Ши төраға: «Қазақстанды біз қорғаймыз», - дейді
Кеше Қазақстанға Қытай басшысы Ши мырза келіп-кетті. Көп бөгелген жоқ. Кеше келді, кеше кетті. Келерден бұрын үшбу хат жазып, мақала жариялады. Ши өз мақаласында не жазғанын кеше сөзталқы жасадық. Қайталап жатпайық.
Үш жылға жуық үйден шықпай отырған Ши мырза әуелі аттың басын Астанаға бұрып, қараңғы түсе бере Самарғанға аттанып кетті. Шиді Қазақстан президенті әуежайдан күтіп алды. Екеуара әжептәуір қытайша шүйіркелесіп, Ақордаға қарай барды.
Екі ел басшының нақты қандай құжаттарға қол қойғаны, мемлекетаралық келісімдердің егжей-тегжей айтыла қойған жоқ. Белгілісі мынау ғана:
Қытай ақпары:
Тараптар арасында құқық қорғау, арнайы қызмет пен қорғаныс ведомствосы салаларында байланысты күшейту, үшінші күштермен бірлесіп күресу, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтар мен заңсыз есірткі бизнесімен күресу, сыртқы күштердің елішілік мәселелерге араласуын болдырмау, аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бірлесіп күш салу деген мәселелер талқы болған.
Ақорданың ақпары:
Тараптар көлік-логистика, азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылық салаларының мәселелері және трансшекаралық өзендер жайын талқылады. Келіссөздерден кейін екі мемлекеттің басшылары Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына орай бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Тоқаев:
«Бұл – пандемиядан кейін сіздің шетелге алғашқы сапарыңыз. Сондықтан осы сапарыңыз тарихи мағынаға ие. Мен мұны жоғары деңгейдегі өзара сенім мен ынтымақтастықтың көрінісі деп бағалаймын. Биылғы 5 ақпанда XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысқанымды білесіз. Сол кезде Бейжіңде өткен кездесуімізді ықыласпен еске аламын», - деді.
Ши төраға:
«Халықаралық жағдай қалай өзгерсе де, біз алдағы уақытта Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету жөніндегі Сіз жүргізіп жатқан реформаларды толық қолдай отырып, сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз. Қытай Қазақстанның сенімді досы әрі серіктесі және солай болып қала береді. Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағалы бері байланыстарымыз беріктік сынынан лайықты өтті, сондай-ақ үнемі жаңа мазмұнмен толығып, дамып, өз жемісін беріп келеді. Біздің елдеріміз бірқатар салада ынтымақтастықтың үлгісін көрсетті. Халықтарымыздың достығының арқасында 1780 шақырымға созылған шекара мәселесін алғашқылардың бірі болып шештік. Біз бірінші болып, индустрияландыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыта бастадық. Осылайша «Бір белдеу - бір жол» бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықтың үлгісін көрсеттік. Біз екіжақты қарым-қатынастарды жан-жақты мәңгілік стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Серпінді дамуға қол жеткізген қытай дипломатиясы үшін мұның маңызы зор. Бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы жаңа тарихи белеске қадам басты», - деді.
Сонан соң екі ел басшылары «Қазақстан – Қытай: мыңжылдық диалог» атты көрмені тамашалады. Артынша президент Тоқаев Ши төрағаны «Алтын Қыран» орденімен мапараттап, әуежайға дейін шығарып салды. Бізден ұшып, Өзбекстанға жеткен Ши төрағаны Мирзиеев сән-салтанатымен күтіп алды. Ши төраға ұшақтан түсер-түспестен өзбектің әнші-бишілері өнер көрсетіп, әуежай алаңында концерт қойды. Бұл енді бөлек тақырып. қазақ-қытай кездесуіне оралайық...
Жоғарыдағы ресми ақпараттардан екіпен қойып сөз ететін маңызды тұсы – Қытай төрағасының «Қазақстан аумағының тұтастығын қорғаймыз», - деп уәде еткені.
«Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін және территориялық тұтастығын сақтауына қолдау көрсетеміз. Сіздің еліңіздің ішкі істеріне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы боламыз», - деді Ши төраға.
Ши мырза өзінің Қазақстанға келерден бұрын жазған мақаласында да «үшінші күштер» туралы сөз еткен. Ақордадағы ресми жиында да осы «үшінші күштерден» келетін қауіп жайлы қадап айтты. Алайда, Ши мырза ол нақты қандай күштер екеніне, қауіптің қайдан екеніне егжей-тегжейлі тоқталған жоқ.
Өз кезегінде президент Тоқаев «мәңгілік әріптестік діттеген биікке көтерілді», - деп сөйледі. Тоқаев «мәңгілік әріптестік» терминін Тоқаев алғаш рет 2019 жылғы қыркүйекте Пекинге сапарлап барған уақытта қолданған.
Сарапшылар: «Рим Папасы мен Ши төрағаның Астанаға бір күнде келуі бекер емес. Дін лидерлерінің сьезі Қытай төрағасының сапарын көлегейлеп қалды. Бұл саналы түрде жоспарланған. Өйткені, пандемиядан кейін алғашқы сапарын арнайы Қазақстанға жасаған Ши төрағаның бұл келісіне әлемнің өзге жұрты қалай қарайды деген мәсенле тағы бар. Қазақстан өзіне қатысты АҚШ пен Батыс, Ресей секілді алпауыттардың сұрағы көбейгенін қаламайды. Ал шын мәнінде Шидің келуі Рим Папасының келуінен де маңыздырақ мәселе еді», - дейді.
Тақырыпқа тұздық: Осыған дейін «Қазақстанды біз қорғаймыз», - деген сөзді Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған айтқан еді. Биыл 10 мамырда президент Тоқаев Түркияға сапарлап барған. Сол кездесуде Түркия президенті: «Біз әріптестігімізді кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Түркия мен Қазақстан – ортақ тарих, тіл, дін және мәдени құндылықтардан қуат алған әрі мықты байланыс орнатқан бауырлас мемлекеттер. Біз Қазақстанның тұрақтылығы мен тыныштығына ерекше көңіл бөлеміз. Қазақ бауырларымыздың тұрақтылығы мен тыныштығына аса мүдделі екенімізді және сауда-экономикалық, мәдениет, қауіпсіздік салаларында бірге болатынымызды айтқым келеді», деген еді Ердоған.
Сарапшылар пікірінше Қытай өзінің негізгі логистикалық әріптесі Ресейдің жағдайы нашарлаған үстіне нашарлап, экономикалық нокдаун алғаннан кейін, Ши төраға балама жол іздеп шыққан. Сөйтіп, сол іздеген жолды Қазақстанан тапқан. Бұл жерде екпін түсіріп айтатын мәселе – Қытай, Қазақстан, Әзірбайжан мен Түркия арасындағы логистика құрылысы. «Қытай төрағасының «Қазақстанды қорғау» туралы сөздері тегінне-тек айтылмағаны белгілі. Ши төраға осы сөздері арқылы Қазақстада мүддесі бар екенін ескертті. Ал Шидің сөзін естуі тиіс жұрт естіді», - дейді сарапшылар.
Сіз не дейсіз?
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz