Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 5684 3 пікір 7 Шілде, 2022 сағат 14:44

Себебі ол - ақын

Қазіргі аға буын ақын-жазушылар өзінен кейінгі жас буынға, қаламдасына неге назар аудармай кетті дегенді жиі ойлаймын. Тіпті көптеген үлкен қаламгерлерге осы сауалды қойдым, бәрінің айтатыны бір ғана жауап – «уақыт жоқ». Кезінде үлкен тұлғалар өзінен кейінгі жастарға көңіл бөліп, солардың жазғандарымен танысу үшін арнайы шығармашылық кеңестер өткізіп, таланттардың тасада қалмауына жол іздеген.

Ал қазір бәрі басқаша. Әркім өзінше ақын, өзінше жазушы. Үлкені кішісін, жастары жасамысын оқымайды. Содан келіп, бір-бірін кінәлау басталады. Шындығында, қазір поэзияда да, прозада да еңбектеніп жүрген жастар өте көп. Олар тіпті ешкімнен қолпаштау күтпей-ақ алға тартып барады. Солардың бірі – жас ақын Әсел Кәрібай. Оның жазған жырлары Ұлы Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің «Өлең өндірісін қойып, шын мәнінде поэзия жаз дер едім» деген пайымына дұрыс жауап бере алатын қуат­ты туындылар екенін айтатын кез келді. Ақын мойындалу үшін 40-50 жасты күтіп отырудың еш қажеті жоқ. «Күш атасын танымас» дегендей, қаламгерлік те жас пен кәрі деп бөлінбесе керек. Бұған дәлел Әселдің әсем жырлары.

Ол бүй дейді:

«Сәби шағымда сансыз
құмырсқа өлтірдім
жаңбыр жаусын деп…
Жанары ма еді суалған көрші кемпірдің?
Мен күткен осы маусым ба ед?

Жаңбырың қайда,
тағдырым қайда, Қараша?
Түніңнен емес,
жалғыздығымнан жаурадым.
Қай сәттеріңе қалдырды мені Оңашам?
Қай түкпіріңе әкетті мені Аулағым?

Ақ шарбы бұлттан ақ көйлек тігіп кисем бе?
Өзім-ақ, бәлкім, жауармын.
Қып-қызыл ернім – өртенбес
енді сүйсең де,
Жап-жасыл жаным – жараңа таңған дауам бұл».

Бұл тармақтар табиғатты сөз етті десек, қателесеміз. Әселдің қаламы табиғатпен қатар тазалықты, адалдықты, сосын ұлы жалғыздықты суреттеп тұр. «Ақ шарбы бұлттан ақ көйлек кигісі» келген ақынға ендігі жерде қалай жыр жазса да жарасады. Мүмкін, оны жалғыздықтың ауылына ерте барды деп «кінәлаудың» да қажеті шамалы. Себебі ол – ақын. Ли Байдың «Мен жерде құлазимын жалғызсырап, ал аспанда тұр, әне, айым қарап» дегені біздің ақынның «Түніңнен емес, жалғыздығымнан жаурадым» деуімен үндесіп кетпесе де, сарындас дер едік. Біздің байқауымызша, Әсел Кәрібай – бос шимайды құптамайтын қаламгер. Оның ойы мен санасы шалқар шабытқа ғана ерік бере алмақ.

«Жанары жоқ жарымжан жандай ғаріп,
Таң атады тағдырға таңдай қағып.
Алматының ағытып бет пердесін,
Алатау тұр алдымда арда ойланып.

Жұмбақ күйін қалдырып әр ғасырға,
Бір өмір мен бір өмір жалғасуда.
Қыздың жасы секілді тарамданып,
Есентай да жылайды арнасында.

Күлсе дағы гүл көктем балақ түріп,
Аңсаған жоқ жаным да тағат қылып,
Жалғыздығым жазықсыз мұңаяды,
Жүрегімнің жыртығын жамап тұрып».

Ақындар үшін өзі өмір сүрген қаланың өлең болып ақ қағазда сапар шегуі қалыпты құбылыс десек те, өлеңдегі «Алматының арда ойлануы» еріксіз назар аудартады. Бір сәттік ойдың жемісі үлкен қаланың тіпті айбаттандырып тұр. Осы жырды оқып отырып көз алдыңызға қарт Алматы келе қалады. Әрине, асқақ қалпымен. Тіпті оның басқа жырларындағы тосын теңеулер мен өзіндік оқшау ойлар көптеп кездеседі.
«Екеуміз
б.з.б. мыңжылдықта да,
б.з.б. екімыңжылдықта да,
б.з.б. үшмыңжылдықта да
кездеспеген шығармыз.

Екеуміз
босқындар лагерінен қашып шыққан күннен бастап тағдырласпыз –
сенің менен өзге ешкімің жоқ секілді,
менің сенен өзге ешкімім жоқ…».

Поэзия қасиетінің бірі – ойландыру. Ал осы жырлардан кейін ойланбау, не өзіңізге немесе басыңызға сын. Жас қаламнан шыққан өлеңдердегі бір тылсым күш «тағы оқи берейінші» деген күйге жетелейді. «Отырған орныңнан ұшырып тұрғызатын сезім — поэзия» дейді жазушы Ғабит Мүсірепов, біз сол сезімді, сол бұлқынысты Әсел ақынның жырларынан көріп тұрмыз.
* * *
сағат 17:00
мен сені құшақтағым келген.

Қасыңа бару үшін үш аттағым келген,
бірақ сен алыстасың:
мұхиттың, таулардың арғы беті,
картадан кете алмадым қарғып өтіп.
содан бері
мамыр, маусым, шілде, тамыз,
қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан ауысты
күнтізбені жәудіретіп…».

Бүгінде оқырманы көп жас ақынның бірі ретінде оның есімі жиі аталады. Егер ол бір биікке көтерілді деп есептесек, оны сол биікке алып шыққан – өлеңдері. Әдебиетті қорғау ежелден бері қолына қалам ұстағандардың басты міндеті болды. Бұл өзіне-өзі сеніммен қарайтын, күмәннан ада еңбекқорлардың шаруасы. Ал ақындар үшін поэзияны қорғау – басты жұмыс. Қалай қорғамақ? Әрине, жақсы өлеңдер арқылы. Өлең – ұлы көш. Бақ пен баянсыздықтың ортасындағы бұл көште қаламы қуаттылар ғана өмір сүре алады. Сыршыл ақын Әсел Кәрібайдың қазақ поэзиясының көшінде жүрері даусыз. Ол үшін өмір – өлең, ал өлең – өмір екенін де оқырман ескере жатар. Шынайы өлеңдердің шырағы сөнбейді, керісінше, жанады. Қолында қаламы бар ақын үшін соның өзі – бір бақыт.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371