Балалардың шығармашылық қабілетін қалай дамытамыз?
Балалардың шығармашылық қабілеті жайында толыққанды зерттеулер жасау кең көлемде қолға алынуы тәуелсіздік кезеңінде мүмкін болды. Соңғы кездері жарық көріп, ұстаздар мен ата-аналардың назарына ұсынылған отандық ғылыми әдебиетке пайымдау мен зерделулер жасайтын болсақ, онда шығармашылықтың табиғатының алуан түрлі екендігін аңғарамыз.
Осылардың ішінде «Іс-әрекет теориясы» ұстанымы шығармашылықты тұлғаның белсенділігі, шығармашылық тапсырманың қарама-қайшылығын шешуге бағытталған шәкірттер мен педагогтар арасындағы өзара әрекеттестікті ұйымдастырудың ерекше түрі ретінде қарастырады. Бір сөзбен айтқанда, балалардың шығармашылығы үшін әрі объективті (әлеуметтік, материалдық), әрі субъективті-тұлғалық (білім, дағды, шығармашылық қабілет) жағдайлардың тепе-теңдігі ауадай қажет.
Қазақ ғалымдары «Қабілеттілік» ұғымы төмендегідей:
- Теориялық;
- Практикалық;
- Оқу;
- Шығармашылық
- Аралас-құраластық;
- Пәндік-танымдық бөліктерден тұрады деп тұжырымдайды.
Тек бір осымен шектелік қалмай ақыл-есі түзік әрбір шәкірттің бойында табиғат сыйға берген жалпы және арнайы қабілеттіліктер болатындығын да естен шығармағанымыз жөн. Өйткені, қабілеттілік дегеніміздің өзі әр бала дүниеге келген сәтте бойына бітетін, бірақ, олардың қоршаған ортасы мен отбасылық жағдайына байланысты түрлінше дәрежеде дамитын, сонымен бірге, көптеген іс-әрекет түрлері бойынша қол жеткізіп отыратын табыстары арқылы анықталып отыратын дағды-машық түрі екенін білгеніміз орынды. Бұл орайда біздің айтпағымыз жалпы ақыл-ойлық және қимыл-қозғалыстық жалпы біліктілік дағдылары болып табылады.
Қабілеттілік ғылыми әдебиеттерде жалпы деп шартты түрде:
- табиғи;
- арнайы деп екіге бөлінеді. Бірақ, қабілеттілік қанша жерден табиғи және арнайы деп екіге бөлінсе де, қабілетті балалар сабақ үстінде осы қабілеттерін жан-жақты танытып отырады.
Өз кезегінде қабілеттілік қолданылу аясына орай:
- ортақ;
- арнайы;
- теориялық;
- оқулық;
- қарым-қатынастық және пәндік-іс-әрекеттік деп іштей сараланды.
Сонымен, бала шығармашылығының дамуында жалпы және арнайы қабілеттіліктің алатын орны ерекше. Атап айтар болсақ бір бала – ән салуға, енді бірі – сурет салуға т.т. бейім болып келеді. Керісінше бір баланың бойынан түрлі қабілетке иелігі де танылып қалып отырады. Сонымен қабілетсіз бала жоқ деген ұғыммен іштей келісеміз. Тек осы қабілет түрлерін дамытпай тастайтын орта ғана бар деген ортақ пікірді қолдаймыз.
Баланың бойында жалпы қабілеттердің болуы, ешқашан оның арнайы қабілеттілігін дамытуға не еш кедергі келтірмейді немесе керісінше қолбайлау да болады. Дегенмен, бала бойындағы жалпы және арнайы қабілеттер көбіне бір-бірін толықтырып, өазар байланыстылықта танылып отырады.
Осы арнайы бейімділік негізінде бала дер кезінде өзін демеп-қолдаушысы болса, түптің түбінде құрбылары арасынан оза шауып бәйге ала алатын дербес тұлғаға айналады.
Енді тап осы арнайы қабілеттілік жайында тарата сөз ететін болсақ, ол балалардың бәрінде ұшыраса бермейді. Тек кейінірек кейбір балалар тек белгілі бірі саладағы іс-әрекет түрлері бойынша жетістіктерге қол жеткізген шақта белгілі бола түседі. Әдетте біз бұндай қабілетке музыкалық, әдеби, көркем өнерлік т.б. қабілеттілік түрлерін жатқызып жүрміз. Соңғы кезде отандық ғылыми әдебиетте арнайы қабілетке мыналарды:
- Музыкалық қабілеттілік;
- Техникалық қабілеттілік;
- Спорттық қабілеттілік;
- Көркем өнерге қабілеттілік;
- Әдеби қабілеттілік;
- Әртістік қабілеттілік;
- Көшбасшылық қабілеттіліктерді жатқызып жүр.
