Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5498 0 пікір 7 Қараша, 2012 сағат 13:12

Әбіш КЕКІЛБАЕВ: «Бәріміз де оңтүстіктен шыққанбыз»

 

Бұл күндері Оңтүстік Қазақстан облысы құрылуына

80 жылдығына дайындық жүріп жатыр.

Осы оқиға қарсаңында шымкенттік қаламгер Шойбек Орынбаев

Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Әбіш КЕКІЛБАЕВПЕН Оңтүстік өңірінің өткен тарихы мен

бүгінгі биігі. Руханият қазынасы туралы әңгімелескен екен.

Оқырмандар назарына сол сұхбатты ұсынамыз.

- Құрметті Әбіш аға! Облы­сы­мыз­дың құрылғанына 80 жыл толуына орай көрнекті мемлекет, қоғам қай­рат­кері, ұлтымыздың ірі тұлғасы ре­тінде өзі­ңіз­ге бірнеше сұрақ қойсақ па дейміз. Алғашқы білгіміз келетіні: Сіз Оң­түстік өңірінің Қазақ елі та­ри­хын­дағы орнын қалай айқындар едіңіз?

 

Бұл күндері Оңтүстік Қазақстан облысы құрылуына

80 жылдығына дайындық жүріп жатыр.

Осы оқиға қарсаңында шымкенттік қаламгер Шойбек Орынбаев

Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Әбіш КЕКІЛБАЕВПЕН Оңтүстік өңірінің өткен тарихы мен

бүгінгі биігі. Руханият қазынасы туралы әңгімелескен екен.

Оқырмандар назарына сол сұхбатты ұсынамыз.

- Құрметті Әбіш аға! Облы­сы­мыз­дың құрылғанына 80 жыл толуына орай көрнекті мемлекет, қоғам қай­рат­кері, ұлтымыздың ірі тұлғасы ре­тінде өзі­ңіз­ге бірнеше сұрақ қойсақ па дейміз. Алғашқы білгіміз келетіні: Сіз Оң­түстік өңірінің Қазақ елі та­ри­хын­дағы орнын қалай айқындар едіңіз?

- Бәріміз де оңтүстіктен шыққан­быз. Бұл сөзді жалпы адамзаттық мағы­нада да, етене ұлттық мағынада да бір сәт естен шығаруға болмайды.

Экваторға жақын маңнан пайда болып, бойдағы ыстықты бір деңгейде ұстаудың табиғи не жасанды тәсіл­де­рі­не жетіле келе, басқа бойлықтарға аяқ басыппыз.

Күнгейіміз - шалқып жатқан көл-көсір мұхит. Теріскейіміз - ұстасып жат­қан тұтас құрлық. Соған қарай бағыстап, Таяу Шығысқа жеткен соң, оң-солы­мызды дұрыстап тани бастаппыз. Біздің планетамызды емін-еркін игерер жолымызды мұз басқан сеңгір таулар мен жер-көкті түгел қалықтап шыға келер топан сулар бөгеді. Цей­лондағы Адамата шоқысы, Синайдағы Ханан, Элла­дадағы Олимп, Кавказдағы Арарат сынды жер кіндіктер туралы аңыздар бекерден бекер туып жүрген жоқ.

Бүгінде дәл сол бағытта Қазығұрт тауы тұр. Нұх пайғамбардың кемесі тоқ­тапты делінетін сол бір көне шоқ­ы­лар жадыңа қай-қайдағыны түсіреді. Жалпы, жер жаралып, су аққалы бері дүниенің талай тылсымына қаныққы­ң­ыз келсе, Оңтүстікке келіңіз. Ол - ашулы жатқан салқар кітап. Не жоқтың бәрін табасыз. Жер бетінде болып кеткен бар құдірет, бар әулие осы өлкеде түгел болғандай із қалдырған. Жал-жалдың төскейлеріндегі көне жазулардай көп шимайға үңілсеңіз аспаннан түс­кен төрт кітаптың мазмұндарын те­гіс ақтарып шыққандай боласыз. Бір кез­дердегі зороастризмнің, тәңіршіл­дік­тің, несторианшылдықтың, манихей­шіл­діктің, маздахизмнің, буддизмнің іздерін айнытпай танисыз. Бәрінен де дұрыс әрі көне, әрі жаңа исламның сәулелі жолын көріп, айдай ақиқат шапағатына бөленесіз.

