Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 1780 0 пікір 12 Қыркүйек, 2022 сағат 14:42

Асыл ердің туған күні: Алтынбектің алтын ойлары

Бүгін 12-ші қыркүйек - Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Соған орай біз Алтекеңнің Абайда жарияланған алтын ойларын оқырман талқысына қайта ұсынып отырмыз. 

БҰҚПАНТАЙДЫҢ БҰЛҒАҒЫ НЕМЕСЕ БИЛIК АҚЫРЫНДА ЖӨНIНЕ КЕЛДI...

Түйе толғақтары бiттi. Билiк ақырында азаптан құтылды. Бiр жағына шықты. Қазiрше тек сайлау күнiн ғана айқындады. Назарбаев өз жолдауын дауыстап оқыған күннен-ақ белгiлi болған едi: сайлауды аттап кетпесi. Сайлау болады. Ауа райы қолайсыз болса да. Қар мен жауынға қарамастан. 2007-шi жылы емес. 2006-шы жылы емес. Ал дәл 2005-шi жылы! Өйтпесе сұлу бикештей сылаңдап қажетi не едi?

Бұған күмән туғызғандар кiм? Оппозиция ма? Жоқ! Баспасөз бе? Жоқ! Бәлкiм, қоғам болар? Жоқ. Онда кiм? Билiк пе? Дәл өзi!

Биылғы жылы сайлау өтерiн бәрi де бiледi. Әсiресе, билiк. Бiрақ ол оны мойындай қойғысы келмедi. Бәлкiм, қорқақтаған шығар. Уақытынан бұрын қажетi қанша дегендей. Халықтың басын қатырып қажетi не дегендей. Уақыты келер, бәрiн де бiлер...

Мұның бәрi де бекершiлiк едi. Бәрi де бәрi туралы бiлетiн. Ал билiкке ешкiм де сенген жоқ. Тiптi ОСК төрағасы Жұмабеков мұны жоққа шығарғанда да сенбедi. Ол құдды гестапо қолына түскен партизандай қасарысса да. Сайлау боларын Әдiлет министрi Зағипа Балиева жоққа шығарғанда да сенбедi. Мәжiлiс сайлауынан кейiн сенiмнен жұрдай болғандығы үшiн ғана емес. Өйткенi өтiрiктiң ебедей­сiз құлағы тым сорайып тұрды.

Президентке қажет болған кезде, өздерiңiз бiлесiздер, мүмкiн емес нәрсе жоқ. Тiптi бiз­дiң бет моншағы төгiлiп тұрған үкiметiмiзден 100 мил­лиардты сұрай салу түкке тұрмайды. Билiк дегенiңiз әйел секiлдi. Егер ол бiрдеңенi сұрай қалса, ең дұрысы - бере салу. Өйтпесе қалтаға қолды өзi салады.

Алайда әңгiме бұл туралы емес. Сайлау биылғы жылы өтуi тиiс деп нүкте қойылса керек едi. Нелiктен? Ендi бұл да ешкiмге құпия бол­мас. Шетелден қарақошқыл бұлт төнiп келедi. 2006 жылғы қаңтарда АҚШ-та президент Назарбаевтың экс-кеңесшiсi Джеймс Гиффеннiң соты басталады.

Қашанда да солай, мұхиттың ар жағынан күн күркiрей бастаса, бiздегiлер береке таппайды. Салдары «Катринадан» да жаман болуы мүмкiн. Бiздiң үстемдiк құрушы билiк үшiн. Мiне, сөйтiп кейбiреу­лер ойға қалды. Не iстеу керек? Түсiнiктi жайт, тездетiп сайлау өткiзу керек! Ең бастысы - тездету! Сот басталғанға дейiн. Күнәға батса да өткiзу қажет. Көп болса, әдеттегiсiн айтар. Ештеңенi де бiлмеймiз, сараң құлағымыз ештеңенi де естiмейдi дегендей. Керек десеңiз, бiз Айдан түскендеймiз, аң-таңбыз дегендей бiрдеңелердi ойлап табар. Содан соң айыптай берсiн. Әзiрейiл саналармыз, бiзге тiптi қолдарын бермейтiн болар. Түкiрдiк, есесiне сайланған боламыз! Әрине, адамгершiлiк тұрғыдан алғанда күте тұрған да абзал. Мәселе, тiптi арифметикаға тiрелiп қалған жоқ. Саржамбас болғанша отырғандар аз ба екен? Әне, кейбiр адамдар отыз жыл бойы басқарған. Шындығына жүгiнсек, олардың ақыры ақырзаманға айналды. Сухарто, Саддам Хусейн, Слободан Милошевич. Әрi қарай жалғастырмасақ та жетер. Буштан Бушқа дейiн отырғаны да маңызды емес. Таяу күндерi өзi кездескен Клинтонның екi мерзiмiн де сөз етпей-ақ қоялық.

Алайда күте тұру қажет-ақ едi. Сайлауды сот дүрмегiнен кейiн өткiзсе ғой. Халық кiмге дауыс берерiн бiлер едi. Бәлкiм, аяқ астынан ақтап қалар? О, онда қандай жеңiлдiк сезiлер едi! Әсiресе, оппозиция үшiн. Оны себептi, себепсiз сiлкiле­мес едi. Гиффеннiң қармаққа iлiнiп қалғанына олардың не жазығы бар едi!

Ендi айқын болды, сайлаудың нелiктен осы желтоқсанда өтетi­нi. Түсiнiктi-ақ. Бiрақ осы бiр сәтсiз қойылымның - спектакль­дiң қажетi не едi? Оған депутаттар, Конституциялық кеңес, министрлер, партиялар қатысты ғой. Ақылгөйсiнген бiреу айтты ғой: «Нұрекең қалаған кезде «бiз жариялаймыз» деп. Бiрден-ақ жариялай салмады ма. Сағыздай созғаны несi?

Оңай шаруа қайда дерсiң. Мұның да өз бұқпантайы бар. Кез келген қуға КК-нiң шешiмi табылар дейтiн сөз шыққан. Те­гiн айтылмаған. Үлкен кiсiге кедергi келтiрiп қайтсiн. Оның қолы тимей жатты емес пе. Аймақтарды армансыз аралады, сайлаушылармен кездестi. Сай­лау­алды науқанын жүргiздi. Мiне, ендi онысын аяқтап та үлгердi. Мерзiмiнен бұрын. Есi кеткен ескi замандағыдай, өзi оза шапты. Ал басқалар үлгермей жатса, өзде­рiнен көрсiн, ол ендi маңызды саналмайды. Оларды бәрiбiр бiрнеше сағат бойы «Хабардан», «Қазақстаннан» көрсетпейдi ғой.

Мiне, ендi бәрi де тамаша! Кездесулер өткiздi. Пiкiрлердi тыңдады. Бә­рiне үйiп-төгiп уәде бердi. Ендi жағаны жайлауға жiберiп, дем алса да болады. Ендi Жармахан Тұяқбаймен теледидардағы пiкiр-тартыстан батыл түрде бас тартса да болады. Мейлi ол ендi қалыпқа салын­ған, дайындалмаған сайлаушылармен кездесе берсiн. Немесе, керiсiнше, «дайындалғандармен», яғни, тас пен таяқ берiлген­дер­мен-ақ...

Президент өз науқанын, мiне, аяқтап шықты. Сайлауды жария­лай берсе де болады. Оның бiткенiн күттi де, жариялады.

