Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Референдум 45210 23 пікір 27 Мамыр, 2022 сағат 10:38

АТА ЗАҢ ҚАТЕ ЗАҢ БОЛМАСЫН немесе алда болатын референдум туралы  

Қазіргі кезде елімізде республикалық референдум арқылы қабылдауға ұсынылған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қызу талқылануда. Ата Заңға түзетулерді ел Президенті бір топ құқықтанушы ғалымнан құрған жұмыс тобы әзірледі. Алайда мемлекеттің Негізгі Заңына өзгерістер мен толықтырулар қоғамның, конституциялық құқық саласы маман ғалымдарының талқылауына салынбады. Жұмыс тобы Президент тарапынан берілген нұсқауды бір айға жетпейтін қысқа мерзімде тапсырыс аясынан аспай заңдық тұрғыдан ресімдеп берумен шектелді.

Азаматтық қоғам бұл жайға аса мән беруде, қоғамдық ұйымдар, жекелеген азаматтар үндеулер жасап, әлеуметтік желіде елімізді дамытудың балама нұсқаларын белесене ұсынуда. Осы құбылысты аңдағанда келетін ой – Президент ұсынып отырған мемлекеттің даму бағытын таңдауда қоғам бейжай селқос қалмай, белсенділік көрсетуде.

Бір таңқаларлық жәйт – еліміздің Негізгі Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде заң шығарушы жоғарғы орган – Парламенттің сырт қалуы. Қолданыстағы Конституцияға сай Парламент заңдар қабылдайтын бірден-бір орган. Сондықтан ол Конституцияға өзгерістерді талқылаудан тыс қалуға тиіс емес еді. Жұртшылық жобадан Президент         2022 жылғы 16 наурызда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мәлімдегеніндей күшейтілген Парламентті көре алмай отыр.

Билік енді Қазақстан халқының референдумда берер дауысын  пайдаланып Құқық рухынан ауытқып кетті. Бұл түзетулер елдің бүкіл саяси жүйесін өзгертуге бағытталғандықтан, құқықтық тұрғыдан алғанда осы жобаның күллі халық талқылауынан өткені демократияға да, әділдікке де сай орынды қадам болатын еді. Референдумда дауыс тұтастай жобаға берілетіндіктен, заң жобасын әуелі баптар бойынша әрі міндетті түрде екі оқылымда қарайтын Парламентте талқылау қажет-ақ еді. Бұл қағида Конститциялық заңдарға қатысты, ал Конституцияның мазмұнының өзі осыны талап етеді. Осыдан кейін барып Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылғаны жөн болатын.

Енді Президенттің мұндай әрекетке неге барғанының астарын барлайық.  

Құқық – әлеуметтік қызмет пен адамның өмірлік тіршілігіне байланысты құбылыс, алайда оның басты мақсаты әділеттілік екені елімізде талайдан ескерілмей келеді. Құқықтың әлеуметтік құндылығы ұмытылды әрі тапталды. Міне, енді қазір жалпы танылған қағидаттарға және халықаралық құқық нормаларына сүйеніп, адам және азамат құқығы мен бостандығы тікелей әрекеттегі құқық екенін мойындауға, таза тиімділік ұстанымынан арылып, «қолданыстағы құқық» ұғымын өзгертуге болатын мүмкіндік туған еді.

Біз осылайша ғана Екінші Республика негізін қалап, адам және азамат мүдделерінде мемлекеттік билікті шектейтін құқықтық тәртіпті іс жүзінде орната аламыз. «Кәделік алым» және өткен жылдарда қордаланып қалған алуан мәселелер бойынша биліктің басқа да шешімдері жөнінде әлі де ұзақ айтыса беруге болар, бірақ осындай жағдайды болдырмайтын амалдарды бекітіп алмайынша, «Авгийдің атқорасын» әлеуметтік буырқануларсыз шешу мүмкін бола қоймайды. Осы ретте «кәделік алым» мәселесі Ата Заңға өзгерістерден гөрі көп уақыт талқыланған жәйтті де айта кетейік.

Конституцияға ұсынылған біраз өзгерісті мақұлдай отырып, дегенмен біз мемлекетті басқару тұжырымдамасы өзгермегенін және бұрынғыша бір ғана субъект – Президентке мойынсыну қалғанын түсінуіміз керек.

Жобаға қайта оралып, бұл жәйт Ата Заңға өзгерістер енгізудің басқа амалын қалыптастыруды, қолданыстағы Конституцияның тиісті баптарын өзгертуді қажет ететінін шүбәсіз айқын көрсетіп отырғанын атап айтамыз.

