Ресейлік БАҚ Қостанайдағы өрт жайлы не дейді?
Ресейдің ақпараттық-бақылау кеңістігінде “Жоспарлы түрде азық-түлік тапшылығын жасау» деген мағынадағы хабарлар белсенді түрде таратыла бастады, деп жазады «РПУ Данк» телеграм арнасы.
Қазақстанның солтүстігіндегі Қостанай облысында ормандар мен бидай алқаптары өртеніп жатыр, жақын маңдағы елді мекендерде бірқатар «түсініксіз» өрт шықты. Зардап шеккендер бар, әкімшілік орталыққа, Қостанай қаласына апаратын басты тас жол жабылды. Айта кету керек, Лисаковскіде бірнеше күн бұрын 600-ге жуық саяжай өртенді. Фермерлердің хабарлауынша, қазір егін жинау науқаны және дәл осы уақытта бидейдың өртенуі бекер емес.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссия отырысында Ресей үшінші елдерге астық экспортын жүргізу үшін квоталар мен баж салығын енгізуді Қазақстаннан талап еткен болатын. Ресей бұл талабын ЕАЭО елдері арқылы шектеулерді айналып өтіп, Ресейлік астықтың кері экспортын алдын-алудың жалғыз жолы деп түсіндірген.
Қазақстан Ресейлік талапқа үзілді-кесілді қарсы, өйткені шетелге астық жеткізуді өзі одан әрі дамытқысы келеді. Орталық Азия елдері Қазақстандық астықты – бидай мен арпаны өткізудің басты нарығы болып табылады.
Ресей мен Украина әлем нарығындағы астық шығаратын алпауыттар. Бірақ соғыс басталғаннан соң астық экпортында үлкен өзгерістер болды. Ресей Украинаның басып алған аймақтарынан астық тасып, заңсыз шетке жөнелтіп жатыр. Сондай-ақ Ресей Еуразия экономикалық комиссиясының 20 мамырдағы жиналысында Ресей ЕАЭО елдеріне үшінші бір елге астық экспорттауға квота мен баж салығын енгізсін деген талап қойған. Осылайша агрессор әлемде астық тапшылығын жасауға бекіген. Бұл ұсынысқа Армения мен Қырғызстан келіскенімен, Қазақстан қарсы шықты. Өйткені мұндай шешім жергілікті шаруашылықтарға халықаралық міндеттерін орындауға кедергі жасайды.
Қазақстан керісінше, астық пен ұн экспорттауға қойылған біршама шектеулерді алу туралы шешім қабылдады. Ол шешім 10-қыркүйекте күшіне енуі тиіс. Биыл жоспар бойынша 13 миллион тонна астық жиналуы керек, оның 6,5-7 миллион тоннасы ішкі нарыққа шығарылып, қалғаны экспортқа деп даярланған екен.
Abai.kz