 

БIР ӨЗЕНГЕ ЕКI РЕТ ТҮСУГЕ БОЛА МА НЕМЕСЕ БАСТЫ МӘСЕЛЕ ТУРАЛЫ ЕСКI ӘНДЕР

Таяу күндерде президент адал сайлауға уәде бердi. Елге және де шекарадан тыс жақтардағы әрқилы обкомдар мен қалакомдарға. Әлем демократияның шарықтауынан шашалуға тиiс едi. Кең мүмкiн­­дiктер сiлкiндiрiп тастаса керек едi. Бәрiн де. Әсiресе сыншыларды. Бiрақ әсерi жоқ. Жiгер­лен­дiрмейдi де. Бiздiң жағдайымызда мұндай салиқалы мәлiмдемелер баяғыдан-ақ ерекше қозғалыс туғызбайды. Вишневский айтқандай: «Мадам, мен сiздi сүймеймiн ғой, дәл сiз үздiккендей...»

Президент Назарбаев тура былай деп мәлiмдедi:

«...мен өз мiндетiмдi терең тү­сiнемiн әрi алдағы сайлаудың мейлiнше еркiн, адал әрi ашық өтуi үшiн және де қорытындылары қазақстандықтардың да, халықаралық қоғамдастықтың да зәредей күмән туғызбауы үшiн қолымнан келгеннiң бәрiн де жасайтын боламын».

Әдемi ме? Әрине, әдемi. Бұл әдемiлiктен қорқыныш туындайды.

Бiздiң елiмiзде әдемiлiктен қарабайырлыққа дейiнгi аралықтың жарты қадамға да жетпей­тiнi белгiлi ғой.

Осыған ұқсас бiрдеңелердiң бұрын болғаны есте сақталып қалыпты. 1998 жылғысы да. 2003 жылғысы да. 2004 жылғысы да. Сөзбе-сөз қайталан­ғандай.

Черномырдин жарықтықтың айтқанындай болып тұр. Ал ол арақ туралы ғана айтып қойған жоқ қой. Басқашасы қолдан кел­мейдi. Ол сан рет «кепiлдiк берген», «қамтамасыз еткен», «ықпал еткен». Оның бәрiнiң немен тынғаны белгiлi. Өткен күзде «қамтамасыз» еткенi сондайлық, әлi күн­ге дейiн жүрек айнытады. Көп­шiлiктiң дауыс беруге деген көңiлiн қалдырып тынды. Бiздi қойшы - депутаттардың өзi қо­лайсызданып жүр. Кiмге ол ке­пiл­дiк бердi, сол парламентке топ ете түстi. Ал қалғандары, халықты қосқанда, жай ғана жерге «топ ете түстi». Тiршiлiгiмiздiң сиқы осындай...

Әрине, сенгiң-ақ келедi. Үмiт соңынан өледi дегендей... Бiрақ сене алмайсың. Сенейiн деп өзiңдi қаншалықты қинасаң да. Сөз бар. Бiрақ нақтылы қадам жоқ! Тiптi бiр табан да жылжу жоқ! Егер ол мәжiлiстiң сол жиы­нында Орталық сайлау комис­сия­сының құрамына оппозиция өкiлдерiн енгiзсе ғой... Содан соң оның өкiлдерiн округтiк учас­келiк комиссиялардың құрамына теңдей жағдайда енгiзсе. «Электрондық алдамшыны» алып тастаса. Оппозицияға мемле­кет­тiк каналдарда сөйлеуге мүм­кiндiк берсе. Өздерiнiң газетте­рi мен үнпарақтарын кедергiсiз таратса. Егер де... Егер де... Он­да айт­қан сөзде­рiне сенiп те қалар ма едiк...

ТҮЛКI, ТАУЫҚ КҮРКЕГЕ ТIРКЕУГЕ ТҰРДЫ НЕМЕСЕ ТАҒЫ ДА АДАЛ САЙЛАУЛАР ТУРАЛЫ...

Егер адамның аяқ-қолының саусақтарынан бастап тән шiруi (гангрена) басталса, әдетте оны кесiп тастайды. Дәрiгерлер солай дейдi. Және де оны кешеуiл­детпей, дереу жасайды!

Бiздiң елiмiзде саяси реформа жасау қажеттiлiгi баяғыда пiсiп жетiлген. Қай жағынан алсаңыз да. Мейлi объектив­тiк, мейлi субъек­тивтiк тұрғыдан болса да. Әсiресе, субъективтiк жағынан. Мiне, сол «субъектив­тiк» дегенiмiз - шiрудiң-қағынудың нақ өзi. Ол қанға тарап, барлық тәндi бүлдiрмей тұр­ғанда, бүгiн кесiп тастау керек. Ертеңге қалдырса, одан да көбiрек кесуге тура келедi. Бұл - күн тәртi­бiндегi басты мәселе.

Бүгiнде, өкiнiшке қарай, бәрi де бiр адамның - президент Назарбаевтың қолында тұр. Бас дәрiгер бейнесiнде. Анығында бас хирург­тiң. Бас терапевтi де, анестезиологты да, тiзiм бойынша одан арғыларын да бiр өзi алмастырған кейiпте.

Соңғы 10 күн iшiнде бас дәрi­гер осы мәселеге қатысты бiрiн-бiрi жоққа шығаратын үш түрлi мәлiмдеме жасады. Төрелiгiн өздерiңiз айтыңыздар.

1) Республикалық он телеарна бойынша көрсетiлген тiкелей эфирде ол былай дедi: «Парла­мент­тiң санын көрнекiлiк тұрғыда ұлғайту - бұл тiптi де демократияның мәсе­лесi емес. Атқарушы органдар тағайындала ма, немесе сайлана ма, бұл да демократияның мәсе­лесi емес. Демократияның мәсе­ле­сi ашық та әдiл сайлауларда. Мiне, бұл бас­ты мәселе болуға тиiс. Ал ендi партиялық тiзiм бойынша ма немесе партиялық тiзiм бойынша болмауы дегенге келсек, тағы да талқылап, Қа­зақстанға қайсысы керек екенi туралы пiкiрлесу қажет».

2) Конституцияның 10 жылдығына арналған халықаралық конференцияда былай деп мәлiм­дедi: «Бiз осынау жылдары сондайлық еңбекпен қол жеткеннiң бәрiн ой­ланбастан iстел­ген бiр қадаммен сызып тастап, балаларымыздың болашағын тәуекелге сала алмаймыз.

Билiк дегенi­мiз, бұл - ең алдымен, жауап­кер­шiлiк. Сондықтан да мен бүкiл жауапкер­шi­лiкпен былай деймiн: бiз сенiмдi болғанда ға­на әрекет етемiз - та­рих бiзге екiншi рет мүмкiндiк бер­мейдi.

Экономиканың бәсекеге қабi­леттiгi жетiмсiз болып, азаматтық қоғам нығаймаған жағдайда радикалдық саяси реформаларды асығыс, демек, дайындалмай жүргiзу әлеуметтiк тұрлаусыздықты туғызуы және либералдық құндылықтардан айыруға, демократиялық үрдiстер­дiң тоқталуына соқтыруы мүмкiн. Мұны бiз кейбiр посткеңестiк республикалардан байқап отырмыз. Бұл тек солардан ғана байқалып отыр­ған жоқ.

Сондықтан қоғамда бүгiнде жүрiп жатқан пiкiрталастың бас­ты мәселесi - демократиялық реформалардың қарқыны туралы мәселе.

