Серік Ерғали. Ұлт пен жұрт және мемлекет
Халықтың тәуелсіздік алуы мемлекет құрумен аяқталады.Өйткені, тәуелсіздік дегеніміз - ұлттың дербес мемлекетте өмір сүруі. Дегенмен, қазақ қоғамында басы ашылмай, тұтасып, шатасып кеткен ұғымдардың ара-жігін айта кеткен жөн болар. Әдетте «ұлт» деп қазақ «нация» мен «национальность» ұғымдарын қатар ұғып жүр, алайда әлемдік қауымдастық «нация» ретінде мемлекетке тиесілі барша халықты атайды, шыққан тегіне қарамастан елдегі азаматтарды тұтасымен «нация» дейді. Міне, осы ұғымға келтіру үшін бізде «қазақстандық» деген ұғым қалыптасып, сіңісіп болды десек те болар. Біздіңше «ұлт» сөзін осы мемлекетке ие егемен болған елдің, азаматтардың жалпы атауы ретінде қарастырып, сіңістіретін уақыт болды. Сөйткенде ғана дербес ұғымымыз жалпыадамзаттық ұғыммен шендесіп, әрекетіміз де соған сәйкеседі. Және жаһандану заманында локалдық ұғымдар қараң қалып, әлемдік сипат қана орнын басады. Ол үшін этностың «қазақ» атауы шұбатылған «қазақстандық» сөзінің орнын басуы керек.
Ал, орысша «национальность» сөзі этнология ғылымының «этнос» деген терминіне сәйкес келетін ортақ тіл,мәдени мұра,тарихпен шоғырланатын халық екені мәлім. «Этнос» ұғымы қазақтың «жұрт» сөзіне жуықтау екенін де ескеріп, оны айналысқа енгізген жөн болар.Себебі, «жұрт» деген түркілік ұғым ауқымы «халық» ұғымынан гөрі шектеулі, белгілі бір тар ауқымдағы ортақ мүдделі адамдар шоғырын топтау мағынасында қолданылады.
Халықтың тәуелсіздік алуы мемлекет құрумен аяқталады.Өйткені, тәуелсіздік дегеніміз - ұлттың дербес мемлекетте өмір сүруі. Дегенмен, қазақ қоғамында басы ашылмай, тұтасып, шатасып кеткен ұғымдардың ара-жігін айта кеткен жөн болар. Әдетте «ұлт» деп қазақ «нация» мен «национальность» ұғымдарын қатар ұғып жүр, алайда әлемдік қауымдастық «нация» ретінде мемлекетке тиесілі барша халықты атайды, шыққан тегіне қарамастан елдегі азаматтарды тұтасымен «нация» дейді. Міне, осы ұғымға келтіру үшін бізде «қазақстандық» деген ұғым қалыптасып, сіңісіп болды десек те болар. Біздіңше «ұлт» сөзін осы мемлекетке ие егемен болған елдің, азаматтардың жалпы атауы ретінде қарастырып, сіңістіретін уақыт болды. Сөйткенде ғана дербес ұғымымыз жалпыадамзаттық ұғыммен шендесіп, әрекетіміз де соған сәйкеседі. Және жаһандану заманында локалдық ұғымдар қараң қалып, әлемдік сипат қана орнын басады. Ол үшін этностың «қазақ» атауы шұбатылған «қазақстандық» сөзінің орнын басуы керек.
Ал, орысша «национальность» сөзі этнология ғылымының «этнос» деген терминіне сәйкес келетін ортақ тіл,мәдени мұра,тарихпен шоғырланатын халық екені мәлім. «Этнос» ұғымы қазақтың «жұрт» сөзіне жуықтау екенін де ескеріп, оны айналысқа енгізген жөн болар.Себебі, «жұрт» деген түркілік ұғым ауқымы «халық» ұғымынан гөрі шектеулі, белгілі бір тар ауқымдағы ортақ мүдделі адамдар шоғырын топтау мағынасында қолданылады.
Кәзіргі уақытта біраз талас тудырған «қазақстандық» атау әлемдік деңгейде жай ғана «қазақ» аталатыны талай жазылды.Алайда, біздің қоғам «қазақ» сөзін мемлекеттің жалпы азаматтарына таңа алмай, біржақты этнос ретінде қабылдап отырған уақытша рухани ахуалда болып отыр. Әйтпесе, қалыптасқан мемлекеттердегі алуан жұрттарда ондай қасаңдық жоқ. Бұл жайт бір жағынан мемлекет атауын алған басты жұрттың (этностың) саяси қауқарына тікелей байланысты. Мәселен, Өзбекстанда мұндай мәселе атымен жоқ,тіпті, төлқұжатта да «өзбек» болып жазылуға миллиондаған өзбек еместер қыңқ етпейді. Мәселе неде? Мәселе - мемлекет құраушы жұрттың ұлтқа айналу сатысында. Яғни, өзбек ағайынның саны мен сапасы «өзбекстандық» жалпыұлттық атауды иеленуге лайықты екендігі мен қоғамның оны өзіне әбден сіңіріп, мойындағанында болып отыр. Ал, біздің жағдайда қазақ жұртының мемлекетке, қоғамдағы үдерістерге толық ықпал ететіндей мемлекеттік ұлтқа айналуы қоғамды иландыра алмай отырғанымен санасуға мәжбүрміз.