- Алыс-алыс тарихты жақын жер­ден көзбен көріп, қолмен ұстағы­сы келген адам, Оңтүстікте болуы керек дейсіз ғой.

- Көп уақытқа дейін мынау Ұлы дала ежелгі ойкуменаның солтүстік-шы­ғыстағы қиырлары саналып келді. Бұл араға келгендер жер шетіне жеттім деп ойлады. Ахеменидтер құлағаннан ке­йін­гі ойкумена тарихы негізінен Ес­кен­дір Зұлқарнайын (Александр Македонский) жорығы төңірегінде өрбиді.

Ескендір Зұлқарнайын өзіне дейінгі патшалықтардың ойкумена туралы жи­ған-терген мәліметтерін өзімен бірге алып жүрді: оны жол-жөнекей өз адам­дарының көрген-білгендерімен толық­тыр­ды. Өз қолжазбалары, күнделіктері, жазысқан хаттары қосылды. Импера­тордың өзі өлгелі әлгі құ­жат­тары «патша қазынасы» деп аталатын қоймада сақталды. Сырттан ешкім жі­бе­рілмеді. Іштен ештеңе шықпайтын болды. Көп қорыған құнды мұра еш­кімнің қажетіне аспай, ақыры қайырсыз күйде, көне Бабыл үйінділерінің астында адыра қал­ды. Сенімпаз император шаршы әлемді түгел жауладым, ойку­ме­­наның шығыс солтүстігіне дейін барып қайттым деп мақтаныпты. Үндістанның Инд өзенін көргенде Африкадағы Ніл өзеніне кел­дім деп, елде қалған ше­шесі Олимпиа­даға қуанып хат жазыпты.

Шамасы, бұл жорығында ол ашқан мұндай «тосын жаңалықтары» аз болмаса керек. Ақыр аяғында, өз ойына да күмәндана бастады. Ескендір Зұлқар­на­йын өлгесін ұлы жиһангер өткен жер­лерді көріп қайту үшін Милеттен шық­қан белгілі қолбасшы Демодам жұмса­лыпты. Ол өз міндетіне соншалықты тыңғылықты қарапты. Тіпті, Ескендір­дің соғамын деп, соға алмай кеткен жерлеріне де барыпты. Арал, Каспий теңіздерін теріскейінен айналып, Меотида (Азау), Понта (Қара) теңіздеріне барғанда римдіктер тұтқынға алыпты. Ол ашқан «Скифика» әркімдерге қолды болып кетіпті. Рим авторлары жазған кейбір кітаптардан ғана шаң береді.

Сол жолы Ескендір Ұратөбеге дейін барып, бір кезде Кир патша ашқан ескі қамалды қайта жаңартып, Сырдария басынан әлденеше бекіністерді жаңадан салыпты. Сырдария бойындағы қазіргі құм астында қалған ұзыннан ұзақ шым қорғандарды тұрғызыпты. Іргесіне ке­ліп тұрып, ішіне бойлап кіре алмай, қаша соғысқан көшпенді әлемге әбден қаныға алмай, алыстан мұнартқан Қы­рау­қас тау­ына қарай-қарай, арманда кетіпті.

Оның аржағында шашбауын көтеріп дуылдасқан көп қошеметшілер айтқан Солтүстік Мұхит жатпапты. Батыс деректерінде көп айтылатын скиф, сармат, массагет, сақтар жатыпты. Одан әрі қарай Геродот жазған грек саудагері Аристей айтатын басқа скифтер - будин, тиссагет, ирки, исседон, агриппей, арамасп тайпалары тұрыпты. Маймыр, Пазырық, Тағар мәдениетін жасаған бұл тайпаларда киіз басу, тері илеу өнер­лерімен қоса, зергерлік өнері де қатты дамыды. Әсіресе, жануарлар тақырыбын қырық құбылтатын ерекше стиль кеңінен өріс алды.

