Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Референдум 47402 42 пікір 6 Мамыр, 2022 сағат 13:01

Конституциялық референдум: Заңның мәтіні жарияланды

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасы жарияланды. Қараңыз. Бірге талқылайық...

1-бап. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

1. 4-баптың 1- тармағындағы «Кеңесінің» деген сөз «Сотының» деген сөзбен ауыстырылсын.

2. 6-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін».

3. 15-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады».

4. 23-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Республика Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының жəне өзге де соттарының төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, əскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері саяси партияларда, кəсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс».

5. 24-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Əркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кəсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке қылмыстық немесе əкімшілік құқық бұзушылық жасауға кінəлі деп тану туралы сот актісінің негізінде не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі».

6. 42-бапта: 1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Ант беру қаңтардың екінші сəрсенбісінде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың экс-Президенттерінің қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған адам Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған күнінен бастап бір ай ішінде ант береді»;

2) 5-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын.

7. 43-бап мынадай мазмұндағы 3 жəне 4-тармақтармен толықтырылсын:

«3. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс.

4. Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ».

8. 44-бапта: 1) 2) тармақшадағы «Парламент Сенаты» деген сөздер «Парламент» деген сөзбен ауыстырылсын;

2) 3) тармақшадағы «облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана əкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады» деген сөздер алып тасталсын;

3) 4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:  «4) Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Ұлттық банкінің Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Бас прокурорын жəне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады»;

4) 7) тармақшадағы «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің» деген сөздер «Жоғары аудиторлық палатаның» деген сөздермен ауыстырылсын;

5) 10-1) тармақшадағы «Кеңеске» деген сөз «Сотқа» деген сөзбен ауыстырылсын;

6) 19) тармақшадағы «Хатшысын» деген сөз «кеңесшісін» деген сөзбен ауыстырылсын.

9. 46-баптың 4-тармағы алып тасталсын.

10. 47-бапта: 1) 1-тармақтағы «Кеңес» деген сөз «Сот» деген сөзбен ауыстырылсын;

2) 2-тармақтағы «Кеңестің» деген сөз «Соттың» деген сөзбен ауыстырылсын.

11. 50-бапта: 1) 2-тармақтың екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:

«Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды»;

2) 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Мəжіліс конституциялық заңда белгіленген тəртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады».

12. 51-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Мəжілістің депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мəжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі».

13. 52-баптың 5-тармағының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Парламент Мəжілісінің депутаты:

1) депутат конституциялық заңға сəйкес партиялық тізім негізінде өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;

2) конституциялық заңға сəйкес партиялық тізім негізінде депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан;

3) бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты конституциялық заңда айқындалатын тəртіппен сайлаушылар кері шақырып алған кезде өз мандатынан айырылады».

14. 53-бапта: 1) мынадай мазмұндағы 1-1) жəне 1-2) тармақшалармен толықтырылсын:

«1-1) конституциялық заңдарды қабылдайды; 1-2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған конституциялық заңдар немесе конституциялық заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді . Егер Парламент əрбір палата депутаттарының жалпы санының төрттен үшінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылықтары еңсерілмесе, конституциялық заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі»;

2) 2) тармақшадағы «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің» деген сөздер «Жоғары аудиторлық палатаның» деген сөздермен ауыстырылсын;

3) 6) тармақшадағы «Кеңестің» деген сөз «Соттың» деген сөзбен ауыстырылсын.

15. 54-бапта: 1) 1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Парламент палаталардың бөлек отырысында мəселелерді əуелі – Мəжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы заңдар қабылдайды, оның ішінде»;

2) 2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Мəжіліс пен Сенат əрбір палата депутаттарының жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығын ең болмаса Палаталардың бірі еңсермесе, заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі».

16. 55-бапта: 1) 2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«2) Республика Президентінің Республика Конституциялық Сотының төрағасын, Ұлттық банкінің Төрағасын, Жоғары сот кеңесінің төрағасын, Бас прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындауына келісім беру»;

2) 3) тармақша «судьяларын» деген сөзден кейін «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уəкілді» деген сөздермен толықтырылсын.

17. 56-баптың 1-тармағында: 1) 1) тармақшадағы «жəне осы жобаларды қарау» деген сөздер алып тасталсын;

2) мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын: «3-1) Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін жылына екі рет тыңдау».

18. 57-баптың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«1) Конституциялық Соттың үш судьясын қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды».

19. 58-баптың 3-тармағының 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«7) палаталарға Конституциялық Соттың судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері қызметіне тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады».

