Үмітжан ЖАПАР. ҮРІМШІДЕГІ ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ ҚАЗАҚ ЭКОНОМИКАСЫНА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?
Бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған Үрімшідегі бүлік басылып, жағдай біршама қалпына келе бастағандай. Ақпараттық агенттіктер қала тынышталып, әлеуметтік орындар қалыпты жұмысын бастап, жабылып қалған мешіттердің ашыла бастағаны жайында хабар таратуда.
Жалпы, Қытай үшін Шыңжаң өлкесінің қаншалықты маңызды екенін Мао Цзе Дунның «Қытай Шыңжаңнан бұрын Бейжіңді беруге келісер» деген сөзінен-ақ байқауға болар. Өйткені бұл өңір мұнай мен қазба байлықтарға бай. Осы аймақтағы газ, көмір мен былтыр ғана Іле бойынан табылған уранның қорлары-ның Қытай үшін маңыздылығын арттыра түседі. Тіпті кейбір мәліметтерге сүйенсек, елдің барлық табиғи қорларының 80 пайызы осы аймақта орналасқан екен. Былтырғы жылы бұл аймақ Қытай бойынша мұнай өндіруден алғашқы орынға шыққан. ҚХР-да өндірілетін табиғи газдың үштен бір бөлігі де осы автономиялық ауданға келеді.
Бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған Үрімшідегі бүлік басылып, жағдай біршама қалпына келе бастағандай. Ақпараттық агенттіктер қала тынышталып, әлеуметтік орындар қалыпты жұмысын бастап, жабылып қалған мешіттердің ашыла бастағаны жайында хабар таратуда.
Жалпы, Қытай үшін Шыңжаң өлкесінің қаншалықты маңызды екенін Мао Цзе Дунның «Қытай Шыңжаңнан бұрын Бейжіңді беруге келісер» деген сөзінен-ақ байқауға болар. Өйткені бұл өңір мұнай мен қазба байлықтарға бай. Осы аймақтағы газ, көмір мен былтыр ғана Іле бойынан табылған уранның қорлары-ның Қытай үшін маңыздылығын арттыра түседі. Тіпті кейбір мәліметтерге сүйенсек, елдің барлық табиғи қорларының 80 пайызы осы аймақта орналасқан екен. Былтырғы жылы бұл аймақ Қытай бойынша мұнай өндіруден алғашқы орынға шыққан. ҚХР-да өндірілетін табиғи газдың үштен бір бөлігі де осы автономиялық ауданға келеді.
Екінші жағынан, Қытай үшін Шыңжаң транзиттік аймақ болғандықтан да маңызды. Ішкі Қытайдан келетін тауарлардың көп бөлігі Шыңжаң арқылы сырт елдерге тарайды. Транзиттен түсетін табыстың қомақты екені белгілі. ШҰАА - Қытай үшін Батысқа ашылатын терезе секілді. Сондықтан да Қытай үкіметі өлкенің дамуына миллиондаған қаржы инвестиция салып отыр. Яғни бұрындары шет аймақта орналасқандығынан аса еленбей келген «Шыңжаң - аймағы қазір үлкен энергетикалық алаңға айналып келеді. Сонымен қатар, оның геосаяси маңызы да бар. Шыңжаң Қытайдың Азияға ықпал етуде үлкен рөл атқаратын көпір болып табылады» дейді сарапшылар.
«Жэньминьжибао» газетінің хабарлауынша, бұл бүлік Қытай экономикасына 10 миллион доллардан астам шығын келтіріпті. Бірнеше күнге созылған бей-берекетсіздік Қытай экономикасымен қатар, оған шекаралас жатқан елдерге әсер еткені анық. Соның ішінде жұңғо елімен тығыз қарым-қатынастағы Қазақстанға да. Бүгінде ресми мәліметтерге сүйенсек, қазақ-қытай елдері арасындағы тауар айналымы жылына 14 миллиард доллардан асып жығылады. Ал сыртқы сауда әріптестігі жөнінен Қытай Халық Республикасы алғашқылардың қатарында және сыртқы саудасындағы үлесі 10 пайыздан асады екен. Дегенмен, биылғы жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының азайғанын кәсіпкерлер де мойындайды. Бұны олар әлемдік қаржы дағдарысының салқынымен байланыстырады. Сонымен қатар қаржылық қиыншылық басталғалы елдің тұтыну қабілеті де төмендеп кеткен.
Қытай үкіметі қауіпсіздік шарасы негізінде шекараны жауып, барлық қарым-қатынасты тыйғаны белгілі. Осындай ірі әріптес арасындағы шекараның бернеше күнге жабылғаны ел экономикасына өз әсерін тигізгені анық. Бұл ең алдымен, сауда-саттықпен айналысатын қазақстандық кәсіпкерлердің ісіне кері әсерін тигізген. Өйткені қазақстандық нарықтағы өндірістік тауарлардың басым бөлігі осы Қытайдан келеді. Соның ішінде Шыңжаң аймағының алар орны ерекше. Өйткені екі ел арасындағы жылдық тауар айналымының 9 миллиардқа жуығы осы аймаққа тиесілі. Алматымен байланыстыратын теміржолдың үстінде жатқан Үрімшіге біздің елден көбіне шикізат, соның ішінде мұнай жеткізіледі.