Президент заңдар шығармайды, оған тек заңнамалық және конституциялық бастамалар жасау құқығы берілген. Ең бастысы – Ата Заңға ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар аса зәру болып отырған елді саяси-әлеуметтік қайта құруды бейнелемейді. Мемлекет басшысы уәде еткен Парламентті күшейте отырып, Президент өкілеттіктерін қысқарту, оның билігін шектеу бола қойған жоқ.

Осыған орай республикалық референдум өткізуді кейінге шегеру және Ата Заңға түзетулерді қоғамның қалың бұқарасының, соның ішінде құқықтанушы ғалымдардың талқылауын жасау, айтылған ұсыныстарды ескеру, сонан кейін бұл заң жобасын Парламентте қарау, осылайша түпкілікті нұсқасын не әзірленген балама жобаны халықтың дауыс беруіне шығару орынды болады.

Бұл ретте бізге осы ұсынылып отырған түзетулер не үшін жасалып отыр: бұрынғы биліктің пәрменділігін уыстан шығармау, сөйтіп елді және халықты баяғыша жайлы жағдайда басқара беру үшін бе әлде саяси реформаларды жүргізуге қажетті әлдеқайда ұтқыр әрекеттер үшін бе деп аңтарылуға тура келеді.

Кейінгі болжамға сенгіміз-ақ келеді. Онда осынау саяси реформаларды жүргізгеннен кейін елді басқаруға қоғамның едәуір бөлігін тарту үшін жаңа Ата Заң қабылдауға қайта оралуға, Парламенттің құқықтарын кеңейтуге, Сенатты жоюға, әділ, ашық және тіке сайлаумен құрылған халықтың бірден-бір өкілді органы Мәжілісті күшейтуге тура келеді. Депутаттар құрамы шынайы халық қалаулыларына айналады, нағыз демократия орнығып, мемлекетті басқарудың құрылымы мен нысаны жетілдіріледі.

Енді ұсынылып отырған өзгерістерге тоқаталайық.  

Бұл өзгерістер елді саяси-әлеуметтік қайта құрудағы қажеттілікті бейнелемейтінін тағы да қайталап айтамыз. Өзгерістерде және  толықтыруларда басқа заңдарда белгілеуге болатын даңғаза нормалар бар. Атап айтқанда – Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстарын мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқару хақысынан айыру. Бәрі де халыққа, елге адал қызмет ету ұстанымына байланысты. Егер тереңірек байыбына барсақ, бұл – сол адамдардың құқығын бұзу. Бұл – осы жағдайға айтуға сай келетін «кәнісіздік ақиқаты» жалпы ұғымына қарама-қайшы. Егер біз құқық үстемдігі қағидатын ұстансақ, онда ақырына дейін әділ болуға және бұл ережелердің заңға қайшылығын атап айтуға тиіспіз.

«Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 қарашадағы №2592 Конституциялық Заңының «Республикалық референдум қарсаңындағы үгiт» 7-бабының 1-тармағында «Республика азаматтарының, қоғамдық бiрлестiктерiнiң референдумға қойылған мәселе (мәселелер) бойынша жиналыстарда, митингiлерде, азаматтар жиынында, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пiкiрiн бiлдiру құқығына кепiлдiк берiледi» деп көрсетілген. Осы 7-бапқа сүйене отырып, Конституцияға ұсынылған өзгерістерде және толықтыруларда мына мәселелердің қабылдануына қарсы пікірімізді білдіреміз.

  • Конституцияның 44, 71-баптарына өзгерістерге және толықтыруларға сәйкес Конституциялық Сотты қалыптастыру кезінде Президенттің өкілеттігі күшейтілген, Президент Конституциялық Сот Төрағасын (Сенаттың келісімімен) және төрт судьясын тағайындайды, одан әрі Төрағаның ұсынуы бойынша Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын тағы да Президент тағайындайды. Осылайша Конституциялық Сот он бір судьясының бесеуі осы тағайындалулары үшін Президентке міндетті болып шығады. Бұл жағдай істерді қарау кезіндегі шынайылыққа және әділеттілікке күмән келтіреді, өйткені олардың Президентке жалтақтауы сөзсіз.

Ал 82-бапқа толықтыруларға сәйкес Жоғары Сот Кеңесінің төрағасын да Президент тек Сенаттың келісімімен тағайындайды, сот билігін жасақтаудан Мәжіліс тағы да тыс қалған. Бұл өзгерістерге және толықтыруларға сәйкес сот билігі президенттік билікке тәуелді күйде қалып отыр.

  • Конституциялық Сот ұстынына қайта оралсақ, Президент сот билігін күшейтуге, сөйтіп оны заң шығарушы және атқарушы билік тармақтарымен тең әрі өзара тежемелі етуі тиіс еді.  Оның орнына ол атқарушы (президент) билігін күшейтіп, конституциялық бақылауды әлсіретті.

