Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5647 3 пікір 9 Маусым, 2022 сағат 13:06

Сатирик секретарь емес

Сонау 1975 жылы арман қуып, Алматы барып, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскенімде, жоғары топтағы жасы біршама үлкен ағалармен танысып, төбеміз көкке жеткендей болып жүрген кезіміз еді.

Кіші топтың старостасы  өзім едім. Жоғары топтың серкесі марқұм Қалу Байғұлов болды. Оқу басталмай тұрып, бәрімізді Алматы маңындағы Шелек ауылына темекі жинауға жіберді. Өмірімде бірінші рет темекі жапырақтарын көруім. «Сигарет күйінде жерден өсіп шығады» деп ойлап жүргенім ғой. Әзіл енді бұл. Темекі жапырақтарын ине-жіпке тізіп, жайып қоятын едік. Кешке қарай жастар топтанып, ән айтып жатады. Анекдоттар, оның ішінде сол кездегі СССР-дің бас хатшысы  Л. И. Брежнев туралы  анекдоттар жиі айтылатын. Елгезек ағамен сол кеште жақынырақ таныстым. Атына заты сай, елгезек, сөз пайымдаулары ересектерге тән, көңілді жігіт екен.  – Мұхтар бала, сені сатира жазады дейді ғой? Деканымыз Қожакеевтің шинелінен болдың ғой? - деді. Не дей қояйын? «Ия» деп басымды изедім. Екі бетім неге екені белгісіз, қызарып кетті.  Кенет, мына жақта тұрған жігіттер әндетіп қоя берді:

«Мен келемін, көше бойын аралай. Көшедегі бір топ қызға қарамай. Шәріп шықты, магнитофон қолында. Қыздар деген, соның-дағы жолында! Шәріп шықты, Шәріп шықты, ча–ча–ча!».

Осы бір көше өлеңінің әр жолы есімде, миымның қатпарына жабысып, қабысып, бүгінге дейін жатталып қалыпты. Елгезек аға Төлепбергенов курстасымыз қыздырып жатқан топқа қосылған жоқ, бір топ біз сияқты «шикі өкпелерге» саясат туралы әңгіме айтып тұрды. Қиялға берілемін ғой: «Шіркін, осынша білімді бойына жинап алған Елгезек ағам неткен бақытты еді!» - деп.

Елгезек Әзбергенов, Махамбет Мәшекенов ағаларымыз тобымыздың бетке ұстары, айбыны болды. Тіпті, лекция басталарда Әбдулхамит Мархабаев сынды ұстаздармен пікір таластырып тұратын еді. Мен сонда бірінші рет Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабай туралы керемет естеліктер естідім, әрі таң қалдым. Ол кезде Алаш арыстарының есімдері мүлде аталмайтын, әлі ақталмаған кездері еді, соны Елгезек ағамыз қайдан біле қойған деген сауал санамды сызғылап, Елгезек ағама ұқсағым келетінін несін жасырайын.

Елгезек Әзбергенов көпшіл еді. Жанында жастар топтанып жүретін. Университет газетін басқарды-ау, шамасы. Бірде мені оңашалап: – Әзіл әңгімелерің бар ма? - деп сұрады. – Бар, төрт том. – Қалай, төрт том? – Төрт «общый тетрадь» толтырдым, – дедім мен. – Көрейінші? Ол дәптерімді парақтап, біраз тұрды. Ішімнен: «Ағамыз жаратпай қойса ше? Жазғандарың нашар десе ше? Ұят болды ғой?» – деп қипақтап тұрмын.  Бір кезде жымиды. Жымиғаны жақсы болды. Демек, ұнатқаны ғой. Мырс етті. Оо, қатты ұнатып тұр екен! Оох, қателесіппін. «Мына жері сәл артықтау, мына жерін қайта жаз, мына жерін ұнатып тұрмын, мына тұстағы детальдар шикілеу» демесі бар ма?  «Әлиманың әлегі» атты әзіл әңгімемді оқып тұрып, солай деді. Тер деген кетті. Мұндай талқылауды бұрын кім көрген. Айтқандары шындыққа саяды. – Аудандық газетте жарияланған, - дедім мен. – «Правда» газетінде жарияланса да, айтқандарымды орындап, ертең әкел, - деп арқамнан қақты. Мәз болып қалдым. Университет газетіне әзіл әңгімелерім шығып жатса, соның өзі мен үшін абырой емес пе? Ертеңіне кемшіліктерімді түзеп, жүз мәрте оқып, қолына тапсырдым. Бір аптадан кейін университет газетіне  «Әлиманың әлегі» жарияланып, төбем көкке бір сантиметр ғана жетпей қалды. Содан кейін газет менің сатираларымсыз басылмайтындай болды.  Міне, менің ағам осындай, қамқоршыл, кісіге қиянаты жоқ, жақсылық, шарапаты мол адам еді.