Ахеменидтер дәуірінде күшейген бұл стиль бірте-бірте түркі тайпаларына ауысты... Ахеменидтер мен Ескендір Зұлқарнайын жорықтары хорезмдіктер мен массагеттерді атты әскерлерін қайта жасақтауға үйретті. Қолөнерінде зергерліктің ықпалы артты. Масса­гет­тердің бұл дәурендеуі жыл санауы­мыз­ға дейінгі 165 жылға дейін созылды. Жағдайдың өзгеруіне Қиыр Шығыс­тағы ахуал әсерін тигізді.

Халық басындағы мұндай метамор­фозалардың қаймағы мен қаспағы ең қалың жұққан жер Қазақстанның Оң­­түстігі еді. Тарихқа қазақ атымен кірген ха­лықтың және оның ұлттық мемле­­­кет­тігінің негізін салған оқиға Сыр бойы қа­­лаларын өзіне қарату үшін болған ір­­кес-тіркес соғыстар еді. Жер бетінде ен­дігәрі мұндай халықтың болу-болмауы да осы өмірлік мәселенің ойдағыдай ше­ші­лу-шешілмеуіне тығыз байланысты еді.

- Алтын Ордадан абайсызда айы­­­рылғанда халықтар «Қайткенде аман қала­мыз?» деп тұйыққа ті­рел­гендей бол­ған екен ғой.

- Асан Қайғы Ауған жақтағы Тес­кентау асып кетуді ұсынды. Бір бүйір­­ден орыс, бір бүйірден ойрат қысқан ортада жайлы қоныс табу да оңай болмады. Желмаямен желіп жүріп жер із­деп, ақыры Жиделі Байсынға келіп тоқ­тады. Осы арадан орын тауып, бірте-бірте қонысты ұлғайта беру мақұл деп табылды. Көшпенділерді талай жерден мүдірткен: «Қайда барып ел боламыз?» деген ежелгі сауалға жаңаша геосаяси жауап іздеу күн тәртібіне қойылды. «Қайт­сек ел боламыз?» деген қаһар­лы сауалға көшудің қақ алдында тұрдық.

Шәйбан Әбілқайыр хан байырғы Дешті Қыпшақ пен Сібірді тастап, күнгейдегі отырықшы елдерге көпе көрнеу қол салуға бел буды. Оның 1468 жылғы Жетісуға жорығы Жәнібек пен Керейдің хандығын күш алып кетпей тұрғанда күйретуді көздеді. Оның мез­гілсіз қазасы бұл жоспардың күл-тал­­қанын шығарды. Оның немересі Мұ­хаммет Шәйбани ата өсиетін ақырына дейін орындауға ашық кірісті. 1510 жылы Ираншах Исмайлмен жағаласып жүріп, Мерв түбінде мерт тапты.

Алғашқы қазақ хандары Керей, Жә­нібек, Бұрындық, Қасым Сырдария қа­ла­­ларын қолға алып, көшпенді дәс­түр­лерді дамыта, біртіндеп отырып, өріс кеңейте беру ұстанымын ұстанды. Қа­сым хан тұсында Шығыстағы Қаратал­дан, батыстағы Астархань түбіне де­йін­гі кеңбайтақ аумақ бір қолда болды.

Осынша ұланғайыр аумақты алып жатқан өсімтал ұрпақтың қай төлі де бүгінде он екінші не он үшінші атам Қаратау мен Сыр бойында қалған деп аңыз етеді. Демек, Оңтүстік - барша қа­зақтың Отаны. Қазақ қай жерде жүр­се де Қаратауға кіндігімен байланған. Сондық­­­тан да бүгінгі Қазақстан Оңтүс­тіктің кебеже қарын, кең құрсағынан шыққан. Сондықтан да, оны қай-қай­сымыз да «ұлысымның ұйытқысы» деп өбектейміз.

- Ресми санақ бойынша алғанда да халқы екі жарым миллионнан асатын Оңтүстік Қазақстан облысы елдің экономикасында, ұлт руханиятында қандай орын алып отыр деп санайсыз?

- Қазіргідей ала-құла заманда тек бір өздері болып ұйысып отырған халықтар кем де кем. Әсіресе, әр қилы саяси нау­қандарға жиі ұшыраған біздің елімізде. Оның қай жеріне келсеңіз де бір-бірімен жапатармағай жарысып жатқан жандарды көресіз. Ол, әрине, қазіргідей ста­тис­тикалық әрқилылық жағдайында біреу­лердің аз болған­дық­тан қалып, екінші біреулердің көп бол­ғандықтан біржақты озып кете бер­меуін көздейді. Әркім қабілеттілікке қарай бағалансын. Әрине, әлеуметтік әділетті бұлай қадағалаудың да жөні бар шығар. Алайда, ұлт болған соң, ондағы кісілік қасиеттермен қоса елдік қасиеттердің жақсылары әспет­те­луі керек қой. Екі миллион жарымнан асатын облыста ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәс­түр, өнердегі өзіндік ерек­шелік­терді сақ­тау мен насихаттауда айта қа­лар­­лық­тай еркіндік болғаны жөн ғой. Орынсыз жал­тақтық сезілмейді. Өтірік қай­мы­жықтау да тиыла бастаған. Мұн­дай ба­­тылдылық бірте-бірте басқа ай­мақ­­тарға да дендей береді. Адаммен адамша сөйлесуден басқа шектеулер болмайды.

Сонымен қоса, екі миллион жарым адамға мамандығына лайық қызмет тауып бере қою да оңай емес болар. Бұл жа­ғы­нан шешілмей жатқан мәселелер де бар шығар. Бәрінен де бұл Қазақстан жағ­дайында ең азы үш облыстың халқы болады. Сонша халықты бір облысқа тие­сілі штатпен басқару оңай бола қоймас.

- Жақында облысқа келіп-кеткен сапарыңыздан қандай әсер ал­ды­ңыз?

- Жақсыны көрмек үшін деген ғой. Сіздің аймаққа әр келгенім өз алдына мереке. Бұл жолы Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында болдым. Ұя деген ауылды көрдік. Ұядай ғана көрінетін көзге ыс­тық құт мекен екен. Біраздан кейін асфальт жол таусылып, жолсызбен жүрдік. Жарты сағаттан астам уақыт кетті. Сөйт­сек, алты шақырымдай ғана жер екен. Ұядағы ақсақалдар аяқ асты болып қала­мыз деп, жолды әдейі салдырмай отыр дейді. Не де болса, үріп ауызға сал­ған­дай қолайлы қоныс екен. Соған қара­ған­да, кейбір жерлерді табиғи қалпын бұз­бай қаз-қалпында сақтаған дұрыс секілді.

- Сіз «Үркер», «Елең-алаң» ро­ман­дарын жазуға дайындық ке­­зінде Оңтүстіктің біраз жерін шарлап қайт­қа­ныңызды, көп әсер алға­ны­ң­ыз­ды айт­қан болатынсыз. Сол ой­ла­рыңыз­ды таратыңқырап әңгіме­леп беріңізші.

- Иә, мен Қазақстан тарихымен уни­верситетті тауысқан бойда тыңғы­лықты таныса бастадым. Көп материалдар жинап, өткеніміздің ең басты қай­шылық­тары ашылатын талма тұсын тапқандай болдым. 1980 жылы тәуе­келге бел будым. Ақпан айында Шымкент маңындағы орындарды аралатуға Зұлпықаров деген, аудандарды көрсе­туге Рүстемов деген қызметкерлерін қосып берді. Әуелі Мәртөбені іздедім. Зұлпықаров Сай­рам­ға апарды. Кітап­тағы деректер бойынша, Қошқар Ата сайын бойлап, Ыбырайым Ата күмбезін іздеп келемін. Оны тапсам, шығыс жақ іргесіндегі Қоңыр­төбе атышулы Мәр­төбенің өзі болып шығады. Ыбырайым Ата орнында тұр екен. Іргесіндегі ай­ғыр­жал қазылып-қазылып, тек Мәр­төбенің басындағы тақиясы қалыпты. Топырақ қазып алып жатқан өзбектер біледі екен. «Іздеген Мәртөбеңіз осы», деді. Енді болма­ған­да жермен-жексен боп, біржола өшіп кет­ке­лі тұр. Басына шығып, жан-жағына қара­дым. Айна­ланың бәрі менмұндалап тұр. Баура­йын­дағы ығы-жығы Сайрам­ның көне күмбездерін араладым.

Ертесіне Шымкенттің күнбатыс бе­тіндегі Бөген стансасына келдім. Жер­дің миы шығып кеткен. Батпақ. Машинамызды сонда тастадық. Сайлау деген директор жігіт трактор алдыртты. Со­ған мінгесіп, ауылдың алдындағы оқ­шау биікке беттедік. Анадайдан өркеш­теніп көрінетін зәулім жал жақындаған сайын шөге түсті. «Ордабасы болса, жарар еді» деп келеміз. Күнбатыс құйрығынан көтерілдік. Қазіргі Тутө­бенің тұсынан шықтық. Көптен бері мал да жайылмапты. Бәрі кеше бол­ған­дай. Іздері сайрап жатыр. Төбенің басынан жан-жақтан жиылған қазақ қол­да­ры­­ның қалай орналасқанына дейін ап-анық сезіліп тұр.

Үшінші күні Ақсақ Темір мерт тап­қан Бөген бойы мен Абылай мерт тапқан Ханыбадты көріп, Шаянға бет­тедік. Жолда үлкен Тұра мен Кіші Тұ­раны қызықтадық. Көсегенің көкжоны­мен Созаққа өттік. Шолаққорғанда түнеп шығып, ертесіне Баба Атаны барып көрдік. Тау бойына киік ығып келген екен. Өріп жүр. Солардың ара-арасымен Сұғындық пен Торлан асуларын барып көрдік. Түркістанға өттік.

Мен Түркістанды ең алғаш рет 1958 жылы көргенмін. Екінші курста оқитын екі жігіт, бесінші курста оқитын екі қыз болып, профессор Бейсембай Кенже­баев­тың басқаруымен диалект, фольклор жинағанбыз. Шорнақта Фрунземен бірге соғысқан тәжік шалдың, Максим Горький колхозында Ыбырайым деген ақсақалдың үйінде жатып, «Алпа­мыстың» әлденеше ұрпақтары жайлы қисса тыңдағанбыз.

Түркістанның төбесінен азып-тоз­ған Әзірет Сұлтан оқшау көрінер еді. Ол кезде Ташкент шеберханасы жөндеу жүргізіп жатқан. Іші астан-кестен. Есігі кілттеулі. Мұхтар Мағауин екеуміз жалынып-жалпайып, әзер кіріп, өзбектің яшы ұлына құран оқытып, құдығынан су ішкенбіз. Содан түн ортасында Те­мір стансасына келіп түскенбіз. Қо­лындағы жылтырақ шамы жылт-жылт етіп, рельстерді қарап келе жатқан те­міржолшы әйел түнгі суықта дірдеңдеп отырған төртеуімізді үйіне апарып, шәй берген. Сұрастыра келсек, Ғани Мұ­рат­баевтың апасы болып шықты. Ертесіне жаяу-жалпылап, Шәуілдірге тарттық. Жол-жөнекей өңшең үйік-үйік төмпек. Ол әлі жер астында қазылмай жатқан Отырар екен. Ауыл шетіндегі оңаша мейманханаға төңірегіне күлімдей қа­райтын екі қыз келді. Олар жоғары курс­та оқитын Өмірзақ Айтбаевтың қа­рын­дастары болып шықты. Үлкен ар­ықтың бойында отын жалындатып, оқшау отырған оңаша үйде Айтбай ақсақалдың қажыңқы даусы біраз жайлардан хикая шертті. Пойызға отырып айдаладағы Қызылту стансасынан бір-ақ шықтық. Аудандық комиссия хатшысы мотоцикліне ілестіріп, Сарыағаш пен Келес аудандарын аралатты.

Онда қазіргі курорттың орнында жан-жағын жасыл түске бояған ағаш дуалдармен шыр айналдыра қоршаған ашық бұлақтар жылымшылап ағып жататын. Орталарында емделушілер жер астынан шүпілдеп шығып жатқан мөлдір суды малшылап, белуардан балшыққа көміліп отыратын. Төбенің басында шыпыр­ла­ған көне мола жататын. Шетінде басын орамалмен таңып алған ақсақал шал көлең­кеге қарап, таспих тартар-ды.

Сол жолы Оңтүстіктің тұла бойы толған тарих екендігін біліп кеткенмін. Болашақ романымды жазарда Орысхан жатқан Сығанақ, Тоқтамыс тонайтын Яссы, Тоқтақия айқасқан Сауран, Шайбани шайқасқан Сұғындық, Қасым қайтарып алған Сайрам, Ақназар астана еткен Созақ, өзін өлтірмекші болған сұлтандарды қапияда жарып салған Баба сұлтан асығыс атқа қонатын Шарапхана, мәслихат қызған Мәртөбе, күнде кеңес құратын Күлтөбе, Әбіл­қа­йыр сардар сайланған Ордабасы, Абылай түйе қайырған Қазығұрт бауыры, Төле жайлаған Өгем сауырларын, Жолбарыс ханға ерегесіп, Қойгелді батыр­дың Орынбордан келе жатқан Миллер­дің керуенін талайтын Балакемер, Тәуекел, Тұрсын, Есім, Жәңгір, Тәуке жортқан жолдардың көбі осы облыстың аумағында екенін біліп, өз көзіммен көруге келгенмін. Сөйтсем, бұл аймақ қазақ тарихы мұражайының бас павильоны екен де, қалғандары қосалқы филиалдарындай көрінеді.

- Сіздің Мәртөбе тағдырына тіке­лей қатысыңыз бар екені белгілі. Атақты төбенің жан-жағынан кеулеп қазып, топырағын құрылыс материалдары үшін пайдаланып жатқан жосықсыздықты тоқтатуға септес­­кен тұлғалардың бірісіз. Оның үстіне 2001 жылғы сапарыңызда (ол кезде Мемлекеттік хатшы қызметіндесіз) Мәртөбе мәртебесін айқындау, оның ел тарихындағы орнын айшықтау тұрғысында бағалы ақыл-кеңестер бергеніңізді халық біледі. Мәртөбе жайында не айтар едіңіз?

- «Үркерде» Ордабасы да, Мәртөбе де халық жасампаздығының айрықша айғақтары ретінде суреттеледі. Әсіресе, «Мамыр өте Мәртебеге келсеңіз» деп басталатын шалқыма тарау бейбіт замандағы халық тұрмысының шалқып жатқан апофеозындай естіледі.

Мен Ордабасының да, Мәртөбенің де көпке дейін халық жадынан шығып кеткен көңілсіз көрінісіне тап болып жүрдім. Сексен сегізінші жыл ғой деймін. Бір топ археолог ғалымдармен бірге Шымкент облысының тарихи орындарын араладым. Ордабасына келсек, ол кездегі одақтық қатынас жолдары министрлігінің арнайы кәсіпорын­дары шыр айнала қоршап алыпты. Қиыршық тастарын бульдозерлермен қопара қазып, әлдеқайда тасып әкетіп жатты. Абырой болғанда, көп ұзамай, Одақ ыдырады. Жол жөндейтін алып құрылыстар адыра қалды.

Егемен елдер еңсе көтерді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев іргедегі Ташкентке өзбек әріптесіне қонаққа келді. Мен де бірге еріп келдім. Сонда Шей­хан­­тә­уір­ге, Төлеби атамызға барып, Құ­ран оқы­дық. Шымкентке ұшып кеттік. Ертесіне өзбек, қырғыз прези­денттері сонда келді. Ордабасына барып, үш елдің басшылары жан-жақтан жиылған қарақұ­рым халықтың алдында сөз сөй­леді. Мәңгі дос болуға ант берді. Сол кү­ні Ордабасын ұлттық тарихи-мәдени қо­рық жасау туралы шешім қабыл­данды. Абаттандыру жұмыстары басталды.

Мәртөбе көпке дейін уайым боп жүрді. Екі мыңыншы жылдары ісса­пармен Шымкентке келдім. Аэропортта Бердібек Сапарбаев қарсы алды. Мен одан: «Мәртөбені білесің бе?» деп сұ­ра­дым. Ұяла бас шайқады. Бірден Сай­рам­ға тарттық. Келсем, бұрынғы бұ­рынғы ма? Біржолата шөгіп барады. Бір кездегі «Дала парламенті» барлық си­қынан айырылған. Қаңырайған тақиясы да қалып жарымапты. Сайрамда әкім болып жүрген Қуаныш Айтаханов та сол арада еді. Қазақ тарихында айтулы шешімдерді қабылдаған мәслихат тө­бе­ні бүгінгі және келешек ұрпаққа қалай сақтап қалу керектігі сөз болды. Бер­дібек пен Қуаныш уәделерінде тұрды. Жылға жетпей, ол көрерге көз керек тарихи орынға айналды. Азаматтық қо­ғам рөлі жылдан-жылға күшейіп келеді. Айтулы тарихи төбе халық боп кеңесер алқалы орынға айналса жарады.

