Сенбі, 23 Қараша 2024
Бір сауал 4026 25 пікір 20 Мамыр, 2022 сағат 12:08

XXI ғасырдағы ұлттық идея қандай болуы керек?

Әлбетте, мектептен белгілі болғандай заң саласы (юриспруденция), зайырлы мәдениеттілік (культура), халықтың салт-дәстүрлері (менталитет) мен діни сала (религия) – ұлт үшін әртүрлі мағынадағы және әртүрлі құқықтық статустағы алып-алпауыт ұғымдар. Алайда, соңғы отыз жыл ішінде бізде ғана емес, күллі Әлемде осы туыстас ұлы ұғымдар бір-бірінен тым алшақтап кеткен жоқ па, мән-мағыналық қарама-қайшылықтар тым көбейіп кеткен жоқ па?! Әрине, қоғамда «золотая середина» - асыл тепе-теңдікті сақтау ең маңызды нәрсе, дегенмен – кейбір ұлттық түсініктерді – дәстүрлі құндылықтарды да – Ата-Заңға біртіндеп, жайлап-жайлап енгізе бастау, бәлкім, керек те шығар.

Соңғы жиырма жылдың ішінде Еуропа және АҚШ елдері жаңа демократия – «жасыл» либерализм деп, өздерінің төл христиан діні тұрмақ тіпті, 20-шы ғасырдың соңының өзінде сол Батыс Өркениетіне тән болған кәдімгі зайырлы этикадан, ұлы классикалық мәдениеттен, дәстүрлі отбасылық құндылықтардан тым алшақтап кеткендігі жасырын нәрсе емес. Оның егжей-тегжейін айтудың өзі қазақтың құлағы үшін түрпідей естілетінін біліп, мен қазір «самоцензура» деген менің өз ішкі сыпайылығымды қосып, жазбасам да болады. Сауатты оқырманның қолында Әлемдік Ғаламтор да бар қазір, халықаралық БАҚ өнімдері де бар. Бірақ, бұл дөңгелек Әлемде шектен тыс жаһанданудан басқа, тағы изоляционизмге жақындау басқа да ірі тенденциялар бар, мәселен – Пәкістан немесе Иран, әсіресе Ауғанстан іспеттес басқа елдер тым біржақты діни жолға түскендігі де шектен тыс діни фанатизм қауіпін тудырып тұр. Сонымен қатар, коммунизм деген «дінге» тым қатты берілген Қытай, Солтүстік Корея, Куба, Вьетнам іспеттес елдер өздерінің социалисттік идеалдарын іздеу барысында – либералды емес мәнердегі басқару жүйесін о бастан-ақ таңдаған еді. Бірақ ол жақта шектен тыс байлар мен шектен тыс кедейлер жоқтың қасы екендігін де мойындау керек. Ал социалисттік Норвегия, Исландия, Швецияның өз үлкен мәселелері бар, олар кейінгі жылдары басқа өркениеттегі тым көп миграциялық ағымды сіңіре алмай жатыр, сіңірмейді де – себебі, мықты технология әрі бай да әділетті экономикадан басқа – ұлттық салт-дәстүрлер керек-ақ, рухы асқақтаған мәдениет пен өнер керек-ақ.

Ал қалған мемлекеттер капиталисттік нарыққа шамасы келгенше бейімделіп отыр, Оңтүстік Кореяда да тура сол нарық, Мексикада да тура сол нарық, Нигерияда да тура сол нарық, Грекияда да тура сол нарық, бірақ даму дәрежелері мен даму қарқындықтары да тым әртүрлі. Ал шектен тыс ұлтшылдыққа тіпті қатаң тиым салу керек, себебі 1929-шы жылға Италия болсын, 1933-шы жылғы Германия болсын, немесе басқа да сыртқы саясаты агрессивті мемлекеттер – әрдайым тарихта ылғи-ылғи кез-келген Дүниежүзілік соғыстарға себепкер бола беретіні сөзсіз. Тым ұлтшыл мемлекеттер бір-бірімен тарихта әрдайым «төбелесіп» қала беретіні белгілі жағдай.

Ал біздің бейбіт әрі бейтарап Қазақстанның өзінің төл қандай ұлттық идеясы болғаны жөн?! Тым жұмсақ заң болса – сөзсіз біртіндеп құлдырауға алып келер, ал тым қатал болса – ол да дұрыс емес – оның үстіне қазақы дәстүрлі менталитетке де мүлде сай емес – бізге жараспайды. Бұл жерде – ылғи тепе-теңдікті сақтай білу керек. Менің ойымша, әр адамның өз ойы болу керек, әр мемлекеттің өз идеясы болу керек. Әйтпесе, бұған дейін біз «үлгі алып, үйрену» жолында бірде тек ресейлік фильмдерді көрдік, бірде тек американдық фильмдерді көрдік, бірде тек түрік фильмдерін көрдік, бірде тек корей фильмдерін көрдік, ал ТӨЛ отандық қазақ киносаласын еш дамытпай келдік. Дамытсақ та, тек еліктеу – еліктеу және еліктеу принципін ұстанып келдік. Иә, технологиялық электроникалық техникаға еліктеу керек, ал фильмдердің МАЗМҰНЫ мен идеясы өзімізден болу керек емес пе!? Және бұл тек кинематограф саласында емес, барлық басқа да салаларда орын алған тенденция болды емес пе! Өзіміздің төл салт-дәстүрлер мен заманауи техниканы үйлестіре отырып – жаңа өнер туындыларын тудырса болады ғой! Сол іспеттес, жаңа заңдар қанша озық болса да, төл менталитетке – халықтық санаға жат болмаса деп тілеймін.

Бір жағынан бала құқығы болу керек, екінші жағынан салиқалы әке ұғымы және жалпы Тәрбие институты да бар болуы тиіс. Бір жағынан демократиялық еркіндіктер болу керек, бірақ екінші жағынан анархия мен хаосты болдырмау былай тұрсын, тіпті ДӘСТҮРЛІ ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ да ең әуелі барынша насихаттай білу керек. Бір жағынан қазақ тілін дамыту керек, екінші жағынан қазақ тілінде қалай әрі МӘДЕНИЕТТІ, әрі САУАТТЫ сөйлеу керектігін де қоса үйрету керек – ал түрлі шет тілдерін жастар өздері-ақ үйреніп алады. Бір жағынан әйел құқығы болу керек, екінші жағынан ер кісіні сыйлау тенденциясы да бар болуы тиіс. Бір жағынан нарық болу керек, екінші жағынан САПАЛЫ мемлекеттік оқу орындары да болу керек. Бір жағынан мүгедектерге параолимпиадаға қатысуға шын мүмкіндікті барынша көбейту керекпіз, екінші жағынан кәдімгі Олимпиаданың резерві де туралы ұмытпау керекпіз. Бір жағынан жасыл экономиканы ойлау керекпіз, екінші жағынан – егер табиғатты мейілінше аз ластаса – отандық цех пен фабрикаларды көптеп ашу керекпіз. Міне, 2020-шы жылдары – жалпы 21-шы ғасырдағы ұлттық идеямыз осындай болуы керек деп ойлаймын.

Батырбек Үрістембеков

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5448