Қызыл алаң: Путиннің бес өтірігі...
9 мамырда алаулатып-жалаулатып әскери шеру өткізу Мәскеудің жылдар бойғы жаттанды әдеті ғой. Бірақ, биыл жағдай өзгеше. Ресей Украинаға «соғыс ашты». Оны айдай әлем көріп, біліп отыр. Мойындамай отырған – Ресей ғана. «Біз толық масштабта соғыс ашпадық. Әскери операция жүргізіп жатырмыз», - деуден танбайды. Сондықтан да, бұл жолы 9 мамырда «Путин маңызды мәлімдеме жасайды» деп күтті.
Сонымен, Путин 9 мамырда әлем жұртын селт еткізер сөздер сөйлеген жоқ. Қызыл алаңдағы баяндамасының басым бөлігін Украинадағы соғыс тақырыбына арнады. «Бізде амал қалмаған соң, солай жасауға мәжбүр болдық», - дегеннен әрі асқан жоқ.
Есесіне, «Настоящее время» тәуелсіз арнасы Ресей президентінің шерудегі сөздеріне шолу жасапты. Сөйтіп, Владимир Путиннің бес өтірігін әшкерелепті. Назарларыңызға ұсынамыз:
Бірінші өтірік - Путин: «Мәскеудегі әскери шеруге қатысқысы келген америкалық ардагерлерге шектеу қойылды», - деді.
Әскери шеруге қандай америкалық ардагерлерді жібермей қойғаны тіпті түсініксіз. Кремльдің де, Американың да медиасында бұл туралы ештеңе жарияланбады. Бұған сәл-пәл ұқсайтын оқиға былтыр болған. Америкалықтар шынымен де Ресейге келе алмай қалды. Бұл туралы ағылшын тілді басылымдар жазды. Олар орыстарды жек көргендіктен емес, коронавирусқа байланысты шектеуден келе алмады.
Бұл жолы олардың шеруге қатысуы туралы Ардагерлер ұйымы ештеңе демеді. Биыл Мәскеуге көп ешкім барғысы келмеді. Шетелдің, тіпті, таяу шетелдің жоғары дәрежелі қонақтары да болған жоқ. Ресейдің Украинаға басқыншылығын қатал айыптамаған елдер де ресми өкілдерін жіберген жоқ. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Биыл мерейтойлық дата емес, сондықтан ешкімді шақырмадық», - дегенге келтірді. Бірақ, осы күнге дейін мерейтой датасы болған, болмағанына қарамастан бәрі қатысып келді.
Екінші өтірік – Путин: «Ресей Батысты ашық диалогқа шақырды. Екі жақтың да мүддесіне болысатын ымырашылдыққа үндеді. Бәрі бекер. НАТО елдері бізді тыңдағысы келмеді. Бұл дегеніміз - олардың басқа жоспары болды деген сөз», - деді.
Путин НАТО-ның нақты қандай жоспарын айтып тұрғаны түсініксіз. Мәселе мынада: НАТО-ның құрамында ешқашан болмаған, әлі де кірмеген тәуелсіз Украинаға Ресей бірінші болып басқыншылық шабуыл жасады. Ресейдің шекарасына НАТО әскери техникасын, сарбаздарын жақындатқан емес. Кремльге ешқандай ультиматум қойған емес. Керісінше, Ресей Украина мен НАТО-ға ультиматум қойды. Ресейдің Украинаға шабуылының алдындағы айларда Батыс Ресеймен белсенді түрде келісімдер жасауға тырысты. НАТО қауіпті сейілту үшін Ресейге өз ойларын айтқан: Ресейдің Брюсселдегі және альянстың Ресейдегі ресми өкілдіктерінің жұмысын қайта құруға, қару-жарақты бақылау жұмысын күшейтуге ұсыныс білдірген.