Жоғарыда сөз еткен пікірлерімізді одан әрі өрбітіп ой өрістетін болсақ, біз әңгіме қозғап отырған балалардың шығармашылық қабілеті педагогикалық ғылыми еңбектерде төмендегідей:
- Теориялық;
- Практикалық деп екіге бөліп көрсетіледі.
Осының ішіндегі теориялық қабілет өз кезегінде баланы дерексіз логикалық ойлай білуге жетелеп, пән сабақтары алға қойған теориялық міндеттерді шеше білуге дағдыландырып, парасат кеңістігін кеңейтеді.
Ал, өз кезегінде, практикалық қабілет шынайы өмірлік жағдайдағы нақты іс-әрекетпен байланысты тәжірибелік міндеттерді шеше білу біліктілігінің көрініс беруі болып саналады. Өз кезегінде теориялық қабілет баланың бойында ұшырасатын белгілі бір топқа жататын құбылыстарды түсіндіріп, ұғымдарды тұжырымдап, болжамдарды түйіндеп әрі оны теориялық жақтан бекемдей білу біліктілігін танытады.
Практикалық қабілет баланың өзі үшін аса күрделі болып табылатын өмірлік жағдайларда қиынан қиыстырып жол таба білушілігін айқындап бере алады. Осылардың алғашықысы білім алудағы ілгерлеушілікті, білімді, дағды мен біліктілікке тез қол жетізе алуды білдірсе, оған керісінше соңғысы өз кезегінде, адамның материалдық және рухани құндылықтарын өмірге әкелуге жәрдемесетін жаңа идеялардың өмірге келуінен, жаңа ашылымдар мен өнертабыстарға бағдар ұстанатын шығармашылық іс-әрекеттің түрлі саласында өзін танытады.
Бұдан бөлек осы екі қабілет түрі іштей:
- коммуникативтік қабілет;
- пәндік-іс-әрекеттік қабілет деп сараланатындығын да естен шығармағанмыз жөн. Осы орайда тек пәндік-іс-әрекеттік қабілет ғаламзатқа қатысты баланың жеке бастық іс-әрекеттері арқылы көрініс береді де өзінің шығармашылық сипатын танытып, балалардың шығармашылық қабілеттері ретінде:
- бақылай білу дағдысы;
- сараптай білу дағдысы;
- салыстыра алу дағдысы;
- қиыстыра білу дағдысы сынды бөліктерден тұрады.
Біз жоғарыда сөз еткен екі қабілет түрі бір адамның бойында табыла бермейді. Қолынан іс келетін жан кейбірде өзгелермен тіл табыса алмай да жататыны жасырын емес.
Сөзіміз орынды болуы үшін баланың қабілеті бір ғана іс-әрекет пен қарым-қатынас жасаудың шеңберіне байланып қалмайды. Сонымен бірге, өзгелермен байланысқа түсіп, бір-біріне белгілі бір деңгейде ықпал да етеді. Әрбір жеке қабілеттің бала бойында болуы мен даму деңгейі жеке өздік сипатқа ие болады. Олар өздерін іс-әрекет үстінде танытып, оқушының белгілі бір табысқа қол жеткізген шағында бірін-бірі толықтырып айқын көрініс береді.
Дарынды бала дегеніміз – туа біткен қабілеттілік дамудың алғышарттарына ие оқушы. Талантты жан болса, өзінің бойындағы қабілеттерін дамыту арқасында белгілі іс-әрекет түрі бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізе алады. Данышпан дегеніміз – бұл белгілі бір немесе бірнеше іс-әрекет түрлері бойынша ел таныған әрі даусыз мойындаған табыстарға қол жеткізе алған тұлға.
Осындай, өте күрделі әрі сан қырылы қабілеттілікті психология, педагогика, экономика, эстетика сынды түрлі ғылым салалары қарастырады. Әр ғылым өзінің зерттеу нысаны аясында қолға алып, оның белгілі бір сипатын пәндік тұрғыдан зерделейді.
Отандық ғылымда ел ертеңі дарынды баланың дамуы жан-жақты қолға алынып зерттеле бастауы ұлт болшағы үшін зор табыстың кепілі деуімізге де негіз жоқ емес.
Abai.kz