Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақиқатқа қиянат 4362 19 пікір 17 Тамыз, 2022 сағат 12:55

Елордадағы мешіт: Құдай үшін бе, мақтан үшін бе?

Осы бірер күннің шамасында Нұр-Сұлтанда бой көтерген «Орта Азияда жоқ, ең үлкен мешіт» жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе әлеуметтік желіде алып-қашты сөздер көбейіп кетті. Көпшілік жұрт «Мұндай мешіт салғанша неге мектептер немесе зауыттар салмайды?» деп шу көтеріп жатса, екінші жақ оларды Құдайға қарсы шыққан дінсіздер қатарына қоса салды.

Мұндайда мәселеге аса байсалдылықпен қараған жөн. Бұл жерде ешкім де мешіттердің салынуына қарсы емес. Әңгіме, олар дәл қазіргі сәтте, қалың көпшіліктің қымбатшылық пен жоқшылықтың қос өкпеден қысқан құрсауынан шыға алмай тұрған сәтте қаншалықты қажетті, салса, не себепті ерекше үлкен, Орта Азиядағы халықтар таң қалып, құлап қалатындай етіп салынады деген сауалдарға жауап іздеу. Орта Азияда жоқ мешіт салатындай қазақтар сан жағынан да, дінге берілуі жағынан да олардан бірнеше есе басым түсіп пе едік? Осыншама мақтаншақтық кімге керек?

Сосын, осыншама үлкен, осыншама әдемі мешіт кімнің ақшасына салынды? Бұл неге ашық айтылмайды? Мешіттің қабырғасында осындай «ізгі» жандардың есімдері неге жазылмайды? Осы мешітті ашқан бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуына қарағанда ол еліміздегі бір кездері аса байып кеткен бірнеше олигархтардан жәрдем сұраған көрінеді. Шынымен солай болса, ол «мырзалардың» есімдері неге аса құпия ұсталады? «Маңдай терімен» тапқан ақшасын мешіт салуға жұмсаса, ол Құдайға да жағатын игілікті де сауапты іс емес пе? Бұл не деген ұялшақтық, бұл не деген биязылық? Тіпті осылай болған күннің өзінде әлгі олигархтарымыздың қалай байығандығын дүйім жұрт жақсы біледі. Халықтың несібесінен жырып алған, әртүрлі қулық-сұмдықпен байығандардың ақшасы қаншалықты адал болып саналады? Мұндай ұрлықпен келген ақшаны Құдайдың үйі саналатын қасиетті мешіт салуға жұмсау қаншалықты дұрыс әрі сауапты болып іс ептелінеді? Бұл жерде жауабын күткен сұрақтар жеткілікті.

Тағы бір ескеретін мәселе мынада. Жалпы, кім ақша берсе, соның мүддесі алдымен ескерілетіндігі белгілі. Мәселен, оған араб шейхтерінің бірі «мырзалық» танытса, ол жерде араб елдеріндегі кең тараған салафизм бой көрсетпесіне кім кепіл? Онсыз да дін жағынан сан-салаға бөлініп кеткен елміз. Демек, мешіттерді бас-көз жоқ сала беруді де байқауымыз керек. Әсіресе, халықтың несібесін нешетүрлі қулықпен қалтаға басқан байшыкештердің дінге ешбір қатысы болмаса да әке-шешесінің атын шығару үшін зәулім мешіттер салу әрекетін асыл дінімізге сызат түсіру деп ойлаймын.

Мәселен, біздің Қостанай облысының Қарабалық ауданында Әділбек Жақсыбеков деген бір байшыкеш аса қымбат граниттен үлкен мешіт салып, оған шешесінің есімін беріп, «Машура» мешіті атандырды. Дінімізді насихаттаған белгілі теологтардың арасынан мұндай ғұламаны кездестіре алмадық. Сірә, бар сіңірген еңбегі Жақсыбековтың шешесі болғандығынан шығар. Мұны аз десеңіз, шағын ғана Қостанай қаласының батыс жақ бөлігі жағындағы шағын ауданда әрқайсысы мың адамнан астам адам еркін сиятын екі бірдей үлкен мешіт іргелес, қатар бой түзеді. Бірі халықтың есебінен салынса, екіншісін осындағы аса бай кәсіпкердің бірі - Төлеген Жайлаубаев салды. Бұл да біздегі байлардың өз атын шығару әдісімен өзі салған мешітке Жайлаубай атасының атын берді де салды. Не істей аласың, біздегі байларға ешкімнің де сөзі өтпейді. Өздері жердегі жарты Құдай. Оның үстіне біздегі Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тарапынан «бұларың қалай?» деген сұрақ қойылмаса.

Айтпақшы, әлгі атасының атын берген Жайлаубаев деген байымыз «бұл мешітті ұстап тұра алмаймын» деген сылтаумен оны қалалық әкімдікке итере салған. Содан қала әкімі қасына бір кәсіпкерді ертіп барып, мешіттің бір жылғы қарызын өтеп қайтты. «Байлар да жылайды» деген осы шығар.

Мешіттер жыры мұнымен де бітпейді. Екі мешітті бір жерге топтастырып қойғанның салдарынан қаланың өзге шығыс, оңтүстік және солтүстік бөлігінде тұратын жұртшылық Құран оқытуға немесе садақа беру үшін бірнеше автобусқа ауысып мініп, әлекке түсіп жүргені. Бұл жақта қысының қатты әрі алты айға созылатындығын, аязының 40 градустан кем болмайтындығын ескерсек, мешіттердің асығыс-үсігіс, ешкіммен ақылдаспастан салынғандығының неге әкеліп соққандығын сезіну қиын емес. Айтпақшы, бір кездері атақты көпес Мұхамеджан Яушев осыдан 100 бұрын салып берген, қаланың дәл ортасындағы Марал ишан атындағы мешіттің есігі тарс жабылғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Күрделі жөндеуден өткелі бері кімге қарарын білмей, әлі күнге дейін әрі-сәрі күйде.

Мінекей, Қостанайдағы мешіттердің жайы осы. Мешіттер өз алдына, жәмиғат өз алдына. Бас қаламыздағы жаңа мешіт бой көтергендігінен туған сан түрлі сауалдардың бір парасы осындай еді.

Жайберген Болатов

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475