Ауғандағы қазақтар: Қазақстан неге теріс айналады?
Былтыр тамыз айында Ауғанстан билігі екінші рет тәліптердің қолына өтті. Бұл лаңкестік ұйым деп табылған қозғалыстың XXI ғасырдағы тұтас елді алудағы алғашқы көрінісі. Елді үрей билеп, көптеген ауған отбасы атамекенін тастап, басы ауған, баспана табылған жаққа босып кетті.
23 миллион ауғандық аштық жағдайында отыр
Олар бұрынғы «Талибан» рижимі орнайды деп қауіптенді. 1996 жылдан 2001 жылға дейін Ауғанстанды билеген тәліптер қатаң шариғат ұстанымын енгізіп, әсіресе әйелдер құқығын аяққа таптады. Заңға бағынбағандарды ұрып-соғып, адам ойына келмейтін жазаларды қолданды. Сарапшылар қазіргі кездегі «Талибанға» сенімнен гөрі сенімсіздік басым екенін айтады. Себебі, тәліптер елдегі БАҚ-қа «исламға қайшы келетін» немесе «ұлттық қайраткерлерді қорлайтын» материалдарды жариялауға немесе таратуға тыйым салатын «Журналистиканың 11 ережесін» жариялады. Саябақтарда демалуға әйелдер мен ерлерге бөлек-бөлек күндер белгіленді. Әйелдерге үйден 72 шақырымнан асатын жерде ер туысынсыз сапарлауға тыйым салды. Қыздардың білім алуы мен әйелдердің жұмысқа орналасуына қатысты ескі тиымдар қайта жанданды. Ауғандық қыздарға арналған бастауыш мектептердің көпшілігі жабық, орта және жоғары білім әйелдерге тыйым салынған. Тәліптердің келуімен гуманитарлық жағдай нашарлады. Бүгінде шамамен 23 миллион ауғандық аштық жағдайында отыр.
Тақырыпқа орай: Ауған қазақтарының ащы шындығы
Ауғанстанды тәліптер басып алған соң елдегі этникалық қазақтар Қазақстан елшілігіне баруды жиілеткен. Бірақ елшілік ешқандай жауап бермеген көрінеді. Олардың арасында 10 жылдан бері Қазақстан елшілігіне қазақ екенін дәлелдей алмай сабылып жүрген жүрген азаматтар да бар.
Былтыр тамызда Ауғандағы ахуал ушығып, «Талибан блицкригі» басталғанда, біз: «Ауғандағы қазақтың жағдайы не болмақ?», - деп бірнеше мәрте сауал қойдық. Президент Тоқаев едел-жедел Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізіп, Ауғанстандағы Қазақстан азаматтары мен дипломаттарының қауіпсіздгін қамтамасыз ету туралы тапсырма берді.
Жалпы Ауғанстанда Қазақстанның дипломатиялық корпусынан бөлек этникалық қазақтар да тұрады. Олардың барлығы КСРО кезеңіндегі қудалау мен ашаршылықтан мәжбүрлі түрде ауып кеткендердің ұрпақтары. Қазақстанның көші-қон бағдарламасы бұл азаматтарға да тікелей қатысы бар. Ауғанстанда нақты қазақ санының қанша екені белгісіз. Түрлі ақпарат көздері олардың санын 900-1000 арасында деп көрсетеді. 1991-2000 жылдар арасында 1719 қазақ Ауғанстаннан елге оралғаны жайлы деректер бар.
Ауғандағы қазақтардың саны: СІМ не деп еді?
Біз сұрау салдық. Сол кезде еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров: «Ауғанстанда нақты 200-ге жуық этникалық қазақ бар», - деп ақпарат берген болатын.
«Бізде бар мәліметтерге сәйкес, Ауғанстан аумағында 15-ке жуық этникалық қазақтардың отбасы тұрады. Нақтырақ, 200-ге жуық этникалық қазақ. Кейбір БАҚ Ауғанстанда бірнеше мың этникалық қазақтардың тұратыны туралы тексерілмеген ақпарат таратты. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Осыған байланысты ақпаратты мұқият қайта тексеруді және қажетсіз дүрліктірмеуді сұраймыз. Біз тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз және Ауғанстандағы қазақтармен тұрақты байланыстамыз», - деді ол.