20. 61-бапта: 1) 2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тəртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Республика Үкіметінің заң шығару бастамасы тəртібімен енгізілген заң жобалары Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің дереу қарауына жатады»;

2) 3-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

«Осы баптың 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген заң жобалары Парламентке енгізілген жағдайда, Республика Үкіметі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мəселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілер қабылдауға өзінің жауапкершілігімен хақылы, олар Парламент қабылдаған заңдар күшіне енгенге дейін немесе Парламент заңдарды қабылдамағанға дейін қолданыста болады»;

3) 4 жəне 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Мəжіліс депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған заң Сенатқа беріледі, ол онда алпыс күннен асырылмай қаралады. Мəжіліс заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен тұтастай қабылдамауға хақылы. Бас тартылған заң жобасы қабылданбады деп есептеледі жəне бастамашыға қайтарылады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен мақұлданған заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Егер Сенат заңды тұтастай немесе оның жекелеген баптарын мақұлдамаса, онда заң Мəжіліске қайтарылады. Бұл ретте Сенат Мəжіліске заңның жекелеген баптарының редакциясын ұсынуға құқылы. Егер Сенат алпыс күннің ішінде тиісті шешім қабылдамаған жағдайда, заң Президенттің қол қоюына беріледі.

5. Егер Мəжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына депутаттардың жалпы санының көпшілік даусымен келіссе, Мəжіліс заңды жаңа редакцияда қабылдаған жəне Сенат мақұлдаған болып есептеледі жəне он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Егер Мəжіліс заңның жекелеген баптарының Сенат ұсынған редакциясына сол көпшілік дауыспен қарсылық білдірсе, сондай-ақ егер Сенат заңды тұтастай мақұлдамаған жағдайда, Палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рəсімдері арқылы шешіледі. Заңның келісу комиссиясы тұжырымдаған редакциясы осы баптың 4-тармағында белгіленген тəртіппен Мəжілістің жəне Сенаттың қарауына жатады. Мəжіліс келісу комиссиясы ұсынған редакциядағы заңды Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылдамаған жағдайларда, Мəжіліс бұрын қабылданған редакциядағы заң бойынша қайтадан дауысқа салуды жүргізеді. Егер қайтадан дауысқа салу кезінде Мəжіліс Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді бекітсе, заң он күннің ішінде Президенттің қол қоюына беріледі. Егер заң Мəжіліс депутаттарының көрсетілген көпшілік даусын алмаса, заң қабылданбады деп есептеледі жəне бастамашыға қайтарылады»;

4) 5-1-тармақ алып тасталсын.

21. 62-бапта: 1) 5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: «5. Егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Палаталар депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен заңдарды Мəжіліс қабылдайды, Сенат мақұлдайды. Егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Парламенттің жəне оның Палаталарының қаулылары Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады»;

2) 6-тармақ «бойынша» деген сөзден кейін «конституциялық заңдардың жобалары бойынша» деген сөздермен толықтырылсын.

22. VI бөлімнің тақырыбындағы «Кеңес» деген сөз «Сот» деген сөзбен ауыстырылсын.

23. 71-бап мынадай редакцияда жазылсын:

«71-бап 1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты төрағаны қоса алғанда, он бір судьядан тұрады, олардың өкілеттігі алты жылға созылады. Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып қатарынан екі реттен артық тағайындала алмайды.

2. Конституциялық Соттың төрағасын Парламент Сенатының келісімімен Республиканың Президенті тағайындайды.

3. Конституциялық Соттың төрт судьясын – Республика Президенті, Конституциялық Соттың үш-үш судьясын тиісінше Сенат пен Мəжіліс тағайындайды. Республика Президенті Конституциялық Сот төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот судьяларының арасынан тағайындайды.

4. Конституциялық Соттың судьясы қызметі депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтен басқа, өзге де ақы төленетін қызметтерді атқарумен, кəсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды.

5. Конституциялық Соттың судьяларын өздерінің өкілеттігі мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп əкелуге, оған сот тəртібімен белгіленетін əкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Парламенттің келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.

6. Конституциялық Соттың ұйымдастырылуы мен қызметі конституциялық заңмен реттеледі».

24. 72-бапта: 1) 1 жəне 2-тармақтардағы «Кеңес» деген сөз «Сот» деген сөзбен ауыстырылсын;

2) мынадай мазмұндағы 3, 4 жəне 5-тармақтармен толықтырылсын:

«3. Конституциялық Сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сəйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды. Азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тəртібі мен шарттары конституциялық заңда айқындалады.

4. Конституциялық Сот осы баптың 1-тармағының 3) жəне 4) тармақшаларында көрсетілген мəселелерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сəйкестігін Республика Бас прокурорының өтініштері бойынша қарайды.

5. Конституциялық Сот Конституцияда бекітілген адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Республика Конституциясына сəйкестігін Адам құқықтары жөніндегі уəкілдің өтініші бойынша қарайды».

25. 73-бапта: 1) 1 жəне 2-тармақтардағы «Кеңеске» деген сөз «Сотқа» деген сөзбен ауыстырылсын.

2) 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Конституциялық сот өз шешімін конституциялық заңда белгіленген мерзімдерде шығарады».

