Латын төңірегіндегі бос салпаң
Осы уақытқа дейін, билік көпшілікке ресми түрде латын қарпіндегі қазақ әліпбиін үш рет жария етті. Қоғам оның бірін де қабылдамады. Ал қоғамның латын қарпіне деген махаббаты күшті. Мекемелердің маңдайшалары мен көшедегі көрнекі жарнаманы былай қойғанда, газет-журналдар аттары түгелге жуық латын қарпіне көшіп алған. Алайда әр басылым даулы таңбаларды әртүрлі жазып жүр. Бұл - сол басылымды басқарып отырған журналист ағайындардың латын таңбасына көшуіміздің мәнісін білмей, әйтеуір латын қарпінде тұрса болды деген түсінігі.
Осы БАҚ атауларындағы басым қате – «JuldYz», «AiqYn», «AlmatY aqshamY», «OrtalYq Qazaqstan», «Arqa ajarY», «QaragandY habarY», «Arqa aqshamY», «Talas tYnYsY» дегендегі келетін «ы» дыбысын латын графикасында дауыссыз «й» дыбысына сәйкес келетін «Y» таңбасымен беру. Бұл қате жөнінде кешегі Құрылтайда да айтылды.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн. Мысалы, кириллица графикасындағы қазақ тілінің төл сөздерінде «Ы» әрпі жиі кездеседі. Осы әріпті механикалық түрде латын графикасына көшірсе, ағылшын тіліндегі «Ү» әрпі әрбір тиісті сөзде пайда болады. Бұл – дұрыс емес. Бізге және түркітілдес бауырларымызға «Ү» әрпі жиі кездесетін сөздерді оқу қиынға соғады. Мысалы, «тыныштық» («tYnYshtYq») деген сөзді алып қараңыздар, үш «Ү» әрпі пайда болды. Сөздің өзі көзге жағымсыз көрінеді. Осындай мысалдар өте көп. Міне, сол себепті, мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым» деді. Біздің ғылыми мекемеде отырғандар мұны сөзбе сөз ұғып, «tYnYshtYq» деп өз жазғандарын жетілдіріп Ы-сыз tnshtq деп жазатын ерекше нұсқа ұсынбаса деп, сезіктеніп отырмын. Бұлардан шығады. Бұлар деп отырғаным латын таңбасына көшуге қатысты мәселенің ғылыми дұрыстығына кепіл болатын Ақымет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Үкіметтің пәрменімен бекітілген орфографиялық жұмыс тобы (тізім бойынша) және олардың жұмысын қаржымен қамтамасыз етіп ұйымдастыратын Тіл комитеті мен оның қарауындағы Ш.Шаяхметов атындағы Республикалық Тіл орталығы.
Осы уақытқа дейін Президент жарлығымен айналасы бес айдың ішінде бекітілген үш нұсқа жарамсыз болып шықты.
Бірінші нұсқа 2017 жылы 11 қыркүйек күні парламентте латын нұсқасындағы қазақ әліпбиінің алғашқы варианттары таныстырылды. Бұның кемшілігі бір дыбысты қос әріппен таңбалау. Бұл қазақ тілінің табиғатына жат.
Екінші нұсқа Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығымен бекітілді. Бұның кемшілігі қазақ тіліне тән дыбыстарды төбесінен апостроф деген теріс үтірмен ерекшелеп, сөздердің арасын ашып жіберу.
Үшінші нұсқа 2018 жылдың 19 ақпанында алдыңғы шығарған «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» жарлығына өзгеріс енгізді. Бұның кемшілігі қазақ тілінің дыбыстарын акут деген таңбамен ерекшелеп Ш және Ч дыбыстарын бірінші нұсқадағыдай қос таңбамен белгілеу.
Осындағы бірде бір нұсқада ғылым жоқ, ұлттық ұстаным жоқ. Анау жарамаса мынасын ұсынып көрейік деген мәнөбір ғана бар. О бастан осы істің басы-қасында жүргендер бұған да тоқтамай әзірге дейін «жетілдірілген» деген нұсқаны сүйреп жүрді. Неғұрлым былықтырсақ соғұрлым ғылыми болады деп ойлайтын болса керек, оның ішінде әлемдегі диакритиканың (седиль, макрон, бревис, умлаут) бәрін әкеліп таққан. Президент Қ.Тоқаевтың: «Мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым» - дегеніне бұлар «құп болады» деп енді басқа бір нұсқаны жасауға кірісіп те кеткен болар.
Орфографиялық жазу нормасының ережелерінен тұрады, жазудың өзі әріптерді түзуден көрінеді. Ал әріп дыбыстың келбеті. Яғни, әліпби жасауды алдымен тілімізде қанша дыбыс бар, олар қандай таңбалармен белгіленеді дегеннен бастау керек емес пе?! Жазуды құрайтын таңбалар анықталмай тұрып, оның ережесін жасауға бола ма екен. Бұл таңдалған кірпіші жоқ, бірақ қабырға өрем деумен бірдей. Оның үстіне бұлар (әлгі жоғарыда айтқан мекемелер) Үкімет отырысында мақұлдатып, 2019 жылы 18 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне (әлгі бекітілген нұсқалардың бірімен) жап-жаңа Емленің ережелерін жариялаған еді. Ол жоба қазір күресінде жатыр. Сондықтан бұлардан ештеңе шықпайды. Алдымызда әлем мойындаған Ақымет әліпбиінің принциптері және бір дыбыс бір әріп ұстанымына дәл келетін сымдай тартылған жүйесі бар тіліміз бола тұрып осыншама қате жіберген бұларға енді ештеңе жүктеуге болмас. Бұлар елді тағы отыз жыл адастырады. Осы уақытқа дейін жоғарғыдағы шала әліпбилермен жын қуғандай елді шулатып диктант алып еді. Енді аяғынан бастаңдар десе, соны істемекші, 2030 жылға дейін қоя тұрыңдар десе, оған да көнбекші.
Әліпби түзу, емле ережелерін жазудың екеуі де саясатқа қарап емес, тілдің жүйесіне, дыбыстың ішкі заңдарына сүйеніп жасалады. Сондықтан оны саясаттағылар не жасап бер десе соны істей қоятын «қытай зауыты» емес, тілші ғалымдар онда да лингвистикалық білімі толық мамандар жасауы керек.
Бижомарт Қапалбек
Abai.kz