Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
46 - сөз 2483 0 пікір 18 Тамыз, 2022 сағат 14:24

Ол Витовт — сол Витовт еді

Жақында украин президенті В. Зеленскийді литвандар жоғары дәрежелі Ұлы Витовт орденімен марапаттады.

Осы Витовт дегенде ойыма сонау жылдары (1399 жылдары) болған бір тарихи оқиға келеді...

Литван тариһи қаһармандары — Витовт, Ягойлоларды Ілияс Есенберлинді оқыған адамдар біледі. Ілекең өз кітаптарында Тоқтамыс, Едігелерді жазғанда осы әйгілі литвандарды да тіліне тиек еткен еді. Олардың есімі өзіме содан танымал.

Витовт — литва, поляк, беларус, украин, тағы бірқатар еуропа халықтарының басын біріктірген ұлы княз, әйгілі жиһангер тұлға адам - тын.
Ал әлгі мен жоғарыда айтып отырған оқиға тарихта — "Ворскла шайқасы" деген атпен қалған белгілі оқиға еді.

14 ғасырдың соңында бектер мен ханның өзара қырқысынан соң Алтын Орда әбден әлсіреп іштей көп қырғынға ұшырайды.

Бауырлас ру - тайпа, түптес, тектес киіз туырлықты елдің біреуі Едігені қолдайды, екіншісі хан Тоқтамыстың соңында.. Бір - бірімен көп соғысады, қан төгіледі. Көшпенділер империясының ию қиюы шығып әбден берекесі кетеді.

Осы текетіресте Тоқтамыстан теріс айналып біраз рулар оны тастап та кетеді, әйткенмен қайсар хан сонда да күшін жинап Едіге мен Темір Бекке қарсы соғысын тоқтатпайды.

Ол кезде қазақ, өзбек, ноғай деген әңгіме жоқ, бәрі бір халық.
О гезде көп халық жөңкіле көшіп Еділдің бойына ауады немесе Еділ бойынан Сырға ауады. Еділдің бойы толып отырған біздің рулар, Сыр, Тобылдың бойы да мидай сапырылысқан біздің рулар.

Мәселеңки осы беклербек Едігенің өзінің туған жері - қазіргі Шым өңірі. Сүйегі де қазір Ұлытауда жатыр, ал қызметі - Еділ бойын ен жайлаған ел арасы. Тоқтамыс болса маңғыстаулық хан - сұлтандардан шыққан маңғыстаулық жігіт. Осыны қазір тек қана ноғай тарихы дегенде еріксіз миығымнан күлемін.
Хош, сонымен сондай шешуші жорықтардың бірінде Тоқтамыс күйрей жеңіліп қасындағы аз ғана күзет - мүзетімен Русиндер өлкесіне бет ала қашады. Яғни, қазіргі Украина, Литваға қарай кетеді. Тоқтамыс Литван ұлы князі Витовпен жақсы тын. Қашып соны паналамақ болады.
Оның соңынан Темір Құтлық түре қуады.

Темір Құтлық — Едігенің жиені, хан тұқымынан шыққан жас жігіт. Едіге Тоқтамыстың орнына жиенін өз қолымен хан қылады.

"әй жиен, ханның басын хан алар" деген.. Енді сен бұның соңынан індете түсіп, бұл Тоқтамыстың жағдайын бір жақты қыл" дейді би жиеніне.
Темір Құтлық "мақұл" деп бір түмен әскерімен жөнеледі.

Тоқтамыстың қасында жеке күзеті ғана, ол 2 - 3 мың адамнан аспаса керек.
Содан өкшелеп қуып келе жатқан Темір Құтлық украин жеріндегі Ворскла деген өзеннің маңына кеп тоқтап ат шалдырады.

Хан қосыны түней тынығып таңертең тұрса, ойпырай, өзеннің арғы беті жер қайысқан қалың қол бұған төніп тұр екен.

Қосын іші опыр - топыр болады, "хан ием, соғыса отырып артқа қашалық" дейді адамдары Құтлыққа. Қашайын десе ханның сүйегіне таңба, қашпаса өлім - Темір Құтлық шарасыз күйде қалады.

Сәлден соң есін жиып елдегі Биге құпия хабар жібереді. "Қоршауда қалдым, дереу жет" дейді.

Сол кезде арғы беттегі дұшпан жақтан елші жетеді.

Жер қайысқан әскер еуропалықтардың біріккен жасағын бастап келген Ұлы княз Витовт екен.

Витовт Тоқтамысты құтқаруға шығыпты және ол стратегиялық тұрғыда әйгілі Алтын Орданың әбден әлсірегенін пайдаланып бұл көшпенділер тарихына біржола нүкте қоятын кез келді деп шешкен болу керек.

Витовт Орданың ырың - жырың болған ішкі жағдайын жақсы білетін еді.
Расында Витовт үшін Еуропаны сан мәрте мазалаған көшпенділер Ордасын тарих беттерінен біржола өшірудің керемет сәті туған еді.

Меніңше еуропалық тарихшылар бұл тарихта бекер Витовтың әскерін азайтып көрсетеді. Бұл жорыққа Витовттың қасында елуге жуық княздерден құралған литва, белорус, украин, неміс, молдован, орыс халықтарынан құралған біріккен еуропалық жасақ қатысқан және сондай үлкен мақсатпен шыққан әрі өз жерінде отырған халықтың әскері кем болмауы тиіс.
Меніңше, олардың нақты саны жүз мыңнан еш кем болмауы керек.
Витовтан келген адам Темір Құтлыққа оның сөзін жеткізеді.