Аталған ұғымдар мен саналық сіңірімдер жай ғана әңгіме өзегі болғанмен, бұлардың түбінде біршама қоғамдық үдерістердің нәтижесі жатыр.Бұл жайтқа дендеу үшін «Қазақ мемлекет құраушы ұлтқа қайткенде сәйкес болмақ?» деген сауалды қаузауға тура келеді. Ел тарихындағы соңғы жиырма жылдық де-юре өзіне сәйкес де-фактомен толық сәйкесе қалыптасу үшін, қоғамдық үдерістер негізінде түзілетін сананы бұлтартпастай мойындату үшін мемлекеттің атауы мен басты да тарихи этностың атының сәйкесуі мүлдем жеткіліксіз екенін бастан кешіп отырмыз.
Кәзіргі заманға сәйкес, қоғамға барынша саяси-экономикалық ықпалды елдің қалалық мекендердегі басты жұрттың басым болуы - бір фактор. Ал,қазақ жұртының қала халқы болып түзілу үдерісі небәрі соңғы 10-15 жылдың көлемін ғана қамтып отыр. Бұл мерзімде қазақтар қалалықтарға айналған жоқ, керісінше, олар бұл қысқа мерзімде қазақстандық қала мәселесінің субъектісіне айналды: қаладағы баспанасыздық,әлеуметтік әлжуаздық пен құқықтық шарасыздық дегенде қазақ жұрты ғана көзге түседі. Бұл - қызыл империялық басқын саясаттың салдары екені белгілі - кеңес өкіметі тұсында қазақтардың қаладағы демографиялық үлесі 15-17 пайыздан артық болмауы қадағаланды, оларды ауылдық қарабайыр шаруашылықтарда ұстау ойластырылды. Ал, қалаға тұрақтаған бөлігі өзіне тән жұрттық (этностық) ортасынан ажырап, орыстану үдерісінің нысанына айналып, белгілі бір ұрпақ этнонигилистік үдеріске қасақана ұшыратылды. Қазақ КССР астанасы әрі жұрттық элитаның ордасы болған Алматыда жалғыз қазақ орта мектебінің болуы қазақтарға жасалған мәдени-демографиялық резервация көрінісінің көкесін көрсетеді.
Тәуелсіздік алу жылдарынан бері қазақ жұртының жұмыссыздықтан, әлеуметтік мешеуліктен қалаға лап қойуы Қазақстанда урбандалу аталып жүрген үдеріске үш қайнаса сорпасы қосылмайтын үдерістен мүлдем басқа жағдай еді. Урбандалу үдерісі әдетте қалалардағы өндірістің молынан ашылып, оған ауылдық жерлерден жұмыс күшінің тартылу нәтижесі мойындалады, біздің жағдайымызда ол тіптен басқа жайт болып табылады. Міне, осы көрініске куә болып отырған қазақ емес жұрттар, әлеуметтік осалдықтан арыла алмаған қазақ жұртын мемлекетке еге боларлық ұлтқа теңей алмауы табиғи жайт еді.
Көшпелі өмір салтын ХХ ғасырдың 30-жылдарына қарай ғана артқа тастаған қазақ жұрты, отырық халықтар қатарына елде колхоз-совхоздардың толық құрылып бітуімен 60-жылдарға қарай қосылды. Қала халқы ретіндегі тарихи ғұмырын қазақтар ХХІ ғасырдың алғашқы ондығында ғана қалыптастыра бастады,бірақ қала тұрғыны ретінде әлі түзіліп біткен жоқ, себебі,қазақстандық қалалардағы қазақ тұрғындар саны молайғанымен, қалалық тұрмыс салты қазақыланып қалыптасып үлгеретіндей сапаға көтеріле алмай отыр.
Аталған, бұл үдерістер тізбегі қазақ жұртын бір уақытта ұлт (этнос емес) болып, яғни мемлекет құраушы жұрт болуға әрі қалалық өмір салтын игеруге жұмылдырып отыр. Бұл үдеріс неғұрлым тезірек жүрген сайын, елдегі этносаралық ұғымдар текетіресі соғұрлым жойыла бастайды. Титулдық жұрттың сүйкімі түзіліп, ұлтқа айналу алғышарты қалыптасады. Аталмыш үрдісті (тенденция) кәзірдің өзінде аңдауға болады. Қазақ жұртының жасанды тежеуге ұшыраған ұлт болу үдерісінің алғышарты - қалалық тұрғынға айналуы аяқтала келді. Мұнымен бірге «қазақстандық ұлт» ұғымының «қазақ ұлтына» жалғасуы жүріп жатыр.
