Сенбі, 19 Маусым 2021
Жаңалықтар 3156 0 пікір 26 Желтоқсан, 2012 сағат 06:41

Латын әліпбиі турасындағы отырыс

Астана қаласында «Аманат» интеллектуалдық клубының кезекті отырысы өтіп, онда жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөнінде ойталқы орын алды.

«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының қолдауымен өтетін «Аманат» интеллектуалдық клубының кезекті отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стартегиясы» - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында айтылған 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіру тапсырмасына сәйкес қоғамдық талқылау ұйымдастырылды.

Астана қаласында «Аманат» интеллектуалдық клубының кезекті отырысы өтіп, онда жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөнінде ойталқы орын алды.

«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының қолдауымен өтетін «Аманат» интеллектуалдық клубының кезекті отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стартегиясы» - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында айтылған 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіру тапсырмасына сәйкес қоғамдық талқылау ұйымдастырылды.

Іс-шараның күн тәртібі аясында латын әліпбиіне көшудің халықаралық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және техникалық аспектілері, атап айтқанда бірегей стандарт қабылдау мүмкіндігі, оның негізгі қағидаттары, әлеуметтік желіде әліпбиаралық әріп сәйкестендіру тетігін енгізу сұрақтары қаралды. Отырысты клуб мүшесі Берік Уәли ашып, кіріспе баяндама  жасау үшін сөзді көсемсөзші, мәдениеттанушы Серік Ерғали берді. Баяндамашы жаңа қазақ әліпбиі жөніндегі бұған дейін қоғамда болған түрлі бастамалар мен әрекеттер жүйесіздікке ұрынғанын және мүдделі үш тарап: билік, қоғам және ғалымдар тобы жүйелі түрде өз міндеттерін атқара алмағандықтан, бұл мәселе кешеуілдеп кеткенін жеткізді.

Аталған отырысқа еліміздің танымал сарапшылары, тілді дамыту және зерттеу институттарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, зияткерлік клуб жұмысына «Нұр Отан» ХДП  хатшысы Ерлан Қарин қатысып отырды.  Латын әліпбиі жобасымен ұзақ жылдар шұғылданып жүрген А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек Түркі академиясының арнайы жобасымен жүзеге асып жатқан ортақ түркі әліпбиі туралы айта келіп, жаңа қазақ әліпбиі де осы әліпбидің құрамдас бөлігі ретінде әзірленуі керектігін айтып, 34 қаріптен тұратын түркілер әліпбиінің жобасымен таныстырды.  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Жасанды интеллект институтының директоры Алтынбек Шәріпбаев, латын қаріпті әліпби жобасын жасаушы авторлар Әубәкір Дәурен, Аймағанов Жанат, Арыстанбеков Исламбек өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Журналист, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қуандық Шамахай, ҚазТЕСТ басшысы А.Әбдіхалықов, Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері тағы басқа қатысушылар  өз пікірлерін білдіріп, отырыс қарарын талқылауға қатысты.

 

ЖАРЫС  ПІКІР

Отырыс барысында қаріп таңдау жөнінде екі түрлі тұрғыдағы пікір орын алды:

1. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек:

- Ішінара өзгеріске түскен (басында қос нүктесі бар, аяғында құйрықшалы т.т.) латын қаріптерімен толықтыру арқылы біртаңбалы бірыңғай қазақ әліпбиін түзу;

2. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Жасанды интеллект институтының директоры Алтынбек Шәріпбаев, латын қаріпті әліпби жобасын жасаушы авторлар Әубәкір Дәурен, Аймағанов Жанат:

- Ешбір қосалқы қаріптерді кіргізбестен, ағылшын-латын 26 қарпін ғана қолдану арқылы қазақ әліпбиін түзу.

1-тараптың дәйегі:

Ортақ түркі әліпбиінен ауытқымау - қазақ әліпбиін жасақтаудың басты принциптерінің бірі; ол түркілер бірлігін қолға алып отырған елдік саясаттан да туындайды.

2-тараптың дәйегі:

Қазіргі кезде қытайдан бастап барлық елдер өз әліпбиілеріне халықаралық балама әліпби ретінде ағылшын-латын қарпін енгізе бастады; француздар мен немістер де өздерінің қаріптерін ағылшындау үстінде; тіпті, әзірбайжандар да осы жолға түсуге бас қатыруда; бұның барлығына себеп - техникалық-электрондық мүмкіндіктердің тек қана ағылшын-латын қарпіне негізделе жасалуында. Біз бұдан бас тартсақ, ертең қатемізді қайта қарауға бәрібір мәжбүр боламыз.

Сонымен бір отырыста басты мәселе айқындауға бір қадам жасалды. Енді осы тараптардың принциптік тұрғыдан қаншалықты орынды, қаншалықты орынсыз екенін ресми сараптама мен құзырлы органның анықтау қажеттігі туындады.

Жаңа қазақ әліпби мәселесі жақандық мәселеге келіп тіреліп отыр.

Отырыс нәтижесінде қарар қабылданды.

«Аманат» интеллектуалды пікір-сайыс клубының «ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы» - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы: Қазақ тілі еміле ережесін жетілдіру жолдары және әліпбиді латын қарпіне көшірудің мәселелері мен тиімді тәсілдері» атты арнайы отырысының

ҚАРАРЫ

Қ А Р А Р

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан туындайтын қазақ әліпбиін 2025 жылға қарай латын қарпіне көшіру мәселесін қоғамдық ортада қарастыра отырып, тиісті тараптардың назарына төмендегі мәселелер мен шешімдердің жүзеге асуын ұсынамыз.

1.   Қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасақтау жолында арнайы құзырлы Жұмыс тобын құру;

2.   Жаңа әліпбиді әзірлеу мен енгізу мерзімін нақты белгілеу және жұмыс жоспарын бекіту;

3.   Қазақ тілінің жаңа әліпби тұжырымдамасы, дыбыстық стандарты мен қаріптерді таңдау және тағайындауға қажетті критерилер мен талаптар бекіту;

4.   Болашақ жаңа қазақ әліпбиі ортақ түркі әліпбиіне барынша сәйкес болуын қарастыру;

5.   Алдағы жыл ішінде жаңа әліпби жобасын жасап, оны түрлі әлеуметтік ортада сынақтан өткізу;

6.   Қолданушыға қажетті барлық ресурстарды, атап айтқанда, орфографиялық, орфоэпиялық, транскрипциялық, транслитерациялық сөздіктерді, тағы басқаларын Жаңа әліпби кешені ретінде әзірлеу;

7.   Жаңа әліпбиді енгізу жолында түрлі ресми,ғылыми және қоғамдық шаралар ұйымдастыру.

2012 ж 25.12. «RIXOS» қонақ үйінің «Орда» залы.

«Abai.kz»

0 пікір