Сонымен қоса, Айбек Смадияров Ауғанстандағы Қазақстан елшілігіне жолығып, өздерін қазақпыз деп таныстырған топтардың көбі қазақ тілінде сөйлей алмайтынын, Ауғанстанға қалай барғаны туралы жалпы тарихи деректер келтіре алмайтынын айтқан болатын.
Бірақ шын, мәнінде ауған жерінде 100 мың мен 300 мың аралығындағы қандастарымыз өмір сүріп жатқаны туралы әлеуметтік желіде ақпарат тарады. Олардың көпшілігінің қолында ұлты- қазақ деп көрсетілген төлқұжаты бар.
100-300 мың қазақ: СІМ жалған айтқан ба?
Біз Ауғанстанда туған, бүгінде Дания мемлекетінде тұрып жатқан этникалық қазақ, экономика ғылымының кандидаты Қажы Акбар Аюби мырзаға хаьарласып, Ауғанстандағы қандастар туралы сұрап-білдік...
Қажы Акбар Аюби, Ауғанстан қазағы (Дания):
- Өзімнің ата-бабаларым ауған жеріне ең соңғы көшпен 1930 жылдары көшіп барған. Сол кезде қоныс аударған қазақтардың ұрпақтары ана тілінде сөйлей алады, қазіргі күні олардың 80 пайызы Қазақстанға көшіп барды. Бірақ, Ауғанстанда Қазақ қоғамын құрған қандастар «жергілікті ұлттармен ассимляцияға түсіп, ана тілі мен тарихын ұмытқан қазақтар саны бүгінде 100 мың мен 300 мың аралығында екенін» айтады. Көпшілігінің қолында ұлты-қазақ деген төлқұжаты бар.
Ал, негізінен, Ауғанстан қазақтарының тарихы бұдан да тереңде жатыр. Бұл сөзімізге шетел зерттеушілерінің жазып кеткен кітаптары дәлел бола алады. Қазақтар ауған жеріне осыдан 200-300 жыл бұрын көшіп барған. 1935 жылы швециялық Гуннар Ярринг деген ғалым Ауғанстанға барып, түркі халықтарын зерттейді. Оның зерттеу кітабы Швецияның Лунд университетінде 1939 жылы жарық көреді. Зерттеу жұмысында қазақтар туралы деректерге бір бет арнаған. Ол жерде қазақтар Ауғанстанның әр түрлі аумағында жайыла орналасқаны жазылады. Ғалым 200 қазақ отбасын кездестіреді. Бір қызығы, ол қазақтың көп руын өзбек ұлтының құрамына кіргізген. Зерттеуші ол кезде қай рудың кімге тиесілі екенін білмеген болуы мүмкін. Өзбек руларының ішінде: Жалайыр, Қоңырат, Алшын, Арғын, Найман, Қыпшақ, Ұзай, Қаңлы, Табын, Тама, Таз, Сарыбас рулары жазылған. Әрі өзбектердің бір бөлігі өздерін «Орта жүзбіз» деп атаған. Бұл кәдімгі қазақтың - Орта жүзі. Қыпшақ руына кіретін 5000 «өзбек» бары да айтылады.
Сондай-ақ, Лондонда 1819-1825 жылдары жарық көрген Уильям Муркрофт және Джордж Требек атты саяхатшылардың кітабында да ауған жеріндегі қазақтар туралы мәліметтер беріледі. Олар Ауғанстандағы өзбектер мен қазақтарды саны жағынан басым ұлттар деп атайды. Қазақтың біраз рулары туралы жазып кетеді.
Қазіргі күні Ауғанстанда 8 миллионға жуық өзбек бар, соның ең аз дегенде 1 миллионы қазақ.
