Жұма, 22 Қараша 2024
Анық-қанығы 5707 10 пікір 1 Шілде, 2022 сағат 12:19

Кімнің кім екенін біле жүрсін деп...

Сонымен, Парламент Сенатының ғимаратында қос палатаның бірлескен отырысы өтті. VII шақырылған Парламент екінші сессиясын аяқтап, келесі маусымнан бастап «күшті Президент», «ықпалды Парламент», «есеп беретін Үкімет» формуласын ұстанатын болып, депутаттар кезекті каникулға кетті.

Сәт-сапар тілеймін!

Аз емес, шекара сыртында қалған алты миллион қазақтың Атажұртына оралуы жолында азды-көпті жұмыс істеп жүрген менің көбірек жүгінетін бір Қара шаңырағым – осы Парламент үйі.

Қазақ көші, қандастар тағдырына қатысты Парламенттің екінші сессиясы мен үшін екі тарихи оқиғамен есте қалды.

Бірі –  осы жылдың көктемінде Мәжіліске келіп түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасын талқылауға арналған Жұмыс тбынан шығарылуым.

Себеп: Жұмыс тобы отырысының қазақ тілінде жүргізілуін талап етуім және Заң жобасындағы «өзі азаматы болып табылатын және тұратын елдің аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыс жасағаны үшін соттылығының» бар немесе жоқтығын дәлелдейтін тағы бір АНЫҚТАМА талап ететін нормаға қарсы болғаным.

Мәжіліс Төрағасы ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың атына «Ашық хат» жаздым, ескерусіз қалды.

Бірақ, көші-қон процестерін жетілдіруге, қандастарымыздың құжаттануы мен әлеуметтік көмекпен қамдалу мәселелерін оңтайландыруға бағытталған оншақты ұсынысты алдын-ала дайындап, оны Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршинге, Берік Әбдіғалиұлына Ерлан Саировқа және Жұлдыз Сүлейменоваға беріп қойған. Аталған депутаттар ол ұсыныстарды ретіне қарай заңдастыруға уәде берген. Қорғап шығады деген сенімдемін.

Екіншісі, өздеріңіз білесіздер, биылғы жасалған Конституциялық реформа аясында Ата Заңымызға «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқылы» – деген норма енгізіп, сол арқылы шакара сыртында қалып бара жатқан алты миллион қазаққа Конституциялық құқық беруді көздеп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсыныс хат жаздық.

Ұсынысымыз Конституцияның талқыға салынған жаңа жобасына енбеген соң, Президент Әкімшілігі мен Парламентке жүгінуге тура келді.

Сөйтіп, Президенті Әкімшілігінің Басшысы Мұрат Нұртілеуге екі рет,  ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Жұмыс тобының жетекшісі Ержан Жиенбаевқа, Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаеваға, ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы Нұрлан Онжановқа, ҚР Конституциялық Кеңесі аппаратының басшысы, Жұмыс тобының мүшесі Бақыт Нұрмұхановқа, ҚР Мемлекеттiк хатшысы Ерлан Қаринге екі рет, ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Ернар Баспаевқа, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевқа екі рет, Сенат депутаттары Мұрат Бақтиярұлына, Ақылбек Күрішбаевқа, Нұртөре Жүсіпке, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановқа екі рет, Мәжіліс депутаттары  Еділ Жаңбыршинге, Берік Әбдіғалиұлына, Ерлан Саировқа, Айдос Сарымға, Саясат Нұрбекке, Азат Перуашевқа жеке-жеке хат жазып, жеке қабылдауларын сұрандым және аталған ұсынысты Президентімізге жеткізіп, шакара сыртында қалып бара жатқан алты миллион қазаққа Конституциялық құқық беруге ықпал етулерін өтіндім.

Аталған депутаттардың ішінен Мұрат Бақтиярұлы, Ақылбек Күрішбаев, Саясат Нұрбек қабылдап, өтінішімді тыңдады.

Өз атыма тек екі-ақ депутат Еділ Жаңбыршин мен Азат Перуашевтың атынан жазса керек, Қазыбек Иса хат жазып, қолдарын қойып, ресми жауап беріпті.

«Ең алдымен, Сіздің белсенді азаматтық ұстанымыңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Қандастарымыздың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуы өте өзекті мәселе. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Конституциясының жобасы Қазақстан Республикасы Мәжілісіне келіп түскен жағдайда, Сіздің ұсыныстарыңызды жұмыс тобына жолдаймыз», - депті депутат Еділ Терекбайұлы өз жаубында.

«Ақ жол» пратиясының Төрағасы Азат Перуашевтың атына жазған хатыма «Құрметті Ауыт Мұқибек! Сіздің ҚР Парламенті Мәжілісіне жолдаған хатыңыздағы «14.04.2022ж. №ЖТ-М-322, 5) көші-қонға байланысты маңызды мәселеңіз «Ақ жол» пратиясының фракция отырысында қарастырылатынын хабарлаймын», - депті  депутат Қазыбек Иса.

Өкінішке орай, ҚР Конституциясының жобасы Қазақстан Республикасы Мәжілісіне соқпай, Жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданды.

«Ақ жол» пратиясы бұл мәселені фракция отырысында қарастырды ма, жоқ па, білмеймін. Оның жауабын Қияметке барғанда Азат Перуашев пен Қазыбек Исадан Алланың өзі алатын болады.

Қалған алашшыл мырзалар мен ханымдар менің өтініштерімді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі және Сыртқы істер министрліктеріне лақтырумен болды.

Шынымды айтсам, мен Парламент депутаттары ақылдасып,  шекара сыртында қалып бара жатқан алты миллион қазаққа Конституциялық құқық беру туралы Парламент төрінен Президентке ұсыныс жасайтын шығар деп қатты үміттендім және қазақ деген қасиетті халықтың сағын сындырмайтын шығар деген сенімде болдым.

