Өміржан Әбдіхалықұлы. Астана Алашқа неге алакөздене қарайды?
1-9 сурет - Астана қаласының шетіндегі Міржақып Дулатұлының көшесі және ескерткіш тақта
10-12 сурет - қала орталығындағы А.Петров көшесі
13-15 сурет - Л.Мирзоян атындағы көше
16-18 сурет - Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы көше
19 - сурет - Хан Кененің ескерткіші
20 - Мирзоянның Сталинге жазған қызметтік хаты
Астана қаласының әкімі
Иманғали Тасмағамбетовтың назарына!
1-9 сурет - Астана қаласының шетіндегі Міржақып Дулатұлының көшесі және ескерткіш тақта
10-12 сурет - қала орталығындағы А.Петров көшесі
13-15 сурет - Л.Мирзоян атындағы көше
16-18 сурет - Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы көше
19 - сурет - Хан Кененің ескерткіші
20 - Мирзоянның Сталинге жазған қызметтік хаты
Астана қаласының әкімі
Иманғали Тасмағамбетовтың назарына!
Демеске амал кем. Көзімізбен көріп, қолымызбен ұстаған соң айтып отырмыз. Қаланың шетінен Міржақып Дулатұлына көше беріліпті. Сол көшенің бойындағы тозығы жеткен бес қабат үйдің қабырғасына тастақта ілініпті (бірінші суретті қараңыз). Тастақтаға Жақаңның аяулы бейнесі бедерленіп, «Аса көрнекті ағартушы, Алаш қозғалысының қайраткері, ақын-жазушы» деп жазылыпты. Тақтаның тұрған жері мен көшенің сиқын көріп жылағың келеді. Тастақта тұрған үйдің кейпі 90-ншы жылдарды еске алса, тақта орнатылған тұста адам бойымен шамалас қурай өсіп, жауыннан кейінгі шалшық су жер жолды желім батпаққа айналдырып тастаған. Міне, Астананың өздері тасқа ойып жазғандай «Аса көрнекті ағартушы, Алаш қозғалысының қайраткері, ақын-жазушыға» көрсеткен құрметі. Бұл - бір ғана Міржақып Дулатұлына емес, қазақ тарихына, тұтас Алашқа (қазаққа), тарихи тұлғаларға деген Астананың көзқарасы, ұстанымы, бағасы.
Ал, Астананың орталық аудандарының бірі - Алматы ауданына қарасты жұрт «Орбита» атап кеткен қала орталығында А.Петров деген біреудің атында көше бар. Жарқырап, жайнап тұр. Бұл Петров қаптаған қалың Петровтың қайсысы екенін сол маңда тұратын жұрттан сұрастырғанымызда жан баласы білмейтін болып шықты. Бірақ, орталықта тұр. Қаланың шетіндегі Міржақып Дулатұлының көшесі сияқты шолақ емес, ұзыннан ұзақ созылып жатыр.
Осы адам білмейтін А.Петровтың көшесін бойлап төмен жүре берсеңіз, Левон Мирзоянның атындағы үлкен көшеге кездесесіз. Көше емес, даңғыл дерсіз. Ал, сол Мирзоянның кім екенін Астана біле ме екен? Әй, білмейді-ау, білсе, қазақтың қанын ішкен Мирзоянға Астананың айшықты жерінен көше беріп, Алаштың аяулы Міржақыбын шетке теуіп тастар ма еді?!
Астана әспеттеп, көрікті жерден көше беріп отырған Мирзоян 1937-1938 яғни, репрессия жылдары Қазақстанды басқарған. Сталиннен репрессиялайтын адамдардың санын өсіру жөнінде рұқсат сұрап хат жазған. Тарихи хатты төменде беріп отырмыз. Хат - орысша. Аударып әуре болмадық. Себебі, А.Петровқа көше берген Астана орысша сауатты болуы керек деп білдік.
Бәлкім, Мирзоян сияқты уақытында совет партиясының қатарында, комсомол, партия билігінде болған азаматтар үшін Міржақыптан Мирзоян қымбат шығар, кім білсін!
Астананың орталықтарында Алаш зиялыларының атында көшелер бар. Мәселен, Әлихан Бөкейханның атындағы шолтырайған қып-қысқа кішкентай елеусіз көше бар. Көше атауы жазылған тақтаға үңіліп қарамасаңыз, Әлекеңнің атында екенін білу әсте мүмкін емес. Бұл көше Есіл өзенінің бойындағы хан Кене ескерткішінің тура желке тұсынан басталады. Осы жерден Астананың тайпалық түсінігінің табы байқалады. Кене де, Әлихан да - төре. Бір төреге алып ескерткіш орнаттық, біріне шолақ көшеде жетеді десе керек. Бұл астарды жәй қазақтың өзі бірден байқайды.
Сол сияқты Астананың орталық базарының қасында Жүсіпбек Аймуытұлының қысқа ғана көшесі тағы бар.
Біз тізіп шыққан және айғақ ретінде суретінде ұсынып отырған Астанадағы Алаш пен большевиктердің атындағы көшелерге, олардың тұрған жеріне қарап, Астана кімнің қаласы деген ойға қалдық.
Бір үміт - Астананың әкімі ойланар. Көшелерде әділеттік орнар.
Бек сенім - Өмір - өтпелі, уақыт - көшпелі, билік - ауыспалы. Өзгермейтін - Алаш пен оның Астанасы. Ал, Астана - Алаш қаласы атанар. Қазақ Республикасының астанасы - Алаш қаласы дейтін кезге де жетерміз.
Ал, әзірге Мирзоян көшесінің жойылып, Алаш зиялыларының атындағы көшелер ауыстырылып, орнына Астанадағы даңғылдар мен кең көшелер Алаш атына бұйырар деп ойлаймыз.
«Abai.kz»