Сенбі, 23 Қараша 2024
Айқай 4139 2 пікір 7 Маусым, 2022 сағат 15:03

Су үшін соғысатын уақыт...

Орталық Азияда жыл өткен сайын су тапшылығы артып келеді. Бұл туралы сарапшылар да, аймақ басшылары да дабыл қағып, айтып жүр. Күні кеше ғана Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон тау мұздықтарының еруінен Орталық Азияда су тапшы болуы мүмкін екенін айтты.

Орталық Азияда су балансы реттелмеген. Судың басым бөлігі Қырғызстан мен Тәжікстанға тиесілі. Трансшекаралық өзендердің бастауы осы елдерде. Бұл аймақ елдері арасындағы қақтығыстарды да туындатуда.

Соңғы уақытта Қырғызстан мен Тәжікстан арасында шекаралық даудың біршамасы су көздерін бөлуге байланысты болған. 2021 жылы болған қақтығыс су қоймасы маңында басталғаны да суды бөлісуді іске асыра алмаудың себебінен дейді мамандар.

Соңғы он жыл ішінде климаттың жылуынан Тәжікстанда мыңнан астам мұздық еріп кетті. Рахмонның сөзінше, егер мұздықтар ери беретін болса, Орталық Азия сусыз қалуы мүмкін. Тәжікстан еліндегі су ресурстарының 4 пайызын ғана қолданады. Қалғаны көрші елдерге кетеді.

2019 жылы жүргізілген зерттеу кезінде тәжік ғалымдары Зеравшан мұздығы соңғы 40 жылда 40 метрге қысқарғанын айтқан болатын. Зеравшан көлі Тәжікстан мен Өзбекстан арасында орналасқан. Оның суын 6 млн адам қолданады. Бұл адамдардың тағдыры да тікелей осы суға байланысты болып тұр.

Су көздерінің басым бөлігі Тәжікстанда болғандықтан, бұл елдегі тұрақтылық мәселесі де маңызды. Тәжікстанда тұрақсыздық болса, суды бөлісуге және сатып алуға қатысты келісімдер іске аспауы мүмкін. Бұл Орталық Азияда үлкен қақтығысқа әкелер еді.

Қазақстан Қырғызстаннан суды сатып алу және реттеу бойынша бірнеше келісім жасады. Алайда су қырғыз шаруаларының өзіне жетпейтін жайттар көбейді. Сәйкесінше мемлекетаралық келісімдерді іске асыру күн сайын қиындап барады.

Мамандар Орталық Азия елдері өзара су мәселесін реттеу бойынша келісім жасамаса, алдағы уақытта бұл қарулы қақтығыстарға әкелуі мүмкін дейді. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, соңғы 20 жылда отыздан астам қарулы қақтығыс өзен суларын пайдалануға байланысты туындаған екен.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373