Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Бұ не мазақ? 6831 26 пікір 29 Сәуір, 2022 сағат 11:44

Ресей елшісі Қазақстаннан табанын жалтыратсын!

ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы
М.Ә. Нұртілеу мырзаның,
ҚР Сыртқы істер министірі
М.Б. Тілеуберді мырзаның назарына!

Ресейлік «Независимая газетаға» берген сұхбатында Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин «Орыс тілін білмейтін қазақстандықтардың дені – басқа мемлекеттерден қоныс аударғандар, яғни қандастар. Бұл олардың заманауи қазақстандық қоғамға тез сіңісуіне кедергі келтіреді, бұл ел билігі үшін айтарлықтай проблемалар туғызады» деген болатын.

Міне, содан бері үш айға таяу уақыт өтті, Алексей Бородавкиннің бұл сөзіне Қазақстан билігі тарапынан бір тұлға шығып, жауап берген жоқ. Қаншама рет мақаларымда, «Ашық хаттарымда» осы мәселе туралы қайта-қайта айтып келемін, сол баяғы үнсіздік. Әншейінде қит екен бір болымыз «оқиғаға» бөрінің көтіндей шулайтын БАҚ өкілдері де жұмған аузын ашпады.

Қазақ қоғамы мен билігінің бұл әрекетсіздігі олардың шеттен оралған қандастарымызға деген көзқарасы пен пейілінің «О»-ге түскенін көрсетеді.

Қандастар дегеніміз – өзіміздің қазақтар. Осы Ресей мен Қытай империяларының өктемдігінің кесірінен қазақ жері талан-таржығы түсіп, шекара сыртында қалған өзіміздің туыстарымыз. Үш ғасыр бойы қазақты бодандықта ұстап келгені аз болғандай, Ресей елшісі тағы бізге айбар шегіп, ішкі ісімізге көзімізді бақырайтып қойып, араласып отыр. Бородавкиннің бұл сөзі, түптеп келгенде, қазақты қөрлау, Қазақстанды басыну!

Ал, Өзіңнің туған халқыңды қорлатып, Мемлекетіңді басынтып қойып қарап отыру – ездік!

Бұған дейін Ресей шенділері Москвада тұрып абар шексе, енді Елордасыздың төрінде отырып алып құқай көрсетуді бастады.

Албасты қабаққа қарай басынады деген осы ғой.

Менің Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік өкілеттігі аятағаннан соң шеттен келетін Қазақ көші тоқтайды, сол үшін осы жолғы саяси реформа аясында Қазақстан Конституциясына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұра­тын қазақ­тар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның азаматтығын алуға құқылы» деген норма енгізіп, шекара сыртында қалып бара жатқан алты-жеті миллион қандасымызға конституциялық құқық беру керектігін шырылдап көтеріп жүргенімнің басы себебі де осы – бородавкиндердің арам пиғылы мен тілеуберділердің шектен асқан жалтақтығын көргеннен кейін туған қауіп.

Не, сонда Бородавкин айтты екен деп, Қазақ көшін тоқтатуымыз керек пе?!

Менің жоғарыдағы конституциялық реформаға қатысты ұсынысыма болған үнсіздік осы Ресей елшісінің ықпалы ма?!

Алексей Бородавкиннің сөзі ішіме сыймаған соң, «А. Мұқабай» деген атпен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне хат жазып, оның бұл әрекетін тектеуді сұраған болатынмын.

Аталған өтінішке ҚР СІМ Баспасөз қызметі «Аталған мәселеге қатысты,сыртқы саясиведомство елшімен жұмысбарысында мұндай мәлімдемелергежол берілмеу қажеттілігі туралы ұстанымын жеткізеді.» деген жауап беріпті.

Кесіп айтайын, мен бұл жауапқа мүлде қанағаттанбаймын!

Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкиннің бұл сөзі СІМ Баспасөз қызметі деңгейінде шешілетін мәселе емес!

Бұл мәселе екі мемлекеттің, ең кемінде, сыртқы істер министрліктерінің деңгейінде көтеріліп, саяси бағасы берілуі керек деп есептеймін!

Сол үшін, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мырзаның аталған мәселені өз назарына алып, Ресей Федерациясына НОТА жіберуін, Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкиннен Қазақстан халқынан кешірім сұратуын және оны Қазақстандағы елшілік қызметтен қууын қатаң талап етемін!

Ауыт Мұқибек,

«Құрмет» орденінің иегері

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958