Жұма, 22 Қараша 2024
Алаң 3750 9 пікір 26 Шілде, 2022 сағат 13:07

Айғай салып, жоқтаудың аз-ақ алдындамыз

Дабыл қағатын жағдай. Бұл күнде аң мен құстан айырылған Сарыарқа тіршілік иесінің дыбысы естілмейтін өлі өлкеге айналып бара жатыр.

Осыдан үш жыл бұрын Қарқаралы, онан әрі Егіндібұлақ, Боқты жаққа жол түскен еді, қанша зер салсақ та қалбаңдап ұшқан бір құсты көре алмай дал болдық. «Бұл қалай?» – деп сұрағанымызға сол жақтың бір азаматы иығын көтеріп, «мен қайдан білейін» деген-ді. Енді, міне, Сарыарқаның сауырлы өлкесінің бірі – Шет ауданымен көрші – Ақтоғай, Жаңарқа аудандарының біраз жерін аралап, «бұл қалайға» тағы да тап болдық. Қазақтың Ұлы тауында да осыған жақын жағдай.

«Бұл қалайға?» «Протон», – деп көкті нұсқайды қамыққан ел. Иә, көктің «суы» да «у» боп жауған заман бұл. Арқада құбылған бір түлкі жүруші еді. Арқасында бір қылтанағы жоқ тырдай жалаңаш түлкі. Осы күні әлгі түлкіден өзге тіршілік иесі көріне бермейді.

Арқаның құба белдерінің кез келген сайынан далбаңдап ұшатын бөктергі, құладын, табан астынан ат үркітетін бөдене, тарғақ, тұрымтай, күйкентай, жағалтай, қырғи, қайда? Махамбеттің «ей, қызғыш құс» дейтін қызғыш құсы қайда?

ХІХ ғасырда Махамбет:
«Ей қызғыш құс, қызғыш құс,
Сені көлден айырған,
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған,
Хан Жәңгірдің екпіні», –
деп еді.

ХХІ ғасырда Қызғыш құсты көлден де, елден де айырған қай текпін мен екпін?

Жұрт сән үшін ұстайтын үкі, жалпаңдаған жапалақ, Арқаны әнге бөлеген қаңқылдаған сары ала қаз, бір өзі кішігірім марқадай болатын дуадақ көзден ғайып болған. Қарабай деген құс бұрын да сирек еді, қазір бір жола жоғалған. Құдай-ау, таң қылаң бере сонау көкке ілініп, ғажайып ән салған дала бұлбұлы бозтарғай көрінбеген соң, дала иесі өлгендей сұлық жатыр. Көңіл құлазиды, бір өксік кеп көкірегіңді кеулейді.

Қанатын қомдап, қомпаң қаққан қара құс, ақбас күшіген, тазқара, өлексе атаулыны көр-жерден іздеп табатын сауысқанды көріп, бала-шаға мәз болатын. Ұрпақ туған даланың сұлу табиғатын көріп өссінші дейсің-ау. Сол даланың ұлы, сол даланы қорғайтын да, қасиетін аспандататын да сол ұл болса екен дегің келеді. Ең болмаса, шықылықтаған торғай көрінбеген меңіреу дала ендігі ұрпақты мәңгүрт етпесіне кім кепіл?..

Анау Ағыбай батырдың зиратынан арғы, сонау Тайатқан-Шұнақтан шалғай жерде бірі қалмақпен, бірі орыспен соғысқан батырлардың тас бейіті жатыр. Соларды білер менен басқа да ешкім қалмапты. Жаныма немереммен тағы бір-екі жасты ертіп алған едім. Әріректегі иен далада, ілгеріде, сол далаға сыймайтындай ондаған мың киіктің табыны жататын. Лақтарын басып кетпейін деп, арасынан зорға өтуші едік. Көңіл елегізіп келеді. Бір кезде сол иен даладан жалғыз киік қашты. Лағы соңында. «Киік, киік» деп немерем мәз. Ал біздің көңіліміз ұлып, жылап тұр. Айғай салып, жоқтаудың аз-ақ алдындамыз.