Алматы сауда палатасының президенті Ізбасар Бозаев, бұл оқиға Қазақстан экономикасына аса бір залал келтірмесе де, өзіндік кері әсерін тигізді деп есептейді. Оның айтуынша: «Шыңжаң, ең бірінші, Қытай мен Қазақстан экономикасының арасындағы транзиттік алаң. Ішкі Қытайдан келген тауарлар сол аймақ арқылы Қазақстанға жөнелтілетін. Бұл қақтығыстың салдарынан Шыңжаңдағы сауда орталықтары әлі күнге дейін толыққанды жұмыс істемей тұр. Себебі өздеріне іштен өнім келмей жатыр. Бұның бәрі Шыңжаңдағы бағаның күрт өсуіне алып келген. Бұл біздің кәсіпкерлерге де қолайсыз жағдай. Екіншіден, Қазақстан кәсіпкерлерінің Шыңжаңдағы серіктестіктеріне деген сенімсіздіктерін тудырды. Өйткені осындай аласапыран уақытта қаржысын ешкімге сеніп тапсыра алмайды. Бұл аймақта алдыңғы қатарлы кәсіпорындар жоқ болғанымен, оның транзиттік маңызы зор. Жоғары сапалы тауарлар Шыңжаңнан емес, Қытайдың басқа аймақтарынан да келеді.
Шыңжаң - Қытай үшін Қазақстанға кіретін экспорттық дәліз. Тіке келетін басқа жол жоқ болғандықтан, осы бағытқа басымдық береді. Сонымен қатар бұрын кедендік бақылау шаралары Қытайдың қай жерінде болса да, біраз либералды еді. Ал қазір кедендік реттеу мәселесі қиындап кеткен. Кеденнен өтетін жүкті тексеру күрделендіріліп жатқандықтан, оны рәсімдеу уақытты да көп алып, қосымша шығындарға ұрындыруда. Тікелей Шыңжаңнан бізге келетін тауарлар - мұнай өнімдері мен цемент. Қазақстанда соңғы айларда цементтің бағасы қайта көтерілген-ді, енді бұл зауыттардан цементтің тасымалданбауы бағаның тағы да шарықтауына жол береді. Шыңжаңнан шығатын тауарлардың біздің сыртқы тауар қатынасымыздағы үлесі аса көп емес. Жүктің бәрі Шанхай, Пекин, Гуанжоудан және басқа қалалардан келеді. Ал сыртқы сауданың 70 пайызын алады дейтін себебіміз, мұнай өңдеу зауыттарына Қазақстаннан кетіп жатқан мұнай мен газдың үлесінің көптігі. Әйтпесе, Қазақстанның ішкі экономикасына кіріп отырған Шыңжаңның тауарлары көп болса бес пайызды ғана алады.
Сонымен қатар ШҰАА-дағы келеңсіздік біздің нарықтағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына әсерін тигізуі мүмкін. Қазір ішкі жақтың қытайлары Шыңжаң арқылы өтуге, не болмаса сол жерде кәсіп істеуге жүректері дауаламай, кері қайтып жатыр. Оған дәлел, Қорғас бекеті арқылы автожолмен Қазақстанға көп келетін-ді. Қазір сол бекет арқылы өтетін қытайлардың саны күрт төмендеп кетіпті. Жол-жөнекей ұйғырлардың елді мекені, шекарадан бері өткеннен кейін де Шонжы ауданы ұйғырлардың тығыз орналасқан жері, содан үрейленген қытайлар көбіне ұшақпен немесе теміржолмен келіп кетіп жатыр».
Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов Үрімшідегі қақтығыстың, әсіресе Алматы және Алматы облысы кәсіпкерлерінің ісіне кері әсерін тигізіп жатқандығын айтады.
- Қытаймен Алматы және Шығыс Қазақстан облысы шектеседі. Қытаймен барыс-келіске түсетіндер де - осы аймақтардың кәсіпкерлері. Олардың көбі Үрімшімен тығыз сауда-саттық қарым-қатынаста. Сол жақтан тауар алып келіп, елде сатады. Негізінен жеміс-жидек, көкөніс, өндірістік тауарлар жеткізілетін-ді. Қазіргі жағдайға байланысты кейбір кәсіпкерлердің жұмысы тоқтап қалып жатыр. Дегенмен, әзірге қаншалықты шығын шыққанын білдіретін нақты сан жоқ. Соңғы жылы Қытайдан келетін тауарлардың қатынасы азайғаны анық. Алматы облыстық кеден басқармасы көктемде Қытайдан келетін тауар көлемі 25-30 пайызға дейін азайды деген мәлімет таратқан. Яғни бұрынғыдай тауар тасқыны жоқ деген сөз. Ал қазір алдағы уақытта жағдайдың қалай болатыны түсініксіз. Бұл мәселе шешімін таппай созылып кетсе, онда кейбір тауарлардың бағалары да көтерілуі мүмкін. Шекара жабық болғандықтан, бұл мәселе қашан шешілетіні белгісіз, - дейді Тимур Күзекұлы.
Сарапшылар «жағдайдың қалпына келіп, шекараның ашылуы, ең бірінші Қытайдың мүддесінде дейді. Өйткені Қазақстан нарығы - Қытай тауарының ірі тұтынушыларының бірі болып табылады. Мұндай тұтынушыдан аз уақыт болса да айырылу - күншығыс елі үшін тиімді емес.