Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1526 0 пікір 10 Тамыз, 2022 сағат 16:26

Кәсіподақтар: «Халықтық бақылау» жобасы сәтті іске асырылуда

Қазақстанда үш жылдан бері кәсіпорындарда «Халықтық бақылау» жобасы сәтті іске асырылып келеді. Әлеуметтік жоба Кәсіподақтар федерациясының қолдауымен енгізілген болатын.

Жобаның мақсаты – кәсіпорындағы еңбекті қорғау мен қауіпсіздікті бақылауды нығайту болып табылады. «Халық бақылаушылары» ретін­де мүмкіндігі шектеулі, бұрын кәсіпорында жұмыс істеп, жарым жан болған адамдар жұмысқа алынады. Олар бейнеба­қы­лау жүйесінің көмегімен өндіріс­тегі барлық қауіпсіздік ере­желе­рінің бұзылуын ауысым бойынша қадағалап отырады. «Халықтық бақылау» жобасы осы адамдарды толыққанды жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағ­дайларын қамтамасыз ету үшін қа­жет­ті шараларды уақтылы қабылдауға, ал жұмыс берушілер үшін мүге­дектерді жұмысқа орналастыру бойынша квотаны пайдалануға мүмкіндік береді.

«Халықтық бақылау» пилоттық жоба ретінде алғаш рет Ақтөбе ферроқорытпа зауытында іске қосылып 16 оператор жұмыс істеген. Олар 13 камераның көмегімен зауыттағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қамтамасыз етіп, төрт ауысыммен жұмыс істеді.

Бүгінгі таңда жобаға 164 кәсіпорын жұмылдырылып, 521 қызметкер жұмысқа орналастырылды.

2019 жылы Мемлекет басшысы Ақтөбе облысына барып,«Қазхром» ТҰК» АҚ ферроқорытпа зауытының жұмыс барысын көру кезінде «Халықтық бақылау» жобасымен танысты. Президент аталған жобаны еліміздің басқа да кәсіп­орындарына енгізу мүмкін­дігін қарастыруды тапсырған болатын.

"Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Өйткені, өндірісте жарақат алып қалу қауіпі жоғары болғандықтан, бұндай жұмыс өте пайдалы және қажет. Еңбеккерлерді әлеуметтік жағынан қызықтыратын жобаның маңызы зор", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жобаға қатысу үшін кадрларды іріктеу кезінде мүгедектікті (өндірістік жарақат, кәсіптік ауру, жалпы ауру) белгілеу себебі бойынша кәсіпорында жұмысын тастап кеткен қызметкерлерге басымдық беріледі. «Халық бақылаушылары» Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлық тиісті шегерімдермен және әлеуметтік пакеттермен қамтылып, еңбек шарты бойынша штатқа қабылданады. Жобаны іске асыру мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарының белгіленген квотасы аясында халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді.

Қазіргі таңда «Халықтық бақылау» жобасы сәтті іске асып келе жатқан кәсіпорынның бірі – Ақсу ферроқорытпа зауыты. Зауыт ферроқорытпаларды әлемдік нарыққа шығаратын ірі өндірушілер мен жеткізушілердің бірі болып табылады. Кәсіпорын жыл сайын 1 миллион тоннадан астам шикізат өнідіріп, оның көп бөлігін шетелге экспорттайды. Ақсу ферроқорытпа зауытында 6400 адам еңбек етуде, олардың бәрі кәсіподақ ұйымының мүшелері екен.

«Халықтық бақылау» тек Ақсу ферроқорытпа зауытында ғана емес, «Қазхромның» үш филиалында да іске асырылып жатыр. Осы кәсіпорындарда еңбек етіп, жарақат алып, өндіріске жарамсыз науқас болған жандар жұмыстан шығып қалмайды. Олар «Халықтық бақылаушы» ретінде штатта оператор болып істейді.

