Көппартиялық жүйе Қазақстандық демократияның көрінісіне айналды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыздағы халыққа жолдауында партиялық жүйені дамыту, саяси алаңда еркін бәсекелестікті қалыптастыру үшін Үкіметке сайлау жүйесіндегі олқылықтардың орнын толтыруды міндеттеді.
«Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Осыған байланысты, біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек»,-деді Президент өз сөзінде.
Мемлекет басшысы партияларды тіркеу рәсімінің жеңілдейтінін жариялады. Тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың адамға дейін азайтып, аймақтардағы өкілдер саны да 600-ден 200 адамға азайтылды. Партия құрушы азаматтардың бастамашыл тобы 1 мыңнан 700 адамға дейін шегертілді. Сонымен бірге құрылтай съезін өткізуге және филиалдар құруға берілетін уақыт ұзартылды. Бұл өзгерістер саяси алаңда жаңа партиялар пайда болып, пікір алуандығын туғызуға мүмкіндік береді. Әрі еліміздегі көппартиялық процесті дамыту үшін жасалған қадамдар деп десек болады.
Осы бастамадан кейін Қазақсстанда жаңадан партия құруға талпынған азаматтар саны артты. Конституциялық кеңес аппаратының басшысы Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа партияларды тіркеу туралы 30-дан аса өтініш келіп түскен. Қазіргі уақытта Әділет министрлігі партия тіркеу туралы өзгерістерді енгізу үшін «Кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарастырып жатыр. Осы заң жобасы арқылы «Саяси партиялар туралы» заңға өзгертулер енгізіледі.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы саяси партиялардың арасындағы бәсекелестік әділ жүруі үшін өзі төрағалық еткен «Аманат» партиясындағы өкілеттігін тоқтатқан болатын.
«Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап «Аманат» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін», деген еді Мемлекет басшысы.
Көппартиялық жүйе пайдалы бәсекелестікке жол ашады. Қазақстандағы көппартиялық жүйе тәуелсіздік алғаннан кейін орнады. Себебі, еліміз таңдаған демократиялық жолда көппартиялық жүйенің болуы – заңды. Ал, көппартиялықтың қалыптасуындағы заңнамалық негіздің әрі қарай жетілдірілуі, жаңартылуы 1996 жылы қабылданған «Қоғамдық ұйымдар туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарда көрініс тапты.
Қазақстан азаматтарының еркін түрде топ құру құқығы осы заңдар арқылы жүзеге асты. Партиялық қызметтің қандай да бір деңгейдегі құқықтық негізі қаланды. Дей тұрғанмен осы кезеңдегі саяси партиялар өз дәрежесінде саяси шешімдер қабылдауға ықпал етті деп айта алмаймыз. Саяси партиялар туралы 1996 жылы «Саяси партиялар туралы» арнайы заң саяси партиялар қызметін жандандыра алған жоқ. Бұл кезеңде өмір сүрген партиялар саны 2-ден 10-ға дейін артты. Бірақ саяси партиялар билік пен халық арасындағы байланыс орнатушы құрылым рөлін атқара алған жоқ. «Сайлау туралы» заңға енгізілген толықтыруларға байланысты 1999 жылы Президенттік сайлау мен Парламент Мәжілісіне депутаттарды сайлау саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті ұлғайтты. Сайлау жүйесіне енгізілген өзгерістер нәтижесінде партиялар бұрынғыдан да көбейіп 10-нан 15- ке дейін барды. Бірақ 2002 жылы 15 шілдеде Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» қабылдаған жаңа заңы саяси партияларды құруды және мемлекеттік тіркеуден өткізу шарттарын қиындатып жіберді. Сәйкесінше еліміздегі саяси партиялар саны азайып кетті.
Заңда партиялардың қызмет ету тәртібінің жаңа шарттары: партиялардың құрылу, қызметін уақытша тоқтату және мүлде тоқтату тәртіптерін құқықтық реттеу; партияны қаржыландыру; сайлау процесіне қатысу туралы өзгерістер жазылды.
Заңда азаматтардың, әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін мемлекеттік биліктің өкілді және атқарушы, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында білдіру және оларды қалыптастыру ісіне қатысу мақсатында олардың саяси еркін білдіретін Қазақстан Республикасы азаматтарының ерікті бірлестігі саяси партия деп танылады, деп жазылды.
Заңнамада саяси партия саны бір мың адамнан кем емес Қазақстан Республикасының азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылатыны айтылған. Саяси партияны мемлекеттік тіркеу үшін оның құрамында партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қала мен елордадағы әрқайсысында кемінде жеті жүз партия мүшесі бар құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) атынан өкілдік ететін кем дегенде елу мың партия мүшесі болуға тиіс еді.
Бұрынғы 1996 жылғы «Саяси партиялар туралы» заңнамада саяси партияны мемлекеттік тіркеу үшін оның қатарында облыстардың жартысынан астамы атынан өкілдік ететін үш мың мүшесі болса жетіп жатты. Ал саяси партияны мемлекеттік тіркеудан өткізу үшін құрылтай сьезі өткізілген күннен бастап екі айдан кешіктірілмей тіркеуші органға өтініш берілді. Өтінішпен қоса саяси партияның жарғысы мен бағдарламасы, құрылтай сьезінің хаттамасы, партия мүшелерінің тізімі және мемлекеттік тіркеу үшін алынатын алымының төленгені туралы құжат өткізілді.
Саяси партияны құру мен оны мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін сандық талаптардың артуы, шарттардың қатқылдануы туралы әртүрлі болжам жасауға болады. Бір жағынан саяси партия құрудың талаптарын жоғарылату оның қоғамдағы беделін арттыруды мақсат етті деуге болады. Өйткені саяси партия көпшілік топтың көзқарасын білдіретін ұйым болып саналады. Саяси партиялар туралы жаңа заң ірі саяси ұйымдарды қалыптастыруға бағытталған, яғни партиялық-саяси үрдіс субъектілерінің іріленуіне алып келуі тиіс болды. Екінші жағынан алып қарасақ, саяси партияға тұрақты мүшелікті талап ету, қоғамдағы азаматтардың саяси партия құруға деген ұмытылысын басып тастап, саяси партиядан алшақтауына алып келеді. Оларды саяси партияға мүшелікке өткізу қиындық тудыруы мүмкін.
Бүгінде «Саяси партиялар туралы» қолданыстағы заңға қайтадан өзгеріс енбек. Бұл жолғы толықтырулар биылғы Жалпыхалықтық референдумда оң бағасын алды. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау үдерісіне жаңғырту қажеттігіне баса назар аударған болатын. Президент сайлау кезіндегі әлеуметтік желідегі насихат жұмыстарына тиісті регламент пен ережені бекітіп, интернет желісінде үгіт-насихат жұмысына заңи рұхсат беруді тапсырды. Сондай-ақ халықаралық заманауи тәжірибеге сүйеніп, қашықтан дауыс берудің жолдарын қарастыру керегін атады.
Abai.kz