Өнерлі жігіт өрде озар
1994 жылы қарашаның аяғында атамекенге атбасын тіредім. Жанкүйер ағаларым мен достарымның арқасында жолым болып, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының М.О .Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасына қабылданып, академик С. Қирабаевтың аспиранты болдым. Сол кезде біраз жігіттер Қазақстан ұлттық ғылым академиясы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік-ұлттық университетінің аспиранты атанып, жатақханаға қолымыз жетіп, уақытша болса да баспана мәселесін шештік. Бұл да болса атажұрттың және өзіміз кітаптарын жата-жастана оқып пірімізге айналған, атағы алатаудай академиктер мен профессорлардың бізге жасаған әкелік қамқорлығы еді.
Жатаққанаға жайғасқан соң, күндердің бірінде Қытай қазақтарынан шыққан алғашқы тарих ғылымының докторы Бақыт Еженқанның бөлмесіне бас сұқсам, көркіне көз тоятын, көздері жайнап, жұтынып тұрған бір аққұба сары, енді бірі қараторының әдемісі екі жігіт отыр екен. Мархум сазгер, ақын, әнші, жеті қырлы, бір сырлы талант иесі Ермұрат Зейіпқан мен қайталанбас талантты әнші, ұстаз, ер мінезді Тілеубек Қожанұлымен таныстығымыз осылай басталды. Осының алдында ғана республикалық Күлаш Байсейтова атындағы әншілер байқауының жүлдегерлері атанған екі азамат тағы да бір халықаралық конкурстың шақыртуын алып, ағылшын тілін жақсы білетін Бақаңның көмегіне жүгіне кепті.
Тәуелсіздіктің қарсаңында ҚР халық әртісі, профессор Кәукен Кенжатаев бастаған мамандар екі елдің келісімі бойынша ШҰАР-дан ашық конкурс бойынша 14 қыз-жігітті талдап алып келіп оқытады. Бір жылдан кейін екінші қарарын қабылдайды, олардың тоқсан пайызы этникалық қазақтар еді. Совет заманында шетелдік студент болып келген біздің кейіпкеріміз Тілеубек Қожанұлы алманың исі мұрын жарған әсем қала Алматыда тәуелсіздік деген киелі ұғымның қасиетін сезініп, Тәңіртаудың баурайында көк тудың желбірегенін көзімен көрді. Өтпелі кезең басталып, қалтасы таяздап, түлкіқұрсақ күй кешсе де, бостандықтың рухы, еңсесі көтерілген елдің риясыз пейілі жас жігіттің мерейін өсіріп, келешегіне сенім ұялатты. Тоқсаныншы жылдардың басында Қытай реформасы өз жемісін беріп, халықтың әл-ауқаты күн санап жақсара бастады. Зиялылардың тасы өрге домалап, шетелден оқып келген мамандардың асығы алшысынан түскен заман болды. Жоғары жалақы, қызмет берушінің тегін пәтері, шығармашылық адамдарына деген қолдау қоғамның негізгі үдерісі болды. Сонымен Шыңжаңнан келген курстастары жапа-тармағай универді бітіре сап, еліне қайтып «социалистік төңкеріс пен құрлыстың» бір кірпіші болуға ұмтылғанда, егіздей болған екі досты (Тілеубек пен Ермұратты) атамекеннің дәмі жібермеді, сиқырдай баурап, жіпсіз байлап тастады. Жастық жалын мен өнерге деген құштарлық, отанға деген махаббат жүрегінің әміріне бағындырып, тәуекекелдің жалына жармастырды. 1994 жылы сирек кездесетін дауыстары мен сызған суреттей мүсіндері ұстаздары мен көрерменнің ыстық ықыласына бөленген тел өскен екі сері Абай атындағы мемлекеттік академиялық балет-опера театрының қақпасынан аттады.
Өлгенде көрген бостандықтың қызығына тойып, мейіріне енді қана бергенде Қазақ өміріне нарық дендеп кірді. Ақша ауысып, құны тоқтамай құнсызданды. Жұмыссыздық, тапшылық, қылмыс өршіп, дүние аударылып-төңкеріліп түскенде, классикалық өнер жетім қыздың күйін кешіп, көрінгеннің қабағына жаутаңдап қалды. Арзан әмбебап өнер, бандитзм, алып-сатарлық өмірдің өзегіне айналып, ауылдарда мәдениет үйі, кітапхана, киноханалар бос қалғанда, Тілеубек Қожанұлы қасиетті өнер шаңырағында Қазақ классикаларынан «Абайда» Айдар, Әзімнің, «Біржан-Сарада» Біржанның, “Қыз Жібекте» Төлегеннің, «Ер Тарғында» Сақанның образын сомдап, аңызға құмар, батырға ынтық ақеділ, аңқау халқымыздың қиын күндердегі ауыртпалығын ұмыттырып, ертеңге деген сенімін арттырды. Демалыс күндерінде заманның ауқымына сай Ермұрат Зейіпқанұлы екеуі той-томалақтың көркі болды. Бұл жақтағы туыстар ұмыта бастаған ескі әуендер мен бүлінбеген, өзгермеген, еліктемеген сағынышты қозғайтын тосын, тұнық әуез республика басшыларының назарын аударып, бүкіл зиялы қауымның алқауына бөленді. Таңжарық болып елімен амандасып, түрменің адам айтса сенгісіз сұмдығын жайып салды, Аппақтың «көкөзені» болып күңіренді, арманда кеткен Әсет болып қалықтады, «Ағажай Алтай» болып ғасырлар қойнауында қалған мұң мен зарды, зорлық пен зомбылықты жеткізді, Бүркітбай, Сұлубай болып есесі кеткен ерлердің рухына дұға оқыды, “Тарбағатай аймақсың бай» деп құт қонып, ырыс дарыған құлыстайды көз алдыға алып келді. Несін айтасың, Еміл болып еміренді, Іле болып шымырлады, Ертіс болып тасыды.
«Өнерлі жігіт өрде озар» дегендей, тәуекелдің қайығына мінген Тікеңнің еңбегі еш болмады. Жас республиканың әр он жылдығында қанаты қатайып, томағасы тартылып, түлеп ұшты. Әуелі жалғыз басы екеу болып, шаңырақ көтеріп, өмірдегі серігін тапты. Кіндігінен өрген қыз бойжетіп, ұлдар ержетті. 2000 жылы ғасыр айырығында кәсіпкер, меценат Еркін Қалиев тәуелсіз елдің алғашқы ондығында демографиялық дүмпү қозғау үшін «2000 жыл қарадомалақ мың бала» жобасын ортаға қойып, сол мезетте туылатын мың балаға 1500 АҚШ доллары көлемінде жөргек си атағанда Тікеңнің отбасы сол бақытты отбасылардың қатарында болды. Өнерде де қатарынан оза шапты. 1995 жылы Ресей федерациясының Уфа қаласында өткен М.Глинка атындағы халықаралық әншілер конкурсында дипломмен марапатталса, 1996 жылы Германияның Мюнхен қаласында өткен халықаралық 45-ші реткі әншілер байқауына қатынасып мақтау қағаз алды. 2001 жылы Әзербайжанның Баку қаласында өткен әншілер байқауына Қазақстанның атынан қатысты. 2000 жылы елімізде өткен жаңа ғасырда жаңа ән жобасына қатынасып гран приды жеңіп алды.
1996 жылы өзі жұмыс істейтін Абай атындағы мемлекеттік академиялық балет-опера театрында есеп беру концерті табыспен өтіп, жұрт қошеметіне бөленді. 2002 жылы дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы қарсаңында әлемнің түкпір-түкпірінен келген құрылтай қонақтары мен Алматы тұрғындарына арнап «Ардақты атамекенім» атты ән кешін өткізсе, 2009 жылы «Іңкәр жүрек», 2013 жылы «Сағыныш құсы», 2021 жылы тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойына арнап «Өз елім» атты шығармашылық кештерін өткізіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
1992 жылы Алматыда дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылғаннан бері осы ұйымның мүшесі ғана емес жанашыры, жаршысы болып келеді. Қауымдастық құрамында түрлі тарихи себептерге байланысты қандастар шоғыры қалыптасқан Түркия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Қытай қатарлы елдерге барып, тегін концерт қойып, жерін, елін, тілін, дәстүрін, мәдениетін сағынған қамкөңіл қандастың сағынышын басып, жүрегіне жылулық силады. 2010 жылы ҚХР-ның Пекин қаласына барып еліміз ұйымдастырған Астана күндеріне бастан-аяқ қатысты.
2012 жылы халықаралық Қазақ шығармашылық бірлестігінің «бейбітшілік әлемі» атты алтын медалімен марапатталды. 2016 жылы 5 желтоқсанда ҚР президентінің жарлығымен «Құрмет» өрденін омырауына тақса, бұл күнде ҚР Мәдениет қайраткері атанды. 2007 жылдан бері Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының ұстазы болып, көрген-білген, жиған-терген тәжірибесін шәкірттеріне арнап келеді.
Мейірімді әке, жақсы жар, жора-жолдастың, ұжымның мақтанышы, ұлағатты ұстаз Тікең өміріне дән риза. Еліне алғысы шексіз. Бүгінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы филиалы мен «Отандастар» қорының фронт кеңсесі орналасқан қара шаңыраққа арнайы келіп өткеннен сыр шертіп, келешекке деген үмітін, ақжарма тілегін жеткізді. Болашақ жоспарларымен бөлісіп, жаңа Қазақстандағы Қазақ көшінің көкжиегінің кең, тұғырының биік болуы үшін бір кісілік үлесін қосатынын айтты. Аралықта марқұм Қалдарбек Найманбаев ағамыздың жібек мінезін, бекзат болмысын, серілік ғұмырын, қамқор көңілін еске алдық. Тілеубек Талғат Мамашев ағасымен болған сапарларды ризалықпен баяндап өтті. Қазіргі басшыларымыз Зауытбек Тұрысбеков пен Абзал Сапарбекұлына толағай табыс тіледі. Кемеліне келген, бергенінен берері мол кезде қапияда көз жаздырып, маңдайымызға симай кеткен өнердегі сыңары Ермұрат Зейіпқанұлының «бұ дүниедегі жалғызы - Қазақстанның» көк туы мәңгі желбіреп, көсегесі көгере беруі үшін «мінезбен де, біліммен де тер төгейік», - деді. «Аузыңа май, астыңа тай» атасы жаудан қайтпаған Есенкелді батырдың ұрпағы!
Омараәлі Әділбекұлы
Abai.kz