- Мәдениет министрінің орынбасары, кейіннен Тарихи ескерткіш­тер­ді қорғау қоғамының төрағасы қыз­метінде тарихи-мәдени орын­дар­дың тағдырына тікелей араласқан адам ретінде Оңтүстіктегі елеулі ор­­ындардың бірі - Сауранға қатысты мәселелерге де араласқаныңыз бел­гілі. Осы орынның ел тарихындағы мән-маңызы, оны сақтаудың жолдары туралы не ойлайсыз?

- Сауран жол бойына түсіп қалған алтын жамбыдай әлі күнге көз тартады. Оның жұрнақтарының ғұмырын ұзарту мамандардың жан-жақты ақылдасуын талап етеді. Тез арада бір амалы табылмаса, бүкіл тірі жүрген ұрпақтың кешірілмес күнәсына айналады.

- Оңтүстіктен шыққан көптеген белгілі тұлғалармен аралас-құралас бол­­ғаныңызды, талайымен дос бол­ға­ны­ңызды білеміз. Біздің жерлесі­міз, ха­лық­тың мақтаныш тұтар пер­зенті Нұр­тас Оңдасыновтың сіздің тағды­ры­ңызға әсерін шет жағалап естіге­ні­міз бар. Осы жөнінде әңгі­мелеп беріңізші?

- Ол - өз өмірімен өлмес із қал­дырған аса үлкен мемлекет қайраткері. Республикамыздың көгеріп-көркеюіне ондай қалтқысыз еңбек еткен тұлға кем де кем. Ұзақ жыл үкімет басындағы қажыр-қайраты аңызға айналған. Қыз­меті төмендеген сайын абыройы аспандай түскен. Мың тоғыз жүз елу жетінші жылы мектеп бітірдік... «Ауылымызда қалып, мал бағамыз деп, бүкіл облысқа үндеу тастаңыз», деген қолқа миымызды күні-түні жегі құрттай жеп болды. Ақыры көндік. Аттестаттарымызды аудан­дық оқу бөлімі сейфінде сақтады.

Сөйтіп, жүргенде обком басшысы өзгерді. Нұртас Оңдасынов келді. Б­ірін­ші өткізген бюро мәжілісінде біздің үндеуіміз де қаралыпты. «Мал болса, малшы табылады. Бізде оқыған мамандар жетпейді. Балаларды жолдарынан қалдырмаңдар. Оқуларына барсын», депті. Бұл үшін ол «Ленинская смена» газетінде қатты сыналды.

Арада көп жылдар өтті. Бір күні жұмыста отырғанымда есігімді серпіп ашып, біреу кіріп келді. «Сен осы 1957 жылы Маңғыстауда мектеп бітірген Ке­­кілбаевсың ба? Айналайын-ай, сол жылы оқуыңнан қалып қойсаң, сенен бү­гін­де кім шығарын кім біліпті? Мен сен­дер­ді оқуға жіберткізген Нұртас Оңда­сы­нов деген ағаңмын ғой» деп, қолты­ғына қыстыра келген «Үркер» деген кі­табыма автограф жазғызып алды. Дін­мұ­хамед Ахметұлы Қонаевқа жолы­ғып, кетіп барады екен. Маған кіре шығыпты.

Біраздан кейін Жазушылар одағы­ның екінші хатшысы кезімде алдыма бір ибалы келіншек кірді. Қолында қағазға ораулы кітабы бар екен. «Мынаны Нұртас ағай апарып бер деп еді. Ол кісі дүние салды. Мен - қарын­дасы­­мын. Евней Букетовтің зайыбымын. Мәскеуден келе жатыр едім», - деді. Ұзақ жыл жинаған арабша сөздігінің бір данасы екен. Ет жүрегім еріп жүре бергендей болды.