Мен кезең-кезеңмен эволюциялық ырықтандыруды жақтаймын, мұнда интенсивтiк экономикалық даму саяси жүйенi демократияландырудың тереңдiгi мен тұрақтылығын айқындайды. Әлем­дiк тәжiри­бе, соның iшiнде бiздiң көршiлерi­мiз­дiң тәжiри­бесi көрсеткенiндей, кедей қа­уым­дастықтарда демократия мен саяси бостандық еш мүмкiн емес».

(Мұнда ол бiздiң экономикамыздың «бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң жетiмсiздiгiн» мойындағанына шүкiршiлiк етейiк, аз болмағанда көш басшылардың қатарындамыз дегендi тықпалай берушi едi).

3) Ал парламенттiң сессиясын ашарда 1 қыркүйекте сөйле­ге­нiнде былай дедi: «...мен өзiмнiң төрағалығыммен Демократиялық реформалар бағдарламасын әзiрлеу және нақтылау жөнiндегi мемле­кеттiк комиссия құруды жоспарлап отырмын. Оның құрамына парламент депутаттары, президент әкiмшiлi­гiнiң, Үкiметтiң, партиялардың, қоғамдық бiрлес­тiктердiң және үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлде­рi кiретiн болады. Комиссия 2006 жылдың маусымында нақты ұсыныстарын беруге тиiс.

Тек осындай терең демократиялық өзгерiстер ғана бiздiң экономикалық табыстарымызға сай келетiн болады...

Әлбетте, орныққан демократиялық дәстүрлердiң жоқ екенi де рас және бiзге «тәжiрибе жасау мен қателiк кешу» тәсiлiмен алға жүруге тура келедi. Бұл оңай жол бола қоймайды. Мұны да бiз бiлемiз. Оңайлықпен кел­мейтiн осы тарихи қайта құ­руды бiз сол арқылы елiмiздiң болашағы үшiн қазақстандықтарды одан әрi топтастыра түсе­мiз деген үмiтпен жүргiзуге тиiспiз».

Бiр-бiрiнен мүлде бөлек, тұрақсыз үш жолдау. Мұндайды бүгiнде қойыртпақ дейдi. Қайсысына сенемiз?

Бұл не - болып-толғандық па? Әлде «өлтiруге болмайды кешiрiм жасауғаның» жаңа түрi ме? Егер соңғысы болса, онда үтiр белгiсi қай жерден қойылады? Және де бастысы, оны қоя­тын кiм? Егер жолдаулары осындай әрқилы болса, онда президентке қалай сенесiң? Ел үшiн түйiндi мәселе бойынша басы әңкi-тәңкi болған адамға елдiң тағдырын табыстап, бiз орынсыз тә­уекелшiлдiк жасап отырған жоқпыз ба?

1999 жылы президент өзiнiң инауграциясындағы сөзiнде қазақстандықтарға тек екi нәрсе бойынша уәде еттi - демократия мен әл-ауқаттылығы. Есiм­де, сөзiн дайындауға өзiм де қатыс­тым. Кейiннен ол басқаша айта бастады: алдымен экономика, содан кейiн саяси реформа дегендей. Бiрде атты арбаның алдына жексе, ендi бiрде артқа...

Жетi жыл өттi. Демократия жоқ - ол айтпаса да түсiнiктi. Соған орай әл-ауқаттылық та жоқ. Оның сөзiне қарағанда экономика гүлденген. Статистиканың деректерi бойынша елiмiз­дегi iшкi өнiм шығару өсуде. Ал бақытқа кенелу, яғни халықтың әл-ауқаттылығының жақсаруы жоқ! Әзiрше оның төбесi де көрi­нер емес. Қашан болары да түсiнiксiз. Әлi жетi жыл күту керек пе?

Бұл арада басқа идея туындайды. Бәрi үшiн және бiрден әл-ауқаттылықты жасай алмайсың. Ол ұзақ та. Сондықтан, бәл­кiм, басқаша жасап көруге болар? Егер көрсетiлген ретпен қисыны келмесе. Мысалға айталық, алдымен - демократия, содан соң - экономика! Қара да тұрыңыз, iске асып-ақ кетедi! Өйткенi демократия кезiнде ұрлауға көнбейдi. Сайланған бас­қарушыларға да ыңғайсыздық туады. Газеттер шу көтере­дi. Парламент тексеру жүргiзе бастайды. «Электорат» алаңдайды. Ақшаны бюджеттен «суы­рып алу» қиындайды. Тiптi ғарыштық бағдарламалар үшiн болса да. Пирамидалар мен мұхитариумдар үшiн де.

Президент саяси реформаларға уәде еткен дәл сол күнi, елiмiздiң екiншi бiр шетiнде түн қараңғылығын жамылып, бiр адам­ға сөгiс бердi. Тағдырлық мәнi зор реформа мен сөгiс жариялауда не байланыс бар? Мәселе мәнiсi сөгiсте емес. Оның кiмге берiлгендiгiнде.

Сөгiстi Ғалымжан Жақиянов­қа бердi. Қайратты да қажымас адамға. Оған бүгiнде күштеп мал бақтырып қойған. Белгiлi болғанындай, күндiз де, түнде де. Заң­ды белден баса отырып. Бiзде қай жерде заң сақталған едi?

Оның серiгi бар. Есiмi - Нұр­сұлтан. Ғалымжан одан жарты сағатқа сұранған. Үйге барып, жылы киiм әкелуге. Түн суытып, жауын жауарға айналған соң. Дәл осы арада түнгi жортушылар, полковниктер сап ете қалады да, болмады деп актi қаттайды. Сонымен сөгiс жариялайды.

Сөгiс дегенiңiз - шартты-мерзiмiнен бұрын босатуға жасал­ған тыйым салушылық. Оны заң бойынша 2 қазанда бостандыққа шығаруға болар едi. Саяси реформалар бағдарламасының басталуы осы емес пе?!

Алайда бiреулер мұны тiптi де қатты қаламайтын көрiнедi. Бiр Нұрсұлтан жiбередi, екiншiсi - қаламайды. Өйткенi Жақиянов саясатпен айналысатын болады.

Ойпыр-ау, ол онсыз да айналысып келедi ғой. Ол - «Әдiлеттi Қазақстан үшiн» қозғалысы кеңесiнiң мүшесi.

Мынандай сұрақ туындайды: «Егер келесi күнi оның қол астындағылар өзiнiң айтқанының бәрiн сызып тастайтын болса, онда мемлекет басшысының сөзiнiң шынайылығына қалайша көз жеткiзiп, сенуге болады?! Бiреу­лер айтар, бәлкiм, нелiктен ол деп. Солай-ақ болсын. Онда «не­лiктен ол» кiм? Қандай себептермен әр кезде «нелiктен ол» жауапкершiлiктен тайсалып кетедi? «Нелiктен олды» тек бiр ғана адам болатындай жүйенi жасаған Назарбаев кiнәлi. Дәл соның өзi! Ол кiмге өкпе артады? Бiр қарағанда өкпелемейтiн де секiлдi. Тек әр кезде-ақ соңғының таптырмай кететiнi жаман. Тұйықталып қалған шеңбер болып шығады.

Мiнеки, Назарбаев Ғалымжан Жақияновты бостандыққа шығарды дейiк. Онда оның жазылып қойылған жақтастары ғана емес, тiптен бiз де, оппозициядағылар да, «рақмет» айтар едiк. Тiптi «өйткiмiз келмесе» де...

