Сенбі, 23 Қараша 2024
Даңғыл 5217 9 пікір 5 Тамыз, 2022 сағат 14:33

Еуразияның қожасы кім еді?!

Назарбаев кезінде «Ұлық болсаң, кішік бол» қағидаты сақталмай, билік пен халықтың арасы алшақтап кетіп еді. Қараша қауым шенеуніктердің қолын ұстап, мұң-зарын айту былай тұрсын, қарасын көруге зар болып қалған. Соның кесірінен қоғамда экономикалық, әлеуметтік мәселелер қордаланып, жаппай наразылыққа ұласты.

Билік транзиті орын алып, Тоқаев президенттікке келгеннен кейін, ескі жүйенің кемшілігін бірден танып, «Еститін үкімет» жобасын ұсынды. Ел мүддесін көтеріп жүрген әр саладағы белсенділердің басын қосып «Ұлттық Қоғамдық Сенім кеңесін» құрды. Енді міне, аталмыш кеңес үмітті ақтап, ауқымын кеңейтіп, «Ұлттық Құрылтайға» айналып отыр. Ұлытауда дүбірі жер жарған халықтық жиналыстың алғашқы басқосуы болып өтті. Әр саладан іріктелген 117 уәкіл қатысқанымен, ұлт мәселесіне пікір қосуға әркімнің мүмкіндігі бар. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қаринның айтуынша алда Ұлттық Құрылтайдың арнайы платформасы жасалып, жаңаша ой, идея ұсынуға жағдай жасалмақ. Айтулы басқосуда Назарбаевтың тіл, «Қазақстандық ұлт» саясатына ашық қарсылық білдіріп, оның қолынан медал-марапат алудан бас тартқан әйгілі ақын Мұхтар Шақанов «Қазақстанның еңбек ері» төсбелгісін кеудесіне тақты. Бұл да «Жаңа Қазақстанға», президент Тоқаевқа деген сенімінің көрінісі болса керек.

Назарбаев дәуірінде Ұлттық Құрылтай шақырылмағанымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы дала» идеясы болды. Қазақстанның алманың, қызғалдақтың отаны екені, Қазақ халқының жылқыны алғаш қолға үйреткен, шалбарды, үзеңгіні ойлап тапқан жасампаз халық екені тілге тиек етілді. Ашығын айтар болсақ, Назарбаев идеологтарының аталмыш жобалары бүгінгі күннің, жаңа заманның саяси, рухани талабына жауап бере алған жоқ. Баяғы жоңғар заманында, жаугершілік кезде актуалды болған айыл-тұрманның айналасынан шыға алмады. Екі алып көршіміздің (Ресей, Қытай) өткен тарихты бүгінге қызмет еттіру тактикасымен салыстырсақ, кемшілігі мен мұндалап көрінеді. Саяси жігердің жетіспегені анық аңғарылады.

Кеңес тарихшысы Лев Гумилевтің орыстардың орынын еуропалықтардан жоғары қою, патшалық Ресейдің шапқыншылық әрекетін заңдастыру үшін «Еуразия» идеясын айналымға енгізгені белгілі. Путин билікке келгеннен кейін кремльдің идеологтары Гумилевтің «Еуразия» идеясына жаңаша саяси сипат беріп (Екі құрлықтың жерін қамтитын кеңес одағындай держава құру), ішкі, сыртқы саясатта құбыланама етіп алды. Еуразиялық Экономикалық одақ соның бір көрінісі. Қытай стратегтері де қалыспай «Бір жол, бір белдеу» экономикалық жобасын ұсынғанда «Путинның миы» саналатын Александр Дугин оны «Кремльдің саяси стратегиясының экономикалық баламасы» деп бағалады. Тұңғыш президенттің бір кезде «Тарихта қазақ даласында ешқандай шекара болмаған, біз ғана шегендей алдық» деп аңдамай қармақ қапқаны, Ресей президенті Путин «Қазақта ешқашан мемлекет болмаған» деп өз сөзін өзіне қуырдақ етіп тартқанда барып, қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтіп, жіберген қатесін жуып-шайғандай болғаны белгілі.

Адамзат тарихында теңіз жолы ашылғанға дейін Еуразия даласын тайпалық бірлестіктерден құралған Ғұн, Түркі, Шыңғысхан империяларының 2500 жылдан астам уақыт ат тұяғымен таптағаны белгілі. Дала жеңімпаздарының әскери құрылымын түсіндіру үшін қазіргі НАТО-ға ұқсатуға болады. Құрамындағы тайпалардың (Дені бүгінгі қазақ халқының құрамынан табылады) жеке өз алдына қонысы (территориясы), ен-таңбасы, туы, әкімшілік-саяси жүйесі (мемлекеті) болғаны белгілі. Бірақ теңіз жолы ашылғаннан кейін импералистік жолға түсіп, өнеркәсіп төңкерісін бастан өткерген Батыс еуропаның таяузаманғы оқымыстылары өздерінің ұлттық буржуазиялық мемлекетке айналу жолын ғана өркениетке жетудің жалғыз жолы санады. «Еуроцентристік» идеяны барынша дәріптеді. Еуропа ұлтшылдарының сол бір жақты, күні өткен ұстанымын орыс оқымыстылары Еуразия аумағында салтанат құрған дала өркениетін жоққа шығаруға ғылыми негіз етіп, бүгінгі күнге дейін сүйрелеп, ұрпағының санасына тықпалап келеді. Дугин «Аталмыш тәуелсіз республикалар кеңес одағы ыдырағаннан кейін ғана, қазіргі территорияға ие болды. Бар болғаны әкімшілік район атауына ие болды. Кеңес кезінде де, шарпатша заманында да мемлекеттіктің саяси, не тарихи нышандары болған жоқ» деуден танар емес. АҚШ саясаткерлері «Шайтани сенім» деп атаған «Еуразия идеясымен» ауырған (Екі құрылықтың жерін қамтыған Кеңес одағын қалпына келтіру) орыстың, оған ерген Қытайдың екпіні әліде қатты. Тіпті үдеп кетті деседе болады. Бұл сөзімізге Путинның Украинада алып барып жатқан аталмыш «Арнайы операциясы» дәлел.

Алғашқы отырысы болып өткен «Ұлттық құрылтай» осындай геосаяси қайшылықтар шиеленіскен күрделі кезеңде жұмысын бастап отыр. Ендеше тарихи сананы жаңғыртуды басты міндеті етіп алуы керек. Ұлтымыздың тарих аясын кішірейтіп, мемлекеттігін «Алтын ордадан» бастайтын тар өрісті ой-санадан арылу керек. Өздерін «Еуразияның заңды егесі» санайтын орыстарды тарихта құлдықта ұстаған кімдер еді? Шыңғысханның ұрпақтарын айтпағанда, қырық рудан құралған қазақтың қыпшақ ұлысына да көздері көгеріп бодан болмап па еді?! Қытайлар «Ұлы жібек жолы» деп атайтын, Еуразияны кесіп өтетін керуен жолдарына бақылау жасаған да біздің баһадүр бабалар еді. Сол үшінде күрделі жағдайды өз пайдамызға жарату үшін «Еуразия қожасы» идеясын енгізу ләзім. Қазақ халқын Еуразияға әмір жүргізген қаһарлы Ғұн, Түркі, Шыңғысхан империяларының тікелей мұрагері деп жариялау керек. Енді шегіншектесек өте кеш болады.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340