Трамп пен Ли Дженің кездесуі: ОА үшін не маңызды?

Астана уақыты бойынша кеше түнде АҚШ президенті Д.Трамп Корея Ресрубликасы (КР) президенті Ли Дже - мёңмен Ақ Үйде кездесу өткізді.
Екі басшы баспасөз өкілдері алдында ұзақ әңгімелесіп, тілшілер сұрақтарына жауап берді (дені осы екі ел және Жапония, КХДР, ҚХР - ге қатысты болды).
Тоқетері:
1. Екі ел одақтас болып қала бермек.
Бірақ әлемдегі геосаясат өзгерді. Одақ осыған бейімделеді. Атап айтқанда, Сеул АҚШ - ҚХР стратегиялық бәсекелестігін ескеретін болады. КР қорғаныс саласына біраз инвестиция құяды, технология дамытады, яғни әскери салаға бөлінетін өз бюджетін арттырады (Д.Трамптың талабы да осы).
2. Бұған дейін Сеул Уашингтонмен – қорғаныс, Бейжіңмен – экономика саласында тығыз ынтымақтасып келген болатын. Енді Уашингтонмен қатынасты үдетіп, ҚХР – мен тек "араласпаса болмайтын" салаларда ғана қатынасатын болады (Ли Дже - мёңның сөзі).
Сеул аймақтағы АҚШ пен ҚХР арасындағы әскери бәсекеде сөзсіз Уашингтон жағында болып, Токиомен бірге АҚШ - қа одақтас ретінде барынша қолғабыс етеді.
3. Екі басшы да КХДР - дың ядролық қаруды, зымыран технологиясын дамытудағы ынта - жігерінен үрейленетінін білдірді. Пхеньян бұл салаға аса мән беріп отыр. Тараптар Ким Чен Ынмен кездесу қажеттігін баса айтты (бірақ Ким Ли Дже - мёңның "жылы" сөздері/қадамдарына әлі жауап берер емес; қатынастар жылынбай отыр).
4. Соңғы жылдары АҚШ кеме шығару өндірісіне аса мән бермеген болатын. ҚХР болса, бұл салада адымдап алға кетіп барады. Енді КР АҚШ - қа кеме жасау мен жартылай өткізгіш/чип өндірістерін қайта жандандыруда көмек бермек (Уашингтон Сеулден осыны сұрады, себебі мұқтаж).
5. Сауда мәселелерінде шешімін таппай отырған дүниелер бар. Сондықтан Д.Трамп АҚШ экспортын айтарлықтай өсіргісі келеді (қазіргі дисбаланс Сеулдің пайдасында). Көп ұзамай Д.Трамп КР - ге сапар шегуі ықтимал.
Жалпы, саммит Сеул үшін жақсы өтті.
Ли Дже - мёң кездесуден кейін осыны жасырмай айтты.
Ол саммитке бар күшін салып, барынша дайындалғанын да жасырмады.
Сондықтан ол кездесу кезінде мақтағанды жаны сүйетін Д.Трампқа небір теңеулерді аямады. Ол АҚШ басшысына: "барлық жерде бейбітшілік орнаттыңыз, енді қалғаны - Корей түбегі" деді. "Бұл - Сізден басқаның қолынан келмейтін іс", деді.
Д.Трампқа бұл сөздер әсер етпей қоймады.
Дегенмен, КР оған сауда және ҚХР - мен бәсекеде керек. Осыны Сеул түсініп, Уашингтонмен "қол ұстасып" отыр.
Яғни, Д.Трамп дегеніне жетті.
КР үшін де саммит нәтижелі болды. Ең бастысы: Д.Трамп әкімшілігі Уашингтонда "солшыл" ретінде белгілі Ли Дже - мёңнің прагматикалық саясатын оң қабылдады.
Әрине, дұрыс болды.
Орта Азия елдері үшін де АҚШ - пен барынша тиімді қатынас орнату қажет.
Әзірше біздер география қойған бөгеттерден аса алмай отырмыз.
Бәлкім бір күні асармыз. Ол үшін мықты экономика керек. Ал мықты экономика үшін Батыспен тығыз қатынас орната білу қажет.
Біздің алдымызда тұрған ең маңызды геосаяси мәселе осы.
Дулат Бакішев
Abai.kz