Арқаның төрінде ұзыннан жүз шақырымға созылған Тағылы-Бұғылы таулары жатыр. Бір сайынан жиырма-отыз арқар үрпіп шықса, тағы бір жотасынан қырық-елуі бой көрсететін арқар табындары, тасқа шығып, бізге қарап, мүйізін білеп тұрған айбатты, сұлу құлжалары мәңгілік боп көрінетін. Енді, ол таулардан арқардың ізін де көре алмайсың. Көлденең жатқан Бесшоқы, Ақерек, Толағай, Қызылтау, Қатпар, Алайғыр, Керегетас біз көрген аң мен құстан жұрдай.

«Бәрі у ғой», – дейді ел жеген дәмін, ішкен суын көрсетіп.
Арқаны қуаңшылық басып барады. Кешегі шалғыны қара саннан келетін алқаптардың шөбі тобыққа жетпейді. Бұрқырап жатқан бұлақтар тартылған. Жаздай ағып жататын өзендер суалған, не әбден ластанған.

Арқаның төсі Қарағанды облысындағы жағдай – осы. Шығысындағы Ертіс-Павлодар, Семей, батысындағы Ақтөбе аймағындағы жағдай нешік? «Бәрі осындай кепке ұшыраса, экономиканы көтергеніміз де, «Жаңа Қазақстан» деп талпынғанымыз да, түкке тұрғысыз боп қалмай ма?» деген күдік ішті жегідей жейді. Дамыған елдер осындай апатты көрініске шыдап отыра алмасы анық. Бізге не болды? Неге үнсізбіз? Табиғат өзі көрсоқыр болмасақ көзімізді шұқып көрсетіп тұр ғой.

Аурухана біткен, сірескен неше қилы аурулар. Еңбектеген жас та, еңкейген кәрі де соның табалдырығын тоздырып жүр. «Мен дәрігер боп келгенде аудан бойында 17 адам гипертоник боп тіркелген еді, кәзір олардың қарасы мыңнан асып кетті», – дейді інім Райымбек.

«Арқаның жазы бейіштей», – деп жырлапты Шортанбай жырау.
«Арқа – бейіш» деп Шортанбай жыраудың тамсануы түшіркенген түстей. Арқаның бүгінгі көрінісіне күрсінесің.

«Былқылдақ» деп аталатын ұзыны 5 шақырым, ені шақырымға жақын алқап болушы еді. Аяғыңмен шетінен бассаң бұрқ-бұрқ етіп газ шығып жататын. Аттылы түгілі, жаяу адам өте алмайтын. Бүгінде сол жер біржола кеуіп қалған. Кез келген тұсынан машинамен бұрқыратып өте шығасың. Былқылдақтың ат шаптырым айналасы көкорай шалғын еді, бүгінде мал жайылымына да жарамайды.

Жазда 40 күн шілдеде, маусым айы­ның он бесі шамасында Үркер туатын. Шілде айының он бесі, жиырмасы күндеріне дейін күн батқан соң түннің тамылжыған жып-жылы аясында таң атқанша көйлекшең далада жатушы едік. Міне, биыл алтыншы жыл, Күннің көзі ұясына кірген соң-ақ, адамды жаурататын салқын басталады. Түнде далада көрпе жамылып жату да мүмкін емес.

Жаз жаңбыры бұрынғы көрінісінен ада. Сонадайдан ауаны сырылдата тілген жаңбырмен қоса, күркіреген аспан, шатырлаған найзағайға бар әлем мойындағандай, жан-жануар, отардағы жылқы басын иіп тұратын. Қазіргі жаңбырда күркіреу де жоқ, найзағай да ойнамайды. Ж  аңбыр күздің жаңбырындай суық. Сіркіреген бір көрініс. Аспан күркіремеген соң жердің де иуі шамалы.

Сарыарқа, сарқыраған суың қайда?
Түнде шық, күндіз мұнар
буың қайда?
Шажағай шарт-шұрт етіп,
нөсер құйған,
Көк жасыл кемпірқосақ туың қайда? – деп жырлаған екен Нарманбет ақын. Сұлу Сарыарқаның кешегі біз көрген көрінісі бүгінде тәтті бір түстей көз алдымыздан көшіп кетті. Сұлу табиғаттың ендігі сұрқы осы болды.

Кәмел Жүністегі

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1455
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3218
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5270