Немесе басқа бiр мысал, Назарбаев сөз бостандығы туралы айтады. Шындығына сайғанда, ол заңның шеңбе­рiнде, яғни қысқа қарғыбауда болуы тиiс деп бiрден атап көрсетедi. Iс жүзiнде қалай? Журналистердi ендi қорқытпайды, оларды өлтiре бастайды. Газеттi жай ғана жауып тастамайды, оларды жоюға тырысады. Прокуратура оппозициялық ұйымдардың ғимараттары мен үйлерiн заңсыз тiн­тедi және демократиялық басылымдарды заңсыз тартып алады. Полицейлер оппозициялық газет­тердi сатып жүрген кемпiрлердi қуғындайды. Пре­зиденттiң саяси өзгерiстiң қажеттiгi туралы әрбiр сөзiнен кейiн дүние тарылып сала бередi. Елiмiз үшiн қорқынышты. Оның қазiрше басқа сөз айта қоймағаны қандай ғанибет...

 

ЖЕКЕ-ЖЕКЕ ДАУЫС БЕРЕМIЗ, НЕМЕСЕ НАЗАРБАЕВ ИДЕОЛОГИЯСЫНЫҢ «САУЫН СИЫРЫ» ТУРАЛЫ

Аймақтардағы сайлауалды өз сапарын аяқтай келе Алматыда болған Назарбаев тұрақтылық туралы тағы да тiл қатты.

Ол «тұрақтылық - бiздiң басты жетiстiгiмiз» дедi. Дұрыс-ақ айтып тұр! Тұрақтылық - бiздiң жетiстiгiмiз! Оның ғана емес! Бiздер үй-iшiмiзбен, әулетiмiз­бен, ауламызбен, қаламызбен достық қарым-қатынастамыз. Мына бiздер бiр-бiрiмiзбен атыс­қанды қаламаймыз. Бiр-бiрiмiз­дiң көзiмiзге шұқымаймыз. Адамдар бiрлiк пен келiсiмнiң қа­жеттiлiгiн ежелден-ақ түсiнген. Бұл көп ұлттық елдегi тiршiлiк етудiң бiрден-бiр тәсiлi. Бiз этникалық және дiни ұрыс-керiстердiң ең бiр қантөгiстi және ең бiр мақсатсыз екендiгiн бiлемiз. Оны бастап алған соң тоқтату мүмкiн емес. Бiз осыны өте ертеде түсiндiк. Бiздiң халқымыздың күшi де осында.

Президенттi қолдаушы кейбiр ұйымдардың кең түрде жарнамаланған науқандары еске оралады. Олар былай дейдi: «Орыс­тар Назарбаев үшiн!». Қазақстандықтар емес, халық емес, ал көп этностардың бiрi. Мiне, солай. Сұрау салусыз, референдумсыз. Жай ғана ұйғара сала, алдын ала анықтап қойған. Бiзде Конституция да, заңдар да жоқтай-ақ. Бұларға мұндай құқықты кiм берген? Мұндай батылдық қайдан пайда болған?

Мынандай парадокс бар. Солтүстiкке қарай жақындаған сайын облыс әкiмдерiнiң тоталитарлық сипаты асқына түседi. Ондағы әкiмдердiң бәрiн де бүрiп ұстағандары соншалық, дем алудың өзi қиынға түседi. Шектен шыққан жайсыздық.

Осындай облыстардың бi­рiнде ала­бөтен жағдайлар бой көрсеттi. Солтүстiк Қазақстан облысындағы, билiкке жақын бизнесменнiң бiрi шағын авто­бус­тар сатып алған. Оған ойларына келгенiн жазып, әлдеқандай ұйымдарға сыйға тартқан. Олар да мәз. Жаяу жүрiп дауыс бер­мейтiнiне! Сiз билiктiң бұған қаншалықты қатысы бар деп ойларсыз? Нелiктен оның қатысы бар екенiн қараңыз.

Сонымен қоса ол көптеген сұрақтардың туындауына себепкер болды. Дәлiрек айтқанда, 130 сұрақтың. Қазiр бәрi ойлануда. Ойланып жатыр. Електен өткiзуде. Ал қазақтар кiмге да­уыс беруi керек? Украиндықтар ше? Немiстер ше? Татарлар? Дүңгендер? Кәрiстер? Еврейлер? Ассирилiктер де таңдау жасауға тиiс қой. Табасарандықтар. Нганасандықтар. Мiне, осындай 130 қоюланған, от шашқан сұрақтар! Бiрден-бiр жалғыз ғана сұрақ болуы тиiс қой! Қазақстандық! Жалпы мемле­кеттiк! Жалпы ұлттық!

Былайша айтқанда, билiк сызықтан аттап өттi. Ол шектен шығып кеттi. Бiз қадiр тұтқанның бәрi де бүлiне бастады. Назарбаев қолына екi қырлы пышақ алды. Онымен кесуге де болады, сондай-ақ өзiңдi жарақаттап алуыңа да болады.

Украинаның мұңлы тәжiрибе­сi бiрден еске оралады. Онда басқа пәле iздеген саяси технологтар елдi жасанды түрде бөлуге тырысты. Шығыс пен Батысқа! Украиндықтар мен орыстарға!

Саяси технологтардың ойындары қанбаған секiлдi. Күрес­кер­лiк күйiнiшi мен тапталған сезiмдерi әлi де қалған. Жеңсiк алуға ынтызарлық қалған. Оларды бiзге шақырған кiм?

Ең қорқыныштысы: билiк үнсiз отыр. Прокуратура үнсiз. Соттар үнсiз. Үкiметтiк БАҚ үнсiз. Үкi­меттегi идеологтарымыз үнсiз. Алматыны ескiше Алма-Ата деп атауға төзгiсi келмейтiн «жазылып қойылған» қазақ «патриоттары» да үнсiз. Бәрi де айнала қорғанған және үндемейдi.

Бұлардың ойындары өзгеше. Қауiптi. Салдарлары оңайға соқ­пайтындай.

Олар Югославияның мысалын ұмыта қалған ба? Карабахты ұмытқан ба? Ошты ұмытқан ба? Жоқ, естерiнде. Бұл туралы жиi айтады. Олай болса мұндай­ға неге барады?

Бiреу алдыға мақсат қойғанға ұқсайды: қандай құнмен болса да жеңу керек. Қандай құнмен - маңызды емес. Жеңу керек. Арғы жағы көрiне жатар! Олар мақсат құралды ақтайды деп ойласа керек. Бiрақ мұндай құрал болуы тиiс емес қой! Мақсаты да қатерге байланған. Этникалық белгiлерi бойынша дауыс беруге шақырған елдiң тағдыры не болмақ? Жiктелумен тынбақ. Олай етуге болмайды!

Шешiмiн күткен сұрақтар бар. Бұл - басқа iс. Ұлттық мәселелер де баршылық. Алайда оны шешу қажет. Жай ғана шешу. Күнделiктi. Әрбiр нақтылы жағдайда. Мәселе­лердi топтап-тоғыта бермей. Оларды тұздап қоймай. Бүгiнгiдей ке­йiн­гiге сыр­ғытып тастамай. Шешу, яғни қандай да бiр қадам жасау керек. Ымырашылдық жолын iздеу­мен. Онсыз авторитарлық жүйе қираған кезде, мемлекет те құ­лап тынады.

Министрлiктер мен әкiмат­тар­­дың басшылық құрамын қараңыз. Телефон анықтамаларын парақтаңыз. Орыс тiлдегiлер тегiн­дегi адамдарды көбi­рек кездес­тiресiз бе? Лауазымдық қызметте отырғандарын. Қоғамда мұн­дай мәселе бар ма? Бар. Талқылана ма? Иә. Демек, оларды шешу керек.