Десек те, мұның бәрі «Қазақ мемлекет құраушы ұлтқа қайткенде сәйкес болмақ?» деген сауалға толық жауап емес. Қазақтың жұрттан ұлтқа айналуы үшін басты фактор - оның елдегі басты экономикалық,қоғамдық үдерістердегі белсенді өршіткіге (катализаторға) айналуында.Осы үдерістермен бірге қала да, дала да қазақыланады,тіпті мемлекеттік тіл де шынайы қазақ тілі ретінде постаграрлық ақуалдан постиндустриалдық сипатқа ие бола қалыптасады.
Осы ретте «Ұлттың дамуына өршіткі боларлық фактор не?» деген сауалға тоқталғанымыз маңызды. Мұндай факторды анықтау қазақ халқының мүддесіне,қажетіне жарайтын мәселені шешуден туындайды. Жаһандық ауқымда қарастырсақ, әрбір ұлт негізгі қоғамдық іргелі 3 экономикалық деңгейге қатысудан көрініс табады, олар:
1. Сауда;
2. Қызмет пен өндіріс;
3. Технология.
Ұлттың саяси қауқары да осы үш деңгейлі экономикалық фактормен анықталады: басты экономикалық-әлеуметтік белсенімі саудамен шектелген ұлттың мемлекеті шартты мемлекет болып табылады, оның экономикасы тауар өндіретін,технология тарататын елдерге жаутаңдаумен күн өткізеді және соның тұтыну аумағына айналады. Мұндай ұлт мемлекеттік деңгейдегі жалпыұлттық сана қалыптастыра алмайды, қарабайыр қабылдау санасымен шектеледі,кез келген адамзаттық үдеріс мұндай жұрттың қауымында дискредитацияға ұшырап,теріс әрі парадокстық көрініс табады.
Азаматтық сана таңылған ақпаратты сол күйінде қабылдаумен шектеледі, сараптамалық сана қалыптаспайды. Мұндай халық жасампаздықтан жұрдай болып, қиратымпаз келеді, оның ұлтқа айналмауының бір көрінісі де сол. Бұл деңгейдегі ұлттар үшін басты мақсат та, мақтаныш та өздерінің этностық әлеуетін әлемге таныту басты меже болып табылмақ, тілін, рухани-тарихи, мәдени құндылықтарының мәселесін шеше алмай малтумен болады. Әзірге Қазақстан 1-деңгейден қара үзуге барын салушы елдер қатарында болғанмен, бұл топтан ажыраған жоқ.Тіпті, бұл топтағы жұрттар өзіне диктатуралық-авторитарлық билікті амалсыз кие тұтуға мәжбүр екендігін де жоққа шығару қиын. Себебі, қоғамның күн көру көзі саудамен шектелетін халық билікке ықпал етуге қауқарсыз келеді әрі оны керексіне де қоймайды. Әзірге Қазақстан 1-деңгейден қара үзуге барын салушы елдер қатарында болғанмен, бұл топтан ажыраған жоқ. Бұл деңгейде шектен тыс, демократиялық сана мен дағдыны сіңірмеген халық үшін демократиялық үрдістер қоғамдық катаклизмге ұшыратады. Ондай апаттар ішкі де, тысқы да факторды қорек қылмақ.
2-деңгейлі экономика түзе білген мемлекеттің халқы ұлт болып қалыптасуды артқа тастайды.Бұлар белгілі бір мәдени-саяси қатынас түзе білген, өзіндік ұлттық келбеті мен сипаты бар және экономикалық тұрақтылыққа иек артқан мемлекеттер, айталық - Түркия, Малайзия, Бразилия т.т. Бұл мемлекеттердің ішкі этностық (жұрттық) қабылеті мемлекеттің даму көрсеткішімен өлшене бастауда. Айталық, әлемге түріктердің Осман империясының субъектісі болған халық ретінде емес, бәрінен бұрын олардың құрылыс пен бүгінгі жеңіл өнеркәсіпті, тамақ пен киім-кешек өндірісін жолға қойған ұлт ретінде қарайтынымыз содан. Малайларға бүгінде мұсылмандық технологияны меңгерген бірден бір ел ретінде қызыға қарау олардың имиджін айқындай түсті.Бұл деңгей жұртты ұлттық деңгейге мейлінше көтереді. Ұлтты дамыту жолына түсіретін бірден бір үдеріс - жұрттың өндірісті меңгеруі, алуан қызмет түрлерін игеруі,шикізатқа негізделген экономиканы місе тұтпауы.Бұл бір жағынан халықтың дені алуан түрлі өндіріспен айналысатын орта кәсіпті меңгеруден көрініс табады. Мұндай халық біржақты авторитарлық-тоталитарлық қоғамды мойынсұнбайтындығымен ерекшеленеді. Бұл сатыға көтерілген халық үшін мұнайдың бар-жоғынан гөрі, әділ заң мен тұрақты мемлекеттің қажеттігі маңызды болып табылады, себебі,мұндай қоғамда осы екі фактор әр азаматтың өмірі мен табысына кепіл болады да, азаматтардың білігі мен білімі олардың күнкөріс көзі болып табылады.