Мен өзім тарихшы емеспін, сондықтан, Қазақстанның мықты тарихшылары осы мәселені қолға алса деген тілегім бар. Мемлекеттен көңіл бөлінсе, ауған қазақтарына қазақ тілін үйретіп, тарихын оқытатын мұғалімдер тағайындалса құба-құп болар еді. Көз алдымызда тарихи деректер тұр, соны зерттеп, Ауғанстандағы қандастарымыздың нақты саны айқындалуы керек деп ойлаймын. Қазақстан бұдан жапа шекпейді. Себебі, мұндағы қазақтар өзгеше бір құрылымы бар кішкентай мемлекет секілді күн кешіп жатыр. 30-40 шақты шоғырлана орналасқан қазақ ауылдарының ішінде дәрігері де, мұғалімі де, инженері де бар, сауатты мамандар жетерлік. Өздері егіншілік аумақта қоныстанған. Егінмен айналысатын, жер жайын білетін жандар. Қазақстанның жері кең ғой. Бұл кісілерге техника мен жер берсең, бәрін істейді. Олар қырық жыл соғыста күн кешкен, өмірдің ыстығы мен суығына әбден шыныққан, қандай жағдайда да өмір сүре алатын еңбекқор жандар. Олар «Тұлға дағдарысын (Identity crisis)» бастан кешіп жүрген адамдар. «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеп, түп-тамырын білгісі келеді. Сондықтан оларға көмектесу керек. Мемлекет ретінде Қазақстан қол созуы қажет деп ойлаймын.
Олар қазіргі күні Ауғанстанда Қазақ қоғамын құрып, өз мәдениетін, тілін, тарихын оқуға құлшынып отыр. Ата-мекеніне оралуға талпынып отырған қандастарды кеудесінен итеруге болмайды. Олар Қазақстан үшін үлкен капитал болар еді. Саяси-экономикалық тұрғыда жетістіктерге жетуге болады.
Бірақ Қазақстан билігі тарапынан әзірге ешқандай қозғалыс жоқ. Елшіліктің өзі әне-міне деп бойын аулақ ұстап отыр. Қандастарымыз қиын-қыстау заманда орыс пен қытайдың, ағылшынның қыспағында қалған кезде ауған жеріне ауып, содан пана тапты. Ауғанстан келімсек қазақтарды Ресейге сатып беруіне болатын еді, бірақ олай істемеді. Қазақтар ауған әскері құрамында өзбектермен бірге, Ресейге қарсы соғысқа қатысты.
Кешегі күні тәліптер билікке келген кезде елді үрей биледі. Қиыншылыққа тап болды. Сол кезде мұндағы адамдарға ешбір қоғамдық ұйымнан көмек қолын созғандар табылмады. Ауғанстандағы Қазақстан елшілігіне барса, елшілік кіргізбей, қағаздарын алып, кейін жауап қатпаған. Тіпті 10 жылдан бері қазақ екенін дәлелдей алмай жүрген қандастар бар. Ауғанстанға Америка әскері кіргенге дейін қазақтарды ауған билігі «қазақ» деп танымаған. Кейін Ауғанстан университетінде сабақ беретін кісі зерттеу жасап, соның арқасында мемлекеттік құжатқа қазақ деген ұлт енгізілді, талай қандас «ұлты-қазақ» деген құжат алды. Алайда құжатын көрсетсе де елшілік қабылдамай жүрген азаматтар бар. Соның бірі – Хамидулла Қадаш атты бауырымыз. Университетте мұғалім болып істейді. Кіші жүз, Байыұлы, Таз руынан. Әкесінің аты - Шарафуддин, атасының аты - Шерміт. Білге-Хан, Санжар-Бек, Ата-Бек атты үш ұлы бар. Өзі қазақ тілін қайта үйренген. Елшілікке барса, «Қазақстанда туыстарың бар екенін дәлелде» деп жауап қайтарған. Міне, осындай жағдай.
Түйін. Ауғанстандағы қазақтар мәселесін көтеріп, жиі байланысып отырған сарапшы бізге осындай мәлімет берді. Ендеше еліміздің Сыртқы істер министрлігі 200 отбасы деген деректі неге сүйеніп айтты? Жағдайды атүсті зерттеген бе? Әлде қандастар мәселесін қарауға жай ғана құлықсыз ба?
Ата-бабалары екі-үш ғасыр бұрын қоныс аударған, бірақ бүгінгі күні өз мәдениетімен етене танысуға әзір отырған қандастарды «көбі қазақ тілінде сөйлей алмайды, Ауғанстанға қалай барғаны туралы жалпы тарихи деректер келтіре алмайды» деп, Сыртқы істер министрлігінің кінәлауы қаншалықты әділетті?
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz