Сенбі, 23 Қараша 2024
Пікір 3205 9 пікір 18 Тамыз, 2022 сағат 13:22

Семей полигоны туралы салмақты дилогия

Семей ядролық сынақ полигонында 1949-1989 жылдар аралығында 500-ге таяу (кей деректерде 470 делінген) ядролық жарылыс жасалыпты. Шыңғыстау, Арқат, Абыралы, Ақсуат, Тайлан, Саржал, Қайнар, Долан, Қарауыл, Аягөз, Мыржық, Май, Лебяжі, Қу, Шаған, Ащысу, Ұзынбұлақ, Ақбұлақ, Қарабұлақ, Қызылту, Әулие асу, Дегелең, Бесқарағай, Шұбартау, Жарма, Жаңашүлбі, Таскескен, Ақсуат, Үржар, Көкпекті, Мақаншы, Бесқарағай, Тарбақ, Майлықара, Қарт Ертіс қырық жыл бойы қасірет шекті, азаптанды. Бұл тақырыпқа алғашқылардың бірі болып жазушы, драматург, көсемсөзші Медеу Сапаұлы Сәрсеке барған еді.

«Қасірет пен Тағдыр» – роман-дилогияның бірінші кітабы. Авторы – жазушы, ақын, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері – Сәуле Мағазбекқызы Досжан. Көркем шығарма малақайы бір жағына қисайған Әмірдің әйелін перзентханаға кіргізіп: «Қорықпа, дүниеге арыстан әкелесің!» - деген сөзінен басталады. Бірақ, балада гидроцефалия диагнозы анықталады. Бұл – Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстың жазылмас кесірі еді. Ақыры, қызғалдағы, Шынар есімді қызы, ауыр дерт салдарынан араға екі ай салып шетінеп кетеді. Көркем туынды бірінші жақтан баяндалып, автор зобалаңға, әлемге әйел көзімен қарайды. Аяулым Сапарқызы ҚызПИ-де оқып жүргенде томаға-тұйық мінезді, найман жұртының баласы Әмірмен танысады. Бала махаббаты Мэлс көзден бұл-бұл ұшады. Есіне еміс-еміс «Бала махаббат» әні түсе береді:

«... Сездіруге батпадым да

Бала махаббатымды,

Терезенің жақтауына

Ойып жаздым атыңды!»

Алайда тосыннан Әмірге лейкоз деген диагноз қойылады. Ол: «Отызға енді шықтым, бірақ, орда бұзбадым. Екеуіңді панасыз қалдырып барам. Ең болмаса, үй де салмадым, ағаш та отырғызбадым», - деп жан-тәнін жегідей жеген дерттен өкінішпен өмірден өтеді. Аяулымның бала махаббаты, Үсеннің ұлы Мэлс Алматыда сот болып жұмыс істеп жүреді. Арада бірнеше жыл өткен соң, екеуі сол алып шаһарда кезігіп, бір-біріне деген сезімі қайта оянып, отау құрады. Әйел егіз балалы болып, аяғынан ақсап жүрген еркек күтпеген қуаныштан күш алып, балдағын тастап, жүріп кетеді. Мұрағаттық деректер негізінде жазылған роман «Кімді кінәлайын...», «Жаңа қоныс», «Үсен ағаның жалғызы», «Сезім бүршік жарғанда», «Алғашқы махаббат», «Қош, еліктей ерке күнім», «Жас шаңырақ», «Сынақтың құрбаны болған құлыным...», «Заман-айды» зарлап, 1000 тырна ұшырғанда», «Қасірет күні қасиетті күнге айналғанда», «Жар қазасы», «Қайнардағы рухы мықты қазақтар», «Өліара шақ», «Айкезбе ару», «Ат тұяғын тай басар», «Желік жеңгенде», «Жүректі жанмен жүздесу», «Бақұл бол, құрбым!», «Ұлылар елінен аттанғанда», «Қайтып келген қыз жаман», «Қайта оралған қайран сезім», «Сауда сақал сипағанша» деген», «Қоштасқан жерден табысу», «Әйел қырық шырақты», «Көршілер құдалығы», «Мұрат пен Мақсатқа жеткенде» атты бөлімдерден бас құраған-ды. «Хиросима-Нагасаки» атом апатынан лейкемияға шалдыққан, жапонның «1000 тырна» аңызын қайыра тірілткен өжет қыз – Сасаки Садаконың ерлігі ел біткенді сүйсіндіреді. Бұл уақиға Серік Ақсұңқарұлын да ерекше шабыттандырып, ақын «Хиросима. 999 тырна» атты жыр тудырады.

«999 қағаз тырнаны

Жасады жапон баласы –

Ажал Құрбаны.

Өлер шағында,

Көз нұры сөнер шағында,

Жатты сол жазған: «Түсім – бұл,

Өңім емес!» - деп,

1000 тырна көзіне елестеп,

Жасалмай қалған бір тырна көзіне

елестеп:

«...Өлім емес!» – деп...