Даму сатысы 3-деңгейге, жаңа технологияны туындатуға кіріскен халықтар шын мәніндегі ұлттар болып табылады: олар өз мемлекетін жасампаздық пен өндірімпаздықтың күшімен алға сүйреп, жаһандық жарыста өз өрнектерімен әйгілі болады. Оңтүстік кореялық кәрейлерге тұрмыстық техниканы тұтынатын әлемнің қай елі де этностық қабылеті ұлттық сипатқа ұласқан ел ретінде мойындайтыны рас. Аталмыш деңгейге көтерілген ұлт жаһандық жанталастың жарысынан аман қалуға да, адамзаттық өркениет өріне өкпесі өшпей шығатын желаяқтай шыңдалады. Мұндай ұлт ғылым мен өндірісті ұштастыру шеберлігін игереді. Ғылымды дамытатыны өз алдына, оны жасампаздық арбасын сүйрейтін тертеге айналдырады. Мұндай асуды алған жұрт өзінің төлтума қабылеттерін жаңа деңгейге, технологиялық сипатқа көтереді. Ондай ұлттың тілі мен мәдениетін өзгелер үйренуге, сіңіруге құштар бола бастайды. Ұлтқа айналған мұндай жұрттар жаһандық ұстаздар ретінде адамзаттық өркениеттің жетеккүші болады.
Ұлттың технологиялық сатыға өтуі - оның адамзатқа ұстаз болу көрсеткіші болып табылады. Алайда, бүгінгі дәуір көрсетіп отырғандай, мұндай сатыға негізінен 2-деңгейлі экономиканы еркін де ерікті қоғамдық қатынастармен ұштастырған демократиялық ел ғана аттай алатындығы бұлтартпас қисынға айналды.
Демек, толыққанды ұлт болып, дамыған мемлекетке айналу жолында бізге әлі жұрттық сипаттан қол үзерлік ұзақ жол күтіп тұр, бірақ оған желаяқтай желіп жету мүмкін емес, ол жол - ұлттың даму сатыларын уақыт талабына сәйкестендіре алуымызға, қажетті үдерістерді шыдаммен өтуімізге, тарихи табалдырықтарды өз кезегімен өтеуімізге қатысты.
Қазақстан жағдайында экономикалық үрдістен түрлі жағдаймен шеттетілген, ұлтқа айналуға тиіс жұрттың (қазақтың) қатысының мемлекет тарапынан назарға алынбауы, оған деген тарихи әділ әлеуметтік саясаттың қолға алынбауы елдегі шиеленістің көзіне айналып отыр. Кезінде осындай үдерісті дер кезінде қолға алған Малайзия бүгінде ислам әлемінің жетеккүші болып қалыптасты. Біздің мемлекет алдында да қазақ жұртының мемлекеттің басты этносубъектісі боларлық ұлтқа айналу барысындағы шиеленістерді болдырмаудың алдын алу міндеті тұр. Әзірге бұл міндет бос ыдыстың даңғыры түрінде көрініс беруде. Қазақстанның экономика мен басқа салалар бойынша қазақстандық мазмұнды діттеген жалпақшешейлік мақсатты нақты қазақылық мазмұнға толтыру жағының қарастырымы күн тәртібінде тұр.
Десек те, оған тезірек әрі кепіл боларлық бір жайт бар, Қазақстан жағдайында ол - қоғамдағы әділдік пен шынайы үдерісті қамтитын және жұрт пен мемлекет арасындағы үйлесімді қамтитын үдеріс. Бұл үдерістің тетігі біздің атазаңымызда «биліктің көзі - халық» деген тұжырыммен көрініс тапқан. Енді осы тұжырымды өміріміздің белтеміріне айналдыратындай, жұртымызды ұлтқа жеткізер ұзақ жолды қысқартатын тәуекел мен сенімді тетікке ұластыратындай шешім қажет. Қысқасы, қоғамдық қатынас пен экономикалық қатынастың домбыраның қос ішегіндей күйі келген үйлесімін қолға алу керек.