Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық-қанығы 3253 9 пікір 20 Мамыр, 2022 сағат 14:10

Как дела, Ғабидолла?..

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов мен Мәдениет және спорт экс-вице-министрі Ғабидолла Әбдірахимовтың үстінен «рейдерлік» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп жазды Козачков телеграм арнасы.

Ғабидолла Әбдірахимов Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарған кезде біраз қызықтарымен есте қалған.

Ғабидолла Әбдірахимов 1975 жылы 23 қаңтарда Қазақстанның оңтүстігінде дүниеге келген. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінен экономист-бухгалтер мамандығын алып шығады. 1997-1999 жылдары «Болашақ» бағдарламасы бойынша Неміс Жоғары мемлекеттік басқару мектебінде оқиды.

Төрт тілді меңгерген Әбдірахимов әр жылдары Қазақстанның лауазымды қызметтерін атқарды. Атап айтсақ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігін, ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігін басқарды, Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы, Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары болды.

Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарды. «Нұр Отан» партиясының хатшысы, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі болып та қызмет атқарды.

Әбдірахимов Шымкент қаласын басқарып тұрған кезінде өзі автобуспен, кейде велосипедпен жүре бастады. Мемлекеттік қызметкерлерді де мәжбүрлеп автобуспен жүргізе бастады. Ел ішінде оның «Каждый хочет в жизни вау», «Шымкентпен жылап қоштасасыз» деген «қанатты» сөздері әзілге айналды. Жиындардың бірінде Шымкент қаласын бір сөзбен «Зың» деп сипаттаған болатын.

Журналистердің «Шымкентте қыздарды алып қашып кетеді деп көп айтылады. Қыздарға Шымкентке келу қауіпті ме?» деген сұрағына: «Шымкентте ешкім қыздарды алып қашпайды, кейде қыздардың өздері алып қашып кетсе екен деп тұрады», - деп қойып қалған. Экс-әкімнің бұл сөздері де қоғамда біраз сынға ұшырады.

Ал, Арыс қаласында жарылыс болған кезде Әбдірахимов халықты сабырға шақырып, жарылыс тоқтау үшін дұға етуді сұраған.

Әбдірахимовтың әкімдік қызметіне Лондоннан сәлем жолдаған видеосы нүкте қойды. Ол қызмет бабымен Лондон қаласына барған болатын. Өзінің Instagram  парақшасында отандастарына сәлем жолдаған экс-әкім былай дейді:

«Лондонннан сәлем. Таңғы астан кейін Гайд-паркке қыдыруды жөн деп шештім. Лондон - әлемнің астанасы. Оны дәлелдеудің керегі жоқ, бірақ мен бәрібір Қазақстанды жақсы көрем. Қазақстанда жұмыс істеп, өмір сүру керек. Әлем елдеріне демалу үшін келу керек. Бақыт деген сонда секілді. Балаларымызға, патриот ұрпағымызға Қазақстанда табысты жұмыс істеп, бәріне қол жеткізіп, әлем елдерінде демалуды тілеймін. Мұның негізі 1993 жылы Президент «Болашақ» туралы Жарлыққа қол қойған кезде басталды. Мен бізге түрлі салаларды, лауазымдарды тапсырған, кеңесін берген аға буынға, Елбасына, елімізге ризашылығымды білдіремін. Менің ойымша, Қазақстанның болашағы зор, мен соған сенемін», - деді ол.

Видеоүндеу әлеуметтік желіде белсенді таралып, қызу талқыға түсті.

2019 жылы 30 шілдеде ол Шымкент қаласының әкімі қызметінен алынды. Сол кездегі Президент Әкімшілігін басқарған Қырымбек Көшербаев Ғабидолла Әбдірахимов туралы: «Оны еліміздегі ең лауазымды әрі жауапты қызметтерге тағайындады. Өкінішке қарай, мұны өзі жеткілікті түрде ұғынған жоқ», - деп пікір білдірген.

PS: Осы материал дайындалып жатқанда әлеуметтік желілерде: «Ғабидолла Әбдірахимов өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жоққа шығарды», - деген мәлімет шықты.

«Рейдерлік» әрекет бойынша өзіне қатысты қылмыстық іс тіркелді деген ақпарат шыққандықтан, Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Facebook арқылы жарияланатын мәлімдеме мәтінін дайындай бастаған екен. Онда істің анық-қанығы айтылып, Ғабидолланың істегі статусы бойынша толық мәлімет берілмек.

Ғабидолла ресми түрде жұмыссыз. Бірақ жақында ол мемлекеттік қызмет реформасы туралы өз ойларын білдірген болатын.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440