Сандырақтап жатқан шығар сол Ажал

Құрбаны?!

XX-шы ғасыр  –

Атомның тажал тырнағы!

Ескерткіш қоям мен Саған,

қоладан құйып...

999 Қағаз Тырнаны!»    

Жазушы, әдебиет сыншысы Жүсіпбек Қорғасбек: «Қасірет пен Тағдыр» романында қаламгер алдына қойған мақсатына жеткен деп айта аламыз. Жазушы осыншама ауқымды тақырыпқа сыналап кіріп, ішінен қопара жазыпты. Нәтижесінде, көркем образдарға толы, өмірде нақтылы шындығы бар дүние қолымызға тиді. Егер Дегелеңнің басына ескерткіш ретінде таспен бірге кітап қою керек болса, бұл соған әбден лайықты шығарма дегіміз келеді» («Егемен Қазақстан», 2019-жыл, 20-қыркүйек), - деп ой қорытады. Романда: «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Атом сынағы тоқтатылсын!» - деп ұрандаған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының қалайша жалпыхалықтық сипат алғандығы туралы жан-жақты, тарихи негіздемеге сүйене суреттелгенінің өзі бөлек бір зерттеуге жүк боларлық. Туындыда Күләтай, Әсима, Бейбіт, Зағира, Сырғаш, Жәмиға, Қуаныш Ысқаққызы, Өмірхан, Үкілай, Хасен, Кәріпбек, Гүлімай, Шарайна, Меймангүл секілді кейіпкерлердің өмір жолы, тағдыры мейлінше нанымды бейнеленген.

Автордың «Үзілмеген үміті» – «Қасірет пен Тағдыр» дилогиясының екінші кітабы. Аяулымның күйеуі – Әмір радиация әсерінен әбден әлсіреп, ақыры ажал құшады. Артынша Аягөзді ұзақ жыл басқарған, ағайынға, елге сыйлы азамат, Әмірдің әкесі – Әсекең Күрішбаев өмірден озады. Әулеттің анасы – Күлекеңнің жоқтауы тек Сырғаш пен Аяштың ғана емес, бүкіл жұрттың сай-сүйегін сырқыратады:

«Есіктің алды – жас қайың,

Жапырағын баспайын.

Жалғыздан өскен жан едің,

Жоқтаусыз қалай тастайын?!

Үлкен бір еді-ау шаңырақ,

Шаңырақ қалды-ау қаңырап.

Артында қалған кіл жетім,

Бәрі де қалды-ау аңырап!»

Аяш, Аяшжан, Аяулым – Аяулым Сапарқызы «өтпелі кезеңді» басынан өткеріп жүрген ұлын Лимана Қойшиева атты психологке алып барып, тексертеді, сөйлестіреді. Сұңқар Батыр есімді бұзық баламен қосылып, біршама адасады, ақыры сабасына түседі. Дәуреннің аузымен өңір тауарихы айтылады, ол кісіні халық Дәу-аға деп құрметтейді: «Шәкәрім жайындағы мағлұматтан соң, жастар жағының ынталана тыңдағанын көріп, Дәу көке Семей қаласының тарихына көшті.

– Ертісті жағалай салынған Семей негізі 1718 жылы қаланған. «Семей» сөзі көне түркілерге жататын сары ұйғырлар тайпасының тілінде «киелі мекен» деген мағынаны білдірсе, «Алаш» сөзі түркі тілінде бауырлас, қандас, туыс деген мағынаны береді. Яғни, Семей, Алаш атауы – тұтас түркі дәуірінде қалыптасқан ең ежелгі атаулардың бірі.

– Көке, Семейдің арғы жағында «семипалат – жеті шатыр» деген сөз бар деп оқып едім, - деді Сұңқар.

– Он тоғызыншы ғасырда Семей қаласын зерттеген ғалымдар «Семь палат» немесе «Жеті шатыр» деген атауларға назар аударады. Сол Тобыл қаласынан әкелінген құнды мәліметтер Абай мұражайында сақталған. Зерттей келе, бұл қалмақтардың тастан қаланған жеті құрылысы екенін, 1660-1670 жылдарғы жергілікті феодалдардың өзара шайқасы кезінде ол құрылыстардың бұзылғанын жазады. Қазір мен сендерге сол туралы жазылғанды көрсетейін, - деді де кітапхана бөлмесіне барып, ескіше мәшіңкеге терілген ақ парақтағы құжатты алып келді».