- Асқар Сүлейменов сіздің ең жақын достарыңыздың бірі болғаны белгілі. Тәкен Әлімқұловпен де сыйлас жүргеніңізді білеміз. Тәкен, Асе­кең туралы, жалпы Оңтүстік өңі­рі­нен шыққан немесе қазір осында қалам тербеп жүрген ақын-жазу­шылар шығармашылығы жөнінде де ойларыңызды білгіміз келеді?

- Асқар Сүлейменов жан досым ғой. Қанша қыршаңқы болса да, бетіме жел болып келген жері жоқ еді. Өлерінде бір ауыз тіл қатыса алмай, қапыда қалдым. Дүниені таң қалдырар ерекше жан еді. Ол ештеңеге таңғалып көрген жоқ. Бірақ жұрттың бәрін таң қалдырып өтті.

Тәкен де жұмбақ адам. «Қаратау перзенттерін» журналдан оқыдым. Тас­тамай тамсана оқыдым. Алған әсер­ле­рімді қағазға түсірдім. Бір күні Мәс­кеуден хат келді. Баданадай-баданадай әріптермен, айтқан пікірлеріме қайран қалып жазыпты. Көп ұзамай өзі де келді. Бұрын көрмеген кісім еді. Күні бойы бірге жүрдік. Жарытып ештеңе айтпады. Ештеңе ішпеді. Ештеңе сұра­мады. Қай­та-қайта жүзіме қараумен болды. Көп жылдардан соң, Жазушылар одағына келді. Біраздан бері үйінен шықпай жатыр екен. Жүзі еңкіш. Өңі солғын. Есік алдындағы киім ілгіштің қасында тұр­дық. Біреулер ресторан туралы сөз қоз­ғады. Тәкен жұлып алған­дай қылып: «Ке­кілбаевпен бірге с удовольствием ба­руға болар еді», деді. Күлдік те қой­дық. Содан қайтып көрген жоқпын. Осы­дан оншақты жыл бұрын Баба Ата­ға барған­да бейітіне соқтым. Тірі ке­зіндегідей ешкімге, ештеңеге қосылмай, жападан жалғыз әнтек томпиып жатты.

Тоқаш Бердияровтің қайта құрудың жанталасы кезінде келгені есімде. Арақ-шараппен айқас қызып жатқан. Каби­не­тіме кіріп, едірейе қарап қойып, дереу көзін төмен салды. Мысық мұр­тын жылтырата жымсиып күлді. «Ке­кілбаев жолдас, Михаил Сергеевичке айтып қой. Ұлы орыс халқы оны өмір бақи кеш­пей­ді», деп, тез-тез шығып кетті. Мұнтаздай таза. Үсті-басынан қылау көрмейсің.

Төлеген Тоқбергенов - қарлығыңқы даусымен қаңқылдап көп сөйлеп, қар­қылдай күліп, ара-тұра айнала­сы­н­да­ғы­ларға көзін аларта қарағанымен, кемел ойлап, терең сезініп, сергек талдайтын терең сыншы еді.

Дулат Исабековті дұрыс түсіну үшін оның жазғандарына лириктің көзімен үңі­ліп, юмористің құлағымен тыңдау керек.

Сатыбалды Нарымбетов ежірейе қа­рай, елжірей ұғатын жүрегі жұмсақ суреткер.

Ергөбековті Ергөбековтей бақайша­ғына дейін жіліктей шағып, жіліктей зерттеп, жіліктей түсіндіру үшін тағы бір Ергөбеков керек.

Бәрі де таң қалдыра біледі. Тамсандыра біледі.

- Торқалы той алдында Оңтүстік­тің еліне қандай тілек айтар едіңіз?

- Той өтеді. Торқа тозады. Бірақ, Оңтүстік әр нәрсесін бесіннің көлең­кесіндей ұзартып, арғы-бергіге абайлата көз салдырады. Оның айтарын жү­рекпен ғана ұға аласың.

- Рахмет, аға.

Әңгімелескен

Шойбек ОРЫНБАЕВ.

"Егемен Қазақстан" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475