Мәжіліс депутаттарының сан құрамын да нақтылау керек. Аралас (пропорциялық және мажоритарлық) сайлау жүйесі енгізілетіні ескеріліп, Мәжіліс депутаттарының саны көбейтілуі және ол даулы мәселелер кезінде тең дауыс болып қалмауы, Мәжіліс Төрағасының депутаттарға қысым жасауын болдырмау, оған шешуші дауыс құқығын бермеу үшін тақ болуға тиіс. Бұл орайда депутаттардың жартысы пропорциялық және жартысы мажоритарлық жүйемен тең сайлануы керек. Депутаттар санын облыстар, республикалық дәрежелі қалалар және астана санына, оларда тұратын сайлаушылар санына қарай орайластыру қажет.

  • Конституцияның 61-бабына өзгерістерде және толықтыруларда Үкіметке заң күші бар нормативтік құқықтық актілер шығару құқығын беру ұсынылды, бұл – билік тармақтарының өкілеттіктерін бөлу және осы негізде олардың арасындағы тепе-теңдік пен тежемелік конституциялық қағидатына қайшы, яғни мемлекеттік биліктің заң шығарушы тармағын әлсіретеді. Мұндай норманы алып тастау қажет. Мәжіліс депутаттарының санын азайту да халықтың өкілді органын әлсіретеді деп ойлаймыз. Біз депутаттар саны бұрынғыша 107-ден кем болмауы, ал Сенат жойылған ретте 155-тен аз болмауы тиіс деп пайымдаймыз.Конституцияның 72-бабында Конституциялық Сотқа жүгіну құқығын азаматтармен қатар қоғамдық ұйымдарға (заңды тұлғаларға) да беру қажет, бұл осы органның құқық қорғау мүмкіндігін және адам құқығын қорғау амалын күшейте түседі.
  • Конституцияның 91-бабы да даулы, Екінші Республика қалайша Елбасы орнықтырған басқару нысанының бұлжымауы қағидатымен өмір сүрмек?

Қолданыстағы Конституция президенттік билікті нығайту және заң шығарушы билікті едәуір әлсірету бағытында оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар салдарынан өзінің өмірлік өзектілік мәнін сарқылтқанын түсіну қажет. Қолданыстағы Конституцияда билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынас нақты айқындалмаған, мемлекеттік органдардың қабылданатын шешімдер үшін саяси жауаптылығы ресімделмеген, өкілеттіктердің қонымды теңгерімі қамтамасыз етілмеген.

Елдің жаңа Конституциясын қабылдау қажет және ол «Күшті Парламент – ықпалды Президент – есеп беретін Үкімет – тәуелсіз Сот – тиімді Конституциялық бақылау – еркін БАҚ» саяси-құқықтық формуласына сүйенуі тиіс деп санаймыз. Бұл құқықтық формулада елдің Конституциясында жазылған билік халыққа тиесілі және биліктің барлық тармағы тең болуы, тепе-теңдік және тежемелік жүйеде әрі халықтың мүдделеріне жұмыс істеуі тиіс деген басты қағидаттар көзделген.

Жаңа Конституцияда билік институттарының міндеттері және өз қызметі үшін жауаптылығы айқындалып, түбегейлі жаңғыртылуы, конститциялық бақылау күшейтілуі тиіс.

Жоғарыда айтылғандар негізінде мыналарды қажет деп санаймыз:

Бірінші, ел Конституциясына ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар жобасы үшін референдумда дауыс беруді «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының «Республикалық референдум өткiзу мерзiмi» 19-бабына сәйкес одан әрі тағы екі айға кейінге қалдыру. Мәселелерді қараудың қоғам үшін маңыздылығын ескергенде, бұл жерде асығыстық орынсыз.

Екінші, Конституцияның жаңа нұсқасын әзірлеу үшін комиссия құруды ұсынамыз. Комиссияға мемлекеттік құқық саласының ғалымдары, билік ұстанымына тәуелсіз өз көзқарастары бар көрнекті қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, экономистер кіруі керек.

Жаңа Конституция жобасы әзірленген соң ол қоғамның кеңінен талқылауы үшін жариялануы қажет. Өйткені елдің қолданыстағы Негізгі Заңы енгізілгелі отырған өзгерістерді және толықтыруларды ескергеннің өзінде  қоғам дамуының өзекті қажеттіліктерін қанағаттандырмайды және оның жекелеген нормаларына қоғамның талқылауынсыз асығыс енгізіліп отырған түзетулер жағдайды түбегейлі өзгертпейді.