Амал не, болашақтың «ықпалды Парламентінің» бүгінгі депутаттары ол қадамға бара алмады. Оны қойып, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларына біреуі қолдап бір ауыз сөз жазуға жарамады...

Тек, сенатор Мұрат Бақтиярұлы ғана суырылып шығып, Үкімет басы Әлихан Смаиловтың атына депутаттық хат жолдапты. Мұрат ағамыз ол хатына әріптесі Әлімжан Құртаевтың да қолын қойғызыпты.

«Есеп беретін Үкімет» үкіметтің бұл мәселені шеше алмайтынын, тіпті шешуге құлқының жоқтығын да білеміз. Мұрат Бақтиярұлы – ары таза депутат. Оның ұлтына деген қамқорлығы шекарамен шектелмейді, арғы беттегі ағайындарды да қамтып жатады. Бұл жолы да сол тұлғалық, жігіттік парызын шын пейілімен өтеді.

Мұрат Бақтиярұлының депутаттық хаты Үкіметтің босағасын аттамастан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сырғытылған екен. «...Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша мәселені Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі немесе Қазақстан Республикасының Парламенті қарап, тиісті шешім қабылдағандарын жөн санаймыз», - деп адал жауабын беріпті аталған министрліктің Бірінші вице-министрі Ахмади Сарбасов.

Қазір ескі жүйенің қателігін түзету науқаны жүріп жатыр. Бұл – өте дұрыс бастама. Бірақ, біздің әпербақан, мысықтілеу шенеуніктер осы көші-қон, шеттегі қандастарды атажұртына оралту саясатын да Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отыз жылда жіберген қателерінің бірі ретінде бағалайтын көрінеді. Және ондай шенділердің біреу, екеу емес, көп екені осы жолы көзге айқын көрінді. Өздері Президенттің айналасы мен Парламентте отыр. Құдай өзі зауалын бермесе, Жаңа Қазақстанның бір трагедиясы осылардан болайын деп тұр....

Қош, болар іс болды. Өткенге өкінгеннен гөрі, барды базар еткен дұрыс. Көріп отырған боларсыздар, аз әрекет жасамадық. Қазақ көші тарихының тағы бір парағы осылай жабылды. Соның белгісі ретінде және кімнің кім екенін қандастарымыз біле жүрсін деген ниетпен, сенатор Мұрат Бақтияұлына рахмет айта отырып, оның Үкімет басына жолдаған сол депутаттық хатын Сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім.

Ауыт Мұқибек


Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә.А. СМАЙЫЛОВҚА

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Осы хаттың Сізге жолдануына бір топ зиялы қауымнан келіп түскен өтініш тілектері негіз болды. (А. Мұқибек, Н. Айтұлы, Ж. Ерғалиев, С. Елубай, Т. Зәкен, С. Нұржан)

Тәуелсіздік алғалы бері елімізге миллионнан астам қандастарымыз ата-жұртына көшіп келді. Елге оралған қандастарымыз еліміздің өсіп-өркендеуіне, мәдениетіміз бен ана тіліміздің дамуына сүбелі үлестерін қосып келеді.

Дегенмен, сыртқы көш – қон саласындағы жүріп жатқан жұмыстарды талдау барысы соңғы он жыл ішінде бұл мәселеде көптеген кемшіліктер мен олқылықтар орын алғанын көруге болады. Мысалы, 2012 жылдан 2016 жылға дейін шетелдерде тұратын этникалық қазақтарды қоныс аударуға квоталар мүлдем белгіленбеді. Тек соңғы кездері ғана бұл мәселе өз шешімін таба бастады. Мұндай жағдайдың қалыптасуына басты себептерінің бірі өз дәрежесінде репатриация саясатына көңіл бөлінбей қалуы.

Қазіргі кезде елге қоныс аударушылар санымен елден көшіп кетіп жатқандардың айырма теріс сальдосы үш есеге дейін жетті. Дерекке сүйенсек әрбір он жыл сайын 300 мың тұрғыны бар қала жойылып кетіп отыру қауіпі бар. Солтүстік облыстарда ұсақ елді – мекендер қаңырап бос қалуда, жұмыс қолдары тапшы, мектептер жүйесі босап қалуда, жерге иелік жасайтын шаруалар азаюда. Шетелден қоныс аударушы қандастарға және ішкі көш – қон бойынша көшіп келушілерге жасалатын ынталандыру шаралары жеткіліксіз.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқешен назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүние жүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деген болатын.

Осы орайда, шетелдегі бауырларымыздың тарихи отанына қоныс аудару құқығын қандайда бір саяси мүдделі күштердің араласуына қарамастан ешқашан шайқалмайтындай етіп Конституцияға кіргізу керек деп есептейміз.

Осы ретте, Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобына Қазақстан Республикасы Конституциясының «Адам және азамат» деп аталатын II бөлімінің 10-бабына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқықты» деген норма енгізуді ұсынамыз.

Бұндай нормалар халықаралық тәжірибеде бар. Атап айтсақ, Германия, Польша, Румыния, Болгария, Қырғызстан басқа да елдердің Конституяларында орын алған.

Қажет десеңіз, Тәуелсіз Қазақстанның да тәжірибесінде осындай нормалар конституциялық заңнамада болған. Мысалы, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 1990 жылғы 25 қазандағы №307-XII Қаулысымен Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның 12-бабында «Қазақ ССР-і Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тіл жөніндегі қажетін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды», деген тұжырым бар.

Сондықтан осы мәселені жан – жақты қарап, оң шешімін қабылдауыңызды сұраймыз.

Құрметпен,
М. БАҚТИЯРҰЛЫ
Ә. ҚҰРТАЕВ

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5269