Бұл квота белгiлеу дегендi бiл­дiрмейдi. Бұл азғантай адамдар тобының президенттi қолдау туралы жасаған мәлiмдемелерi проблемаларды өздiгiнен шеше салады дегендi бiлдiрмейдi. Бұл саяси жүйенiң залалды екендiгiн бiлдiредi. Ол демократиялық тұр­патта емес. Ол жабық. Ол әдетте адал емес жолдармен қалыптастырылған.

Демек, демократия туралы мәселеге қайтадан ораламыз. Және де бiр ғана жеңiс қажет. Демократия мен парасатты ой жеңiсi.

Түркiстанға сапары кезiнде Назарбаев тiл саясатын жүргiз­ген кезде абайлау қажеттiлiгiн, мемлекеттiк тiлдi үнемi, кезең-кезеңдерiмен енгiзу жө­нiнде айт­ты. Дұрыс-ақ сияқты. Алайда ақиқаттан алыстық мынадан байқалады: айтылған саясаттың өзiнiң көрiн­бейтiндiгi қалай? Кезең-кезеңiмен жүргiзу қажет емес. Нелiктен? Өйткенi iстелiнiп жатқан iс жоқтың қасы. Iстелiнiп жатыр дегендерi тек қағаз жүзiнде. Есеп бар. Бұрыштамасы бар. Мәлiмдемесi бар. Тек қана iс жетiспейдi.

Татырлық оқулықтар мен методика аз ба? Бұл - шынайы шындық. Лайықты мамандар жеткi­лiк­сiз бе? Ақиқаты осы. Мектептерде тiл пәнi көңiл қалдырарлықтай жүргiзiле ме? Әрине. Ең ауыр жылдардың өзiнде телеарналарда тiл үйрету бағдарламалары шығып тұрды. Бүгiнде ол жоқ. Факт.

Әйтсе де тiл жоғарыдан төнiп тұрған семсерге айналды.

Шағыстыру құралына айналды. Саяси ұпай жинайтын құрал болды.

Билiк қылмыстық сипат алған кезде, қылмыс билiкке айналып шыға келедi!

Биылғы жылы билiк оппози­ция­мен күрес үстiнде бұрынғы орнында қалмауды ұйғарды. Жаңалықтар енгiздi. Онысы - қыл­мыс­тық әлемдi саяси күресте пайдалану. Бұл Өс­кеменде, Шымкентте және Атырауда сынақтан өттi. Ол жайында демократиялық БАҚ көп жазды. Ал үкi­меттiк басылымдар жақ ашпады.

Бұл да - жол беруге болмайтын жағдай. Бұл да - шектен шығушылық. Этносаяси құрылымдардағы жағдай сияқты. Тарих мұнымен және қылмыстық әлеммен ойнаудың қауiптi екендiгiн көрсетедi. Мұның ал­ғашқысы мүлде прин­цип­шiл, ал екiншiсi принцип атаулыны мо­йындамайды. Көптеген режим­дердiң ұлтшылдармен, дiни экс­тремистермен және жай ғана бандиттермен ауыз жаласу тәжiри­бесiнiң басқаруға көн­бейтiн төтенше жағдайға ұрындырарын көрсе­тiп бердi. Олар өз қаруларын оп-оңай өз «достары» мен «қамқоршыларына» қарай кезенуге бейiм тұрады.

Қазiрдiң өзiнде зардап шеккендер бар. Тәнi жарақаттанғандар да. Моральдық тұрғыдан қорланғандар да. «Әдiлеттi Қа­зақстан үшiн» қозғалысының белсендiлерi тән жарақатын ал­ды. Ал билiк моральдық соққыға ұрынды.

Билiктiң оппозицияны жақсы көр­мейтiнi түсiнiктi. Ал бандиттер билiкке көмекке келетiндей оларға әлеуметтiк жағынан жақын элемент болғаны ма? Кiм кiмдi қолдайды? Билiк бандит­тердi ме? Немесе бандиттер билiктi ме? Кiм ұтысқа шықты? Қылмыс­қа дейiн құлдилаған билiк пе? Немесе билiк деңгейiне дейiн көтерiлген бандиттер ме? Түсi­нiк­сiз. Айқын нәрсе бiреу: сондай билiк үстемдiк құрған қоғам ұтылды...

Мұның бәрiнiң жоғарғы жағында билiктiң тұрғандығы әу дегеннен-ақ түсiнiктi болды. Тобыр арасында әкiмшiлiк қызметкер­ле­рi жүрген кезде-ақ. Автобуспен бандиттердi тасымалдағанда-ақ. Олардың қауiпсiздiгiн полицияның күзеткенiнде-ақ. Соттың Жабайы Арманды бiр жылға жазалағанында-ақ. Жабайы Арман тағдыр тәлкегiмен басқалар үшiн тұтылды. Қандай көрiнiс дерсiз! Жабайы Арман күллi билiк үшiн жауап бердi! Ол «жабайы билiк» бейнесiне айналды.

Мен өзiме мынандай сұрақ қоямын: билiк соншалықты кiмнен қорқады? Ол неден қорқады? Қылмыстық әлем оның соңғы сүйенiшi, сенiмдi тылы боларлықтай соншалықты оның жағдайы шатқаяқтап кеткен бе?

ТАҒЫ ДА ШЕКТЕН ШЫҒУШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ

Газеттердi қалай да оқу қа­жет. Кез келгенiн. Тiптi ертеңгi ас кезiнде де. Сонда ғана елi­мiзде не болып жатқандығын түсiнесiң.

Жақында кейбiр республикалық және аумақтық БАҚ бiр хатты жариялады. Елiмiздiң шығыс аймағындағы 16 жастағы қыз анасының хатын. Бұл мектеп оқушысы жергiлiктi АIIБ бастығының мәжбүрлеуi бойынша жергiлiктi жеңгетайлар қолына түседi. Кәме­лет­тiк жасқа толмаған қыздың «қызметiн» көптеген аудандық дөкейлер пайдаланады. Тiптi аудан әкiмi де. Қыз өзi­нiң басынан кешкен қасiретi туралы айтады. Алайда оны құтқару жөнiнде ол ештеңе де iсте­мейдi. Тыңдады, көңiл көтердi, ұмытып кете барды...

Аттан саларлық факт. Қылмыспен күресуге тиiстi билiктiң өзi адамдарды қылмыстық жолға итермелейдi. Адамдар, әсiресе, аудан деңгейiндегiлер, қауқарсыз, қорғансыз қала бередi. Қорғаушысы жоқ. Құқы жоқ. Олардың үрейге берiлгендiгi соншалықты, тiптi көп нәрсеге төзуге бар. Тiптен олардың балалары жезөкшеге және жаңадан пайда болған феодалдардың құлдарына айналса да.

«Тоталитарлық» кеңестiк заманда мұндайдың мыңнан бiрiндей ғана кiнәраты болса, ондай шенеу­нiк қыз­метiнен қуылып, партиялық билетiнен айырылар едi. Ал заң қызмет­кер­лерi кемiнде бес жылға отырғызылар едi. Бүгiнде мұндай «қайраткерлер» өздерiн толық билiктегi қожайындардай сезi­недi. Ең тө­мен болғанда аудан дең­гейiнде. Олардың не iстегiсi кел­се де ерiктерi өздерiнде. Оларға еш­кiм ештеңе де айтпайды!

Екiншi мысал. Алматы әкiмi Тасмағамбетов «ерлiк» жасады. Полицияның күшейтiлген жасағының жәрдемiмен қорғансыз әйелдердi қуғындады. Оларды таяққа жыққызды. Айып төлет­тiр­дi. Темiр торға қаматты. Не үшiн? Оған қабылдауға, жазылуға келгендiгi үшiн.