Үшінші, жаңа Конституция мәтіні пысықталған соң ол ел Парламенті палаталарының бірлескен отырыстарында талқыланып қабылдануы, содан кейін барып Конституциялық Кеңес мақұлдаған соң республикалық референдумға шығарылуы тиіс. Екі рет осылай сенімді сүзгіден өткізу Конституцияның аса жоғары заңдылығын қамтамасыз етеді. Мұндай тәжірибе дамыған елдерде кеңінен қолданылады.

Ымыраға келудің екінші жолы – республикалық референдумға сұрақтың балама нұсқасын енгізу болмақ, дауыс беруге арналған бюллетеньге мынадай мазмұндағы сұрақты қосымша енгізуді ұсынамыз:

«Сіз басқарудың парламенттік-президенттік жүйесі бекітілген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын әзірлеу және қабылдау қажеттігі туралы ұсыныспен келісесіз бе?»

«Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының «Республикалық референдум тағайындау туралы шешiм» 18-бабының 2-тармағына сәйкес Республика Президентi референдум бастамашыларының келiсуiмен оны өткiзгенге дейiн оның бастамашыларының еркiн неғұрлым дәл бiлдiру үшiн референдумға қойылатын мәселенiң (мәселелердiң) тұжырымдамасын нақтылай түсуге хақылы.

Конституция 3-бабының 1-тармағына сәйкес халық қолданыстағы Конституцияға өзгерістерді және толықтыруларды қабылдауды немесе Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылдануын қалай алады.

Жаңа Конституцияда қолданыстағы Конституцияның редакциясына ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар нұсқасында қамтылмаған мынадай ережелерді енгізу ұсынылады:

- Конституция 12-бабының 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Қазақстан Республикасында халықаралық құқық қағидаттарына және нормаларына сай әрі Конституцияға сәйкес жалпы танылған адамның және  азаматтың құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары тікелей қолданыста болады.

2.Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан тиесілі, мейліншелігі және ажыратылмастығы танылады, заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұнын және қолданылуын, заң шығарушы және атқаршу билік, жергілікті өзін өзі басқару қызметін айқындайды және сот төрелігімен қамтамасыз етіледі.»;

- суперпрезиденттік билік жүйесінен біржолата арылу үшін заң шығарушы, сот және атқарушы биліктер өкілеттіктерін нақты межелеу. Парламент бір палаталы болып, Сенаттың жойылуы. Премьер-министр, жоғары сот органдары, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп (Жоғары аудиторлық) палаталарының мүшелері, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл биліктің жоғарғы және бірден-бір өкілді органы – Мәжілісте баламалы негізде сайлануы;

- Мәжіліске депутаттар сайлаудың аралас (пропорционалдық және мажоритарлық) сайлау жүйелері негізінде және 50 пайыз тепе-тең үлесте сайлануы;

- саяси партияларды тіркеу, жасанды кедергілерді алып тастау, хабарлаушылық ету; елде шынайы саяси бәсекелестік орнату;

- елде барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын құру және сайлау өткізу тәртібін толық өзгерту, сайлаудың шын мәнінде адал әрі ашық болуын қамтамасыз ету. Сайлауды жалғандыққа бұрмалаған адамдардың жауаптылығын күшейту;

- сот билігінің биліктің өзге тармақтарынан, органдарынан немесе лауазымды адамдардан тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Судьялардың аумақтық мәслихаттардың немесе жергілікті халықтың тікелей сайлауы арқылы сайлануы тәртібін әзірлеу;

- экономикалық және әскери мемлекетаралық одақтардан шығу және оларға кіру мәселесін тек республикалық референдум арқылы шешу;

- барлық деңгейдегі әкімдерді және судьяларды осы аумақтарда тұратын халықтың тікелей сайлауы;

- Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастау, барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуі, сондай-ақ Қазақстан азаматтығын қабылдаушылардың қазақ тілін білуі талабын енгізу, барлық ниет білдірушілердің қазақ тілін тегін меңгеруі үшін белгілі бір уақыт белгілеу және соған жағдай жасау;

- Ұлттық құрылтай құрылуына байланысты Қазақстан халқы ассамблеясын тарату. Ұлттық құрылтайға елде тұратын этностар өкілдерінің қатысуын қамтамасыз ету, этностар мәдени орталықтарын сақтау.

Саяси реформаларды талқылауға және жүргізуге Халықтың көп бөлігі тартылуын қамтамсыз ету қажет. Жоғарыда баяндалған ережелер қамтылған  жаңа Конституция қабылдау елдің одан әрі дамуына және Жаңа Қазақстанның  орнауына серпін береді. Егер біз «еститін» мемлекеті бар демократиялық қоғам құратын болсақ, онда билік азаматтар бастамаларына ден қоюы тиіс.

Нұрлан Исқалиев

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2027