Тіліміздің тағдыры ойландырады
Бүгінгі күні елін, жерін, ұлтын сүйетін азаматтарымызды қатты толғандыратын және оларға маза бермейтін бір өзекті мәселе бар. Ол мемлекеттік тіліміздің, қазақ тілінің тағдыры.
Бәрімізге ертеден белгілі – тілі ұлттың дамуында өзінің орнықты орынын ала алмаған халық ұлт ретінде тарихта қалмайды және қуатты мемлекет құра алмайды. Ол ұлт болашақта не жойылады немесе өзінен қуатты көрші ұлттың құрамына кіріп ассимиляцияға ұшырап, өзінің ұлттық сәйкестігінен (идентификациясынан) айрылады. Бүгінгі күні қазақ ұлтының тағдыры да осындай шешуші кезеңде тұрған сияқты. Қазақ ұлтының дербес ұлт ретінде тарихта қалуы, дүние жүзі халықтарының арасында өз орынын алуы, ал Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде әрі қарай дамуы мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тағдырына тікелей байланысты. Ал тіліміздің бүгінгі күніне келер болсақ, оның жағдайы көңіл көншітерлік емес. Қазақ халқының дербес ұлт ретінде орнығуына, оның тілінің, ділінің, дінінің дамуына үш жүз жылдай орыс патшалығының қол астында болуы және одан бергі жерде жетпіс жылғы кеңес кезеңінің әсері орасан зор болды. Патшалық Ресей болсын, большевиктік кеңес кезеңі болсын, олардың бәрінің де қазақ ұлтына арналған саясаты біреу болды. Ол бізді ұлт ретінде жойып, қазақ халқын мәңгүрт тобырға айналдырып, жеріміздің бар байлығын емін-еркін пайдалану болатын. Қазақ халқының тарихын барынша бұрмалау, қазақ жерінде кіші қазан төңкерісін жасау, нәтижесінде ұлтымыздың қаймағы болып саналатын Алаштың серкелерінің көздерін жою, 120 мыңнан аса қазақ азаматтарын саяси қуғын-сүргінге ұшырату, халқымыздың жартысынан көбісін ашаршылық құрбаны қылған саяси геноцид, осының бәрі бір ғана мақсатқа – қазақ халқын ұлт ретінде жоюға бағытталған. Енді міне бүгін, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асқанда біз ұлтымызды сақтап қалу үшін, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету үшін, барлық жағдай жасап жатырмыз ба?
Менің ойымша біз әлі де бұл бағытта көптеген қажетті шараларды іске асыра алмай отырмыз. Неге? Менің ойымша қазақ халқының белгілі бір бөлегінде, әсіресе билік басында отырған азаматтар мен халық қалаулылары деп әлдеқандай қылатын депутаттарымыздың көпшілігінің көкірегінде құлдық сана-сезім (рабская психология) өте тереңде жатыр. Олардың ойынша қазақ халқы әзір орыс тілінсіз, Қазақстан мемлекеті Ресейсіз өз күнін көре алмайды, біз тек Ресейдің көлеңкесінде жүрсек қана күн көре аламыз деген бишаралық түсінік қалыптасқан. Осындай пікірді осы күні қазақтың көптеген аға буын, орта буын азаматтары өздеріне үлгі, кумир санайтын Олжас Сүлейменов сияқты ағаларымыз ашықтан-ашық айтып жүр. Осы ретте үнді халқының ұлы ойшылы Джавахарлал Нерудің «отаршылдар тәрбилеген интеллегенция сол халықтың басты жауы» деген қанатты сөзі біздің осы күнгі жағдайымызға дәл келетін сияқты. Елімізді отыз жыл басқарған Нұрекең де мемлекетіміздің тәуелсіздігін тұғырлауда, іргемізді бекітуде біршама жұмыстар атқарғанымен, тіл мәселесіне келгенде, жоғарыда айтылған рамкалардан шыға алмай екі кеменің басын ұстаумен кетті. Мемлекетіміздің Ата Заңында қазақ тілінің мәртебесі мемлекеттік тіл деп көрсетілгенмен, оның аяғына «орыс тілін мемлекеттік тілмен тең қолдану» деген сияқты бап түрінде тұсау салынып қойылды.
Нәтижесінде қоғамымызда тең қолданудың орнына орыс тілі барлық салаларда басымдыққа ие болды. Басты мотивациядан айрылғаннан кейін мемлекеттік тіл тек қана талап еткен жағдайда, онда да өзімізде және Ресейде үлкен айқай-шу тудырып барып, қана қолданылатын жағдайға душар болды. Бұл жағдайда не істеуге болады, қалай осындай бишара күйге түскен тіліміздің мәртебесін түзете аламыз деген сұрақ әрбір ұлтжанды қазақ азаматтарын мазалайтыны сөзсіз. Бәріміздің соңғы күндерге дейін үмітіміз Ата заңымызға өзгеріс енгізу туралы бүкілхалықтық референдумға байланысты болатын.
Бірақ өкінішке орай қанша мыңдаған Қазақстан азаматтары қол қойған, Ата заңның 7-бабының 2-тармағын алып тастау туралы, петицияға қарамастан, референдум бюллетеніне бұл сұрақ кіргізілмеді. Мемлекеттік тіліміздің дамуына тежеу болып тұрған бұл тармақты Ата заңнан алып тастамай қазақ тілі ұлтаралық мәртебеге ие бола алмайды. Өйткені орыс тілді отандастарымызда қазақ тілін меңгеруге деген мотивация болмайды. Біз қазақтар не нәрсеге болса да кешігіп жүретініміз сияқты, жайбарақаттыққа салынып, бұл мәселенің шешімін тағы да кейінге қалдырдық. От басы ошақ қасында отырып бірімізді біріміз қазақша сөйлейік деп үгіттегеннен көп нәтиже шықпайтынына енді көзіміз жетті ғой. Бұл мәселенің шешімін мемлекет дәрежесіне, парламент деңгейіне көтерген жағдайда ғана өзінің оң нәтижесін беруі мүмкін. Екі жылдан кейін елімізде парламент сайлауы өтуі тиіс. Егер Президентіміз керек деп тапса одан да ерте өтуі мүмкін. Сол мемлекетіміздің, қоғамымыздың әрі қарай дамуы үшін орасан маңызы бар осы іс-шараға бүгіннен бастап дайындалған дұрыс. Сол жаңа Парламенттің құрамында ұлтымыздың болашағы үшін, оның ең басты символы – мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін күресетін белсенді де ықпалды лобби болуы керек. Ол үшін біз қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мәртебесін қажетті деңгейге көтеруді, оны ұлтаралық тіл ретінде қолдануды жалпыұлттық идеяға айналдыруды алдына мақсат етіп қоятын партия құруды ойластыруымыз қажет. Бүгінгі күні қоғамда ондай қажеттілік бар.
Елімізде осы уақытта жетпіс пайыздан аса қазақ болатын болса, соның кем дегенде үштен екісі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін дауыс береді деп ойлаймын. Бірақ партия құру да оңай шаруа емес. Бұл бағыттағы жұмыстың ең маңыздысы, ол осы партияның басында кім тұрады, партияны бастайтын серкесі кім болмақ деген сұрақ. Партия серкесінің деңгейінен, оның қоғамдағы орнынан, оның беделінен көп нәрсе байланысты. Ол артынан халық ергізе алатын, халыққа сөзін өткізе алатын адам болуы тиіс. Бұл жағынан ойланатын, уайымдайтын ешнәрсе жоқ. Елімізде құдайға шүкір ондай тұлғалар бар. Мен өз ойымды ортаға салсам, халқымызға сыйлы екі адамды айтар едім. Олар Мұхтар Шаханов ағамыз бен Оразкүл Асанғазы апайымыз. Бұл кісілер еліміз тәуелсіздік алғаннан бері тіліміз үшін жандарын салып күресіп келе жатқан тұлғалар. Ұлтымыздың болашағы, оның тілі, ділі, діні үшін атқарған қызметтеріне біз бәріміз куәміз.
Жоғарыда айтып кеткендей, уақыт өте тығыз. Бір жарым жыл деген зу етіп өте шығады. Сондықтан уақыт өткізбей осы шаруаның ұйымдастыру жұмыстарын бастап кеткеніміз дұрыс. Бұл ретте барлық аумақтарда жұмыс жасайтын қазақ тілі қоғамының филиалдарының мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланған жөн.
Қосымша:
Осы мақаланы көпшілік қолдап жатса, Мұхтар Шаханов ағамыз бен Оразкүл Асанғазы апайымызға халқымыздың тіл жанашырлары атынан ресми ұсыныс деп есептеп, Abai.kz интернет-ресурсынан осы кісілердің назарына мақаланы жеткізуді сұраймыз.
Байқоңыров Сәмет Ықыласұлы,
Ақтау қаласы
Abai.kz