"Ей Темір Құтлық, сендердің дәстүрлеріңде үлкенге сәлем беру деген бар, хан болсаң да сенің жасың менен әлдеқайда кіші, сен менің қосыныма келіп маған сәлем бер, қонақ бол, айтатын талаптарымды қабыл ал, ал ұсынған менің қолымды итеріп, соғысамын десең бұ жерден аман шықпайсың" дейді.
Хан уақыт созу үшін "жарайды ойлануға уақыт бер" деп біраз үнсіз жатып алады.

Сол сәтте арттағы Едігеден ханға хабар жетеді.

"Уақыт соза тұр, алдап - сулап шартына көн, мен жетемін" дейді Беклербек.
Темір Құтлық амалсыз Витовттың шатырына барып, оның қызын алып оған күйеу бала болады, оның билігін мойындаған қуыршақ хан болуға да көнгендей болып уақыт ұзартудың бар амалын жасайды.

Бұ кезде елдегі Едіге "хан қоршауда қалды" деп дереу ел аралап жаушылар шаптырады. Бұндай дабылдан соң ел арасындағы бектер, қаракөктер, игі жақсылар, батыр — бағландар аттарына қарғып мініп Едіге байрағының түбіне тез жиналып күнбатысты бетке ұстап аттарын пысқыртып - тұштыртып қазіргі украин жеріне тартып кетеді.

Ұзын саны — 60 - 70 мың болатын әскермен Едіге ырғалып - жырғалып Ворскла өзеніне жетеді. Сонша аз уақытта Едіге одан көп жинай алмайтын еді.

Би келе сала өзен жағасына қосын тігіп Витовтқа адам жібереді.
"Әй Витовт княз, сен біздің дәстүрді жақсы білетін көрінесің, сенің жасың менен кіші екен, келіп менің қолымды алып маған сәлем бер, қонақ бол, талабыма көн, келмесең өз обалың өзіңе, тұрысатын жеріңді айт" деп тепсінеді адуынды беклербек.

Аяқ астынан жағдайдың қалай, қай жаққа өзгеріп кеткенін түсінбей қалған Витовт, сол кезде ғана алданғанын түсініп ұрысқа дайындала бастайды.
Содан хош, Ворскла өзені маңындағы бір алаңқайда темір құрсанған еуропаның ержүрек ұландарымен, даланың апайтөс білекті, руһты жауынгер жігіттерінің арасында сатыр - гүтір еткен шайқас басталады.

Бұл ұрыста көпті көрген ұлы даланың баһадүр жігіттері кезекті тактикасына салып жау шебіне батыл түрде лап беріп ат қояды. Олардың шабуылына мықты тойтарыс беріп Витовт әскері өз орнында тұрып алады. Бір кезде көшпенділер шебі қожырап лек легімен артқа шегініп қаша бастайды. Оны Витовт жау қашты деп түсініп "қуыңдар" деген бұйрық береді.

Соны күткен жауынгер далалықтар өздерін қуған Витовт әскерін қоршауға алып садақтарын кере тартып оқ жаудырып еуропалықтарды оқ астына көміп қырып тастайды. Одан аман қалғанын түйреп, кескілеп тастайды.
Бұл кез келген далалық білетін үйреншікті әскери тактика. Оны Шыңғыс қаған да, Темір бек те, Бабыр шаһ та пайдаланған.

Сонымен Витовтың еуропалық құрама әскері ұрыста күл талқан болып жеңіледі.

Витовтың өзі қатты жараланып, бас сауғалап қашып құтылады.
Жағдайы нашарлап кетеді.

Жалпы, бұл шайқастан соң Еуропа үрей құшағына оранып дүр сілкінеді. Еуропа, Азия шартарапқа әп сәтте түрлі шошынған хат - хабар тарап кетеді.
"Көшпенділер Еуропаға қайта оралды", " "шығыстан жаңа Атилла мен Бату келе жатыр" деп шошиды кәрі құрлық.

Бірақ Хан мен Беклербек қашқан жауды қуалай отырып Киевті қоршауға алып қаладан алым - салық алғасын кері қайтады.
Хан мен Бидің мақсаты құрлық шабу емес, басқа еді.

Осы шайқас тарихта атақты "Ворскла шайқасы" деген атпен қалды.
Бұдан соң еуропалықтар "бұл көшпенділерді майдан даласында құдай жеңбесе адам жеңе алмайды" біржола қолын сілтеген екен.
Қарай отырып қайран асыл бабаларым ай демеске шара жоқ,
Ордасы әлсіреп қалды деген тұста да жауырыны жерден күш алып тұтас құрлықтың зәресін зәр түбіне жіберетін білегі мен айбатынан, қаһарынан, ынтымағынан қалай айналмайсың...

Қазір ғой... "Ойбай орыс, аттан қытай" деп алакеуде саршұнақтай боп қалғанымыз... сол гезде шіркін қандай едік...

Әлгі Зеленскийге берілген Витовт ордені дегенде осы тарихтың есіме түскені.
Ол Витовт — сол Витовт еді.

Олжас Әбіл

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1551
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3346
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6194