Ресейдің күні қылмыскерлерге қарап тұр...
Ресей Украина соғысында үлкен шығынға ұшырауда. Бұл соғысқа қатысқысы келетін еріктілердің санын азайтуда, соған байланысты Ресей алдыңғы шепке аттандырар әскер іздеп, сабылып жүр.
Сұрауы жоқ, өлсе көмушісі аз адамдар тобы табылды. Ол қатаң режимде жазасын өтеп жатқан ресейлік қылмыскерлер. Міне, осылардан арнайы әскер жасақтап, алдыңғы шепке жібермек. Анығы жіберіп жатыр. Украина қолға түскен тұтқындар арасында сотталушы ресейліктердің көп екенін айтуда. Фото, видео дәлелдемелерін де ұсынды.
Күні кеше ғана Алексей Навальныйдың командасы өзінің телеграм арнасында видео жариялады. Видеода Владимир Путиннің жақын досы Евгений Пригожиннің Ресейдің Марий Эл республикасындағы түрмеде сөз сөйлеп тұрғаны анық түсірілген.
Пригожин былай дейді: "Мен Вагнер деген жеке әскери компанияның өкілімін. Мүмкін естіген боларсыңдар. Қазір біз соғысып жатырмыз. Бұл ауыр соғыс, өте ауыр. Шешен немесе басқа соғыстармен мүлде салыстыруға келмейді. Сталинград соғысындағыдай оқ жұмсап жатырмыз. Маған еріктілер керек. Жастары 22-50 жас аралығында болғаны дұрыс. Денсаулығы өте жақсы, шымыр болса 50 жастан жоғарыларды да қарастыруға болады. Бұның барлығы жеке сөйлесу барысында анықталады. Ережелер келесідей: Ұрыс даласынан қашуға болмайды. Шегінбейміз, берілмейміз. Оны дайындық барысында айтамыз. Тонау және зорлауға қатаң тыйым салынада. Ұрыс даласынан қашқандарға соғыс ережесі бойынша ату жазасы беріледі. Жарты жыл соғысқаннан кейін, Ресей билігі сендерге рақымшылық жариялайды. Солайша өз жөндеріңе, бостандыққа кетесіңдер. Қаласаңдар бізбен бірге болсаңдар болады. Қаза тапқандарды құрметпен жерлейміз. Қайда жерлеу керектігін ұрыс алдында айтсаңдар болғаны. Бізде ұшақ, тікұшақ, танк және тағы басқа соғысқа керек техниканың барлығы бар", - дейді ол.
Пригожин "Вагнер" ЖӘК (жеке әскери компания) басшысы ретінде танымал. Вагнер жендеттері бұған дейін Сирияда және Ливияда соғысқаны белгілі. Сирияда вагнерліктер АҚШ-тың ЖӘК-сымен қақтығысқа түсіп, қырылып қалғаны жайлы ақпарат бар. Анықталмаған деректер бойынша впгнерліктер Сирияда бір күнде 200-ден астам адамын жоғалтқан.
Украина соғысына вагнерліктер 2014 жылдан бері қатысуда. Олар негізінен Донбасстағы сепаратистерді әскери дайындықтан өткізіп, қару-жарақпен қамтамасыз етіп, жекелеген операцияларды іске асырып келді. Ал 24-ақпанда ашық соғыс басталған сәтте, шабуылдаушы әскердің рөлін атқарды. Вагнер жендеттері Украинада үлкен шығынға ұшырауда. Тіпті Луганск облысындағы Вагнердің бас штабына Пригожин барған сәтте, Украина зымыранмен соққы жасаған болатын. Пригожин соққы жасалған сәтте ғимаратта болмай шықты, ал ғимарат ішіндегі жүзге жуық вагнерлік қаза тапты, жарақат алды. Оқиғаның видеосын ресейлік телеграм арналар да таратты.
Осы уақытқа дейін Ресейдің 17 абақтысында қылмыскерлерді соғысқа қатыстыру бойынша үгіт-насихат жүргізілгені белгілі болды. Бұл туралы Медуза арнайы зерттеуін жариялаған болатын. Ал қыркүйектің алғашқы күндерінде Путин қылмыстық топтың серкесі болған, 25 жылға сотталған, маусым айында Вагнердің құрамына кіріп, соғысуға келісім берген Иван Непаратовты марапаттады. Непаратов 5 тамызда Бахмут бойында қаза тапқан болатын. Путин оны "Ерлігі үшін" медалімен марапаттағаны анықталды.
Сарапшылар қылмыскерлерді алдыңғы шепке жіберудің артуы Ресей әскеріндегі шығынның көп екенін көрсетеді дейді. Ресей "арнайы операция" деп жариялағандықтан ашық мобилизация жүргізе алмайды. Сондықтан соғысқа қатысушы еріктілерді басқа әдіспен табуға мәжбүр. Соның бірі қылмыскерлерді соғысқа тарту. Ұзақ жылға сотталғандар "бостандық береді" деген ақпаратқа сеніп, соғысқа қатысуға келісім беруде.
Мамандар қылмыскерлер қанша дайындықтан өтсе де, кәсіби әскерге төтеп беруі екіталай дейді. Себебі дайындық ол тәжірибе емес. Сонымен қатар соғыста тәртіп маңызды, ал қылмыскерлерден жасақталған әскерде ол үлкен мәселе.
Асхат Қасенғали
Abai.kz