Оның қол астындағылар адамдарды өз меншiгiндегi үйлерiнен шығарып тастады. Өз пәтерле­рi­нен. Жұпыны басқалқалары мен лашықтарынан. Қоныс аударылған жатақханаларынан. Мұның орнына оларға сәйкес келмейтiн ақы ұсынады. Кейде тiптi қорланатындай соманы атады. Мұн­дай­да ол бейшаралар қала әкi­мiне бармағанда, кiмге мұңын шақпақ едi?

Онда неге әкiм мен оның қарамағындағылар ел алдына шықпады? Мәселенiң мән-жайын неге түсiндiрiп бермедi? Полицейлер неге шарасыз әйелдер мен қарттарды соққының астына алды? Қала тұр­ғындары төлеген салықтың есебiнен оларға осы үшiн жалақы төлене ме? Бұл туралы баспасөзде көп жазылды. Ал президент оған тiптi мақтау сөз айтып: «Жарайсың, Иманғали, жақсы жұмыс iстеп жатырсың», - деп қолпаштап қойды.

Тағы бiр мысал. Жақында Маңғыстаудағы әрiптестерiмiз келдi. Олар бүгiнгi билiктiң адами бет-бейнеден айырылғанын дәлелдейтiн тағы бiр сойқан жағ­дайды айтты. Ол жақтағы мұнайшылардың наразылық акциясын өткiзiп жатқанын жұрт бiлетiн шығар.

Жұмысшылар жалақыларын өсiрудi талап етiп жатыр. Олар ең­бектегi ахуалдың жақсаруын қа­лайды. Жер астынан қанша мұнайдың «сорылып» жатқанын ең жақсы бiлетiн солар ғой. Ал өмiрде еш өзгерiс жоқ. Жергi­лiктi басшылық олардың заңды талабына құлақ аспады. Қуғын ұйымдастырды. Кәсiподақ қоз­ғалысының белсен­дiлерiн қамап тастады. Бiреулерiн - 15, ендi бiреулерiн - 5 күнге.

Ол жақта Кендiрлi деген демалыс орны бар екенi белгiлi. Бiр ортаңқол менеджер өз туған күнiн әлгi демалыс орнында «атап өтiптi». Дөңгелек дата да емес, әншейiн кезектi туған күн. «Өте қарапайым» өтiптi. Екi чартерлiк рейспен Ресейден эстрада жұл­дыздары жеткi­зiлiптi. Ас-судың бәрi де сол жақтан әкелiнiптi! Осы «қайреткердiң» құрметiне атылған отбұрқақты сол маңайдың халқы аңыз қылып айтып жүр екен. Жаңғырығы бүкiл об­лыс­қа жетiптi. Бар болғаны осы-ақ.

Басшылар Монте-Карлоларда сайрандап жатса, Құдайдың жөнi. Бiз оны байқамаймыз. Ал жұрттың бәрiнiң көзiнше сән-салтанат құрып жатса, бұл - адамгершiлiкке жат нәрсе. Әсi­ресе, қарттардың, зейнет­кер­лердiң, үйсiз-күйсiз, жұмыссыз жүргендердiң, мүгедек­тердiң және бастық немесе бизнесмен болып туу пешенесiне жазбағандардың көзiнше тайраңдау дұрыс па? Ал мұндайлар миллиондап саналады. Бұл миллиондар осы «байшыкештердiң» са­уық-сайранына бiрi қызғанышпен, бiрi ашу-ызамен, ендi бiрi кектене қарайды.

Бұл туралы неге тәптiштеп жазып отырмын? Өйткенi бұл өмiр заңдылығына айналып барады. Бұл қаптаған сандар мен сызбаларға қарағанда бүгiнгi билiктiң бет-бейнесiн жақсы айғақтайды. Бұл - өтiрiкке, жалған уәдеге, жемқорлыққа, парақорлыққа, принципсiз­дiкке негiздел­ген, адамгершiлiктен ада билiк­тiң бет-бейнесi. Олардың теже­гiшi iстен шыққан. Ешқандай шет-шек дегендi бiлмейдi. Ұят сезiмiнен жұрдай. Олар қоғамға пысқырып та қарамайды. Оларға басшыларынан басқалардың сөзi сөз емес. Мiне, осылар сайлауға түскелi жатыр.

Мұндай билiк өте қауiптi. Ол өздiгiнен сауығып кете алмайды. Еш қарекет жасамасақ, ол бұрын­ғыдан да еркiнсiп кетуi мүмкiн. Сөйтiп, қоғамды, оның жас азаматтарын iрiтiп-шiрiтедi. Басты қауiп - осы.

Президент «ай сайын Грузия мен Украинаның министрлерi бiзден сабақ алуға келедi» дей­дi. Олар қандай үлгi алады? Берер сабағымыздың түрi осы ма?

АРТЫҚШЫЛЫҚ ДЕГЕНIМIЗ КЕМШIЛIК БОЛЫП ШЫҒЫП ЖАТСА...

Тағы да президентке жүгi­нейiк. Бiр Назарбаев оппозиция­ны «шә­уiл­дек» деп атады. Екiншi бiр Назарбаев, керiсiнше, оның керектiгi мен маңыздылығын айт­ты. Бiзде ол өркен жайып келедi-мiс. Бұл екеуiнiң қайсысы шындықты айтты, бiлмеймiн.

Бiрiншi Назарбаевқа жауап бергiм келмейдi. Жалпақ тiлмен бiрдеңе деудiң ретi болса да... Олай еткiм келмейдi. Ең алдымен, әдептен озбайық. Ал екiн­шiсiмен пiкiр жарыстырып кө­рейiн. Өткен сайлауда демократиялық күштер жеңiске жеттi. Олар жалпы алғанда, сайлаушылардың 50 пайызының даусын жинады. Бұл - халықтың еркiн бiлдiруiнiң шынайы нәтижесi бойынша жасалған тұжырым. Бұл туралы көп айтылды, көп жазылды.

Демек, билiк жаппай жүген­сiз­­дiкке бой алдырып, күштi әкiмшi­лiк ресурсты, компроматтар соғысын, ақпараттық блокаданы, бiрiк­ккен оппозиция бел­сен­дiлерiне қысым жасап, бопсалау әдiстерiн пайдаланса да жеңiлiс тапты. Олардың демократиялық оппозицияға қарсы қояр ештеңесi болмады. Ал оппозициялық күштер ақпараттық, қаржылық және адам ресурстары аз болса да қазақстандықтардың - милиондаған сайлаушылардың жүрегiне сенiм ұялата бiлдi.

Әңгiме «билiкте кiм, оппозиция жағында кiм бар?» деген сұраққа тiрелiп тұрған жоқ. Мә­се­ле жеке адамдар туралы емес. Әңгiме демократиялық күштер ұсынған идеялар турасында. Олар халыққа шынымен қажет. Олар қоғамның қажеттi­лiк­терi мен мүдделерiне сай. Мәселе осында! Мiне, сондықтан бiз күн сайын теледидардан сол бiр қойыртпақты көремiз. Мiне, сондықтан, компьютерлiк технологияны, спутник пен арнайы эффектi­лердi есептемегенде, баспасөз баяғы Брежнев заманына қайта оралып жатқандай.