Былтыр жазда Женева қаласында жоғары деңгейдегі Америкалық-Ресейлік кездесу өтті. Еуроодақтың көшбасшылары Ресейге ұшып келіп, Украина мәселесі туралы Путинмен сағаттап сөйлесті. Бәрі бекер. Былтырғы жылдың аяғында Путин НАТО елдеріне ультиматум қойды: «НАТО альянстың инфрақұрылымын 1997 жылғы шекараға дейін шегерсін», - деді. Мұндай талапқа НАТО көнбеді. Содан соң Ресей соғыс ашты.
Үшінші өтірік – Путин: «Моральдық құлдырау – Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын бұрмалаудың негізі болды: орыстарды жек көрушілікті өршіту, соғыс құрбандарын қорлау,сатқындарды мадақтау, Жеңісті алып бергендердің ерлігін қаралау», - деді.
Путин әдетте өзінің Ресейлік пайымымен келіспейтін нәрсенің бәрін тарихты бұрмалау деп атайды. Балтық елдерінде Кеңес Одағының кезін «отарлау» деп атаса, Кремль мұны «орыстарды жеккөрушілік» дейді. Украинада бұрынғы ұлттық саясаткерлердің ескерткішін орнатса, бұл Ресей үшін «сатқындарды мадақтау» мен «Екінші дүниежүзілік соғыстың құрбандарын мазақтау» болып саналады. Онымен қоймай Ресей Сталин режимінің құрбандарын ондаған жылдар бойы еске салып отырған «Мемориал» атты қоғамдық қозғалысты «шетелдік тыңшы» деп атап, жауып тастады.
Төртінші өтірік – Путин: «Киевтің ядролық қару алғаны туралы болжам болды. НАТО елдерінің ең жаңа қару-жарағы әкеліне бастады», - деді.
Басқыншылық соғысын ақтай отыра, Путин Киевтің ядролық қаруды қайтарып алғысы келетінін айтады. Шындығында, ядролық қару туралы Зеленский 19 ақпанда Мюнхендегі қауіпсіздік туралы конференцияда Будапешт меморондумы аясында бір рет мәлім етті. Бұл құжатқа сәйкес (ішінде Ресей де бар), Украина өз қауіпсіздігіне кепіл ала отырып, ядролық қарудан бас тартқан еді. Бірақ, Қырым аннексиясы мен Донбасс соғысы көрсеткендей, Украинаға берілген қауіпсіздік кепілдігі орындалған жоқ.
Батыс жаңа қару-жарағын Украинаға жеткізуге асықпады, тіпті, соғыстың алғашқы аптасында да әкелген жоқ. Соғыс қимылдарының ұлғаюы, Ресейлік әскердің Украина қалаларын қатігездікпен қиратуы, Украина бейбіт тұрғындарының жаппай қырғынға ұшырауы Америка мен Еуроодақтың және өзге де елдердің жағдайға басқаша қарауына әсер етті.
Бесінші өтірік – Путин: «Біздің тарихи жеріміз Қырым мен Донбассқа кезекті жазалаушы операцияның дайындығы ашық жүріп жатты», - деді.
Егер бұрын Путин: «Қырым мен Донбасс тұрғындары орыс тілінде сөйлейді, сондықтан олар орыс әлемінің бір бөлшегі», - деп атаса, қазір бұл өңірлерді «Ресейдің тарихи жері» дейтін болған.
Ресей империясы 1783 жылы Қырымды өзінің құрамына күштеп қосып алған. Бұған дейін Қырымды гректер, Осман түріктері мен татарлар да басқарды. Өткен ғасырдың екінші бөлігі мен 2014 жылғы аннексияға дейін Қырым заңды түрде Украинаның бір бөлшегі болды.
Донбассқа келер болсақ, Ресейдің сепаратистистік режимі Донецк пен Луганск облыстарының бір бөлігін басып алғанына қарамастан, бұл жер - Украинаның жері болып қала береді.
Путиннің шерудегі сөзін тыңдаған көптеген әскери сарапшылар маңызды нәрсені байқады: «Ресей президенті бұрынғы сөздерінде «Болашақта соғысқа жол бермейміз», - деп айтатын. Ал, бұл жолы олай деген жоқ.
Айжан Темірхан
Abai.kz