Әйел күнделік жүргізеді, хакім Абайдың «Қара сөздерінен» күш-қуат алады. Олжай батыр Әйтекеұлы, Кеңгірбай би, Ырғызбай әулие, Қабанбай батыр, Өскенбай, Құнанбай қажы, Абай, Шәкерім қажы, Оспан, Ақылбай, Мағауия, Әміре Қашаубаев, Шәкір Әбенов, Қайым Мұхамедханұлы, Сапарғали Бегалин, Әзілхан Нұршайықов, академик Рымғали Нұрғали, т.б. алыптар туған алтын бесік арамзалардың лас қолымен былғанды.

«Неліктен Абай елі таңдалды? Курчатовтың әкесін Абай әулеті өлтірген жоқ еді ғой? Бұл неткен қаныпезерлік?» Автор көптің көкейіндегі осындай азапты сауалға жауап іздеуге тырысады. Ал, шығармадағы кейіпкерлер тағдыры, олардың басынан кешкен сойқаны мол уақиғалар қосалқы, «екінші линия» есебінде алынған-ды. Ақын, балалар жазушысы Сапарғали Бегалинның: «Дегелең өлген екен, маған көңіл айтыңдар!» - дегені әр қазақтың жадында, әр қазақтың жүрегінде жүр. «Дегелең дерті» – қазақ тарихындағы қара таңба.

Жайын Есжанович, Қаражан Түсіпұлы, Нарби Юсуповна, Эльмира Тоқбергенова, Амандық Жантайұлы, Бақыт Ариповна, Роза Кемірқызы, Валерий Львович Савельев, Нұрлан Жазықбайұлы, Қуантай, Едіге, Айбарша, Балқия сынды кейіпкерлер бір-бір әлеуметтік жүкті арқалап тұр. «Үзілмеген үмітте» Никита Хрущевтың «Колхоздарды ірілендіру» атты ессіз реформасы әсерінен Алғабас, Жаңакүш, Қараторғай, Сартерек ауылдарының жойылып, ел-жұрт Бөденеліге үдере көшуі, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың тапсырмасымен жасалған арнайы экспедиция, Кешірім Бозтаевтың ерлігі, т.б. уақиғалар кеңінен көсіле баяндалған. Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов: «Біз соғыстың аяқталғанына 40 жыл болды, 40 жыл бейбіт өмір сүрудеміз деп келдік. Сөйтсек, соғыс аяқталмапты, 40 жыл бойы үн-түнсіз, қатыгез соғыс жүріп жатыпты», - деп Семей сынақ полигонын атайды.         Романда Сұңқар анасына ара-тұра хат жолдап тұрады. Сондағы жазбадан авторлық ремарканы, жазушының айтылмыш зобалаңға қатысты толғаныстарын байқадық.

«Үзілмеген үміттегі» төрт шырақ туралы тәмсіл әр адамға ой салары анық. Тыныштық, Сенім, Махаббат бірінен соң бірі сөніп жатқанда, тек Үміт қана адамға дем беріп, одан сайын лаулай түседі. Көркем шығарма Сұңқардың хатымен аяқталады: «... Қасіретінің сұмдығын қасиеті басқан жерде жарымжан, дімкәс балаларымен бір топырақта зерделі де зейінді, қайсар да қайратты, көркем де келісті азаматтардың туып-өсіп, өркен жайып жатқанын көріп, ұрпақтарының әлі сондай жақсы да жайсаң, талапты да талантты болатынынан үміттерін үзбейді.

Апа!

Сенім, Махаббат бар жерде Тағдырға қарсы тұрып, ешқашан Үміт үзілмейді екен!».

Атом бомбасының қазақ топырағына тигізген зардабы орасан зор: қайғыдан қан жұтқан ана, іші шерлі әке, мүгедек болған ұрпақ, тағдыр қиындығын арқалаған ұл-қыз, талай соққыны үнсіз қабылдаған Жер-Ана, жарылыс әсерінен әрі тайған табиғат, қашарға жер таппаған жан-жануар... Семей полигоны – қазақтың жанжарасы. Әр біткен істі сынау – оп-оңай, одан асқан оңай тірлік жоқ. Бірақ, еңбек деген категория бар, еткен еңбекті елеуге тиіспіз. Бұл ретте, осындай ауыр тақырыпқа асқан батылдықпен барған Сәуле Досжанның «Қасірет пен Тағдыр» және «Үзілмеген үміт» роман-дилогиясы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығына лайық деп ойлаймыз. Арнайы комиссияның шығарған шешімі қоғамда қызу талқыға түсіп, қазақ оқырмандарының үлкен наразылығын тудырған дүдәмал дүниеге айналып та үлгерді. Мемлекеттік әрі қоғамдық маңызы аса ауқымды мәселеге қатысты мұншама біліксіздік танытқан мәртебелі мырзалардың  даулы шешімдерін қайта қарап, біз баяндап отырған шын халықтық шығарманы үміткерлер қатарына қосуды ұсынамыз. «Халық қаласа, хан түйесін сояды!» Солай емес пе?!

 

Әлібек Байбол

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475