Сондықтан ол «қола» пат­риархтың бейнесiн қалыптастыруға тырысады. Сондықтан күн сайын, сағат сайын «көсемге деген сүйiспен­шiлiк» паш етiлiп жатады. Сондықтан алдын ала дайындалған адамдар «жырларын» жырлап жатады. Ақ патшаға алғыс, алғыс, тағы да ал­ғыс. Барлығы үшiн алғыс: жарық үшiн де, газ үшiн де, күн үшiн де, түн үшiн де. Мұғалiмдер - оқытып жатқаны үшiн, оқушылар - оқып жатқаны үшiн рақмет айтады. Қолын сүю ғана қалды. Оңтүстiк­тегi көршiмiз сияқты. Бизнесмендер оған өз бизнесi жүрiп жатқаны үшiн алғыс айтатын көрiнедi. Мұнысының жаны бар. Егер оған немесе оның жақындарына әлдене ұнамай қал­са, ол бәрiн тартып алуы мүмкiн ғой. Бiр күнi қарттар жиналып, бақытты балалық шағы үшiн президентке алғыс айтып жүрмесе болды.

Кейбiр арналар «кек алу сағатын» ұйымдастырып, оппозицияға қара күйе жағып-ақ бағуда. Есе­сiне, «жарылқаушыны» мадақтап, оның астына көпшiк қоюды. Ол бiздiң теледидарымызға мықтап «орнығып» алды. Қосқышқа сұққаныңның бәрi сол кiсi туралы сөйлейтiн болды. Үтiктiң өзiн қосудан қорқатын болдық. Ол күндiз-түнi экономиканың тұрақтылығын, мемле­кеттiң қорғанысқа қабiлеттi­лiгiн, кеспенiң қалыңдығын, сүттiң майлылығын, дәннiң толықтығын «ойлап», бас қатырып жүредi. Әйтеуiр, өз басым теледидарды қосқан сайын, «Казправданы» оқыған сайын мұның бәрiн кеңестiк кезде бастан өткерге­нi­мiздi ойға ала беремiн. Мұндай екi ұдай сезiмге тек мен ғана бөленiп отырмағанымды бiлемiн.

Мұның бәрi бос әурешiлiк қой. Бұрынғы Назарбаев жақсы едi. Елдiң жағдайы онша жақсы болмаған күннiң өзiнде Назар­баев халыққа ұнайтын. Ширақ, елгезек және шыншыл едi. «Қоламен» қапталмаған, шаң баспаған Назарбаев едi ол.

 

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ КҮШТЕР ҚАНДАЙ?

Олар сайлауға бұрын-соңды болмаған бiрыңғай күшпен келдi. Олар барған сайын қарқын алуда. Қоғамдағы беделдерi өсу­де. Олар бiрлесе алды және «Әдi­леттi Қазақстан үшiн» қозғалысы шеңберiнде бiрыңғай сайлау-алды коалициясын құра алды.

Соңғы айлардың iшiнде ғана оның қатарына 250 мыңнан астам мүше қосылды. Оның едәуiр бө­лiгi бұрын ешқандай партияларда болмағандар. Бұдан бiрнеше ай бұрын кейбiр идеологтар көреалмастың сөзiн айтқан едi. Олар блок бөл­шек­тенiп қалады деген тұжырым жасады. Бәрiбiр амбиция аспанға шапшиды-мыс.

Бiр-бiрiмен шайнасады. Әр­кiм өз жолымен кетедi.

Оппозиция олай еместiгiн дә­лелдедi. Тарихта бiрiншi рет қоғамның неғұрлым iске татырлық күштерi - партиялар, қозғалыстар, үкiметтiк емес ұйымдар бiрлестi. Олар ортақ мақсат жолында бiртұтас командада жұ­мыс iстеуде. Осы уақыт iшiнде көп шаруа атқарылды. Ортақ шешiмдер жасалды. Бiрыңғай стратегия бар. Олар алдағы сайлауға бiрыңғай кандидатты анықтады. Олардың кандидаты - белгiлi мемлекеттiк және қоғамдық қайраткер Жармахан Тұяқбай.

Кейбiр адамдар оны «нағыз қарекеттiң адамы» деп атайды. Есесiне қандай Қарекеттiң! Және қандай сәтте! Миллиондар­ға шындық туралы мәлiмдеу үшiн бәрiнен бас тарту! Әркiмнiң қолынан келмейтiн iс.

Ол өз өмiрiне жасалған қастандықты басынан өткердi. Қорықпады. Шетке шығып қалмады. Керiсiнше, мiнездiң табандылық үлгiсiн көрсеттi. Таңдануға татырлық жеке батылдығын танытты. Ол әр нәрсенi өз атымен атап, өте күштi мәлiмде­ме жасады. Және қазiргi прези­денттi адал күресуге шақырды.

Тұяқбай ұйымдастырушының тамаша өнегесiн көрсеттi. Өз идеологиялары бойынша әртүрлi саяси күштердi, белгiлi қоғам қай­раткерлерiн топтастыру, олармен күнделiктi бiрлескен жұмысты жолға қою - оңай iс емес. Оның басшылығымен Қа­зақстанның Жаңа Конституциясының жобасы жасалды. Бұл - даусыз iргелi құжат. Ол сайлау алдындағы бағдарламаның саяси бөлiмiне кiредi.

Жармаханның басшылығымен ауқымды орташа - шұғыл әлеу­меттiк-экономикалық бағдарлама жасалды. 2006-2010 жыл­дар­ға арналған. Оны жасауға белгiлi экономистер, сарапшылар, тәжi­рибелi адамдар қатысты. Қысқа мерзiм iшiнде кедей­шiлiктi жеңу­дiң, коррупциямен күрестiң арнайы бағдарламасы, сондай-ақ басқа да елеулi мәселелерге арналған, мұ­қият қарастырылған құжаттар жасалды.

Кейбiреулер оппозиция әлсiз дегендi тағы да айта алар ма екен? Және бiреулер оппозиция «шәуiл­дек» дегендi айта алар ма екен?

Билiк әлсiз және қорқақ. Оппозициямен күресу үшiн заңсыз тәсiлдердi және қуғындауды пайдаланатын - билiк. Заңсыз түрмелерге отырғызатын - билiк.

Саясаткерлер мен баспасөзге театрландырылған сот про­цестерiн жасайтын - билiк. Ондай билiктiң ғұмыры ұзақ болмайды.

ЭЛИТАНЫҢ АУЫСУЫ АПАТҚА ҰРЫНДЫРА МА?

Мәңгiлiк билеушi болмайды, мұны бәрiмiз де бiлуге тиiспiз. ТМД билеушiлерiнiң қасiретi бiр ғана мәселеге тiрелiп тұр: авторитарлық үлгi-қалыптың болашағы жоқ және аса зиянды.

Бiз президент Назарбаевтың еңбегiн жоққа шығармаймыз. Әсiресе, Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарындағы. Ол КСРО тарағаннан кейiн терiс сценарий­лердiң өрiстеуiне жол берген жоқ. Ол тiптi маңызды реформаларды бастап та кеттi. Рас, орта жолда тоқтап қалды. Бәлкiм, тоқтатты. Кiм тоқтатты? Отбасы ма, достары ма, алпауыттар ма, айналасы ма! Не керек, оның бүгiн өз халқына бергенiнен гөрi алғаны әлдеқайда көбейiп кеттi. Президенттiң кемшiлiгi мен қателiгi оның жетiстiктерiн басып озып кеттi. Шын жетiстiкте­рiн де, қолдан жасалған «жетiс­тiк­терiн» де.