Үшінші курста оқып жүргенімде, жас жазушылардың «Жібек жел» атты топтамасына бір топ әзіл-сықақтарым енді. Бұл жолы төбем көктен ары асып, марсқа тарс еткендей болды. Жазушымын, сатирикпін ғой, өзімше.  Бірінші болып, жатақханадағы бөлмеме Елгезек бастаған жігіттер кіріп келді. Келе салып, қолымды қысып, ақжарма тілегін айтып жатты. «Көрдің бе, Елгезек ағам мақтап жатыр!» - дегендей марқұм курстасым, бөлмелесім Мұхтар Наушабаевқа қарап қоямын. Ал, сол сатираларымды бірнеше ай өткен соң, Бақыт Сарбалаев деген сыншы ағамыз быт-шытын шығарып сынап, «Қызыл алма» деген кітабына жариялапты.  Шынымды айтсам, қатты қуандым! Анау-мынау емес, сыншының назарына іліктім ғой! Өзім сыналған кітапты достарыма мақтанышпен көрсетіп шыққанымды айтсаңызшы! Оны қойшы, кітап ішінде кім сыналып жатыр? «Бүйтіп сатира жазғанша, Мұхтар бала осы жерден қоя салғаны дұрыс» - дегендей, қатты сынапты. Одан бетер қуандым. Ішімнен: «Дәлелдеймін! Мойындатамын!» - деп өзіме-өзім ант бердім. Осы қуанышымды айтқанымда, Елгезек ағам өзіне тән жуан күлкісімен қарқылдап күліп алды.

– Жұрт мұндай сынға жылаушы еді, сен секіріп жүрсің ғой? - деді де, сөзін жалғап: – Дұрыс, жассың ғой, тәжірибең де жоқ, әлі атақты сатирик боласың! Қайта, ерегісіп, шыңдала түс! - деді.

Мәселе, Елгезек ағамның «атақты боласың» дегенінде емес, атаққа әлі күнге дейін аса қызықпаймын, менде бір түйір ресми атақ та жоқ, менің көкейіме қонғаны: «Шыңдала түс» деген сөзі болды. Сол сөзі әлі күнге дейін көңілімде күмбір қағады. Староста болып жүргенімде, деканымыз Темірбек Қожакеев: «Либералсың-ау. Лекцияға келгендерді белгілемейді екенсің» - дей берген соң, әрі кураторымыз Ләтипа апайым осы «либералдығымды» жақтырмаған соң, орныма курстасым Дүкенбай Сегізбаевты тағайындады. Шыны керек, көңілім көңге аунағандай, көңілсіз болып жүргенімде,  Елгезек ағам жолығып қалып: – Старосталықтан түсіп қалыпсың ғой? -деп сұрады. – Ия, солай болды. – Еңсеңді езбе, старосталық, секретарьлық емес қой? Обкомның хатшысы ма едің? - деп күлгені. Қайран, Елгезек ағам-ай, болмайтын жерден сөз тауып, еріксіз көңіл көтеретін ерекше қасиетіңіз де бар еді ғой! Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болғай!

Мұхтар Шерім

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407