Ақсу ферроқорытпа зауыты тәулік бойы онлайн режимінде 38 бейнебақылау камерасын қашықтан қарап, қауіпсіздік техникасының бұзылуын тіркейтін 15 операторды қызметке алған. Барлық бейнебақылау операторлары қашықтан төрт сағаттық ауысыммен жұмыс істейді. Оларды жұмыс орны жоғары жылдамдықты интернетпен, дербес компьютермен және ұялы байланыспен қамтамасыз еткен. Жұмысшылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және ұжымдық шартқа сәйкес барлық көзделген шегерімдермен, әлеуметтік пакетпен кәсіпорынның еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің штаттық бірлігіне алынған.

Таяуда Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Халықтық бақылаушы» қызметкерімен кездесті. Ол әлеуметтік жобаның тиімді іске асып жатқанын айтып, маманға алғысын білдірді.

«Кәсіподақтар федерациясының мақсаты – өндірістегі жарақаттар мен жазатайым оқиғаларды нөлге дейін түсіру болып табылады. Әлемдік статистика бойынша 30 000 жеңіл тәртіп бұзушылық 3 000 жеңіл жарақатқа апарып соғады, бұл өз кезегінде 300 ауыр жарақатқа себеп болады екен, бұл өз кезегінде өлімге әкеледі. Сондықтан, сіздер, «Халықтық бақылау» операторлары, әуел бастан-ақ қоғамдық өмірде әлеуметтік белсенділік таныта отырып, осы тәуекелдерді жоюға мүмкіндік тудырасыздар. Бұл жобаны одан әрі дамыту арқылы біз екі маңызды мақсатты алға қойдық – кәсіпорындардағы өндірістік жарақаттарды жою және бұрын өндірістік жарақат алған адамдардың жұмысын жалғастыру мүмкіндігін беру. Олар тұрақты жұмыс орнын сақтай отырып, қызмет орнындағы бұзушылықтарды анықтау арқылы ықтимал жарақаттардың алдын алады. Сіздермен кездесу барысында түсінгеніміз, жоба жұмыстағы құқық бұзушылықтарды бақылау мен алдын алудың тиімді құралына айналды. «Халықтық бақылау» әлеуметтік жобасы шынымен де қазақ жұмысшыларының өмірін сақтайды. Осынау өте пайдасы зор жұмыс үшін сіздерге рахмет», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясы «Халықтық бақылау» жобасымен қатарлас «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Бұл кәсіпорындардағы жұмыс барысында мамандардың жазатайым қатерге ұшырауын болдырмауға арналған тұжырымдама. 2019 жылы 17 маусымда Женева қаласында Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы арасында «Vision Zero» нөлдік жарақат тұжырымдамасын ілгерілету туралы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморондумға қол қойылған болатын.

Бұл құжаттың мақсаты: өндірістік жарақаттануды айтарлықтай төмендету, жазатайым оқиғалар мен еңбек ету зиянды жұмыс орындарының санын қысқарту, озық тәжірибеге сүйене отырып қатердің алдын-алу шараларын ұйымдастыру болып табылады. Тұжырымдама жарақат алу деңгейін нөлге түсіруге бағытталған. Мұнда жұмыс беруші мен жұмысшының ынтымақтастығы үлкен рөл атқарады.

Ол жеті ережені қамтиды:

Көшбасшы болу – қағидаттарға адалдықты көрсету;

Ққауіптерді анықтау – тәуекелдерді бақылау;

Мақсаттарды анықтау – бағдарламаларды әзірлеу;

Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы жүйесін құру – ұйымның жоғары деңгейіне қол жеткізу;

Жұмыс орындарында, станоктармен және жабдықтармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік пен гигиенаны қамтамасыз ету;

Біліктілікті арттыру – кәсіби дағдыларды дамыту;

Кадрларға инвестициялау – қатысу арқылы дәлелдеу.

Бүгінгі таңда «Vizion Zero» тұжырымдамасына республикада 292 кәсіпорын қосылған.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435