәмши-Хамар» (арабша Күн мен Ай, яғни, Күнсұлу деген сөз) әні де халық әнінің қатарында жүр. «Шамши-Хамар» әнінің шығу тарихына байланысты кезінде газетке фельетон да жарияланған. Біз оны әдейі назарға алмадық. Ол басылым туралы Муза - Мәруә Жүсіпбекқызы да мағлұмдар екен, оған шешесі Евгения айтып беріпті.
Әрине, бұл серіліктің хикаясы дербес әңгіме. Дегенмен де енді қайтып жарық дүниені көрмейтін сапарға аттанған өнер иесінің тіршіліктегі серілік қасиеттерін еске сала кеткіміз келді.
(Жалғасы бар)
«Abai.kz»