Масқаралыққа ұшырап, абыройдан бiржолата айырылып қалмасы үшiн мұндай жағдайда өзiн-өзi сыйлайтын саясаткерлер сахнадан кетедi. Әрине, әркiм әртүрлi жолмен кетедi. Бiреулер Борис Ельцин сияқты кешiрiм сұрап кетедi. Екiншi бiреулер Вацлав Гавел секiлдi халқына рақметi мен ризашылығын айта отырып кетедi.

Күнделiктi тiрлiкте адамның көп мәселеге терең үңiле бер­мейтiнi де бар, бiрақ сайлаудың тұсында халықтың санасы өткiр­лене, жаңғыра, ұштала түседi. Қоғам шындап ойлана бастайды. «Бiз қандай қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз?» деп айналасына жiтi көз тастайды. Құндылықтарға, жағдайға, көңiл-күйге баға берiледi, оны жан-жақты парықтайды. Осы процестiң бiздiң азаматтарымыз үшiн, хал­қымыз үшiн аса пайдалы әрi жемiстi болатынына өз басым сенiмдiмiн.

Бiзге қазiр «Назарбаев - тұрақтылықтың кепiлi» деп үстi-үстiне төпеп айтып жатыр. Назарбаевсыз бiздiң мемлекет қараң қалады екен-мiс.

Ендi осы жерде төмендегiдей сұрақ өз-өзiнен туындайды, сонда ол 14 жылда не құрған? Мемлекет пе, жоқ әлде жеке меншiк компания ма? Ал егер, жаман айт­пай жақсы жоқ, ол аяқ астынан бiрдеңеге ұшырай қалса ше? (Әрине, Құдай мұның бетiн әрi қылсын). Бiрақ бiздiң бәрi­мiздiң тағдырымыз Алланың қолында ғой. Мұндай жағдайда бүгiнгi парламенттiң елдегi тыныштықты сақтап тұруға шамасы жете ме? «Екiншi» адамымыз Әбiқаев жағ­дайды тұрақтандыра ала ма? Күдiгiм көп. Өйткенi олардың өкi­­леттiлiгi жалған. Эли­таның ауысуы қажет пе? Иә, қажет. Ең болмағанда, ескi би­лiктiң қате­лiгi мен қылмысы елi­мiздiң да­муына кедергi келтiрмеуi үшiн.

Кiм жеңедi? Уақыт көрсетедi. Не десек те, оппозиция үлкен бе­­лестерден өттi. Қазiр күшiнде. Билiк қорғануға көштi. Қару-жарақ сатып алуда. Полицейлiк террор ұйымдастырып, ойына келгендерiн жасауда. Әндiжан­дағы қанды оқиғаны еске түсiрiп, мұрындары оқ-дәрiнiң иiсiн ерте бастан сезе берсiн деген оймен халықты қорқытып, үркiтiп бағуда.

БИЛIК ҮШIН КIМДЕР КҮРЕСЕДI?

Қалай айтсақ та, қалай тон пiшсек те, шынайы үмiткер екеу ғана. Олар: демократиялық күш­тердiң көшбасшысы Жармахан Тұяқбай мен қазiргi президент Нұрсұлтан Назарбаев. Әрине, бұл президенттiкке лайықты бас­қа тұлға жоқ дегендi бiлдiр­мейдi. Керiсiнше, бiзде Назарбаевқа балама бола алатын ла­йықты саясаткерлер жетерлiк. Бiрақ бiздiң заңымыз да, оның үстiне саяси мүмкiн­дiктер де кез келген үмiткерге 12 күнде 90 мыңнан астам дауысты жината қоймасы да белгiлi.

Әсiресе, қорқытып-үркiту, басқан iзiңдi аңду, арандату асқынып тұрған уақытта. Мұндай кедергiнi аса қуатты, қаржысы бар саяси құрылымдар ғана жеңе алады. Билiктi есептемегенде, әзiрге мұндай мүмкiндiкке ие құрылым «Әдiлеттi Қазақстан» ғана.

Мұның өзi де президенттiк сайлауға екi-ақ адам түседi дегендi бiлдiрмесе керек. Ме­нiңше, бұл науқанға Тұяқбай мен Назарбаевтан басқа тағы екi-үш ғаббасовтар араласады. Ғаббасовтар демократиялық күш­тердiң даусын бөлiп-жарып, электоратын бөлшектеуге тырысады. Оларға билiк көмектеседi. Дауыс жинап бередi. Олар үшiн бағдарлама жазып, мақала жариялап отырады. Олар прези­денттi сынамайды. Оның есесiне Тұяқбайды «өзiң ақымақсың» деген принциппен жерден алып, жерге салатын болады.

Бұл да аса маңызды емес. Жылдар өтер. Сол кезде халық бүгiнгi билеушi бiз үшiн кiм болды және артына не қалдырды деп өз-өзiнен сұрайтын болады. Сол кезде оның өз қолымен сарайлар мен зәулiм үй тұрғызғаны, Астананы, немесе Атырауды сал­ғаны, қол қойған жар­лықтары, қандай зауыт пен фабрика салғызғаны маңызды болмай қалады. Мұны өзгелер де тұрғыза, соға алады. Ең маңыздысы, жал­ғыз мына мәселе ғана болып қалмақ: ол қандай құндылықтарды қалыптастырды және өзiнен кейiн халыққа қандай қоғам қалдырып кеттi!

Егер назарбаевтық кезеңде қоғамның негiзгi құндылықтары жаппай сыбайлас жемқорлық, нигилизм, арсыздық, қылмысқа жауап бермеушiлiк, азғындық, кедей­шiлiк, бостандыққа жол бермеу, төзбеушiлiк болса, онда бұл жылдар Тарихта қара әрiппен жазылады.

Егер Назарбаевтан кейiн әр адамға тең дәрежеде мүмкiндiк берiлген жарқын қоғам, адамның еркiндiгi мен бостандығын құр­меттеу, мемлекеттiң әрбiр адам алдындағы биiк жауапкер­шiлiгi, адам­гер­шiлiкке негiзделген сая­сат, ең алдымен адамның қамын күйт­тейтiн бәсекелi экономика қалса, онда ол Тарихта өзiнiң жақсы атын қалдырары сөзсiз.

Ол реформаларды жүзеге асырушы және оны логикалық түрде аяқтаған адам ретiнде де Тарихқа ене алар едi. Немесе билiкке, игiлiк пен сый-құрметке өмiрiнiң соңына дейiн жабысып қалмай, уақтылы әрi дер кезiнде кетiп қалу арқылы да Тарихқа енер едi.

Бiрақ Тарихқа жағымсыз жағымен де енуi әбден мүмкiн. Авторитарлық билеушi ретiнде. Бiрде-бiр рет әдiл де таза сайлау өткiзбеген адам ретiнде. Өз халқының даусын ұрлаған, сол арқылы оның болашағын күл-тал­қан еткен адам ретiнде.

Мұның бәрiне мен көзжұм­бай­лықпен қарай алмаймын. Мемле­кетiмiздiң болашағы үшiн ғана емес. Тәуелсiздiгiмiздiң қаз-қаз тұра бастаған қатерлi де күрделi шағында ұзақ жылдар онымен қоян-қолтық бiрге жұмыс iстегенiм үшiн. Мен Қазақстанның өзiнiң мүмкiн­дiгiн пайдалана алмай, босқа жiберiп алған мемлекет болғанын қаламаймын. Тек мен ғана емес, менiң буыным да. Бiзден кейiнгi буын да.

Сондықтан да кейде осындай мақала жазуға тура келедi. Маған тән емес жанрда.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475