26. 74-бапта: 1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Конституциялық Сот шешім қабылдаған күннен немесе ол белгілеген күннен бастап конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның жəне азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де құқықтық актілердің, олардың жекелеген ережелерінің күші жойылады жəне қолданылуға жатпайды»;

2) 3-тармақтағы «Кеңестің» деген сөз «Соттың» деген сөзбен ауыстырылсын.

27. VII бөлімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«VII бөлім Соттар жəне сот төрелiгi. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уəкіл».

28. 78-баптағы «Кеңеске» деген сөз «Сотқа» деген сөзбен ауыстырылсын.

29. 82-баптың 4 жəне 5-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын Республика Президенті Парламент Сенатының келісімімен бойынша тағайындайды.

5. Жоғары Сот Кеңесінің мəртебесі, құрамын қалыптастыру тəртібі жəне жұмысын ұйымдастыру заңда айқындалады».

30. 83-баптың 4-тармағындағы «заңмен» деген сөздер «конституциялық заңда» деген сөздермен ауыстырылсын.

31. Мынадай мазмұндағы 83-1-баппен толықтырылсын:

«83-1-бап 1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уəкіл адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына кел тіруге жəрдемдеседі, адам мен азаматтың құқық тары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал етеді.

2. Адам құқықтары жөніндегі уəкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тəуелсіз болады жəне мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.

3. Қылмыс орнында ұстап алынған немесе ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, Адам құқықтары жөніндегі уəкілді өз өкілеттігінің мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп əкелуге, оған сот тəртібімен белгіленетін əкімшілік жазалау шараларын қолдануға, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

4. Адам құқықтары жөніндегі уəкілдің құқықтық жағдайы жəне қызметін ұйымдастыру конституциялық заңда айқындалады».

32. 87-бапта: 1) 4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың əкімдерін тиісінше облыстың аумағында орналасқан мəслихаттар депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың мəслихаттары депутаттарының келісімімен Республика Президенті қызметке тағайындайды. Республика Президенті дауыс беру жүргізілетін кемінде екі кандидатураны ұсынады. Дауыс беруге қатысқан мəслихат депутаттарының көп дауысын алған кандидат олардың келісімін алды деп есептеледі. Өзге əкімшілік-аумақтық бірліктердің əкімдері заңда айқындалатын тəртіппен қызметке тағайындалады немесе сайланады, сондай-ақ қызметінен босатылады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың əкімдерін қызметінен босатуға құқылы»;

2) 5-тармақтың екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын: «Бұл жағдайда мəслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен əкімге сенімсіздік білдіруге жəне оны қызметінен босату жөнінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жəне астананың əкімдеріне қатысты тиісінше Республика Президентінің не өзге де əкімшілік-аумақтық бірліктердің əкімдеріне қатысты жоғары тұрған əкімнің алдына мəселе қоюға құқылы».

33. 88-баптың 4-тармағындағы «Президенті» деген сөз алып тасталсын.

34. 91-бапта: 1) 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тəуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері өзгермейді»;

2) 3-тармақтағы «Кеңестің» деген сөз «Соттың» деген сөзбен ауыстырылсын.

35. Мынадай мазмұндағы 99-баппен толық тырылсын:

«99-бап 1. Конституциялық Сот жəне Жоғары аудиторлық палата құрылғанға дейін Конституциялық Кеңестің жəне Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары мен мүшелері өз өкілеттіктерін сақтайды. Конституциялық Сот құрылғанға дейін Конституцияның 72-бабының 1 жəне 2-тармақтарында көзделген Конституциялық Соттың функцияларын Конституциялық Кеңес жүзеге асырады.

2. Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде оларды Конституциялық Сот қайта қарағанға дейін қолданылады.

3. Қазақстан Республикасы Конституциясының Парламент Палаталарын қалыптастыру туралы ережелері сегізінші сайланған Парламент Мəжілісі депутаттарының сайлауынан бастап қолданылады».

2-бап. 1. Қазақстан Республикасы Конституциясының конституциялық заңдарды жəне заңдарды қабылдау тəртібін, сондай-ақ Конституциялық Соттың қызметін айқындайтын ережелері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. 2023 жылдың 1 қаңтарына Мəжіліс мақұлдаған жəне Парламенттің қарауындағы заң жобалары заңдар болып есептеледі жəне Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабында белгіленген тəртіппен қаралады.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының лауазымды адамдарға өкілеттіктер берудің жаңа тəртібін белгілейтін нормалары, егер Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, осы лауазымды адамдардың өкілеттік мерзімінің өтуіне немесе өкілеттігінің тоқтатылуына қарай қолданысқа енгізіледі.

3. Жоғарғы аудиторлық палатаның құрамы қалыптастырылғанға дейін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асыруды жалғастырады. 3-бап. Осы Заң референдумның қорытындылары туралы хабарлама ресми жарияланған күнінен бастап, осы Заңның 2-бабының ережелері ескеріле отырып қолданысқа енгізіледі.

Abai.kz

 

 

 

42 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2025